ӘДЕМІ ҚАРТАЮ ДА АСЫЛ ҚАСИЕТ

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ ДА АСЫЛ ҚАСИЕТ

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ ДА АСЫЛ ҚАСИЕТ
ашық дереккөзі
426

Таяуда көп жылдардан бері бір салада еңбек етіп келе жатқан үзеңгілес дәрігер-әріптесім Пайғамбар жасы 63–ке келді. Өзі ондаған жылдар басшылық қызметте болып, аттан түспей жүріп зейнеткерлікке жетті. Сол айтулы күні онымен телефон арқылы хабарласып, Пайғамбар жасына жеткенімен құттықтадым. Алдағы уақытта да денсаулық болып, отбасына бақ-береке, өзіне баянды ұзақ ғұмыр тілей отырып, сөзімнің соңын «барлығымызға жақсы қартаю жазсын!» деген сөздермен құтықтауымды тәмамдадым.

Ия, тілегің жақсы екен, әсіресе жаңағы «Жақсы қартаю» деген сөзің құлаққа жағымды, жүрекке жылы естіледі, басқаға қалай екенін білмеймін, әйтеуір маған сол сөзің ұнап қалды…

Шынында да солай емес пе? Біле-білсек, қазіргі күндері жақсы қартаю да – үлкен қасиет. Орнымен қартая білу де – ерекше өнер. Өкінішке қарай, көп адам қартаюды қасірет, жақсы күндеріңнің «солғаны», өміріңнің өткені деп көңілсіз қабылдайды. Мен оған келісе қоймаймын. Қарттықтың да бақытты, шуақты, айтулы асыл қасиеттері бар.

Айтқандарыңа келісуге де болады. Оны алдағы күндер көрсете жатар, өмір берсе оған да жетерміз, – деп аяқтады сөзін әлгі әріптесім.

Шынында да біз осы «жақсы қартаю» деген сөздің түп-төркініне барып, оның мәнісін көпшілік болып терең маңызда түсіне береміз бе? Жақсы қартаю барлығымыздың қолымыздан келе ме? Әркімнің басына жақсы қартаю бақыты беріле ме? Ол үшін не істеуіміз керек? – деген көп сұрақтар мені сан түрлі ойға жетелей берді…

Бала кезімізде ауылда тұрдық. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын қанымызға сіңіріп өстік. Қарт кісілердің айтқанын екі етпей орындап, алдын кесіп өтпейтінбіз. Ата-ана тәрбиесі сондай болды. Көпшіліктің мәселесін негізінен ауылдың бетке ұстар, сыйлы ақсақалдары шешетін. Ауыл басшылары да жиналыстарға өмірді көрген, талай қиыншылықтарды бастарынан өткізген, өмірлік тәжірибелері мол, көкірегі ашық, парасатты көнекөз қарияларды шақырып, салиқалы ой-пікір бөлісіп, олардың айтқан ақылын зерделеп, зейін қойып тыңдайтын, ой таразысына салып, оны қорытатын. Сөйтіп барып қана соңғы шешім қабылданатын. Қазақтың «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген философиялық сөзіне сай, содан кейін қателесу, өкініш пен «әтеген-ай»-лар өте сирек болатын.

Ағайын арасындағы кішігірім кикілжің, дау-жанжал, шекісу, түсініспеушілік те елге сыйлы, парасатты ақсақалдардың кеңесінен кейін шешіліп, өзара бітімге келіп, әрі қарай өршімей доғарылатын. Тіпті, кейде бұзақы, тентек, мазасыз жастарды орталарына салып, олардың жағымсыз, теріс, әбес қылықтарын беттеріне басып, шыбын жандары мұрын ұшына жеткенше «сілкілеп», ұялтып, тергеу органдарына, сотқа жібермей-ақ өздері түзу жолға, жөнге салатын. Ауыл ақсақалдарының айтқаны, қабылдаған шешімі – баршаға жазылмаған заң болатын. Солардың сол бір іс-әрекеттерін көріп, қазақтың «қариясы бар ауылдың – дариясы бар» деген қанатты, дана сөзін еске алатынбыз.

Ия, ауылдың көреген, қадірлі қарияларының рөлі ол кездері ерекше болатын еді-ау, шіркін! Сырттан келген басшылар да оларға бұрылып келіп сәлем беріп, ел ұйтқысы болып отырған ақсақалдарды қадірлейтін, құрметтейтін, ардақ тұтатын. Тіпті, бұны біз сол кездері ұлтымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан жақсы бір салт-дәстүрі деп қабылдайтынбыз.

Қазір, енді дүние өзгерді. Бұрынғы заман көзден бұлбұл ұшып, уақыт керуені алға жылжып, зулаған жылдар еш жеткізбей алға тартып барады. Ауыл ақсақалдары да сол бір керемет рөлдерін уысынан шығарып, заман көшіне ілесе алмай, бейтарап халде жүргендей. Оған не себеп?! Кім кінәлі?..

Қазір де ортамызда талай қарттар, ақсақал­дар жүр. Олардың біразы кезінде партия және кеңес органдарында көп жылдар қызмет етіп, белсенділер тобында болып, талайды өз беттеріне қаратқан жандар. Бірақ, солардың барлығы (бірең-сараңы ғана болмаса) қартайған шағында қоғамдық өмірге тығыз араласып, ел алдында сый-құрметке бөленіп, асыл қадір-қасиетімен қазіргі ортаға, жастарға іс-әрекеттерімен өнеге болып, көптің көңілінен шығып жүр деп айта алмаймыз.

…Өткен жүзжылдықта Мойынқұм өңірі керемет бір бақыт мекеніне айналып, мал шаруашылығы ерен өркендеп, ел экономикасын дамытуға ерекше үлес қосқан аймақ екенін екінің бірі біледі. Сол жылдары ауданды Айтбай Назарбеков басқарып, жар құлағы жастыққа тимей, күн демей, түн демей сарқыла, маңдай терді аямай еңбек етті. Іскер басшы көпшілікті игілікті іске жұмылдырып, ел байлығын, жер байлығын еселеп арттырып, аудан орталығы Фурмановка ауылын (қазіргі Мойынқұм кеңшары) бірер жылда көркейтіп, гүлдендіріп, құмдағы керемет шұрайлы қалаға айналдырды, күре жолдарға асфальт төселіп, ауылдарға су жеткізіп, құм ішіне бау-бақша отырғыздырып, жоғары кернеулі электржүйе ауыл-ауылға тартылып, жолаушылыр қиналмай әп-сәтте жететін облыс орталығы Жамбыл мен сол кездегі астанамыз Алматыға «Як-40» ұшағын ұшырып дараланғаны да есімізде. Соның барлығын Айтбай аға жергілікті ақсақалдармен ақылдаса келе іске кірісетін. Білгір де білікті Айтекең халықтың салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті мен мәдениетін, өлке тарихын бір кісідей білетін, сөз саптау мәнері де ерекше еді. Сөз бас­тап кеткенде бұрынғының шешендерінше толғанып, сөздің балын тамызып, саралап айтатын бір ерекше бекзаттық қасиеті бар болатын. Оның қарапайымдылығын, көпшілдігін, биязы мінезін, салихалы ой өрісін қазірге дейін көз көргендер жыр ғылып айтып отырады.

Сол абзал азамат ширек ғасыр Мойынқұм өңірінде еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін облыс орталығы Жамбылға (қазіргі Таразға) қоныс аударды. Анда-санда болса да әртүрлі шаруамен кездесіп қалып жүрдік. Сонда бір байқағаным, Айтекең өз заманының белгілі тұлғалары Дінмұхамед Қонаевпен, Ғабит Мүсіреповпен, Еркеғали Рахмадиевпен, Шәмші Қалдаяқовпен, Өмірбек Жолдасбековпен және де көптеген сол кездегі министрлермен қоян-қолтық араласып, талайларымен дос-жекжат болып еңбек еткені жайлы мол мәлімет алатынбыз. Солардың барлығы Айтекеңнің жоғары адами қасиеттерінің, қайраткерлігінің, кісілігінің арқасы деп топшалайтынбыз. Ол кісімен бірер уақыт дидарласып, аздап сөйлескеннен кейін-ақ, ішкі дүниесінің бай, білімі терең, бойына береке дарыған, қызметке адал азамат екеніне көзің жететін. Оның бойынан ерекше жылулық, парасаттылық, тазалық, шешендік, табиғи бекзаттық лебі есіп, тіпті, данышпандылық, көсемдік белгілері сезіліп тұратын ерекше қасиеті болатын. Бірақ, бірде-бір рет біреудің үстінен сөз айтып, біреуді сыртынан жамандамаған болатын. Нені айтса да терең мағына беріп, ойын таза, салмақты күйде жеткізетін. Оның айтқан аталы сөздерінен құмарың қанып, тектілік астауынан дәм татқандай тамсанып, ынты-шынтысымен қабыл алынатын ішінде дәні бар, беретін ойы мол әңгімелері көңіліңнің төрінен орын алып, кеудеңді кере демалғызып, ерекше бір ләззатқа бөленетінсің. Қалай десек те, ол кісі өмірінің соңына дейін сол қасиетінен бір таймай өтті. Ел құрметінен ажырамай, сый-абыройға бөленіп, бала-шағаларының алдында, замандастарының ортасында қадірлі, мінезге бай асыл азамат ретінде өмірден озды. Сөйтіп, Айтбай ағамыз жақсы қартая білудің өнегесін кейінгі ұрпаққа көрсетіп кетті.

Қазіргі ортамыздағы қарттар арасынан таяу­да ғана Жамбыл облысының құрметті азаматы атанған ел ағасы Ералы Дадабаев қарияны ерекше атар едім. Ел арасындағы өсек-аянға ілеспей, қашан көрсең де бір сыдырғы мінезімен, ақкөңіл нұрлы шуағымен, көпшілдігімен, қарапайымдылығымен, бауырмалдылығымен өзіне тартып тұрады. Сондықтан болар, жамбылдықтар оны «Елдің ұлы Ерекең» деп әрдайым қошеметтеп, қолпаштап, қадірлеп отырады. Қаншама биік қызметтер тізгінін ұстаса да, жоғары адамгершілік қасиетінен ол бір сәт ажыраған емес. Үлкенге де, кішіге де мейірлі жүзімен қарап, елді алаламай, жүрген ортасына мейірім шуағын сеуіп жүретін қасиеті мол азамат. Тіпті, оның осы қасиеттері кейде тәнті еткізеді. Базбіреулер сәлем берген қолыңды саусағының ұшымен, еріндері әрең жыбырлап «қинала» алса, Ералы ағамыз шын пейілмен арқын-жарқын амандасады, хал-жағдайыңды сұрайды, шын көңілімен жақсылық тілейді. Содан кейін-ақ көңілің масайрап, жаның марқайып, бойың бір жадырап қалады. «Көңіл көңілден су ішеді» деп халық осындайды айтқан болар! Ия, асыл адам айнымас.

Тағы да ойды ой қуалап, көз алдыма кейбір қарттарымыздың теріс іс-әрекеттері, жағымсыз, қоғамға жат қылықтары келді. Көптің ішінде аласы да бар, құласы да бар бола береді. Барлық қарттарымыз әлгі біз жоғарыда айтқан пікірімізден шығып, ел алдында сый-құрметке бөленіп, алғыс арқалап жүрмегені де рас. Аталы, мәнді сөз айтудың орнына, «бүйректен сирақ шығарып», ел арасына жік, ру мен аталар ортасына іріткі салып, елді бөліп-жарып, нешебір қисық-қыңыр қашпа сөз таратып, дау-жанжал, айтыс-тартыстың «ұйытқысы» болып, беделін кетіріп, қадірін қашырып жүрген кейбір қарттарымыздың іс-әрекеттері жөнді деп те айта алмаймыз.

Базбіреулері жоғары деңгейдегі мекемелерге арызданып, газет беттерінде сан түрлі мақала ұйымдастыратыны да жасырын емес. Ал, енді басқа бір топ жасының жарты жолдан асқанын біле тұра, бойынан әлі «ыстыға басылмай», балаларымен жасы тең жастармен әзіл-қалжың айтысып, арақ-шараптан еш тартынбай, барынша жұтып алып, қызара бөртіп, қызыл кеңірдек болып олармен сөз жарыстырып отырғанын да көргенбіз. Ондай қариялардың бойында қандай үлгі алар қасиет бар! Әр нәрсенің өз орны бар емес пе?!

Халқымызда «Үлкеннен құрмет, кішіден ізет» деген қағидалы сөз бар. Өкінішке қарай, қазіргі күндері діннің әлдебір түсініксіз, бұлыңғыр жолына түсіп, «тек Құдайға, яғни Аллаға ғана құлшылық ет, жамағат!» деп қауғадай қара сақалдарын өсіріп, бет-әлпетін уақытынан бұрын қартайтып жүрген жастар саны қала мен далада көбейіп барады. Олар ата-аналарынан, бауырларынан, отбасынан безіп, оларға қарамай, қараспай өз бетімен кетіп бара жатқаны көкірегі ояу саналы азаматтардың арқасына аяздай батады. Сол жастарға бір мезгіл басу айтатын, олардың жалпы мұсылманға жат теріс қылықтарының ертелі-кеш жақсылыққа апармайтынын, тіпті, діни фанатизимге ұрындырып, кейде базбіреулерін діни экстремизге, жиһад терроризмге жол ашатынын түсіндіретін ауыл қарттарының осындай маңызды шарадан теріс айналатындарына таң боласың. Несін жасырамыз, қаптаған діни ағымдардың теріс жолына түсіп, жас жандарын сол үшін қиып, әке-шешелерін зар жылатып, өз басын құрбандыққа шалып, фәни өмірден мезгілсіз кетіп жатқандар туралы мәліметтерді теледидардан көріп жүрегің мұздайды. Сол бір біз түсінбейтін діннің қорғаушысы болып, соқыр сенімнің сардары болып, кеудесін оққа тосып, басын бәйгеге тігіп, пұшайман болып, оннан бір гүлі ашылмаған жап-жас жігіттер өмірін қиып жатқанын түсіну қиын. Егер олардың отбасында, өскен ортасында адами қасиеттер жайлы мезгіл-мезгіл әңгіме қозғалып, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарға дұрыс тәрбие, оңды бағыт, саналы ақыл айтып отырсақ артық болмас еді-ау деп ойлайсың. Әсіресе ауыл қарттары, көргендері мол, кеуделері «сыр сандық» ел ағалары, әже-апалар жастарға, олардың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендері жөн болар еді.

Рас, базбір жерлерде ақсақалдар кеңесі құрылған. Бірақ дәл қазір олар мандырымды, тиімді қызмет атқарып отыр деуіміз қателік. Көп жерде олар әдетте тек бір салтанатты жиындарда, сый-сияпат жасарда, той-басқосуларда ғана бойын көрсетеді. Бұрынғы қариялардай ел ортасында пайымды ой айтып, тың ақыл-пікір қосып жүргендері шамалы-ау, шамалы. Басым көпшілігі жергілікті бастықтар алдында құрдай жорғалап, орынсыз жалпақтап, әйтеуір бір жақсы көрініп, ұпай жинап, өз бас пайдасын шешуді мүдделеріне айналдырып алған парықсыз пенделер. Көпшіліктің ісіне күйініп, толғанып, ортақ шаруаларды шешуге еш ынталары, ыждаһаты жоқ. Барлығын басқаның мойнына артып, алдағы күннің еншісіне қалдырғысы келіп тұратын «пысықайлар» қазіргі қоғамда жеткілікті. Әйтеуір, «ол салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп біреуге иек артып, жауапкершіліктен бойын аулақ ұстап, тайсарып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретіндер көбейді. Қарияларымыздың осы бір мінезі сонау ертеректе өмірден өтіп кеткен ауыл тұлғалары – дария қарияларды еріксіз еске түсіреді. Есімде, олар жиі: «О, Жаратқан ием! Барлығын алсаң да абыройымды алма!» деп тәубелік жасап отыратын, жарықтықтар. Не айтса да байыппен сөз қозғап, салиқалы таза ойын жеткізетін, елдің басын қосуға, біріктіруге ниет қылып, ел мүддесін қорғайтын парасатты сол ақсақалдарды кейде шын аңсайсың, тіпті, сағынасың…

Шариғатта «Сен ойыңа сақ бол, ойың бір күні сөзге айналады, сөзіңе сақ бол, сөзің іс-әрекетке айналады. Іс-әрекетіңе сақ бол, іс-әрекетің әдетке айналады. Әдетіңе сақ бол, әдетің сенің тағдырың болады» деген сөз бар. Демек, кез келген нәрсе жақсы ойдан туындайды. Ал, жаман нәрсе жаман ойлағаннан, тіпті, көрген түсті жаманға жорығаннан болады. Сондықтан бұл кімді болса да ойландырар тақырып. Қазіргі қарттарымыз неге соншама майдаланып кетті? Оған не себеп?

Әр заманның өз уақытына сай тұлғалары болады. Ұлы даламызда мекен еткен халқы­мыз­дың арасынан талай дүлділ абыздар, көпшілікті өзіне қаратқан шешендер, әділдік ұранын биік ұстаған билер, ақыл-парасаты мол нешебір көсемдер шыққан. Олар өздерінің ақыл-парасаттылығымен елді айрандай ұйытып, ел шаңырағының биік, керегеміздің берік болғанына үлкен үлес қосқаны белгілі. Сөйтіп олар халық арасында сый-құрметке бөленіп, есімдері алтын әріппен мәңгілікке жазылып, ел-жұрттың алдында тарихтың жібек жібін жалғастырып, нешебір керемет, айтулы аңызға айналды.

Ел алдында мағыналы, салмақты сөз айтып, парасатты ақыл-пікір қосатын, көпшілкке салиқалы ой тастайтын, елдің басын қосып, ауызбіршілік пен татулыққа ұйытқы болатын, әрдайым ел назарында жүретін сергек сезімді асыл қарттарымыз, кемеңгер ардагерлеріміз ортамызда көбеймесе азаймасын. Қарияларымыз қасиетті, ұрпағымыз иманды болсын, ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары