Тұрған бойы тазалық, ізеттілік еді

Тұрған бойы тазалық, ізеттілік еді

Тұрған бойы тазалық, ізеттілік еді
ашық дереккөзі
202

Қызмет бабында Әбекеңмен араласқанымыз жоқ, тек «Социалистік Қазақстан» газетінде Зейнолла Серікқалиев екеуміз практикадан өткенде, оның ағалық қамқорлығын көрдік. Біздің оны ұмытпауымыз жөн десек, ал Әбекеңнің бізді ұмытпауы оның кішіпейілділігін, басқаға деген қамқор көңілін, азаматтық бейнесін аңғартар еді. Қашан кезіккенде де, жаныңды баурар ықыласпен амандасып, әңгімелесер еді.

Кейін мен сол газетте ұзақ қызмет істеген кезде Әбекеңмен хабарласып, араласып жүрдік. Ең алдымен ол өзі он жыл қызмет еткен ұжымын ұмытпай, сәті түскенде, келуге асығатын. Ал редакция ұжымы Әбекеңдей азаматты әрқашан құшақ жая қарсы алар еді.

Жалпы Әбілмәжін ағамыздың және оның бір топ жолдастарының «Социалистік Қазақстан» газетіне келуінің өзі газеттің тарихында қалатын, аңызға айналған оқиға. Газеттің сол кездегі редакторы Қасым Шәріпов 1950 жылы университеттің соңғы курсында оқып жүрген жеті студентті бірден жұмысқа қабылдап, кейін олар қазақ баспасөзінің қайраткерлеріне айналды. Осы жерде олардың өз ұстазына деген құрметтері де әркез көңілге оралады. Қоғамдық қайраткер деңгейіне көтерілген Қасекеңнің қызмет жолы ауыр болды. Ол екі рет «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығынан жазықсыз емес-ау, жосықсыз босатылғанда, шәкірттері, ішінде Әбекең де бар, қатты күйзелген, ұстаздарының қасында болған. Кейін де сол Қасым Шәріповтей кіршіксіз таза адамға, ол дүниеден өткен соң да, күйе жаққысы келген адамдар табылған. Кейбіреулер қазақ газеттерін аударма етуді Шәріпов қолдапты-мыс деп сөз шығарған. Сонда Әбілмәжін Жұмабаев ұстазына ара түсіп, «Егемен Қазақстанға» мақала жазғаны бар. Кейін біз, редакция қызметкерлері, Қ.Шәріповтің туыстары болып, Қасекең туралы кітап шығарып, онда оның қазақ газеттерін аударма етуге қарсы болғаны жөніндегі құжаттары партархивтен тауып жариялағанымызда, оған Әбекең ерекше қуанған.

Бұл мысалға көбірек назар аударып отырғанымыз, Әбекең әділдікке үнемі ара түсетін, сөйтсе де әділетсіздік орын алса, оған қатты күйзелетін. Ал өзінің достарына деген көңілі қандай еді! Бірге оқыған Балғабек Қыдырбекұлы, Пернебек Бейсенов дүниеден өткенде, Әбекеңнің қабырғасы қайысқанына куә болдық, жан жүрегінің нәзіктігін көрдік.

Бертінде Әбекеңді оқтын-оқтын тауға алып шығып жүрдік. Сонда көбіне оның әңгімесін тыңдар едік. «Осы мен сендердің жоспарларыңды бұздым-ау» деп, өзінің кішіпейілділігіне басса да, біздің ықыласымызға ризашылығын білдіріп, өзіне ғана тән әдетімен елжірей жымиятын!

Сол жақсы аға жоқ енді. Бұрынғылар түскен жүрі жолға бұрылып кетті. Енді оның періштедей пәк көңілін, кішіпейілділігін, азаматтығын іздейтін боламыз. Бүгінгідей қатқылдау заманда ондай қасиеттер де қат қой. Сонда Әбекеңді сағынамыз да.

Мамадияр ЖАҚЫП,Қазақстанның құрметті журналисі

Серіктес жаңалықтары