Мұрат Әуезов: Әкем жүрген жолмен келемін
Мұрат Әуезов: Әкем жүрген жолмен келемін
Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев 9 сәуірде қоғам қайраткері, белгілі әдебиетші, «Мұхтар Әуезов қорының» Президенті, Мұрат Әуезовті қабыл алып, сұхбаттасты. Бұл шараға «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев та қатысты. Келесі күні таңертең біз Мұрат Мұхтарұлымен кездесіп, әңгімелескен едік.
– Мұрат аға, кеше сізге үлкен құрмет көрсетілді, қырғыз елбасшысының қабыл алуында болдыңыз. Бұл кездесу кімнің бастамасымен болды және ол кісімен не туралы сөйлестіңіз?
– Менің бұл жолғы Қырғызстанға келуіме орай іс-шараларды ұйымдастырған – қазақ-қырғыз байланыстарын бекемдеуге қоғамдық тұрғыдан қам көрсетіп жүрген қырғыз азаматтары, Қазақстан Халық Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, «Қырғызстан-Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов және И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Төлөбек Абдырахманов.
Мемлекет басшысымен әңгімелесу, негізінен, қазақ-қырғыз зиялы қауымының мәдени байланыстарын нығайту, атап айтқанда, өзім басы-қасында жүрген «Жібек жолындағы сұхбаттар» жобасына байланысты іс-шаралар төңірегінде болды. Осылай аталған форумды екі жылдан бері Ыстықкөл өренінде өткеріп келеміз. Оның қанаты кеңейіп, қазақ-қырғыз сұхбаттасуына өзбек, түрікмен және тәжік республикаларының өкілдері қатыса бастады. Форум ортаазиялық басқосу деңгейіне көтерілді. Мақсат – осы бауырлас елдердің ортасындағы даулы мәселелердің диалог жолымен шешілуіне және көршілес халықтардың ынтымағының артуына жәрдемімізді тигізу. Алмазбек Атамбаев форумның ісін қолдайтынын білдірді.
Мен Президентке Мұхтар Әуезовтің мәскеулік жазушы Анатолий Кимнің аудармасындағы «Абай жолын» сыйға тарттым. Аудармашыны екінің бірі біле бермейді. Алмазбек Шаршенұлы «Анатолий Кимді менің сүйікті жазушым» деп айтты. Менің ішім жылып қалды. Өйткені, әдебиетті түсінген адам елдің рухани жан-дүниесін, мұң-мұқтажын да түсінеді деп ойлаймын. Кездесу барысында мен оның азаматтық міндетін жақсы сезінетін, қырғыз халқының мүддесін бірінші орынға қоятын кісі екеніне көз жеткіздім.
– Сіздің Қырғызстанға келген әрбір сапарыңыз үлкен оқиғаға айналатынын байқап жүреміз, бұл жолы қалай болды?
– Әр күннің өз мағынасы болғанымен, күндер зымырап өте береді. Бірақ кешегі күн – мен үшін өте ерекше, тарихи күн. Таңертең Бішкектегі Мұхтар Әуезов атындағы көшедегі 17-ші үйге әкемнің аты жазылған ескерткіш тақта қойылды. Қырғыздың зиялы қауымы да, атқамінерлері де тайлы-таяғымен түгел келді, Мұхтар Әуезов туралы қаншама жылы сөздер айтылды. Сол маңдағы қырғыз гимназиясында болып, оқушылармен жүздестім. Түсте Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде ғалымдардың «Мұхтар Әуезов және «Манас» эпосы» деген дөңгелек үстеліне қатыстым. Түстен кейін Қырғыз ұлттық тарих музейінде Мұхтар Әуезовтің, негізінен, «Манас» эпосын 1952 жылы қырғыз азаматтарымен бірігіп, қалайша қорғап қалғанын баяндайтын «Адамдардың жолы» деген деректі фильм көрсетілді. Кешқұрым қырғыз елбасшысы қабыл алды. Бұл кездесулерде жарқыраған қара көздерден, жақсы лебіздерінен қазақ пен қырғыздың ағайындығының, туысқандығының ыстық лебі сезілді. Қазақ-қырғыз мәмілесі – ұлы ұғым. Тарих болған соң барлығы болады. Біз тарихтың жақсы жақтарын алып, соны көбірек насихаттауға тиіспіз. Бұл жағынан алғанда, Мұхтар Әуезовтің орны өзгеше. Музейдегі пікір алысуда 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі де, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де сұрау-жауаптарымызға арқау болды. Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде 1916 жылғы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын көркем суреттеген. Осыны оқыған адамда бауырмалдық сезімнің оянатыны, қазақ-қырғыздың тағдырлас халық екеніне көз жеткізетіні айқын. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі жағдай да осындай.
Қырғыз жұртшылығына көрсетілген «Адамдардың жолы» фильмінде 1952 жылы Қырғызстан астанасында өткен Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференцияның құжаттары пайдаланылған. Сол кезде өзінің ахуалы мәз емес, қамалуына ордер жазылып, қуғында жүрген Мұхтар Әуезовтің бір сағат бойы «Манас» эпосының нағыз халықтық шығарма екенін дәлелдеп сөйлегені ерлік деп білемін. Кремльдің тоталитарлық жүйесі «Едіге батыр», «Қарасай батыр» сияқты батырлық жырларға тыйым салған. Кезек қырғыздың «Манас» дастанына келді. Алайда, бүгінгі күнге «Манас» эпосы сақталып жетті. Қырғыз халқының әкеме үлкен сүйіспеншілігінің бастауында осы оқиға тұр. Жеке адамға сүйіспеншілік сөзсіз түрде оның халқына деген сүйіспеншілікпен астасып жатады. Бұл – өнеге. Мұндай мысалдар көп, әріге бармай-ақ, Мұхтар Әуезовтің француз жазушысы Луи Арагонға хат жазып, жас Шыңғыс Айтматовты әлемдік деңгейге алып шығуы, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың бірігіп, «Көктөбедегі кездесу» пьесасын жазуы, және басқа тұлғалардың достық мәмілелері екі елдің арасын дәнекерлеген, үлгі боларлық жәйттер.
Кешегі күннің ең әсерлі сәті – мектеп оқушылармен кездесу болды. Жәудіреген көздер – болашақ иелері. Қырғыз жасөспірім балаларының ұлттық рухта тәрбиеленіп жатқанын аңғардым. Гимназияда манасшылар үйірмесі бар екен, солардың жырын тыңдап, жас жеткіншектердің бойынан қырғыз рухының өзегі болған манасшылықтың құдыретін көрдім.
– Мұрат аға, жас кезіңізде әкеңізбен бірге Қырғызстанға келген боларсыз, сол жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
– Бала кезімде бұл жаққа әкеммен бірге бірнеше рет келдім. Қордайға келгенде қырғыз жазушылары құшақ жая қарсы алатын. Қырғыздың классик жазушысы Түгөлбай Сыдықбековтің үйіне тоқтап, шәй ішіп, одан ары Ыстықкөлге қарай жолға шығушы едік. Әкемнің Ыстықкөлде саяжайы бар. Қазір – музей.
Қордайдың асуынан қырғыз жаққа асарда әкем машинаны тоқтатып, ол кезде Қордайда жел көп тұратын, желге бетін тосып бір ауық әрі-бері жүретін. Тас жолда келе жатқанымызда машинаның қорабын майда тастар тынымсыз ұрғылап тұратыны да есімнен кетпейді. Әкем желді жақсы көретін. Жел туралы ұзақ әңгіме айтатын. Ол жас кезінде халқымыздың талантты ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін көп оқыпты. Мағжанның өлеңдерінде «жел» өзгерістің, жаңарудың символы ретінде көрініс тауыпты.
Әртүрлі жол сапарлар болып тұрады. Менің қырғыз жеріне келуім әкеммен бірге жүрген жолдарды қайта басуым. Алматыдан қалай осы жаққа бет аламын – әкеммен бірге жүрген сәттерімді есіме түсіре бастаймын. Әкеміз 1957 жылы Ленин сыйлығын алды. Кеңес Одағының кез келген жеріне барып дем алуға, тіпті, қай жерден болса да саяжай алуға мүмкіндік туды. Әкем Ыстықкөлді таңдады. «Мен бұл жерді қандай жақсы көремін! Өмірге тағы бір жолы келер болсам, осы Ыстықкөл жағасында өмір сүргенді таңдап алар едім», – деген сөзі де бар. Әрине, әкем мұны бұл жердің табиғатының көркемдігіне, ауасының саф тазалығына байланысты айтып жатпағаны хақ, бұл жердің шығармашылық аурасына, рухына байланысты айтса керек-ті. Өйткені әкем одан бұрынырақта да «Манас» дастанын зерттеудің аясында Ыстықкөлге талай келген, осындағы атақты манасшы Саяқбай Қаралаевтың ауылына талай келіп, «Манасты» тыңдаған. Сірә, содан да болар.
Соңғы кездерде мен де әкем жүрген жолмен қырғыз жеріне жиі-жиі келіп жүрмін. Қазақ-қырғыз арасын байланыстырған ата дәстүрін жалғастыру мен үшін үлкен ғанибет. Әкемнің ісі – өсиет.
8 сәуірде Бішкекте қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовке арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Қаланың М.Әуезов атындағы көшесінің 17-үйіне ескерткіш тақта ілінді. Аламедин мөлтек ауданының тұрғындары қатысқан бұл салтанатқа қырғыздың белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлерімен қатар үкімет мүшелері, билік өкілдері де қатысты.
Жиналған ел Алматыдан салтанатқа арнайы келген Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовке үлкен ілтипат көрсетісті.
Салтанатта сөз сөйлеген Қырғызстанның мәдениет, мәлімет және туризм министрі Сұлтан Раев, Бішкек қаласының мэрі Иса Өмірқұлов, Қырғызстанның еңбек, миграция және жастар істері бойынша министрі Алиясбек Алымқұлов, Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы Серікұл Қосақов және Қазақстан Халық ассамблеясы кеңесінің мүшесі, күрт қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қырғыз халқы үшін сіңірген орасан зор еңбегін атап өтіп, ескерткіш тақта осы алып тұлғаға көрсетіліп жатқан құрметтің бірі екендігін атап өтті. Сұлтан Раев: «біз Мұхтар Әуезовке әрқашанда тағзым етеміз», – деп, оның үш қасиетіне тоқталды. Біріншіден, Мұқаң қырғыз бен қазақ бір-бірін қалай жақсы көретіні жөнінде кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырды. Екіншіден, 1952 жылы «Манас» эпосымызды жоқ болып кетуден сақтап қалды. Үшіншіден, Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейге шығуына жол ашып берді, – деді министр.
Одан кейін іс-шараның қатысушылары Бішкектің орталық Емен саябағындағы Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Осы күні Мұрат Әуезовтің қатысуымен Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде «Мұхтар Әуезов және «Манас» эпосы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, Қырғыз мемлекеттік тарих музейінде Мұхтар Әуезовтің өмірінің қырғыз жерінде болған кезеңдерін, 1952 жылы өткен Бүкілодақтық ғылыми конференцияда «Манас» эпосын қалай қорғап қалғанын баяндаған қазақ режиссері Қанат Есенамановтың «Адамдардың жолы» атты деректі фильмі көрсетілді.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке арналған іс-шараларды өткеруге Қазақстан Халық ассамблеясы кеңесінің мүшесі, «Қырғызстан-Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов және И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті мұрындық болды.
Осы күні кешқұрым Мұрат Әуезовті Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қабыл алып, сұхбаттасты.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»
Қырғызстандағы тілшісі