Ұлағатты жиын
Ұлағатты жиын
Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Исаевтың 75 жылдығына орай, «ҚР білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференцияда мемлекеттік тіл мәселесі, оқу орындарында мемлекеттік тілде кәсіби білім берудің жай-күйі және білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, қазақ тілін оқытудың инновациялық тәсілдері, жаңашылдық үрдістерін дамыту үдерістері ғалымдардың талқысына түсіп, бүгінде қоғамды толғантып отырған латын әліпбиіне көшу мәселесі ортаға салынды.
Конференция барысында шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, АҚШ-тың Вашингтон, Кореяның Хангук университетімен, еліміздің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия және Ақтөбе педагогикалық институты, сондай-ақ, Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетімен онлайн жүйесінде байланыс жүргізілді. Олар оқу орындарында қазақ тілінде білім берудің жай-күйі туралы тілге тиек етті.
Осы шара аясында қазақ тілінің мәселелерін ғылыми тұрғыдан сараптайтын «Мемлекеттік тіл» мультимедиалық кабинетінің тұсауы кесілді. Оны Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Ахет Мамай және ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы ашты. Сондай-ақ шара аясында Сейілбек Исаевтың өмірі мен қызмет жолын баяндайтын көрме ұйымдастырылды.