Қателік қайталанбаса екен

Қателік қайталанбаса екен

Қателік қайталанбаса екен
ашық дереккөзі
334

Жақында Ақмола облысының Шортанды аудандық сотында ерекше азаматтық іс қаралып, тараптардың бейбіт келісімге келуіне байланысты қысқартылды. Әрине, заң бойынша судья талап беруші өз арызынан бас тартып бейбіт келісімге келіп жатса, істі қысқартуға тиіс. Бірақ соңғы кездері жиі кездесетін мұндай қайғылы оқиға туралы үндемей қалуды жөн көрмедік, өйткені мұндай қателік қайталанбауы керек.

Талапкер А.Самбетова жүкті болуы­на байланысты Шортанды аудандық ауруханасының әйелдер бөліміне тіркеуге тұрады. Оны Л.Филонова есімді гинеколог қабылдап алып, тіркеуге қойған соң келіншекке өзінің қарауын­да болатынын айтады. Анардың бұл алғашқы жүктілігі екен. 2011 жылдың қараша айында жүр­гізілген ультрадыбыстық тексеру А.Самбетованың ішін­де егіз баланың бар екенін дәлелдеп береді. Ал, екінші ультра­ды­быстық тексеру жүктіліктің 34-і аптасы екенін, іштегі сәбилердің жақсы дамып келе жатқанын, ешқандай қиындықтың жоқ екенін көрсетеді. Уақыты жақын­даған А.Самбетова босанар алдында дәрігердің кеңесін тыңдау үшін қабылдауға келген. Гинеколог Л.Филонова болса балаларды тексере келе, екінші баланың жүрек қағысының әлсіздігін айтады. Әрине, әне-міне қос қуанышқа кенелем деп отырған жас анаға мына жаңалықтың жағымсыз тигені рас. Десе де, тәжірибелі маман келіншектің алабұртқан көңі­лін елең де қыл­майды. Тіпті, ауруханаға жіберу­ге де асық­­пайды, қосымша тек­серу жүр­гізіп, дәрігерлердің кон­си­лиумын құруды да қаперіне ал­маған. Мұның өзі аудандық аурухана дәрігерінің іштегі егіз­дің сыңарынан тіршілік белгісі байқалмағанына қарамастан, нем­­кет­тілік танытқанын, әйел өмі­ріне жаны ашымағанын айғақ­тайды. Қауіптің шетін шығарып, келіншекті уайымға салған дәрі­гердің әлі туу уақытына дейін он шақты күннің барын айтып жолдама берумен ғана шектел­генін немен түсіндіруге болады? Бірақ, өкінішке орай, 29 ақпанда ауруханаға баруға жолдама беріл­ген А.Самбетованың толғағы сол күннің ертеңіне-ақ басталады. Түнде жедел жәрдем шақырған олардың бұл әрекеті де сәтсіз шығады. Өйткені, аудандық аурухана жедел жәрдем көлігін күтпей, өздерінің күштерімен жету қажеттігін айтқан. Осын­дай жауапсыздықтың кесірі­нен, босанатын әйел аудан ор­талығынан такси шақыртып, аудандық аурухананың қабылдау бөлмесіне қиямет-қайым қиын­дықпен жеткен. Сөйтсе, бұл олар көретін сұмдықтың басы ғана екен. Ерте жетуін жеткенімен, олар жарты сағат бойы қабылдау бөлмесінің есігі мен терезесін тарсылдатып, ішке кіре алмай біраз жүрді. Оған қоса, есікті ашқан аурухана қызметкері қиналып тұрған әйелге жедел көмек көр­сетудің орнына, «біз есіктің алдында ұйықтауымыз керек пе?» деп айғайға басқан болатын. Сот отырысында жәбірленуші: «Сон­да аурухананың кезекші дәрі­­герлері ұйықтауы керек пе?»,– деді түсінбей. Шындығында, сырқатқа қол ұшын созуы тиіс ақхалаттылардың көмек тұрмақ, есікті ашуға бұлдануы бұл салада тәртіптің қадағалаусыз қалғанын көрсетпей ме? Хош, сонымен ананы туу залына жеткізгенде, ол жерде босанушыны акушер Л.