ТАҢ БИШІЛЕРІ ЕЛІНДЕ

ТАҢ БИШІЛЕРІ ЕЛІНДЕ

ТАҢ  БИШІЛЕРІ  ЕЛІНДЕ
ашық дереккөзі
161

(Қытай күнделіктері)

Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде 2006 жылы наурыз-шілде айларында және 2012 жылы қыркүйек-желтоқсан айларында қазақ әдебиетінің тарихы, шығармашылық психологиясы, қазіргі қазақ әдебиеті, абайтану, әуезовтану, қазақ әсіреәфсанасындағы көркемдік жүйе пәні мен арнайы курс бойынша дәріс беріп, «Қазақстан ғылымының жоғары деңгейін көрсеткені үшін» оған университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілгені туралы газетімізде кезінде құттықтау жарияланған болатын. Қаламгер әріптесіміз мамыр айынан бастап Бейжіңдегі дәрісін одан әрі жалғастырмақ. Қытай сияқты күрмеуі мен қатпары күрделі ұлы елдің жандүниесін өз жандүниесі арқылы саралаған, көптеген тосын байқаулар мен ойларға толы «Күнделігін» араласы мен құраласы молайып бара жатқан көршіміздің психологиясын түсінуге септігін тигізер деген пайыммен оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Бейжің. 7 наурыз 2006 жыл. Дәм тартып түнгі онның мөлшерінде Бейжіңге де келіп түстік. Бар алаңдағаным кітаптар еді. Кітапсыз қалай дәріс өткізуге болады және Бейжіңде мұндай көп томдықтар қат шығар. Оны кім еңбектеніп әкеле қойсын. Екі қорап. Екі орыс әйелі Алматы аэропортында өз жүктерінің есебінен артық салмақ ұстап тұрған кітаптарды тіркеуден өткізіп берді. Пекинде де сол екі келіншекті қараға ұстап соңынан жүріп отырып кеденнен өте шықтым. Шыңжаңда болса ғой мұның өзі бір апталық әңгіме. Көптің соңынан ілесіп келе жатсам:

– Тұрсын аға! – деген дауысты естідім.

Денелі, шашы артына қайырылған, үлкен дөңгелек көзді, галстукты, қара торы жігіт сол жақтағы шынтақбасардың артында тұр. Профессор, факультеттің партия ұйымының хатшысы Мұхтар Әбілқақұлымен осылай таныстық. Тағы да бір торы жігіт:

– Ассалаумағалейкум, Тұрсын мырза! – деді.

Мені «мырзалатып» жіберген бұл қай қазақ деп ойланғанымша Мұхтардың:

– Профессор Жан-дин-жин! – дегені.

Астанада бір састырған (телефонмен) Жан-дин-жин (Бейжіңдік Жан) профессор өстіп екі састырды.

Көлікпен Бейжінге тарттық. Қызыл шамның қызыл сәулесіне оранған, жаһанға жалпағынан жайылып жатқан қаланың көлемін ұшақ айналып барып қонарда көргем. Жатсынбағанымен де түсініксіздеу рай танытты. Таңданып та, жатсынып та үлгермедім. «Ағылып, жосылып, қыбырлап-жыбырлаған нөпір жұрт шығар алдымнан», – деп күткен қаламыз, тұрғыны қалыпты ғана санды қамтитын шаһар сияқты көрініп кетті.

Қонақүйге келдік. Жайлы бөлме. Мұхтарды бұрыннан көрген жігітімдей еркін сезіндім. Сұлтан (Жанболатұлы) ағаның таныстыруы екеуміздің де сүйегімізден өтіп кеткендей. Сыпайы жөн-жобамен қоштастық. Ыстық (қайнақ) су дайын екен. Шөл бастым. Себезгіге шайынып, сергіп алдым.

8.03.06. Бейжің − күн бишілері тұратын шаһар екен. Таң сыз бере сызылған әуеннен ояндым. Сөйтсем терезенің алдындағы майданда бес жүзге тарта адам би әуеніне ілесіп баяу ырғақпен жайлап қана билеп жатыр. Жасы мен қарты, ері мен әйелі аралас. Өренжілердің саны мол. Әр қайсысы әр жаққа иіліп, шалқайып, бұралып, ырғалады. Бет-бетімен билесе де жалпы тұтас майданды алып қарағанда әуен мен қимыл өзара үндесіп кетеді екен. Мына қарама-қарсы, қым-қуыт әрекет пен әуеннің үндесуінің өзі миллиардтар еліндегі миллиард тән мен жанның үйлесімін танытқандай. Мұхиттың алып арпалысты толқындарының қарама-қарсы бағытта екпіндей тоғысып, іле тына қалған толас күйінің мінезі оның халқына да мінез боп жұққандай. Әйтпесе, құдай сақтасын… Мынау дүрмектің үйлесімі кетсе үйінді ғана қалдыратын дүлей күш екені анық. Әйтеуір, бұл − ұйқысы ашылмаған адамдардың таң сәрісін жамылған ұйқыашары ғана. Күнделіктің тақырыбын «Күн бишілері елінде» деп қойғым келді.

Түсіме Жарасқан мен інісі Әуесхан кірді. Қоңыр бояулы түс. Қабағында бір алаңы бар. Қатулы емес, бірақ Жарасқанның ширығып алғандағы күйі.

Осындай екіойлы елегізген бойда сыртқа шықтым. Бейжіңдегі алғашқы қарсы алған таңым. Таңғы алтының мөлшері болса керек. Қонақүйдің алдын «Үшінші белдеу» жолы кесіп өтеді екен. Аялдамаға көлік қауырт келіп, қауырт кетеді. Қалың нөпір ұшып шыққан шыбын сияқты быж ете қалады да, зу етіп жоғалып кетеді. Іле қас-қағымнан кейін сол көрініс тағы қайталанады. Жағаны үздіксіз лықсып шайған теңіз толқыны сияқты. Сол аралықта бірінің өкшесін бірі басқан көше сыпырушылар және сансыз «шайтанарба» − велосипед жүргіншілері өтеді. Кемпір мен шалдар «шайтанарбаны» қосаяқтап қайшылағанда жастарға жеткізбейді. Тағы да көлік, тағы да адам нөпірі, тағы да сыпырушылар тізбегі… Сыпырушылар неге осынша жиі? Көліктегі жүргіншілер тасқыны сәл тосаңсыған сәтте байқадым, жолдың үсті «ақ жоңқа» … түкірік пен қақырық болып қалады екен. Жолдың майланып кететіні сондай, адам тайып жығылатындай (араға алты жыл салып барғанымда Бейжіңдегі бұл «ақ жоңқаның» мүлдем жойылғанының куәсі болдым. Олимпиада тұсында тазалық тұрғысынан қатаң мемлекеттік шаралар жүргізіліпті. Ресторандағы қақырынып-түкірініп отыратындар да тиылыпты − Т.Ж.).

Аялдамадан алыстай бергенімде қобыздың талып жеткен ащы үні шықты. Ілгері жүріп едім бәсеңсіді, кері жүріп көпірдің қасынан өтіп ем, тағы да көмескі тартты. Аң-таңмын. Ақыры жаяу көпірдің үстіне шығып ілгері жүрдім. Баспалдақтың қалтарысында бір қайыршы, кәдімгі өзімізге таныс екі көзі басыр соқыр қайыршы алдына бас киімін жайып қойып, жұдырықтай ғана шанағы бар, мойыны ұзын саз аспабын тартып отыр. Үні қобыздан айнымайды. Ішегі де қыл, өзі еспемен тартылады. Ал таң қалмай көр. Қазақ емес екені анық. Моңғол ма, тибет пе? Оларда қобыз бар ма еді? Ұзақ тыңдап, нәпақасын бердім. (Ертеңінде осы арадан өткенде Нұрбақанға шайтанқұлақпен хабарласып, дауысын «шайтанқұлақ» арқылы естіртіп, мұның «Арху хун» (хұн қобызы) деп аталатын солтүстік аз ұлттарынан тараған саз аспабы екенін білдім − Т.Ж.). Сөйтіп, Бейжіңдегі алғашқы таңымды қобыз үнімен қарсы алдым. Бұл әсер жаңағы «таң бишілерінің» әсерін бәсеңсітіп жіберді.

Енді ұзаңқырап серуендеп ем үлкен бақшаға кездестім. Қызықтың көкесі, «бидің» әкесі сонда екен. Темір шарбақтың сыртынан бір шақырымдай аумақты шолып шықтым. Бір жерде − көне қытай биі, бір жерде − вальс, бір жерде − батыс биі, бір төбешікте − саксафон, бір төбешікте − сыбызғы, бірінде − сырнай, бірінде − оркестр ойнап, бірінде − хормен ән айтып жатқан адам. Ең биік төбешікте бір әйел жоғары дауыспен, екінші бүйірде бір еркек жуан дауыспен ариядан үзінді орындап жатыр. Ішіне кіруге ұмтылып ем, арнайы рұқсат қағазы не ақша төлеу керек екен. Қалайда бір соғармын деп қонақжайға қайттым (Кейін бұл бақша менің Бейжіңдегі ең сүйікті саябағыма айналды − Т.Ж.).

Ертелетіп Мұхтар келді. Екеуміз іргесі тиіп тұрған университеттің оқу ғимаратына бардық. Факультеттің адамдарымен таныс­тырды, Нұргүл, Тоқан, Шаулиян іспетті кафедра қыздары ізетті жандар көрінді. Еркін − тіл маманы. Нұрбақан − әдебиетші. Жас. Сол жігіт менің Бейжіңдегі жансарым болды. Түстендік. Мұнда мұсылман оқытушылары мен шәкірттерге арналған жеке асхана бар. Мұнда ас мәселесіне қатаң қарайды. (Таза қытай мәзірін әзірлейтін аспұзылдар ішіне кіріп барғаныңда ескерту жасайды. Содан кейінгі таңдау өзіңде. Ұшынсаң да жауап бермейді. Біздің «батырлардың» бірден аспұзылға бас қойып кертіп, пысқырынып-түшкірініп жүретіні сондықтан − Т.Ж.). Әлгі асханаға шамалы несие өткізесің. Тым арзан болғандықтан да бір маусым тегін тамақтанғандай боласың. Мысалы, мен өткізген 100 юань төрт айдың ішінде таусылмады).

Түстен кейін Нұрбақан қаланың жайы мен жапсарын түсіндірді. «Боғда» дәмханасынан әлгі несие шекті беріп кешкі ас іштік. Мұхтар мейманханаға кештетіп келді. Біраз сұхбаттастық. Мәдени демалыс болды.

Сағат 10-да дәрісті − Қазақ әдебиетінің тарихына қысқаша шолуды − бастап кеттім. Әлдебір нәрсе қитығыма тисе болды, ширығып, шаңдата жөнелуші едім. Ебепке себеп оңай табылды. Дәріске осы Бейжіңдегі ересек адамдар, Шанхай мен Даляннан шәкірттер келіп отыр екен. Бұл − үлкен сын. «Сынассақ − сынасайық» дедім де, «не болса да − тәуекел» деп «Дулығаны» негіз етіп, Тарғытай мен Ишпақайдан бастай жөнелдім. Жан, Мұхтар және өзге де бейтаныс адамдар қатысып отырды. Байқаймын дәрістің құлақ күйі дұрыс. Енді ертоқымымның оңалатынына сендім.

10.03.06. Бүгін түсіме Оралхан кірді. Айман екеуі қатар жүр. Олардың да түр-түсі қоңыр.

Жұма, сенбі, жексенбі − үш күн шә­кірттер бос. «Ұлттар баспасының» нау­рызына бардық. Шығармасы бұрыннан таныс, жасы қатарлас жазушы Әкбармен таныса алмадым. Наурызды атауға: Бейжіңдегі Халық кеңесінің құрылтайы мен мемлекеттік жиналысқа келген Халық кеңесінің уәкілі − Задыхан, Шыңжандағы партия хатшысы − Асқат бастатқан облыс әкімдері мен елшіліктің өкілдері келіпті. Пекиндегі ақсақалдар түгел жиналыпты. Жанболаттың (Әуіпбаевтің − Т.Ж.)) қаламына іліккен Мұхамеджан ақсақалмен тізерлесе отырдым. Бұл кісі ерекше тәртіп сақшысы көрінеді. Бірден сездім. Өзінің де жасырғысы жоқ. Зейнеткерлікке дайындалып жүр екен. «Мәдениет төңкерісі» кезінде Бейжіңге келіп, жасыл жасақшы боп орнығып қалған. Өзі: «Сауатым шамалы. Бірақ партия тәртібін сақтауға барымды саламын. Осындағы қазақтардың қариясымын. Хасен генералдың досымын. Аз күнде зейнетке шығамын», − деп ашық айтады. Аты әйгілі, Маоның оққағарларының бірі болған Хасен генералдың келінімен таныстырды, жөн сұрастым. Хасеннің үш баласы бар екен. Ұлының аты − Қайсар, музыкант, композитор. Немересі Жайна Алматыда − ҚазҰУ-де оқиды екен. Жұма күнге қонаққа шақырды. Маоның әйгілі: «Ұлы қорғанға шықпаған, Бейжіңнің жоныма үйрегін жемеген жігіт − жігіт емес» − деген өлеңін тәмсіл етіп, «Үйректің жон етінен жонылған Бейжіңнің атақты қуырдағын жасап беруге» уәде етті (Сол жолы да, алты жылдан кейін барған соң да бұл уәде орындалмады. Қайсардың өзімен дастархандас болдық. Бірақ біз сүйінер өнерін көре алмадық. Аздап қазақша түсінеді. Жиырма жасында қазақты тұңғыш рет көрген адам үшін бұл да үлкен жетістік − Т.Ж.). Осындағы қазақ радиосы бөлімінің бастығы Жұмабайдың ұлы Қанатбекпен таныстым. Отанбек ән айтты (Ол кейін елге қоныс аударды− Т.Ж.). Университеттің қыздары «Қара жорғаны» былқылдатып та, сылқылдатып та билейді екен. «Қарттар мен әжелерсіз» Бейжіңдегі күндердің мағынасы болмайтынын, көп нәрсеге қолым жетпейтінін білемін. Бәрін бірдей бауырыңа баса алмайсың, сондықтан да бірден әңгімесі мен әзілі жарасқан Тұрсын апайдың қолтығына кіруге тырыс­тым. «Жігіті» де, өзі де төре екен. Жіптің ұшығы болатын тақырыптың өзі сұранып тұрғандықтан да тез шүйіркелестік… «Ұлттар баспасының» қазақ бөлімінің бас редакторы Әлімжанды көрдім. Бұрыннан етбауыр «бала» еді. Менің «Кетбұға» атты кітапшам Бейжіңнен былтыр шығыпты деп естігем. Рас екен.

Көңілді күн, көңілді отырыс, бар таныстықтың басы басталған құтты күн болды. Бұл күнгі әңгіме ұшы кейін суыртпақтала жатар. Сондықтан да таратып жатпаймын.

Кешке бөлмеге Нұрбақан келді. Ұзақ әңгімелестік. Тарихи санасы тұнық жігіт екен.

11.03.06. Түсіме Зәки (академик Ахметов – Т.Ж.) марқұм кірді, кітабын беріп жүр. Неге? Көңіліме бір түрлі алаң кірді.

«Тәртіп сақшысы» Мұхамеджан ақсақал таңғы 8.00-де келді. Сағат 11.00-ге үйіне қонаққа шақырды. Мәжбүрлі мейман болдым. Аңдысқан сөздің дәнегі бола ма. Зорлап «ұрттатып» еді, аллергиям ұстап қызарып, қышынып кеткен соң, зорлығын қойды. Қонақүйде осында дайындық курсына келген Салтанат (Әлмұрзаева) баламмен таныстым. Әкелі-балалы болдық. Күндіз Нұрбақанмен қыдырдым.

Түскі мызғуда түсіме Әйімхан, Әсел, Дияр кірді. Машина. Қар. Таудағы үй. Д. – сондай кекті ызғарын ішіне сақтаған. Ішіндегі ызадан жарылып кете жаздап, мені таудағы үйіне апарып, шиебөріленіп жек көріп жүр. Мас та болсам арыстан екем. Содан жүрексініп тұр… Қызық. «Түс түлкінің тезегі» деген осы екен-ау!

Бұл ненің нысанасы? Тағы да қара басып жүрмесін?!

12.03.06. Түсіме Жәнібек (Кәрменов – Т.Ж.) кірді. Бұл не боп кетті? Кілең (көбі) өлген адамдар. Әйімхан мен Әсел, Д. олардың ішінде неғып жүр? Қонақүйдің астында бұрын зират болмап па екен (Секемшіл жүрек сезген екен бір жамандықты. Жалғыз апайым Әйімханның бауырына сол көктем күндері айықпайтын дерт жабыса бастапты − Т.Ж.).

Таңертең ерте тұрып Қызыл бамбук бағын тағы да сыртынан шолып шықтым. Нұрбақанмен таңғы шәй іштім. Мұхтар келді. Түсте Шыңжаңның әкімдеріне арналған түстікке шақырды. Келістім.

Сағат 11.00-де Орталық Халық құ­рылтайының уәкілі Задыхан т.б. ел тіз­гінін ұстаған адамдармен Аятолла Хаменей, Рафсанжани отырған мұсылман рес­торанына бардым. Бұл өзі бір түрлі мырза, сыралғысыз сырласу болды. Алтайдың әкімі Мәуленмен таныстым. Іштартқандай сыңайластық. Саясат пен биліктің адамдары болғандықтан да артық-ауыс сөз қозғалған жоқ. Осы Бейжіңдегі мемлекеттік аударманың тізгінін ұстаған, қасының қалыңдығына орай өзім «Құйжыңтау» деп қағытқан Жарқынның бір әзілі көңіліме келсе де, бетін қайтарғым келмеді. Өзі де «мәмілегер» қу ғой, сезді. Мәулен әкім Юаньшикай мен Баймолда, Қара Оспан жайлы желеусіз дерекпен жуып-шайған болды. Соған да тәубә (Мәуленмен сол жолғы таныстық кейін Алтай өлкесін аралауға үлкен септігін тигізді − Т.Ж.). Мәзір де ерекше, дәмі де ерекше, тұздығы да ерекше, ал құнының тұздығы бәрінен ерекше болды. Әсіресе, киттің екі елі мұрты салынған сорпасының бәсі алтыннан қымбат екен. Ішке жұтылып кетті. Әйтпесе, құрт қосқан қойдың сорпасының қолына су құя алмайтын қылдың осынша қымбатқа түсіп, жігіттерді қинайтындай «шікінайы» байқалған жоқ.

Кешке, қонақжайда Мұхтар қытайдағы атақты екі қатын патша − Узы тян мен Сы чи тайху ханымдардың хикаяларын ұзақ әңгімеледі. Мен ұйып тыңдадым:

− Ши-ань – қытайдың ескі астанасы. Қытай қорғаны сол шаһардан басталады. Таң дәуірінде ерекше дәуірлеген. Әсіресе, Узы тянь патшайымның тұсында құпия оқиғаларға толы болыпты. Узы тяньнің күйеуі ерте өлген. Соның орнына өзі патшайым болған. Тақты екі ұлына да бермеген. Ал қызы жас кезінде мұның ойнасын көріп қойған. Ұзатылып кеткен соң, екі қабат кезінде у беріп (не қытықтатып) өлтірген. 150 метр терең үңгі қаздырып, соған көмген. Көзі тірісінде тұтас таудан сарай салдырған. Ол тау алыстан омырауы ашық әйелдің төсі сияқты боп көрініп тұрады. Екі аяғы − екі тау жотасы. Шоқының басындағы күйеуінің қабірінің қасына өзінің қабірін тірісінде салдырған. Құлпытастың алдына аза тұтып келген 60-тан аса адамның мүсіні қойылған. Келген елшілердің көңіл білдірген жазуларын құлпытастарға жаздырмаған. Керісінше, елшілердің кім екенін олардың мүсінінің арқасына жаздырған. Кейін мүсіндердің бәрінің басы шабылған. Ішінде кісесі бар түркі елшісінің де мүсіні бар. Узы тянның қабірстанын гоминдаң әскері зеңбірекпен атқан. Тастардың кей жері ғана сынған. Бұл сарай әлі өз жұмбағын ашқан жоқ. Ашқызбайды.

Ал Сы чи ханым, яғни, «шымылдық сыртынан билеуші» патшайым 1911 жылы жасы 60-тан асқанда жүкті болып қалып, түсік тастауға келмеген соң, жұмбақ жағдайда өлген. Сөйтсе, 45 жасында бойын ләззәтқа билетіпті. Ел ішінен егіз баланы тапқызып алып, оның біреуін жұрттың көзінше әтек еткен. Кейін оны өлтіріп, сыңарын өзінің қасына күзетке алдырған. Содан Сы чи тайху патша сарайынан Бейжіңнің тау беткейіндегі Ихоян бақшасына қарай жазда сейілге шығады. Жолай қазіргі ұлттар университетінің жанындағы ұлттық кітапхана орналасқан көлге тоқтап, шатыр тігіп жатқан. Түнде әтекті шақырған. Сөйтіп, әтекті өзіне жақындатып… денесін сипатып бойына үйреткен. 60 жастан асқанда сақтықты ұмытып, аңдаусызда жүкті боп қалған. Бұл Бейжіңнің көнекөз шалдарының әфсаналары. Шындығын кім білген?

Мұхтардың екі қатын патша туралы хикаясы мені жазушы ретінде қатты ынтықтырды. Енді осы екі ханымның тұсындағы тарихи оқиғаларға ерекше ден қоюға бекіндім. Зинақорлық өз алдында, мұнда қытайдың ұлы қасіреті жатыр. Түн ортасында тарқастық. Қытайды іштен танудың басы осылай басталып кетті. Алла сәтін салған күні Шианьді де көретін шығармын деген түбірлі байлам жасадым және енді осындай ауызекі әңгімелерді қағазға түсіріп отыруға бекіндім. Шындығы ретіне қарай анықтала жатар.

Себезгі қабылдап, сергіп алдым. Бүгін түсіме кім кірер екен?

13.03. Түсіме Нұрғазы аға мен жеңгем Сәкеш кірді. Түстері қоңырқай, әлде бір нәрсеге алаңдаулы ма, өкпелі ме, әйтеуір, өңдері қатыңқы көрінді. Кеше де шайтанқұлақпен сөйлескемін. Ел-жұрт, ағайын-ажын аман болатын.

Лекция ресми түрде басталды. Дәрістің өз қызығы өзінде. Әрине, бүгінгі кезекте абайтану. Іргелете, кеңінен қамтып, тереңдете шырға тарттым. Абай жарықтық, ел, мемлекет, саясат таңдамайды. Қайсы қияға салсаң да, қандай тақырыпты қозғасаң де, қандай емеуірін білдірсің де, неғылайыны болсашы. Тіліңді түртіп, жүрегіңді суырып, ақылыңды сауып шыға береді. Рахат. Өренжілердің ынтасы, ой ауа­ны, танымы тәбетті ашады. Сабақтан соң Бақытбек, Өмірбек, Еркінжан, Құрмангүл т.б. балалар шығарып салды. Жолай еркін әңгімелестік. Олар маған бауыр баса бас­тады, мен де оларды бауырыма тарттым.

14.03.06. Бүгін Бақытбек пен Өмірбек шығарып салды сабақтан. Серуендей жүріп әңгімелестік. Маған беймәлім әрі есте ұстауға тиісті жер тарихы туралы әңгімелер айтты. Бақытбек − Бұратоладан екен. Бұл Алакөл мен Қапалдың желкесінен төніп тұрған Жоңғар Алатауының жотасы, Жоңғар Қақпасының ауызы, кәдімгі «Алашанкоу» деп жүрген «Алатау сағасының» өзі. Бір бүйірі Жәркенттің Қазантапқан мұзды асуымен жалғасады. Бұл өзі тарихи оқиғалардың қамбасы. Не біз жақтан, не бұл жақтан тарихшы, жазушы шығып жарытпаған жұрт. Әйтпесе, арысы Шыңғыс пен Жошы, қазақ хандығы, жоңғар шапқыншылығы мен Қабанбайдың қарсы шабуылы, берісі шекара бөлісі мен ақ пен қызыл тұсындағы үркін тұсындағы құпиялы, қатпарлы оқиғалар мен жер бедеріне қатысты тарихи шындықтар тұмса күйінде жатқан мықтың үйі сияқты өңір. Маралдысай, Бұғылысай, Қорғасынқұйған, Қазанжапқан, Тоқта, Бардық (Барлық), Арқанкерген сияқты ерекше қасиетті дәрілік шөпке ие, есте жоқ ескі заманнан бүгінге дейін саяқ аңшылар мен жортуылшылардың, дәруіш дүнгендер мен лақпа қытайлардың ындынын кептіріп келген, кешегі шекара бөлісі кезінде де керілген өңешті создырып, көнін кептірген кепиетті жер. Әрине, ол бопсада біздің сатымсақ мәмілегерлердің жұтқыншағы тығындалып қалды да, көзін май басты.

Бақтыбектің айтуынша: сол Қапал мен Алакөлге сүңгідей қадалған мүйіс мұзтаулар – Арғытау, Ортасай, Шеткісай, Тастұғыр деп аталады екен. Тастұғырдың мұздағында ерімеген мүрде сақталыпты.

Жайлауға барған кезінде Өмірбектің көргендері:

1) Арғытаудың асуының ауызында «Қосжүрек» деп аталатын жотада қазақ бейіті бар екен. Беті кеудеден келетін дөңгелек таспен жабылған. Іші дөңгеленіп біткен. Шаңырақ пен күлдіреуіші бар. Тура ортасында – сырық. Ішіндегі қазынасын біреулер ұрлаған. Онда адам мен ат көмілген. Қазір жайлауға барған жұрттар сырыққа ат байлайды екен. Ежелгі зират екені анық. 2) Арғытауға апаратын жіңішке жолдың бойында адамның басынан асатын дөңгелек тас бар. Соның бетіне баланың саусағымен екі қарыстай 2 тағаның бедері ойылған.

Екінтіде келген Еркінжан: «суда өсетін гүлдің атын «тұңғиық», – деді.

Кешкі серуенде Мұхтар Әбілқақ: «Бүкіл қытайды булықтырып, тұншықтырып, құса мен үрейден өлтіре жаздаған жөтелді біз «Сарыс» деп атаймыз. Обадан бетер үрей туғызды. Дүние жүзінің де төбе шашы тік тұрды. Бүкіл мемлекет шекарасы, барлық қала жабылды. Шәкірттер жазғы демалысқа шығарылмады. Үйлерімен қоштасып, көздері жылаудан былаудай болып ісіп жүрді. Біз де ағайынмен қоштасып қойдық. Сарыс жұққан адамның өкпесі бір аптада іріп кетеді екен. Соған алты айдың ішінде ем тапты. Әйтпесе… Ал сол тұмаудың тұсында бір де бір қазақ ауырған жоқ. Себебі, қазақтың етті пайдалануы сарысты жұқтырмайды екен. Содан бері қытайлар шөптерін етпен араластырып жейтін болды», – дегенді айтты.

Шынында да дүниежүзін үрейлендірген сол сарыс − «тауық тұмауы» мына миллиард тылсымның ішінде өлім үрейін сепкені қандай қорқынышты. Алла бетін ары қылсын.

Мұның барлығы керек мағлұматтар.

17.03.06. Жұма күні Пекиннің хайуа­наттар паркіне өзім жаяу барып, билет алып кірдім. Жолда, жаяу көпірдің тұсынан өткенде баяғы қобыздың дауысын тағы да естіп барсам, сол соқыр абызым сол баяғы қобызға ұқсас тостағандай аспабын − «архуын» тартып отыр. Сәл қымқырыңқы дауысы бар. Бағзы ғұн дәуірінің бір белгісі. Осының өзі сол ғұндардың тұқымы болып жүрмесін! Санасы мен қаны сұйылып кетсе де, көкірегіндегі арғы бір аңсар арху арқылы түп тұқиянының әуенін сыртқа шығартып тұр ма, кім білсін. Қытайдың солтүстік өлкелеріндегілердің, соның ішінде «Ли» ныспылардың түпкі тегі түркілер деп есептеледі екен. Расында да, арғы ғұнды былай қойып, бергі түркі, монғол дәуіріндегі он мыңдап, жүз мыңдап ішкеріге қоныстанған, Тоныкөк пен Білге қағанның жасақтары мен тұқымдары із-түссіз сіңіп кетуі мүмкін емес қой. Бірақ олардың санасында түркілік саңлау қалмаған. Тек мына арху ғана алыс тұқымдарын іздеген кәрі көкшулан бөрі сияқты тегін іздеп тұр ма? Өнімсіз ой. Бірақ негізсіз емес. Бұл нышанды да ескере жүріп, жұқанағын жүйелеу керек екен.

Зоопаркке кіре берістегі оң жақтағы тордың ішінен ұларды көрдім.

О, шарасыз құстарым-ау! Маған қарап, торды тырмалап, мойныңды созып, екеуің неге шыр-шыр етесіңдер. Неге сонша шырылдайсыңдар? Даланың иісін сездің бе? Тордағы сенде не шара? Еркіндіктегі менде не шара?

Каирде осындай бір шарасыз шырылдаған қараторғайды көріп ем.

Бала не басқа ұлт өкілдері көруге келгенде ішке – үйшігіне кіріп кетеді. Өзгелер кетіп, мен жалғыз қалып едім, үйшігінен шығып, қайтадан торға жабысып, екеуі қосыла сұңқылдай жөнелді.

Не дейсіңдер, ұлар? Хан Тәңір мен Ұлытаудың тастағы мен самалын сағындың ба? Үйшігіңе өзіңнің атың да жазылмапты-ау? Білмеген бе?

Мен айтар едім, «Ұлар» деп, «Ұлытаудың ұлары» деп.

Бірақ тамағыма өксік тығылып тұр, ұлар?

Ана архудың созылыңқы ыңырсуы, ұлардың сұңқылы көңілімді кәдімгідей алағызытып кетті.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Серіктес жаңалықтары