НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ
ашық дереккөзі
369

Алматыда Түркі халықтары мәдени қоры тарапынан ұйымдастырылған Наурыз тойына еліміздегі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысып, мерекелік концертті тамашалады.

Өткен аптада Алматы қаласында Түркі халықтары мәдени қоры Наурыз мейрамын тойлады. Шараның ашылу салтанатында Қор жетекшісі Ахмет Дағдуран мырза: «Құрметті қазақ, қырғыз, түрік, ұйғыр, қарашай-балқар. Қырым татарлары! Исі түркіге тиесілі мейрам – әз Наурыз құтты болсын! Қазақта Наурыз мерекесін Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтауы бекер емес. Яғни, басқа мерекелер – бір төбе де, Наурыз – бір төбе. Өйткені, осы мерекеде барлық түркі халықтарының бірлігі көрінеді. Бес мың жылдық тарихы бар мерекені ата бабамыз кейінгі ұрпаққа мұра еткен. Біз осы асыл қазынамызды жалғастырып келеміз. Әз Наурыз құтты болғай, бүкіл халыққа құт-береке әкелгей! Иншалла, ХХІ ғасыр түркілердің ғасыры болады. Ондай күш-қуатқа тек бірліктің арқасында ғана қол жеткіземіз. Егер Жер шарында Қазақстандағы сияқты достық пен татулық салтанат құрса, бүкіл әлемде тыныштық орнайды», – деп ағынан жарылды.

Ахмет Дағдуран мырзаның айтуынша, биыл түркітілдес халықтардың достық қарым-қатынасын нығайту, ортақ мәдениетін, әдебиетін, тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін өзіне және өзгелерге таныту жолында жұмыс істеп келе жатқан қордың құрылғанына 15 жыл толып отыр.

Жыл сайын осы ұлық мерекені тойлау дағдыға айналған. Мерекелік шараға Түркия, Қырғыз консулдығының өкілдері, ҚазҰУ, Аграрлық университеттің, Асфендияров атындағы медициналық университеттің, Алматы гуманитарлы-техникалық университетінің, т.б. жоғары оқу орындарының басшылары мен зия­лы қауым өкілдері қонақ болды. Сонымен қатар еліміздегі түрлі этникалық орталықтардың өкілдері мен қор мүшелері қатысты.

Салтанатты шараға арнайы шақырылған қонақтардың бірі – Алматы қаласы Ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Айдар Рақымжанұлы: «Бүгінгі Наурыз тойы ерекше. Өйткені, мерекенің Демократия үйінде еліміздегі барлық ұлыс өкілдерімен бірге тойлануда. Бұл – игі бастама. Тарихи тамыры тереңнен тартқан Наурыз – саяси астары жоқ, дінге де бөлінбейтін, есесіне, табиғатпен етене астасқан мереке. Күн мен түн теңеліп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жететін Наурыз көңілдерге көктем сыйлайды. Талай ғасырлар бұрын басталған Наурыз кезінде ата-бабамыз бұлақтардың көзін ашып, қоршаған ортаны тазалап, әр отбасында орнаған ырыс пен берекеге алғыс айтып, түрлі дәнді-дақылдан, ағарғаннан Наурыз көже пісірген. Бұл да – молшылықтың белгісі. Бүгін Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің осы тойға жиналуы – еліміздегі достық пен татулықтың көрінісі. Шат-шадыман көңілмен, бір дастарқан басында наурыз көже ішкен ағайын игі бастамаға мұрындық боп отыр», – деді.

Мерекеге жиылған қауымға ақ тілегін айтқан «Аттан, Қазақстан» қозғалысының басшысы Амантай қажы батасын берді. Соңы мерекелік концертке ұласқан Наурыз тойында ұлттық қолөнер шеберлерінің бұйымдар қойылған көрме ұйымдастырылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары