Болашақ пен кешегінің жарасымдылығы
Болашақ пен кешегінің жарасымдылығы
бүгінгі таңда қазақстандық кулибиндер мен эдиссондар ғылыми-зерттеу ізденістерінде әлемдік үрдістен ауытқыған емес. Олардың зерттеулері мейлі ол желгенераторы немесе күн қуатымен жүретін және жылынатын автомобиль не үй болсын, энергияның жаңа көздерін табуға бағытталған. Осы орайда, 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесі тақырыбының «Болашақ энергиясы – балама энергетиканы дамытуда» болуы кездейсоқтық емес. Өнертапқыштарға өздерінің туындыларын күнделікті өндіріске енгізуге көмектесу үшін арнайы «Инновациялық Қазақстан» бағдарламасы дайындалған. ҚР Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты мамандарының пайымдауынша, бүгінгі таңда өнертапқыштық туындыларды жан басына шаққанда ТМД елдерінің арасында Қазақстан бірінші орында екен. Атап айтарлығы, қазақстандық өнертабыстар шетелдік баламаларынан асып түспесе, кем қалмайды.
Болашаққа жетелеген күнарба
Міне, мен алғашқы қазақстандық күнарбамен, яғни күнмобилімен жүйткіп келемін. Нұсқаушы «бастысы, иінтіректерді алмастырып алмасаң болды», – дейді. Көлікті игеру қарапайым, тек газ бен тежегішті шатастырмасаң болғаны. Күн қуатымен жүретін автомобиль ширақ қозғалады. Газды басқан сайын жылдамдық үдей түседі. Бензинмен жүретін баламасынан айырмашылығы қозғалтқыш дыбыссыз жұмыс істейді және газды түтін шығармайды. Тамаша техника! Дегенмен күнарбаның дыбыссыз жұмыс істеуі оның артықшылығына қарағанда, кемшілігіне жақын сияқты. Жаяу жүргіншілер жүріп келе жатқан күнмобилін естімейді, яғни көрмейді. Сондықтан қолайсыз жағдайларға тап болмас үшін клаксонды не тежегішті жиі басып отыру керек. Бұлтты күндерде мұндай электромобильмен литий-ион батареялары есебінен сексен километрге дейінгі қашықтыққа баруға болады. Ал шуақты күндері қашықтыққа шектеу жоқ. Күн батқанша жүре бересіз. Ең бастысы, тегін жүресіз. Жанармай құйып, шығынданудың ешқандай қажеті жоқ. Тамаша!
Әрине, университет студенттері мен оқытушылары студенттік шеберханада жинаған автомобильді сәулет өнерінің жауһарына жатқызуға болмас. Бұл сізге классикалық «Мерседес» немесе көрікті де жайлы «БМВ» емес. Дегенмен бастысы бұл емес, ал автомобильдің тек қазақстандық жаңалық, яғни ноу-хау ретінде патенттелгенінде, енді оның сырт пішінін жетілдіргеннен кейін күнарбаны сатылымға шығаруға болады.
Ал мынау тамаша техниканың басқа түрі. Қытай велорикшасы іспеттес мотоцикл. Үш дөңгелекті көліктің шатырына күн батареясы орнатылған, ол аккумуляторлар мен электр қозғалтқышына қуат береді. Мұндай үш дөңгелекті серік – шаруашылықта таптырмас көмекші. Әсіресе, жанармай жеткізуге қиын, шалғайдағы шопан ауылдарына. өйткені күн шуағын шектеуге ешкімнің құдыреті жетпейді.
– Университет басшылығына мың да бір рахмет! Олар біздің бастамамызға қызу қолдау көрсетті, қажетті бөлшектерді сатып алып берді. Бұл біздің алғашқы туындымыз. Келесі автомобильді үлкенірек, автомобиль құрылысы саласында бекітілген нормаларға сәйкес дайындауға тырысамыз, – дейді төл туындысы туралы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті механика кафедрасының дәнекерлеу және сантехника оқытушысы Ферхад Сатамуш Шаир. – Егер күн қуатымен жүретін осындай мобильдерді жүз, екі жүз дана шығарса, олардың өзіндік құны едәуір арзандайтын еді. Жалпы, күнмобилінің өзіндік құны, шамамен, бір жарым мың АҚШ долларын құрайды. Бұл оны сатылымға шығарған кезде үлкен мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы – экологиялық таза көлік түрі, оның қожайынын жанармайға шығынданудан толық босатады, әрі бағасы да тиімді. Сондықтан Қазақстанның тиісті ведомстволары студенттердің зерттеулеріне қызығушылық танытады деп сенеміз», – дейді ойын түйіндеген Ферхад Сатамуш.
Ал біздің бұған қосарымыз, бүгінгі таңда Қазақ-түрік университетінің студенттері университет клиникасы маңындағы көшені және оқытушылар тұратын үйді жарықтандыруды энергияның балама түріне аударған. Яғни, олардың жарықтандырылуы және ондағы электр құралдарының жұмыс істеуі күн батареялары есебінен жүзеге асырылады. Сөйтіп, университет оқытушылары тұтынған электрэнергиясы үшін ешкімге ақы төлемейді.
Еліміздің болашақ иелері, студенттердің осындай ізденіс-зерттеулерін тамашалау барысында «түркі әлемінің рухани астанасы киелі Түркістан болашақта ғылыми орталыққа айналса, қазақ жерінің абыройы асқақтай түсер еді» деген ой келді.
Атап айтарлығы, күнарбаны көруге киелі мекенге келген журналистерге университет басшылығы тағы бір тосын сый дайындапты. Университет оқытушылары бізге журналистика кафедрасының студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Бір сағатқа созылған кездесу қызықты өтті. Студенттер телеарналардағы, газеттердегі жұмыс туралы сұрақтар қойды. Соның ішінде бірден жауап беруге қиындық тудырған бір сұрақ болды. «Неге бүгін таныс-тамыры жоқ жас маманға астаналық немесе Алматыдағы газетте тәжірибеден өтуге орналасу мүмкін емес?» дейді болашақ журналистер.
Сырт қарағанда, бұл сұраққа жауапты тереңнен іздеудің қажеті жоқ сияқты. «Бүгінгі нарық заманында ондай тәлімгерлікпен кім айналысады?». Республикалық басылымдардың редакторлары мен журналистеріне көп ретте жас мамандармен жұмыс істеуге уақыт жете бермейді. Ал болашақ ізбасарларды белгілі бір сынақтан өткізіп, дайындау қажет-ақ. Осы сұраққа жауап берген белгілі журналист, «Алтын-орда» порталының бас редакторы Серік Малеев: «Бұл мәселені шешудің үш жолы бар – журналистика факультеті жанынан өз басылымдарыңызды ашып, аудандық газеттерде өз деңгейлеріңізді сынаңыздар немесе интернет арқылы электрондық сайттарға араласыңыздар. Бір сөзбен айтқанда, шын журналист болғысы келетін азамат арманын жүзеге асырудың жолын табады», – деді.
Сталин ескерткішін аман алып қалған…
Түркістаннан біз автобуспен қайттық. Жаңадан салынып жатқан Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолымен бірде құйындай жүйткисің, бірде бетінің тас-талқаны шыққан жолмен есек арбамен келе жатқандай боласың. Барлығы күнделікті өмірдегідей, бір жердің жолдары бүгінгі өмір ағымына сай тамаша болса, енді бір жерде ескі ой-шұқырға тап боласың. Көңілге демеу болатыны, жол салынып жатыр. Ендеше, күндердің күнінде бізде жоғары жылдамдықпен жүйткитін автомагистральмен жүретін боламыз деген ой көңілге медет.
Жол үстінде кездескен тағы бір жайт бізді кезекті рет кешегі мен бүгінгіні таразылауға жетеледі. Шымкентке келе жатқанда біз күні бүгінге дейін халықтар көсемі Сталиннің ескерткіші тұрған Иқан ауылына соқтық. Ескерткіштің тарихы да қызық екен. Өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың басында бұл өңірде басмаш қозғалысы кең етек жайған еді. Кеңес өкіметі жеңіске жетіп, өмір бір қалыпқа түсе бастаған кезде басмаш отрядтарының басшылары Сталинге хат жазып, сауға және бала-шағаларын бағуға жер сұрайды. Халықтар көсемі олардың өтінішін қабыл алыпты. Сөйтіп, отызыншы жылдардың басында Иқанда басмаштардың алғашқы кеңшары пайда болған. Кейіннен большевиктер көсеміне риза болған бұрынғы «халық жаулары» өздерінің алғысы ретінде Сталинге ескерткішін орнатыпты.
Кейін үкімет басына Н.Хрущев келді. Сөйтіп, СОКП-ның ХХ съезінен кейін бүкіл ел бойынша Сталиннің ескерткіштерін құлата бастайды. Бұл үрдіс Иқанға да жетіп, жергілікті билік ескерткішті құлатпақ болады. Алайда олардың дегені болмады. Кешегі басмаштар өздерінің көміп тастаған пулеметтері мен винтовкаларын шығарып, ескерткішке араша түсіп, табанды қарсылық танытты. Сөйтіп, кезінде «халық жауы» атанғандар ешқандай сөзге көнбей, коммунистердің кешегі көсемінің ескерткішін олардың өзінен қорғап қалды.
Ұзамай тәуелсіздік те келіп жетті. Кезінде қазақтарды қынадай қырған диктаторды Қазақстанның жаңа басшылығы да қабыл алмады. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болған жергілікті атқамінерлер ойланып, толғанады. Бір жағынан облыс, аудандағы басшылардың қаһарынан сескенсе, екіншіден ауыл ақсақалдарының көңілін жығуға батпады. Ақыры, жергілікті билік барлық тарапқа тиімді шешім қабылдайды. Сөйтіп, маңына ескерткіш орнатылған ескі кеңсені жекеменшікке беріп, әкімдіктің жаңа ғимаратын қаһарға ұшыраған көсем ескерткішінен алысырақ, даңғыл жолдың маңына салдырады. Бұл өткір мәселе осылай шешімін тауыпты. Қатар-қатар орналасқан тұрғын үйлердің арасынан көсем бірден көзге түспейді. Екінші жағынан ауыл әкіміне қандай кінә қоюға болады, ескрткіш жекеменшіктегі үйдің ауласында тұр емес пе? Ал біздің елімізде жекеменшікке қол сұғуға жол берілмейді! Міне, осындай жағдай орын алған. Сталин өмір бақи қарсы күрескен капитализмнің жекеменшік туралы басты заңы, түптеп келгенде, Оңтүстік Қазақстанның шалғайдағы ауылындағы көсемнің скульптурасын осылай аман алып қалыпты ….
Алматы – Шымкент – Түркістан – Алматы