ҚАЗАҚСТАН – ГЕРМАНИЯ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ӘРІПТЕС
ҚАЗАҚСТАН – ГЕРМАНИЯ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ӘРІПТЕС
Германия Бундестагының депутаты,
ЕДП мүшесі Ханс-Вернер ЭРЕНБЕРГ:
Жақында Қазақстанға Германия Бундестагының депутаты, Еркін демократиялық партиясының мүшесі Ханс-Вернер Эренберг ресми сапармен келіп қайтты. Неміс депутатының Қазақстанға сапарын пайдаланып, халықаралық және Қазақстандағы саясатқа қатысты бірнеше сұрақ қоюдың реті туған еді. Назарларыңызға сол шағын сұхбатты ұсынамыз.
– Құрметті депутат мырза, Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен ат басын бұрған екенсіз. Бұл сапарыңыздың мақсаты не болды?
– Қазақстан Германия үшін өте маңызды мемлекет болып саналады. Сол себепті де, мен Бундестагта Сыртқы саясат комиссиясының өкілі ретінде өз көзіммен мұндағы саяси жағдайды көріп қайтқым келді. Мен Бундестагта ЕДП-ының Орталық Азия және Қазақстанға қатысты комиссиясын басқарамын. Қазақстанға тұңғыш рет келіп отырмын. Германия үшін Қазақстанмен қарым-қатынастың өте жақсы өрбігені маңызды. Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас қазір өте жоғары деңгейде. Біз оның ары қарай тереңдей беруін қалаймыз.
– Қазақстан Орталық Азияда өте маңызды рөл атқаратын мемлекет. Дегенмен Батыстық әріптестеріміз тарапынан Қазақстанның қазіргі саяси курсына, сөз бостандығы деңгейіне сындар айтылып қалады. Орта Азияны, соның ішінде Қазақстанды жауаптанған саясаткермін дейсіз. Қазақстанның қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Бірінші кезекте айтарым, Қазақстан соңғы 20 жыл ішінде өте жоғары деңгейге жетті. Соның ішінде экономикалық салада өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Оны Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінен байқауға болады. Германия және Еуропа Қазақстанның қарусыздану жайлы қадамын өте жоғары бағалайды. Сонымен қатар, Қазақстанның көршілерімен тату-тәтті өмір сүруі де еуропалықтарды бейжай қалдырмайды. Қазақстанда көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері, әртүрлі діни конфессиялар мен бірлестіктер бір үйдің баласындай татулықта өмір сүріп келеді. Ал, құқықтық мемлекет тұрғысынан Қазақстан қалыптасу кезеңін бастан кешіріп отыр. Бұдан былай құқықтық мемлекет құру үшін бірталай жұмыстар атқару қажет. Сол секілді ауыл халқы мен қала тұрғындарының арасындағы тұрмыстық айырмашылық та біраз ойлануды қажет етеді. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі қала тұрғындарымен салыстырғанда анағұрлым төмен. Осы айырмашылықты теңестіру бағытында да істелер шаруа қыруар.
– Қазақстанның атом бомбасынан бас тартып, қарусыздандыру саясатын ұстануын – Еуропа жоғары бағалайды деп айтып өттіңіз. Өткен аптада Иран атомын пайдалануға байланысты Алматыда «3+3» форматында Иран келіссөздері болып өтті. Германия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде осы келіссөзге қатысты. Қандай да бір алға жылжушылық бар ма? Еуропа елдерінің ұсынысын Иран қабыл алуы мүмкін бе?
– Келіссөздердің бұл раунды – Қазақстанда өтіп жатқаны өте маңызды екендігін атап өткім келеді. Қазақстан әлемдік қауымдастықта осындай келіссөздерді өткізуге көмектесе алатын бірден-бір ара ағайын ел ретінде бағаланады. Енді келіссөздің өзіне келетін болсақ, бұған қатысушы тараптардың арасында келіспейтін мәселелер жеткілікті. Иран тарапы Еуропалықтардың қойып отырған талаптарын орындауға құлықты емес. Бұл мәселенің дипломатиялық жолмен шешілуі өте маңызды. Сол себепті де Иранның еуропалықтардың талаптарын жауапсыз қалдырмауы жөн секілді.
– Қазақстан 2011 жылдан Кедендік одаққа мүше. Еуропаны және Американы жаңа кеңестер одағының құрылуы алаңдататыны белгілі. Былтыр АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметін атқарып тұрған шағында Хиллари Клинтон ханым «Ресей – жаңа Кеңестер одағын құруды аңсайды. Бірақ біз оны болдырмауымыз керек» деген мәлімдеме жасаған еді. Жалпы Кедендік одаққа байланысты Германияның пікірі қалай?
– Негізінде Кедендік одаққа ену – Қазақстан үшін жағымды фактор болғанға ұқсайды. Кедендік одақ – экономикалық одақ. Сол себепті де Қазақстанның экономикасының әрі қарай дамуына оның тигізер оң ықпалы болуы мүмкін. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара қарым-қатынастың нығаюына да ықпал ететін болады. Меніңше, Қазақстандағы жүргізіліп отырған саясат – өте дана саясат. Ол саясат тек қана Ресеймен қарым-қатынасты нығайтатын Кедендік одаққа иек сүйеп қоймайды деп ойлаймын. Сонымен бірге, экономикалық қарым-қатынасты Батыспен, Германиямен де нығайтуды көздеу керек. Бұл экономикадағы көп векторлық бағытты айқындайтын болады. Әрі бұл Ресейдің ТМД-дағы, соның ішінде Қазақстандағы зор ықпалын әлсірету үшін де керек.
– Қазақстанның Кедендік одаққа енуі – Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымына қандай да бір кері ықпалын тигізді деп ойлайсыз ба?
– Германиялық бизнесмендер Германия мен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынасының нығаюын қалайтынын айтқан еді. Демек, неміс кәсіпорындарының Қазақстан бизнесіне көбірек енуіне мүмкіндік жасаған жақсы болар еді. Олардың ашық тендер негізінде Қазақстан экономикасына қосар үлесі мол деп ойлаймын. Қазақстан білім берудің екіжақты жүйесін енгізуді бастап кетті. Яғни, бір жағынан білім беруді мақсат етсе, екінші жағынан кәсіп үйретуді қолға алады. Ол әсіресе кәсіптік техникалық оқу орындарында жүзеге асырылады. Бұл жүйе – Германияда өте жақсы дамыған. Осы жүйенің жүзеге асуына Германиядағы білім жүйесі жақсы үлгі бола алады. Бұл – бизнес үшін үлкен рөл ойнар еді. Өйткені, біздің кәсіпорындарды осында ашатын болсақ, бізге өте жақсы дайындалған арнайы орта білімі бар жұмысшылар көптеп қажет болады. Жоғарыда айтып өткен кәсіптік техникалық оқу орындарында білім алған жастар біздің осы кәсіпорындарда жұмыс істей алар еді.
– Қазақстан 2013 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі тиіс. Жоспар бо-йынша 2012 жылы енуі тиіс еді. Биылға шегерілді. Бұл тұрғыдан Қазақстанның мүмкіндіктері қандай деп ойлайсыз?
– Егер, Қазақстан бұл ұйымға мүше болатын болса, өте жақсы қадам болар еді. Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері артады және Қазақстан алға жылжитын болады.
– Қазіргі халықаралық аренада шиеленістер көбейіп кетті. Соның бірі екі Кореяның бір-біріне көз алартып, соғыс өртінің тұтану қаупінің күшейіп тұрғандығы. Жалпы бұл мәселенің қалай шешілуі мүмкін?
– Германия бұл жағдайды өте қауіпті жағдай деп бағалайды. Сол себепті де бұл соғыс өртін тұтандырмау үшін өте шұғыл дипломатиялық жолды табу керек. Екі Корея арасындағы шиеленіс – ішкі саяси жағдайдан өрбіп отыр. Солтүстік Кореяда билікке келген жаңа басшы өз амбициясын осылай танытып отыр. Әрине, бұл соғысты болдырмаудың амалдарын табу керек. Кеңестер одағы күйрегеннен кейін, Қазақстан ядролық қаруланудан бас тартып, бүкіл әлемге үлгі көрсетті. Бұл – екі Корея үшін де үлгі боларлық жайт. Әлемде бейбітшілік орнату үшін де, бұның берер үлгісі ерекше.
– Қазір Кипрдегі экономикалық дағдарыс бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны мәлім. Онда біздің қазақстандықтардың да сақтаған қаржысы бар екен. Оған ешкім кепіл бола алмайды. Еуропа осы жағдайдан шығудың жолдарын қарастырып отыр ма?
– Еуропа негізінен Кипрге көмек қолын созу қажет деп шешті. Алайда бұл ретте Кипрге қойып отырған қатаң талаптарымыз бар. Осы талаптар міндетті түрде орындалуы тиіс. Егер осы талаптарды орындайтын болса, ең бірінші кезекте Кипрдегі банк жүйесіне көмектесу қажет. Әрине, банкілер мен оның салымшыларының өзара түсіністігі мен бірін-бірі қолдауы аса маңызды. Ал Кипрге Еуропа елдерінің көмектесуі үшін біздің халқымыздың ол көмекті қолдауы қажет. Егер бұл шешім халықтан қолдау таппаса, онда біздің көмектесуіміз екіталай.
– 2009 жылы Германиядағы Бундестаг сайлауында ТМД-дан барған бір топ журналистермен бірге Берлин және Гамбург қалаларында болып, сайлау барысынан репортаждар жасаған едік. Сол кезде Ангела Меркельдің басшылығындағы Христиан-демократиялық одағы мен Христиан-әлеуметтік одағы партиясы жеңіске жетіп, Ангела Меркель екінші мәрте канцлер тағына жайғасқан еді. Сіздіңше, биыл күзде өтетін Бундестаг сайлауында жаңа канцлер сайлана ма?
– Еркін-демократиялық партия өкілі ретінде бұл сұраққа жауап беру қиынға соғады. Мен үшін алдағы сайлаудың нәтижесі – 2009 жылғыдай болғанын қалар едім. Ангела Меркельдің жетекшілігіндегі ХДО/ХӘО партиясының жеңіске жетіп, социал-демократиялық партияның екінші орынға табан тірегені маңызды.
– Сонда сіздерде үшінші мерзімге сайлану мүмкіндігі бар ма?
– Бізде ондай 1,2,3 мерзім деген шартты мерзім жоқ. Егер партия жеңіске жетіп отырса, сол партияның жетекшісі де канцлерлікке қол жеткізіп отырады. Биылғы сайлау алды кампаниясы өте ашық және талас-тартысты жүруде. Оппозиция да жеңіске жету үшін өте белсенді қимылдауда. Дегенмен өз басым ХДО/ХӘО партиясының және де Еркін-демократиялық партияның жеңіске жетуі үшін бұл партияның өкілдері де қарап қалмайды деп ойлаймын. Өз басым біздің партияның жеңіске жетуіне барымды салып бағамын.
– Жалпы, Бундестагқа мүше қанша партия бар? Олардың қайсысының мүмкіндігі жоғары?
– Бундестагта қазір бес партия бар. Жоғарыда айтып өткен, Христиан-демократиялық одағы мен Христиан-әлеуметтік одағы, Еркін-демократиялық партиясы, Жасылдар партиясы, Солшылдар мен либералдар. Әрине, ірі коалиция Христиан-демократиялық одағы мен Христиан-әлеуметтік одағы біраз уақыттан бері жеңісті бермей келеді. Меніңше, осы одақтың мысы әзір де басым.
– Қазақстанға тұңғыш келуім деп отырсыз ғой. Сізге ұнады ма?
– Мен бұнда 5 күн болдым. Астанада 2 күн, Алматыда үш күн. Маған Алматының табиғаты ерекше ұнады. Астана Орта Азия төңірегінде жаңадан бой көтерген Астананың да ертеңі асқақ. Сонымен қатар, Қазақстан ақпарат құралдарының менің келуіме ықылас танытып, сұхбат алуға ұмтылғандары үшін, соның ішінде сіздердің газеттеріңізге алғысым шексіз. Қазақстан Орта Азиядағы өзге мемлекеттермен салыстырғанда үлгі болуға тұрарлық ерекше мемлекет. Сол үшін оның болашағы да ерек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