Воробей қарсы алған. Ол ішті тексеруші құралмен тыңдап, бір баланың жүрек қағысының естілмейтінін айтқан және жағдайдың қиынды­ғын сезіп, ургентті дәрігер (үйде отырып, тек шақырғанда келетін кезекші дәрігер) А.Шариповаға телефон соққан. (Көп жылдық еңбек өтілі бар әйел дәрігері А.Шарипова аудандық аурухананың бас дәрі­гері).Өкінішке қарай, кезекші дәрі­гер үйінде отырып алып, тіпті, ауруханаға келмес­тен өздерінің «бірдеңе қылып» көлік тауып Астанаға тез жетулерін талап етеді, ол аздай, қиналып жатқан келіншекті «сонда босансын» деп бұйырған. Ал, медбикелер болса толғақтың 2-3 минут са­йын келіп тұрғанын, ең бастысы, жатыр суының ағып кеткенін біле тұра, тез арада шара қабылданбаса, екінші баланың да өліп қалу қаупі барын елең қылмаған. Кейін белгілі болғандай, аудандық аурухана дәрігерлері жиналып мұндай жағдайда тез арада кесір тілігін жасаулары керек екен. Бірақ, Астананың етегінде жат­қан үлкен аудан орталығының аудандық ауруханасында бір де бір кезекші дәрігердің болмағаны ақылға сыймайды. Осы кезде дәрі­гердің бос сабылысынан жағдай­ды өз қолына алмаса, әйелін де, сәбилерін де жоғалтып алатынын сезген отағасы ойланбастан такси тауып Астанаға жеткенше асыққан еді. Бас дәрігердің бұйрығымен олармен бірге акушер Л.Воробей де ілескен екен. Күннің боранды болуына байланысты олар тек 1 сағат 40 минуттан кейін ғана Астана қаласының №2 перзент­ханасына жеткен. Әрине, Ақмола облыстық ауруханасының дәрі­гер­лерінің алдын-ала келісімі бол­ма­ғасын оларды онда да ешкім күтіп отырмағаны белгілі. Бұл уақытта А.Самбетова ақыл-есінен айрылып, бір баласынан өлі, екін­ші баласынан тірідей айрылып қалған болатын. Өйткені, екінші нәресте де уақытында шығарып алмаған дәрігерлердің кесірінен екі ортада тұншығып, қысылып өлген екен. Десек те, кінәлі тараптың да ақталып айтқан уәжі сот барысында тыңдалды. Босанушыны қабыл­дап алған дәрігердің айтуынша, А.Самбетова өте ауыр халде бол­­ған. Оның қан қысымы 220-ны көрсетіп тұрған. Дәрігерлер нәрестелердің мұндай жағдайда тірі қалмайтынын біліп, енді тек босанушыдан айрылып қалмау мүмкіндіктерін пайдаланған көрінеді. Ақталу үшін айтылған бұл уәждердің қаншалықты қи­сынға келетінін көпшілік өзі бағам­дай жатар. Бірақ, өмір мен өлімнің ортасында қалып, қос нәрестесінен бір күнде айрылған ананың қасіретін олардың ешқай­сысы жеңілдетпейтіні шындық. Денсаулығын түзеген соң жәбір­ленушінің ең бірінші арыз­данғаны Ақмола облыстық ден­саулық сақтау басқармасы бол­ды. Басқарма бастығы К.Таш­метов дабыл қағып, дәрі­герді жұмыстан қуған жоқ деп ой­лайтын шығарсыз. Бас­шы келін­шектің қайғысын түсініп, жа­зық­тыларға шара қолданудың ор­нына, шығарып салма жауап­пен әйелден құтылғанша асық­­қан. Сөйтіп, бас дәрігер (ол сол баяғы А.Шарипованың өзі), өз бұйрығымен жеке басына тәр­­тіптік жаза қолдану туралы бұй­рық шығарған. Аудандық аурухананың бас дәрігері А.Шарипова сотта А.Сам­бетовамен оны емделуші дәрігері таныстырғанын, жергі­лікті гинекологтың «ішінде егіз баласы бар, бүйрегі ауыратын әйел тіркелуге келді, бірақ біздің ауруханаға жатқысы келмейді…» дегенін еске алып, «Мен емдеуші дәрігерінің көзінше іштегі бала­лардың амандығы үшін жүк­тіліктің 36-37 аптасы кезінде екін­ші деңгейлі ауруханаға барып жату және босану қажет деп ескерттім. Өйткені, ДСМ №335 бұйрығына сәйкес, біздің аурухана деңгейінде егіз балалы әйелдер босанбайды. Менің осы жүргізген әңгімемнен кейін А.Сам­бетова біздің ауруханада жатып, ем алып шықты. 2012 жыл­дың 21 ақпанында жүктілік мерзімі 38 апта болғанда біз оны екінші деңгейлі ауруханаға жатқызу үшін, оны порталға кезекке қой­дық, облыстық ауру­ханаға хабар бердік. Астана қала­лық №2 ауру­ханасының келі­сімін алғаннан кейін біз оның қолына талон бер­дік, сол талонмен ол кез-келген уақытта туу бас­талып жатса, ауру­ханаға барып босануына болатын. Атал­мыш аурухана да құжаттарға сәйкес осы әйелдің өз­дерінде босанатынынан құлағдар еді», – деп кінәні жәбірленушінің өзінен іздеді. Оған қоса, «Ургенттік кезекшілікте болғанымда акушер маманның телефон соғып шақыр­ғанына келмегенім рас, өйткені, мен жетемін дегенше жарты сағаттай уақыт өтіп кететін еді, бәрібір ауруханада босанушыға кесір тілігін жасауға көмектесетін дәрігер болмағасын, келмедім. Олар уақытты өткізіп алмасын деген оймен тезірек Астанаға жетіңдер дегенім рас, қатты қи­нал­ған әйелге акушерімді кезек­шіліктен босатып, қосып бердім. Жеңіл көлікпен біз 40 минутта жететін Астананың шетіндегі ауру­ханаға, ауа райының қолай­сыздығы себеп болған шығар, олар кеш жетіпті», – деп те ақталды. Қос сәбиіне 2 миллион теңге өтемақы талап еткен келіншекке аурухана басшысының қайтар­ған жауабы да қысқа болды. «Төлей ал­маймыз, өйткені, бұл біз­дің аурухананың бюджетінен алын­­­­уы керек, мұндай шығын­дар үшін бюджетте артық ақ­ша қарас­тырылмаған. Біз 2009 жыл­­­­­­дан бері аудандық ауру­ха­наның бұрыннан қалған 10 мил­лион теңге көлеміндегі несие­сін төлеудеміз. Бүгінде ол 3,5 мил­­лион теңгені құрап отыр. Ал жәбір­­ленушіге 2 миллион теңге төлеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ!» деп жауап берді. Теңгеге келгенде таңдайы тақылдаған дәрігер ендеше неге қалтасынан төлемейді айыппұлды? Бір емес, екі бірдей сәбиінен айрылып, қу тізесін құшақтап қалған ана осылардың жауапсыздығынан жапа шегіп отырған жоқ па? Алайда, қазақылықтан аспаған ана айыптыларды кешірді. Сот­татпақ түгілі, ол аурухана тара­пынан 300 000 теңге бөлі­нетініне де қарсылық білдір­меген. Ал, оның кең жүректілігі жауапсыз жандардың келесі бір отбасын бақытсыз ет­песіне кім кепіл?

А. Құлманбетова, Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі

Серіктес жаңалықтары