Әженің ролін ойнап жүрген актриса

Әженің ролін ойнап жүрген актриса

Әженің ролін ойнап жүрген актриса
ашық дереккөзі
431

Талантты актриса Ғазиза Әбдінәбиева қазақ театр өнеріне елеулі үлес қосқан көрнекті актриса қыздарымыздың бірі. Бүгінде зейнеткерлік демалысқа шыққан Ғазиза апайды спектакльдерден мүлдем қол үзіп кетті деуге тағы келмейді. Анда-санда шағын эпизодтарда, массовкаларда ойнайды. Қазақ театр сахнасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен актриса өнер жолында талай сахна майталмандарымен әріптес болды. Аға-апаларынан үйренгені де көп. Сахна атты киелі өнерді қасиет тұтқан аяулы актрисаның бүгінгі тыныс-тіршілігі балалары мен немерелерінің қасында өтуде. «Мен қазір әженің рөлін ойнап жүрмін», – дейді мақтанышпен Ғазиза апай.

– Ғазиза апай, театрға алғаш келген кезіңіз есіңізде ме? Сол сәтте қандай сезімді бастан кештіңіз?

– Екінші курста жүрген кезімде балалар және жасөспірімдер театрына қабылдандым. Ол кезде мен он тоғыз жаста едім. Театрдың режиссері Виктор Пусырманов деген кісі еді. Сол кісі қабылдады. Ең қызықты күндерім сол театрда өтті десем де болады. – Онда жастар театрында кіл мықтылардың бар кезі ғой… – Иә. Әмина апай Өмірзақова, Байділда Қалтаев, Мәкіл Құланбаев, Қасым Жәкібаев сияқты кіл мықтылар жұмыс істейді. Мариям Жақсымбетова деген ғажап, күн бейнелі актриса болатын. Сол театрға Мәриям апайдың өнеріне ғашық болып келдім. Мен сол театр­дан кеткелі бері, көп спектакльдерді көргем жоқ. Өйткені театрға барсам, ана кісілердің бәрі көз алдымда жүреді. Қазір мүлдем басқа театр. Көпшілігі жастар. Ана кісілердің орны ойсырап тұрғандай көрінеді маған. Олардың бәрі өте қарапайым жандар еді. – Мөлдіреген тым жас кезде сахнаға шығу да оңай болмаған шығар. Өзіңіз айтқан жаңағы алыптардың жанында қалай ойнадыңыз? – 1968 жылдың 16 наурызында Махамбет­қали Хасеновтың «Махаббат неге оянбады?» атты спектаклі қойылды. Мен ол спектакльде Махаббатың рөлін ойнаймын. Бірінші топта Мәриям апай. Мен студентпін. Үшінші курсқа көшкен кезім. Сахнаға сол кезде алғаш рет шықтым. Аяқ-қолым дірілдеп тұр. Жаттаған сөзімді айта алмаймын. Менің жұбымды Сейітхан Есенқұлов ойнайды. Негізгі оқиға мектеп бітіретін оқушылардың өмірінен алынған. Жігіт қызды ұнатады. Сыртқа шығып, екеуінің бір ағаштың түбінде тұратын сценасы бар. Соңында қыз жігітке, ернінен өбіп, «ал бара бер» дейтін тұсы бар. Сол тұсты ойнайын десем, ұялам. Әрі жігіт сүйіп болғанда, «қыздар сүйгенде мұрыны тиеді деуші еді, тимейді екен ғой» дейтін де тұсы сол кезде айтылады. Соны ойнай алмай, екі жарым ай жүрдім. Сейітхан аға өте әдемі кісі. Екі иығына екі кісі мінгендей алып кісі. Аппақ киіммен қарсы тұра келгенде, мен қысылам. Сосын «Виктор Станиславович, можно я завтра сделаю» деп қоямын. Сонымен, екі жарым ай өтті. Ол кісі: «Ты же актриса. Когда ты сделаешь?» деп ұрсады маған. – Ол кезде жастар театрының директоры кім еді? – Виктор Пусырманов. Ең басты режиссері сол кісі. Есмұхан Обаев – екінші режиссер. Гүлжаһан Жанысбекова деген ғажап директорымыз болды. Мәскеуде бітірген, өте білімді, театрды шемішкеше шағатын. Ұрысқанда тура тіліп айтатын. Қазір қайда екенін білмеймін?! Көзі тірі болуы керек. Керемет жақсы көретін еді мені. Әлгі қойылымға қайта келейін. Алғашқы рөл, қатты қорыққанмын ғой. Екі тізем дірілдеп тұр. Залда көрермен өте көп. Сөзімді айта алмаймын. Аузым құрғап кеткен. Аузымды ашсам, қырылдаған дыбыс шығады. Содан залдағы жұртшылық қыран-топан күлкіге батты да қалды. Солай бастадық қой. – Сіздің сол тізеңіз дірілдеп ойнаған рөлдеріңізді театрдың алыптары қалай қабылдады? – Театрдың алыптары көп болды ғой. Әмина апайлар ондайды қалт жібермейді. Өте қатал болатын ол кісілер. Бізде күнде жылау болатын еді. – Жылап жүріп, жабырқап қалатын кездер көп болатын ба еді? – Жоқ, жабырқау жоқ. Көзіміздің жасын бір сығып аламыз да, қайта ұмтыламыз. Режиссердің өзі қалай ұрсатын еді. Қазір ешкімге ешкім ұрыспайды. Қалай болса, солай жүре береді. Біз көзіміздің жасы моншақтап, сахнада тұратын едік. Жылап тұрып, әлгі рөлді қайта сомдайтынбыз. Пұсырманов: «Әлгі Ғазиза, репетицияға шыға ма, жоқ па?» деп сұрайды екен. Сосын: «Где она? Или где-то сидит и плачет» дейді екен. Біледі менің жылап отырғанымды. Арт жақтан «буду» деп басымды бір көтеріп қоямын. Салимам Саттарова деген ұйғырдың ғажап қызы болды. Керемет актриса еді. Қазақ театрына әбден сіңісіп кеткен. Күйеуі қазақ, бес-алты баласы болды. Өте әділ актриса еді. Сол кісілер біздің тәжірибе мектебіміз болды. Институтта оқыған бір басқа, ал театр мүлдем бөлек. Үлкен апай-ағайлардың мектебінен өтеміз. Рабиға Қаныбаева деген апайым болды. Бірақ мен Есмұхан Обаевтан қорғадым. Рабиға апай қазақ тіліне шорқақ болатын. Ол кісінің кейбір сөздерін түсінбей қалам. «Ұқпаймын» деп айта алмайсың, амал жоқ отырасың. Бізге Есмұхан аға үлкен кісі сияқты көрінетін. Сөйтсек, арамыз алты-жеті жас екен ғой. Әлі сол. Мұғаліміміз сияқты, одан алты-жеті метр қашқақтап жүремін. – Режиссерлер актерлерді рөлдерге қалай бекітетін еді? – Әйтеуір ыңғайлы адамдарға бөліп беріп отыратын. Мен онша қорқа бермеймін. Ойнағым келген рөлді сұрайтынмын. Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» деген пьесасын қоятын болды. Отыз екі беттік сөзі бар еді. Институт бітірген кезім. Режиссері – Пусырманов. Кейіпкердің жастық шағын беретін қойылымы бар. Сол рөлді маған беретн шығар деп ойлағам. Роша Әшірбековаға беріпті. Ол кезде бір ғана құрам болатын. «Можно» деп қолымды көтердім. Сосын «Мен осы рөлді ойнағым келеді. Маған беріңізші. Репетиция керек емес. Өзім дайындалам», – дедім. Жұрттың бәрі тынып қалған. Дөрекіліктің ең жоғарғы сортын көрсетіп тұрмын ғой. Мұндай нәрсені ешкім көрмеген. Қайтем енді. Ойнағым кеп тұр. Содан кейін, режиссер ол рөлді маған берді. Ішке кіре алмаймын. Ұялып тұрмын. Тығылып залда отырамын. Мизансценаны тығылып көремін. Содан бері Әшірбекова мені жек көреді. «Жетпістен астың, қоймайсың ба?» десем өткенде, «Қойшы» дейді. – Мұхтар Әуезов атындағы драма театрға ауысуыңызға не себеп болды? – Біздің балалар мен жасөспірімдер театрының репертуары белгілі ғой. Барлығы жастар, балалар туралы. «Ана», «Көрші қатын» деген көрсетілімдері бар. Сондай рөлдермен 12 жыл бойы тығылып, шаршап отырдым. Асқар Кенебаевтың «Ауылдан келген ару» ма еді, қазір ұмытып қалдым. Сәния деген кейіпкердің рөлімен жақсы жұмыс жасадым. Софы Сматаевтың «Елім-айында» Бопай ханшаны ойнадым. Иран-Ғайыптың бір пьесасында екі рет ойнадым да, кетіп қалдым. Академиялық театрға Әзірбайжан ағаның кезінде келдім. Ол кезде Тұңғышбай директор болатын. Ал Мәмбетов көркемдік жетекші, режиссер. Курстасым Халық әртісі Әнуар Боранбаев деген керемет актер болды. Әнуарға: «жастар театрынан кетіп жатырмын, сен ана Тұңғышбайға айтшы» деп едім, «Ой, сен келмегенде, мына кемпірлердің рөлін кім ойнайды? Кел. Әзекеңмен сөйлесейік», – деп айтты. Әзірбайжан ағаға кірдім. Әзірбайжан аға «саған рөл бермейді, тек массовкада жүресің» деді. «Ештеңе етпейді, содан бастаймын» дедім. «Қазір лездемеге кел, әріптестердің барлығы жиналады», – деді. Сәбира апам ғана жоқ. Қалғанының бәрі көзі тірі. Бикен апам, Шолпан апам отыр көзі бақырайған, Зәмзәгүл апай, Нүкетай апай, Хадиша апай бәрі мықты ол кезде. 60-тан асқан кездері болатын олардың. «Мына Ғазиза біздің театрға келемін, массовкадан бастаймын деп отыр. Осыны театрға аламыз» деді Әзекең. Қол соқты. Танитын, бірге оқыған қыз-жігіттер бар еді. «Қарагөзді» дайындап жатыр екен. Маған Мөржанның рөлін берді. Болат Атабаев дайындыққа кірісіп кеткен. Шынар Асқарова, Ерлан Біләлдің театрға жаңа келген кезі. Соларға ауыстырып жатыр екен. Бикен апам – Мөржан. Дайындыққа келіп отырдым. Бір кезде Бикен апам келді. «Ғазиза неге отырсың?» – деді. Атабаев «Мөржанды дайындайын деп отыр», – деді. Ол кісі тік қой, бәріне тура қарап сөйлейді. «Ммм, дұрыс», – деді Бикен апам. Дайындықта Бикен апаның ойынын қарап отырам. Бір күні сахнаға шықты. Бикен апам шыққан кезде арылдап, маған онда түк жоқ. Мен бір төбе сияқтымын, ал ол – Алатау. Бикен апа «Ғазиза, сен неге ойнамай жүрсің?» деді. «Бикен апа, сіз Алатау болғанда, мен төбе болып жүрмей-ақ қояйын. Әлсіздігімді көрсетпей-ақ қояйын. Реті келер ойнармыз, өзіңіз ойнай беріңіз», – дедім. «Әй, сөйтші, басқа рөлім жоқ» деп қояды Бикен апам. Бала сияқты ғой. Содан сол рөлім жазулы күйі 12 жыл жатты. Ойнаған жоқпын. Содан Атабаев келді бір күні. Ол кезде директорлар бәрі ауысып кеткен. Сендерге «Қарагөзді» қойыпты дейді. Маған Мөржанды беріпті. Міне, бұйырған кетпейді, қуған жетпейді. 12 жылдан кейін дәптерімді қайта алдым. Болат Атабаев басқаша қояды ғой бәрін. Аллаға шүкір, Болатпен ойнадық қой. Бикен апам атындағы сыйлықты алдым. Осы театрға келгелі бері рөлдерімнің ешқайсысы жүлдесіз қалған жоқ. «Мәңгілік бала бейне» болсын, «Парадағы» Анна Андреевна болсын, бәрі жүлдегер. Анна Андреевна – «Ұшқыр қиял» деген жүлде алды. – Қазіргі жастарда неге жасандылық басым? – Өйткені жан-жақта бұлардың баратын жері көп, той-томалағы бар, телевидениесі бар, концерт жүргізетіні бар, тағы бірнәрсесі бар. Рөлмен ауырмайды. Біз кәдімгідей сол рөлмен ауыратынбыз. 7-8 килограмм арықтап кететінбіз. Жүрегіміз ауыратын. Жас күнімізде біз ғашықты ойнайтын кейіпкерлеріміздің бетіне қарамайтынбыз. Олар бар жерде біз әдемі боп жүретінбіз. Сондағы ойымыз, жұбымыз біз туралы жаман оймен қарамасын дегеніміз. Қазір олай емес. – Өмірде ұнатпаған адамыңызбен әріптес болсаңыз, қалай ойнайтын едіңіз? – Оған қарамайсың ғой, режиссердің мақсатын орындайсың. Әріптестермен тіл табысуға тырысасың, ұрыспауға тырысамыз. – Көңіліңізден шықпайтын, өзіңіз қаламаған рөлді ойнаған сәтіңіз болды ма? – Ондай сәттер болады ғой. Мен энергиясы нашарлау рөлдерді ойнағым келмейді. «Ай тұтылған түндегі» Таңқабикеден кетіп қалғаным да сол. Режиссер «ойнамайсың» деп ренжиді, бірақ мен «жүрегім ауырады» деп ойнамадым. Ол Құдайға қарсы сөйлейтін нашар қатын өзі. Рөл ойнаған жақсы енді, бірақ маған соның ішкі дүниелері ұнамады. Басқалар ойнасын дедім. Репертуардан алып тастады-ау деймін. Биыл байқалмайды. – Сіз келгенде Сәбира апай театрда болмады ма? – Ол кезде Сәбира апай инсульт боп жатқан. Мен театрға келгенімде ол кісінің жатқанына екі жыл болыпты. – Балалар мен жасөспірімдер театрында жүрген кезде драма әртістерімен аралас-құралас болдыңыз ба? – Көп келуге уақытым жоқ болатын. Ол кезде бос уақыт деген мүлдем болмайтын еді. Көп спектакльдерін көрген емеспін. Бос болсаң, үйге жүгіресің, үйде балалар бар, ата-енем бар. – Сәбира апаймен аралас-құраластығыңыз қалай болды? – Жоқ, келсем, Хадиша апаймен амандасып тұратынмын. Сәбира апам көріп қалса, «Әй, ана қызды қара, бері кел, әй, бері кел. Әй, сен не деген адамның баласысың? Осы қыз жынды сияқты менен қашады. Мынау менің сіңлім ғой» дейтін еді марқұм. – Фарида апаймен ше? – Мен ол кісімен дубляжда көп кездесетінмін. Фарида апам білімі, парасаты, ақылы жоғары адам ғой. Өкініштісі, ерте кетіп қалды. Күлкісі, сөзі, даусы сол күйінде кетті. Әріптестерінің бәрі қайтыс боп кетті ғой. Содан кейін ол кісі ешнәрсе ойнағысы келмеді. Ыдырыс ағадан кейін Әшірәлі, Уайыс, Әнуар Боранбаев бәрі кетіп қалды. Сосын ойнағысы келмеді. «Неге?» деп сұрасақ, «Көзқарасыңнан түсініп тұрмағаннан кейін ойнағаннан ойнамаған жақсы», – дейтін еді марқұм. «Фарида апа, сізге кез келген қойылымды қойып береді ғой. Неге ойнамайсыз?» деймін. «Ғазиза, партнер жоқ» дейтін еді. Мен мұны қазір байқап жүрмін. Жас жігіттер сахнада сенімен сөйлесіп тұрып, басқа жаққа қарап тұрады. Ол мен үшін жабайылық. Бір-екі рет айттым, ұқпайды. Ұқпағаннан кейін қойдым. Оның кеткені кеткен, ол ертең актер де болмайды. Бір шоқып анда қарап, бір шоқып мұнда қарап, не ол?! Рөлдің атмосферасына кіру керек қой. Ол ертең кинода керек болады. Ол оны білмейді. Киноға түскенде, ол жерде образ қалыптастыру керек. Ондайды білмейді олар. Бейне жасау дегенді ұқпайды. Білмеймін, жай институт бітіру үшін келген балалар ма? Біз деген бала күнімізден өнерге ғашық болып, чемоданымызды көтеріп, таныс-тамыр деген жоқ, қалаға келдік қой. Не бір ауыз орысша білмейміз, сөйтіп, қаңғып келдік қой консерваторияға түсеміз деп. Алла жол беріп, алып кетті өзі әйтеуір. Әке-шешеміз қалай жіберген деп ойлаймын қазір. Қорқу, үрку деген жоқ. – Бала кезіңізден өнерді қаладыңыз ба? – Иә. 5-6 сынып оқып жүргенде менде консерваторияның суреті және Бағланованың бір открыткасы болатын. Роза апайдың басында үкісі бар. Соны өлердей сақтап жүретінмін. «Міне, мына жерге барып оқимын» дейтін едім бәріне. – Астанаға «әнші болам» деп келген екенсіз ғой онда… – Әнші болғым келді. Мені вокал тобына шақырып, сонда келдім. Қызылорданың менімен бір мектепте оқыған қызы бар еді. Ол менен бір курс жоғары оқыды. Ол маған: «Консерваторияда жеті жыл оқып не істейсің? Одан да актерлікке түс. Бар-жоғы төрт жыл оқытады» деп үгіттеді. Алдымда «направлениемді» жыртып тастадым. Бір түнде Сәбит Мұқановтың «Ботагөзінен» үзінді жаттап алдым. Крыловтың «Түлкі мен қарғасын» жатқа білем. Мені Рабиға Қаныбаева қабылдады. Ортаға шығарды. Басымда ақ бантик, қызыл бұршақты кофтам бар. Интернатта өзіміз тігетінбіз. Қара юбка, қызыл жіңішке белбеуім бар. Әрі-бері айналдырды. Өзім арықпын, қолым ұзын, тіземе жетеді. «Нешедесің?» деді. «Нешедемін» деп айтсам екен деп, ойлап тұрмын. Сосын «он сегіздемін» дедім. Бәрі күлді. Бәрі шеңбер жасап отырады, ортаға тұрғызып қояды. «Түрің 15-те сияқты» деді мұғалім. «Жоқ, апай» деймін. Ол кезде өзім 17-демін. «Он сегіз демесем, алмай қала ма?» деп қорқып тұрмын ғой. Сосын «оқы, қане» деді. «Сәбит Мұқанов «Ботагөз» романынан үзінді. Көл жағасында тырбиып өскен…» дедім де, ары қарай ұмытып қалдым. Таңғы беске дейін жаттаған сөзім ғой. Тағы да қайтадан бастадым. Осыны үш рет айттым. Бәрі күледі. Сосын апай «ұмытып қалдым» дедім. Ал «онда сықағыңды оқы» деді. Крыловты жақсылап оқып бердім, ұмытпай. «Өлең айта аласың ба?» деді. «Айта аламын». Бұл жұма күні. Сенбі-жексенбі демалыс. Дүйсенбі күні емтихан. Әдемі, ернін бояған, бетіне опа жаққан, шаштары әдемі, неше түрлі қыздар жүр. Мен қап-қара қара қайыс, күнге күйіп кеткем. Қызылорданың күні өлтіріп жібереді ғой. Өкшем аппақ, алақаным ақ, тісім жылтырайды. Болды. «Қара қайыс қара тырна» дейтін шешем марқұм. «Ішкен-жегенің қайда кетеді осы сенің, қайыстай қарасың ғой» дейтін еді. Жан-жағыма қарап тұрмын, бәрі әдемі қыздар. Бір кезде қарасам, терезе жақта мен сияқты қап-қара бір қыз тұр екен. Менде бір бантик болса, онда екі бантик. Онда көк бұршақ көйлек. Қабырғамен жайлап-жайлап әлгі қызға жақындадым. Барып «қай жақтансың?» десем, түсініксіз бірнәрсе айтып жатыр. Сөйтсем, ұйғыр екен. Мен ұйғыр деген ұлттың барын білмейтінмін. Осы жердегі ұйғыр ауданынан екен. Аты-жөні – Мая Рахманова. Хафиз Есімовтің әйелі. Сол кезде қол ұстастық. Сол күйінде қол ұстасып шықтық қой. – Жас кезіңізде киноға түспедіңіз бе? – Менің 28-30-дарда түскен кином бар. «Хлеб-соль» деген, анда-санда көрсетеді. Мен соның «Хлеб» деген бөлімінде түстім. Жәмилә деген кейіпкердің құрбысы болдым. Тәжібаевтың алғашқы киносы сол. Содан кейін бір киноға шақырды. «… путь» деген киноға. Украина ма, Белоруссияға ма, сиыр айдап барады. Сондағы әйелге түсірмекші болды да, «толып кетіпсің ғой» деді. Содан кейін киноға шақырса бармаймын. «Бәрібір экрандарыңа сыймаймын» деп айтам. Кейін театрға келген соң ғана «Перекрестокқа» түстім. Содан басталды. Осы Әуезов театры мені көтерген. Әуезов театрына келгенде, мен түс көрдім. Түсімде Серке Қожамқұлов мені жетектеп, Алатаудың биік шыңына алып шықты. Бір аппақ күмбездің есігінің алдына алып келді. Жанымда тұр еді. Қарасам, жоқ. Жайлап ішке кірдім. Кіріп жатсам, бір ер адамның даусы шығады. «Бірдеңеге бар» дейді. Не айтқанын білмеймін, есік алдында құрбым Гүлжамал Қазақбаева тұр екен. 5-6 жыл өткеннен кейін, бір жеке концерттерімен Ғани Құлжанов, Бақытжан Әлпейісов үшеуміз Созақ жаққа бардық. «Домалақ ананың басына, анда-мұнда барайықшы» дедім. Бір кезде Домалақ ана жаққа келсек, аппақ, ең басы бұлттарға тиіп тұр. Көрдім де, жүгірдім мен. «Түсімде көргеніме жеттім-ау» деп, жүгіріп барып құладым ғой. Сол түсімдегі сурет сонда болған. Міне, қызық. Серке ағамның батасы болған екен ғой. Ол кісінің қыздарын көргенде: «мен сендердің әкелеріңе үнемі құран оқытамын» деп айтып қоям. Өзінен аумайтын бір қызы бар. Театрға келгенде, ол кісі қайтыс болып кеткен. Сәбира апамның бір спектаклін кейін теледидардан көрсетті, үңіліп тұрып қарап отырдым. Несімен бұл кісі ерекше болды. Асып бара жатқан техника жоқ. Сөйтсем, ол кісі мүлдем ойнамайды екен ғой. Өзі өмірде қандай, соны көрсетеді екен. Фарида апамның бірде күліп айтқаны бар еді. «Мұрагерлерде» ойнайтын кезі. Кереуетте жатыр екен, орнынан тұра алмайды. Фарида апам ол кезде әлгі Күнсұлу ойнаған рөлді ойнаған. Сәбира апама «апа, апа» десе, ол кісі «апалап қалғыр, апаламай, тұрғызбайсың ба орнымнан» деп айтыпты. «Күлейін» десем, сахнада күле алмаймын» дейді. Біз театрға келгенде Әзекеңнің атағы аспандап тұрған кезі. Әр қойған спектаклі тарихи оқиға. Соңғы көрген шедеврім Атабаев қойған «Абай десем» деген спектакль болды. «Абылайхан» да жақсы болды. «Мәңгілік бала бейне» – классика. Алғашқы ойнағандардың біразы жоқ. Кейінгілер атмосферасына кірмейді. Өздерінше жеке концерт жасайды. Ортақ атмосфераны ұстамайды. – Қазіргі спектакльдердің ешқайсысы көңіліңізден шықпай ма? – Шынымды айтсам, 2-3 жыл болды, театрға көп бара бермеймін. Анда-санда спектакльдерде ойнап қоям. Былтыр «Көктөбеде», «Қаракөзді» бір рет ойнадым. «Сығанда» шығам анда-санда қыздармен кезектесіп. «Аршын мал аландағы» рөлімді Гүлшатқа беріп қойдым. Жүгіру керек, билеу керек, құлау керек – бұған менің мүмкіндігім жоқ. Төлеубек Аралбай «маған ойнасай» дейді. «Гүлшат ойнасын», – дедім. Қазір олар да 40-қа келді ғой. Бізді күтіп жүр. 1992 жылы Еңбек сіңірген әртісін алдым. Театрдың 80 жылдығында орден алдым. Қазір ең мықты атақ Еңбек сіңірген қайраткер. Халық әртісі дегенді құртты. Оны соңғы рет Уайс марқұм алды. Біз қазір зейнетке шығып кеттік. Бізге енді қайраткерлікті бермейді де, ұсынбайды да. Біздің кез келген балалар қайраткер. Маған қазір зейнеткер ретінде, ешқандай жеңілдік жоқ. Мемлекеттік стипендия берді, былтыр да, биыл да. Сонысына рахмет! Президентпен кездесуге бардық. Зейнетке алғаш 11 мыңмен шықтым. Қазір 50 мыңға жетті ғой. Бізге бір жақсысы Есмұхан толық жалақы береді. – Сіз ойнаған қойылымдар сақталды ма? – Мен ешнәрсе жинамаймын. Тіпті, суреттер де жоқ менде. Ондайды құнттамайды екем. Кітап та жазған жоқпын. Ол менің ісім емес. Бірақ Ыдырыс аға жайлы естелік жазып бергенім бар Фарида апайға. Мен Ыдырыс ағаны сыртынан ғана көретін едім. «Әзекең туралы жазшы», – деп қоймады Әлия. Есіме түсті. Аққағаз Мәмбетова біздің театрдың актрисасы болды. Әзекеңнің апасы. Екеуі балалар үйінде өскен. «Қайран, бауыр-ай», – десеңізші деп, екеуі туралы жазып бердім. Аққағаз апай қайтқанда, Әзекең қатты жылады. Содан кейін-ақ нашар болды ол кісінің денсаулығы. Қазір 64-ке келдім. Театрда Қарагөзден, Анна Андреевнадан жақсы суреттерім бар еді, солардан айырылып қалдым. Таксиге отырып ем, тастап кетіппін. Мұражайда суреттер бар шығар спектакльден. Қазіргі менің жұмысым немерелерім. Екі немерем бар. Балаларым өнерден мүлдем алыс. Жолатпадым театрға ешқайсысын. Ағылшын тіліне жақын. Жолдасым да өнер адамы емес. Ол менің өнеріме оң көзімен қарады.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары