ШЫНЫҒА СҰРАНЫС КӨП

ШЫНЫҒА СҰРАНЫС КӨП

ШЫНЫҒА СҰРАНЫС КӨП
ашық дереккөзі
386

Өндіріс өрге басудың өзекті көзі екенін қазіргі жағдайда тәтпіштеп жатудың қажеті жоқ. Тек оның нарық талабымен тіл табысып, қабыса кетуі ең басты мәселе. Соңғы уақытта Қызылорда облысында инвестициялық жобаларға серпін берудің жаңаша сипаттағы қарқыны пайда болды. Пайда болып қана қойған жоқ, сөзден іске көшудің еселі қадамы жасала бастады.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұған дейін ел алдында жасаған есепті кездесуде Сыр өңірінің қазба байлықтарға бай екенін, әрі сол байлықты үлкен жауапкершілікпен, асқан құнттылықпен пайдаға жарату керек екенін шегелеп тұрып айтқан болатын. Сонда бірнеше жылдан бері сөз болып, бірақ құрылысын салуға келгенде таразы басы өзге облыстың еншісіне еңкейе түсіп, түрлі пікір тудырған шыны зауыты туралы ұтымды ұсыныс пысықталып жатқанын ел естіген еді. Енді міне, діттеген істен дәйекті шешім шыға бастады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынғандай, өткен аптаның соңында бұл жоба Үкіметте мақұлданып, Қызылорда облысының әкімдігі, «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС және «Qіnhuangdao Yaohua Glass Machіne Manufacture Co., Ltd» Қытай компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, осы ымыраластық аясында шыны шығаратын зауыт Қызылордада салынатын болды. Сөйтіп, Сыр елінде бірден-бір ірі жобаның ірге көтеретін кезеңі келді.

Тараптар өкілдерінің кездесуінде жобаның инвесторы болып табылатын «Qіnhuangdao Yaohua Glass Machіne Manufacture Co., Ltd» компаниясының бас менеджері Ванг Чангвен ынтымақтастық әрекетке ризашылығын білдірді. Осы ретте «Самұрық Қазына» қоры басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев шыны зауытының мүмкіндіктерін електен өткізді. Оның айтуынша, зауыт тәулігіне 600 тоннаға жуық, жылына шамамен 180 мың тонна шыны шығарады. Бұл республикамыздың шыныға деген сұранысын толық өтеп, өнімді экспорттауға мүмкіндік туғызбақ. Қазіргі кезде шетелдік серіктестермен экспорт бағытында Ресей және Орта Азия елдерінің нарығына шығу жайы пысықталып жатыр. Жоба негізінен Үкімет тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылады және оны серіктес тарап толықтай қолдап отыр. Шыны өнімдері ең жоғары сапада еуропалық және әлемдік стандарттарға сай шығарылмақ. Сонымен қатар мұнда қуат көздерін үнемдейтін шыны шығару да ойластырылған. Демек, бұл зауыттың «Экспо-2017» көрмесін ұйымдастыру қарсаңында жаңа нысандар салуға өзіндік үлесі болмақ.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Үкіметке, «Самұрық Қазына» қорына және инвестор компанияға өз алғысын білдірді. Бұл өндіріс шын мәнінде, үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаны жандандыру аясында өте маңызды жоба. Келешекте нарық сұранысына сәйкес өнім көлемін арттыру мүмкіндігі бар. Аймақ басшысы атап өткендей, экспортқа бағытталған өндіріс және жоғары технологияларды пайдалану облыс экономикасын жаңаша серпінмен дамытуға үлкен ықпал ететін болады.

Енді сәтін салса, әлеуеті зор өндіріс көзінің құрылысы күзгі салым басталады.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары