«ӨНЕР ҚЫРАНДАРЫ» ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

«ӨНЕР ҚЫРАНДАРЫ» ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

«ӨНЕР ҚЫРАНДАРЫ» ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ
ашық дереккөзі
1766

Елімізде әзіл-сықаққа құрылған топтар жыл санап көбейіп келеді. Соның бірі «Жайдарман» көңілді тапқыр жастар ішінен топ жарып шыққан «Өнер қырандары». Аты айтып тұрғандай, көпшілік жұртқа салмақты әзілдерімен танылып үлгерген топ әртістері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері. Шағын ұжымға жас актер Мадияр Серікбаев жетекшілік етеді.

Бүгінде «Өнер қырандары» тобының құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде аяғынан қаз тұрып, қадамын нықтап алған ұжым есеп беретін сәттің де жеткенін айтады. Өйткені, жетістіктер де аз емес. Он шақты әртістен тұратын өнерлі ұжым 2008 жылы пре­мьер лигада чемпион атанып, «Айтқыштар – Ақтөбеде» фес­ти­валі­нде бас жүлдені қанжығаға байлаған. 2009 жылы «Чемпиондардың чем­пионы» сайысында да бас жүл­дені берген жоқ. Тіпті, 2011 жылы ресейлік «Большая разница» жо­басының «Большая разница в Казахстане» қазақша нұсқа­­сын алып шықты. «Ресейде танымал бағдар­ла­маның кастингіне ұжым болып қатыстық. Жоба же­текшісі бізді таңдаған соң, бағдарламаның бірінші бөлімін түсіру үшін Мәскеуге барып қайттық. Екі елдің ортақ жұмысы кө­рер­мендердің көңіліне жол тапқан сияқты», – деген Сырымбет Бибо­сы­нов Жаңа жыл – Наурыз мейрамына арнап «Наурыз думан» жобасына да тікелей атсалысқандарын жеткізді.

«Өнер қырандары пародия кешіне шақырады!» деген атпен көңілді көрер­меніне әдемі кеш сыйлауды жоспарлаған жас әртістердің көңілі күпті. «Қанша дегенмен, халық алдында бес жылдық жұмыстың нәтижесін паш ету үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осы уақытқа дейін әртүрлі жобаларда жүрдік. Біз театр деген атқа лайықпыз ба, жоқ па, оны концерттен кейін халық өзі шешеді», – дейді топ мүшелері. «Өнер қырандары» тобының алғашқы концерті тың жаңалыққа толы болмақ. Әзілдің сорпасын сіміріп ішкен халық әртүрлі жанрдағы орындауларды тамашалай алады. Бұл театр сахнасындағыдай қойылым болуы мүмкін, бәлкім жаңа тұлғаларға пародия шығар, әйтеуір өнер ұжымы үлкен тосын сыймен шығатындығын айтып қалды. «Халық бізді пародия арқылы таныды. Алғашқы концерттің 70 пайызы пародияға құрылмақшы. Ал пародия белгілі әншілер мен қоғам қайраткерлеріне, телевизиялық бағдарламалар мен танымал фильм, сериалдарға жасалады. Қарапайым халықтың қолы жетпей жүрген баспана мәселесі, ипотекалық тұрғын үй жайында да нөмір бар. Мұның бәрі халыққа ой тастайтын, мән-мағынасы бар әзілдер», – дейді ұжым мүшесі Сырымбет Бибосынов.

Жас өнер ұжымының әншісі де, актері де, киім тігетін ісмері де өзінде. Тіпті концерт өткізуге қаржыны да өзіміз тауып отырмыз дейді. Көрерменді сапалы, салмақты әзілдермен баурап алу үшін, әсіресе пародия жанрына үлкен мән берілмек. Әдемі кешті Тоқтар мен Бейбіт, «Нұр-Мұқасан», «Меломен» топтары әнмен әрлейді. Ендеше, «Өнер қырандары» өз көрерменін Студенттер сарайында, сәуірдің 18-інде өтетін концерттік бағдарламасында тағатсыздана күтеді.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары