БОСТОНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

БОСТОНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

БОСТОНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС
ашық дереккөзі
390

Жүзден астам адамды ауыр жаралап, екеудің өмірін жалмаған жарылыстың астарында не жатыр? Америка президенті «лаңкестік» сөзін қолдануға неге асықпады? Қанды оқиғаның жауапкершілігін ешбір ұйым мойнына алуға асықпады. Араға он екі жыл салып барып қайталанған жарылыс – лаңкестік әрекет пе, жоқ па?

Дүйсенбі күні АҚШ-тың Бостон қаласында өткізілген жарыс соңы қайғылы оқиғаға ұласты. Сайысқа қатысушы 27 мың желаяқ мәре сызығына жетіп үлгермей жатып болған жарылыс салдарынан 100-ден астам адам жарақат алып, 2-еуі қаза тапты. Абайсызда ажал құшқан екеудің бірі – 8 жасар бала. Қызылала қанға бөккен адамдардың көпшілігінің аяқтары кесіліп, олардың кем дегенде 17-сі әл үстінде жатыр. Тергеу жұмыстарын өз міндетіне алған ФБР өкілдері бастапқыда лаңкестік болуы мүмкін» деген болжам айтқан еді. Алайда халыққа қаралы хабарға орай көңіл айтқан АҚШ президенті Барак Обама жарылысты кімдер ұйымдастырғаны әзір белгісіз екенін, асығыстық жасауға болмайтынын айтып, оларды табуға және әділ жазасын беруге уәде етті. Ресми деректерге сүйенсек, оқиға болған жерде бірнеше жарылғыш зат іске қосылмай қалған. Демек, бұл бірнеше адамның өміріне араша болғаны анық. Кейбіреулердің «лаңкестік болуы әбден мүмкін» деген болжамына себеп болған да осы жайт. Жарыс алаңында екі мәрте естілген жарылыстан кейін үшіншісі Бостондағы Кеннеди атындағы кітапханада болыпты. Стадион мен кітапханадағы жарылыстардың өзара байланысы бар ма, жоқ па деген сұрақты арнайы органдар тексеріп жатыр. Бостондағы жарылысты өз көзімен көрген алматылық студент Есенгелді Рақымбеков: «Алаңдағы абыр-сабыр түскі үштен кешкі сегізге дейін жалғасты. Жарысқа қазақстан азаматтары қатыспаған сияқты. Өйткені, егер қатысса, ол жерде қазақстанның туы ілінуі тиіс еді» дейді. Жарылыстың себептері анықталып жатыр. Ал осы қанды оқиға мен америкалық саясатқа қатысты отандастардың айтары бар.

Бақыт Мұхтар, инженер-энергетик:

– Естеріңізде болса, 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-тағы соққы күтпеген жерден болғандықтан, халық абыржып қалған еді. Алайда ол кезде Пентагон егіз ғимараттың құлайтынын алдын ала біліп отырды. Себебі америкалық әскерилер құйтырқы әрекетке барып, Ауғанстанға өз әскерін кіргізуге осы соққыны сылтауратқаны мәлім. Ауғандар жеріндегі айқасқа Америка үкіметі тыңғылықты түрде дайындалған болатын. Демек, дүниежүзілік сауда үйіндегі қаза тапқан бейкүнә жандар сол соғыстың құрбанына айналды. «Америкаға соғыс не үшін қажет?» деген сұраққа жауап беру үшін американың жылдық әскери бюджетін қарасаңыз жетіп жатыр. Әскери бюджет бойынша Америка дүниежүзінде ең 1-орында тұр. 2013 жылы бөлінген 631 млрд. доллар ел бюджетінің 15 пайызына тең. Егер осы әскери сала бойынша қаншама компания мен фирма Қорғаныс министрлігінен тапсырыс алатынын ескерсеңіз, бюджеттік қаражатты өзара бөлісіп алатынын түсінесіз. Әрі миллиондаған америкалық әскери салаға қатысы бар осындай мекемелерде нәпақа тауып жүр.

Тарихқа көз жүгіртсек, соңғы 50 жылда халықаралық қатынас бойынша еш мемлекетпен соғыс жағдайында емес, бейбіт байланыста болса да, бюджетінің 15 пайызын соғысқа арнағаны мәлім. Осы 15 пайыз америкалық салық төлеушілердің қалтасына салмақ түсірмес үшін әрі бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін Америка әлемнің әр жерінде соғыс өртін тұтандырып отырады. Соғыс болып жатқан мемлекеттерде ешқандай да демократия құндылықтары сақталмайды, заңдық нормативтік халықаралық құжаттардың күші жоқ. Ондай аймақтарда қару сатуға, есірткі тасымалдауға, қазба байлықтарын Америка үкіметінің бас пайдасына жаратуға мүмкіндік туады. Американың сыртқы қарызы 15 трлн. долларға тең. Жылдық бюджеті – 3,5 трлн. доллар. Сондықтан Бостондағы жарылыстың астарында бюджет тапшылығының орнын толтыру мақсаты тұруы әбден мүмкін.

Ермахан Қалмырзаев,

саясаттанушы:

– Лаңкестік әрекеттердің адамзат тари­хында көнеден келе жатқан жазылмайтын дерт екенін саясаттанушылар айтып жүр. Бір кездері орта ғасырлардағы ас­са­­синдер туралы мәліметтер кеңінен тара­лып жүрді. ХІХ ғасырдың аяғындағы Ресейдегі революционерлердің сүйікті тәсілі екені де талай жазылды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы бірінші дүние жүзілік соғыстың басталуына да Австрия-Венгрия императорының мұрагері Франц-Фердинадты Сербиялық лаңкестің өлтіргендігі себеп болғандығы да мәлім. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында осынау қанқұйлы әрекет көрші Ресейді де талай рет түршіктірді. Жаңа ғасырдың басында бұл лаң АҚШ –тың Нью-Иорк қаласындағы аспанмен таласқан егіз мұнаралар мен Пентагонның штаб пәтеріне жасалған ланкестік әрекеттермен есте қалды. Ал Таяу Шығыс елдері мен Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан аумағындағы ланкестік әрекеттер ондаған жылдардан бері тоқтаусыз жалғасып келеді. Айтылған жәйттерді жинақтап, осынау қанқұйлы әрекеттің ішкі себебі мен оны жасауға итермелейтін мотивті айқындау тіптен күрделі болмақ. Егер біз бұған себеп әлеуметтік жағдайдың ауырлығы дейтін болсақ, АҚШ-тағы әлеуметтік жағдайдың жоғары екендігі белгілі. Ал енді АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясатына жауап ретінде жасалынған әрекет ретінде бағалайтын болсақ, аталған аймақтан шыққандардың әрбір қадамы бақылауда екендігі, олар соған қарамай қатарынан екі жарылысты ұйымдастыра алды дегенге мамандар сене қоймайды. Оның үстіне мұндай жарылыстарды ұйымдастыруға «қабілеттілер» қазіргі күнде Ливия мен Сириядағы қақтығыстардан қолдары «босамай» жатыр. АҚШ әкімшілігін өздері ұйымдастырды деп айыптау бұл орында ақылға сыймайды. Бұл жарылыстарды Ауған, Ирак және Таяу шығыстағы өзге де операцияларға қатынасып әлде бір дертке шалдыққан бұрынғы әскеридің әрекеті деп те, немесе кейінгі кездерде күллі әлемде белең ала бастаған ультра оңшылдардың әрекеті деуге болар. Мүмкін экономикалық дағдарыс салдарынан барынан айрылған жанның «наразылығы» да болуы мүмкін. Қалай болғанда да жауапты тергеу жұмыстарының нәтижесінде алармыз деп үміттенеміз. Сөз соңында айтарымыз елімізді осындай лаңнан Аллаһтың өзі сақтасын.

Бауыржан КАРИПОВ, журналист:

– Обама болған оқиғаны «теракт» деп айтудан ат тонын ала қашты. Әрине, кез келген басшыға істің толық қанды байыбына жетпей, бірден шешім шығару оңайға соқпайды дейік… Дәл қазіргі уақытта бұл оқиға жайлы түрлі болжамдар жетерлік, бірақ нақты бір шешімге келген өкімет жоқ. Тіптен оқиға артынан уланған хаттардың сенаторларға жіберілуі, мысалға, Миссисипи Республикалық партиясының сенаторы Роджер Викерге жіберілген хатта адам өлтіретін удың табылуы, халықтың бірден назарын аударды. Бұл халықтың көңілін басқа жаққа аудару үшін жасалды ма, әлде шынымен-ақ сенаторларға жасалған қастандық па, ол жағы белгісіз. Бірақ бұл оқиғаны неліктен «лаңкестік» деп айыптамасқа? Әр уақытта «қара тізімнің» басынан табылатын әл-Каиданы Обаманың сөзі қорғаштап қалды. Атышулы Талибан болса, Бостондағы жарылысқа байланысты өздерінің еш қатысы жоқтығын мәлімдеді. Обаманың айтуынша, жарылысты ұйым­дастырушылар – Америкадағы радикалдық бағыттағы патриот топтар. Мұндай радикал топтар саны АҚШ-та 2008 жылы 170-ке жуық болса, 2012 жылы 1364-ке бір-ақ шарықтаған. Екіншіден, АҚШ өз отандастарына қару-жарақ сатып алуға, өзімен бірге алып жүруге рұқсат еткен болатын. Қазіргі уақытта бұған тыйым салу үшін халықтың өз еркімен қару-жарағын тапсыруы үшін дайындалған заң жобасы қызу талқылануда. Кейбір шетелдік мамандар радикал топтардың осы заңға қарсы ұйымдастырған әрекеті деп есептейді, яғни Обаманың «лаңкестік» сөзін қолданбау себебін осымен байланыстырады. Егер Обама болған оқиғаны «лаңкестік» деп есептесе, еркін қару-жарақ қолдануды азайту саясатын әлсіреткен болар еді деп байыптайды. Сонымен қатар, оқиғаның 15 сәуірде болуы марафонға қатысты емес. Бұл – АҚШ тарихында 15 сәуірде болып жатқан үшінші атышулы оқиға.

Шетелде террорлық әрекет екі түрлі бағаланады. Бірі – ішкі, екіншісі – сыртқы. Осы бір жүйе балалардың санасына мектеп жасынан-ақ сіңіріледі. Ішкі дегеніміз – мемлекетпен байланысы бар, арнайы ұйымдастырылатын лаңкестік әрекет. Ал сыртқы лаңкестікті көбіне Исламдағы радикализммен байланыстырады. Жарылыс кезінде жарақат алған араб студентін әй-шайға қаратпай, тергеудің астына алуы соның бір дәлелі. Осы оқиғадан Америкадағы «араб синдромын» анық көруге болады. Дәл қазір ФТБ мамандарының айтуынша, бомба ысқырық шығаратын кастрөлге қойылып, оқиға жеріне спорт сөмкелері арқылы жеткізілген. Жарылғыш заттардың мұндай түрлері негізінен Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Непалда қолданылатындығы анықталып отыр. Демек, жарылыстың қасақана ұйымдастырылған лаңкестік әрекет болуы ғажап емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары