Сөйлейтін қалам – ұлтты тәрбиелейтін құрал
Сөйлейтін қалам – ұлтты тәрбиелейтін құрал
Осы істің басы-қасында жүрген Ағила Хасанқызы: «Содан елеусіз қалған сөйлейтін қаламға бір күндері өзімнің араласатынымды, оның қыры мен сырын үйреніп, сол қаламмен жасалған рухани дүниелерді өзім редакциялаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмегені рас. «Interactiv Kazakhstan» компаниясына жұмысқа келгенде М. Мырзахметұлы ағамыздың тікелей басшылығымен жасалған «Абайтану» жарық көріп, халық фольклорының іріктелген үлгілері мен Ж. Баласағұнның «Құтадғу білігі» жинақталған «Даналық әліппесі» дайындалып жатыр екен. Менің сол шығармалардың айтылуы мен жазылуындағы ерекшеліктерді түзеп, екшеп халыққа дұрыс жетуіне біршама үлес қосуыма тура келді», – деп әңгімені әріден бастаған ол: «Бұрын тек қана кітаптың жазылуына ғана назар аударып келсем, енді сөйлейтін қалам арқылы тарайтын кітапта оның дұрыс айтылуына да аса мән беріп, оқып қана қоймай бірнеше рет тыңдап, сөздің анық айтылуын ғана емес, әуезді, жүрекке жылы тиетіндей болып естілуіне де барынша назар аударуға тура келді. Бұл әрине айтуға ғана оңай, ал жеме-жемге келгенде қырағылықты, талмай еңбектенуді, әрі нәзік сезімталдықты талап ететін жұмыс еді», – деп ағынан жарылды. Осы қаламды қолына алып, тыңдап көрген бір ақсақал: «Шынында да, ұлттық рухымыздың көп бөлігін жоғалтып алғанымызды осы қаламды тыңдағанда барып түсінгендей болдым. Мен аналар әлдиін жас күнімнен жадыма тоқып өскенмін, бесік жырларын әдебиет арқылы білем деуші едім. Бірақ әуезін ұмытқан екенмін, ауыл ақсақалдарының аңыз әңгімелерін қалт жібермей тыңдап, аталар батасын көкейіме тоқып өстім десем де олардың ерекше мақамы мен ырғағы санамда өше бастапты. Мына қалам маған соның бәрін есіме түсірді, барынша қарапайым, барынша санаға қонымды, әртістердің оқығаны да жанға жағымды әсер етеді екен», – деген екен.
Түркі халқы ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән беріп, әр адамның мына өмірде шынайы орнын табуына, халықтың қамын ойлайтын азамат дайындап шығаруға барынша күш салған және ондай елге тұлға болатын азамат тәрбиелеудің жөн-жосығын да меңгерген сықылды. Оны Мөде қағанның жауына атын да, әйелін де беріп, ал жер мәселесіне келгенде бізге одан қымбат ештеңе жоқ деп атқа қонуы сондай ұлағатты тәрбиенің күші деп түсінген жөн. Мысалы күні кешеге дейін Атымтай жомартты халқымыз үлгі тұтып, жомарттықты ең асыл қасиетке балап келсе, ол да аспаннан түскен ұғым емес, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» шығармасында насихатталып келген орта ғасырлық мұсылмандарға тән ерекше қасиеттің бірі екенін осы сөйлейтін қаламды тыңдай отырып көз жеткізуге болады. Ал сол жауанмәртлік деген осы бір ұғымды Абай шығармаларынан оқып түсінбей келсек, оның да мән-мағынасын М. Мырзахметұлы ағамыз осы кітаптың аңдатпасында нақты ашып, дәйекті пікірлерімен дәлелдеп береді. «Даналық әліппесі» фольклорлық мұра немесе ән мен күй, қобыз сарынының жиынтығы ғана емес, аталған әліппе халқымыздың тарихын талдап, оның ғасырлар бойы бір-бірімен үзілмей жалғасып келе жатқанын танытатын тәрбие және оқу құралы деуге де болады. Жаһандануға бет бұрып келе жатқанымызды жүрек те сезеді, көз де үйрене бастағандай. Ал сол жаһандануға біз қандай дайындықпен бара жатырмыз. Көрінгеннің мәдениетін еншілеп, кез келген ұлттың қанжығасында кетпекпіз бе? Әлде оған қарсы қоя алар қауқарлы қаруымыз бар ма? Біздіңше ондай қару бізде бар. Ешбір елде жүз томнан асатын фольклор жинақталып көрген емес. Ал фольклор ол біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған мәдениеті, өнері, өмір сүру дәстүрі, дүниетанымы, ең маңыздысы тәрбие құралы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ширек ғасырдан астам дәріс берген ұлағатты ұстаз, профессор Алма Қыраубаевадан тәлім алған шәкірттерінің бәрі күні бүгінге дейін ол кісінің атын құрметпен атап, тағлымды сөздерін еске алып отырады. «Сол апайымыз қазақтың ертеде оқығандарының ішінде нашар оқығаны болмаған деуші еді. Шоқан, Абай, Ыбырай, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар, Бақытжан, Халел, Жаһанша, Қаныш т.б. тізбелеп кете беретін. Олардың бәрі де өз ұлтына адал қызмет еткен алашшыл азаматтар екенін бәріміз де білеміз. Бұл нағыз ұлттық тәрбиенің жемісі деп отырушы еді. Осыны негізге алған Алма апай қазіргі Қарасай ауданынан алғашқылардың бірі болып ұлттық жеке мектеп ашты. Оның тәжірибесін республикамыздың көптеген облыстары қолдап, тәжірибе алмасқаны есімізде қалыпты. Ол кісі әр баланы Алпамыс, Қобыланды дәрежесіне көтере білді. Жеке тұлға қалыптастыру деген ұғымды, меніңше, қазақ педагогикасына Алма апай енгізді. Апайдың мектебінде оқыған шәкірттер бастауыш сыныптан жыр жаттауға дағдыланды. Ал сәби шағынан санаға тез қабылдауға дағдыланған бала қай сабақты болмасын тез меңгереді, тез түсінеді. Бір өкініштісі, жоғарыдан қолдау болмай, қаржының тапшылығына байланысты кейін жабылып қалды. Ал осыдан қандай қорытынды шығаруға болады?», – дейді Ағила Хасанқызы. Шынтуайтына келгенде, біз баланы қалай тәрбиелеп жүрміз, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиені баламыздың бойына сіңіре алдық па? Тым болмаса, дұрыстап ертек айтып бере алдық па? Оған күнделікті күйбең тірліктен қолымыз тиді ме? Абай жолы романындағы Абайдың өсу жолына қарайықшы, әжесі Зере Абайға қаншама ертегі, аңыз әңгімелерді айтып береді, өзінің шамасы жетпеген жерде елге танымал ақындарды апталап үйінде неге жатқызып қойды? Оларға ат мінгізіп жіберуінің сыры неде? Жазушы осы мәселені романға жайдан-жай кіргізіп отыр ма? Мақсаты не еді? Ұлы қаламгерді толғандырған ой өзегі көркем шығармаға арқау болып кеткенін ағармау мүмкін емес. Ұрпақты ұлттық болмыста тәрбиелеуде осылардың бәрін зерделеген жөн. Аталған құрал дәл осы мәселеге кеңінен орын бере отырып, болашақ қазақ азаматының ұлттық дәстүрден тәлім алуын кеңінен насихаттайды. Сондықтан қазақша сөйлейтін қаламға үрке қараудың керегі жоқ. Бұл сіздің яки ата-ананың бала тәрбиелеудегі көмекші құралы. Сөйлейтін қалам сан ғасырлар бойы қазақтың жыршы-жыраулары мен өнерпаздары орындап келген ұлттың дәстүрлі фольклорлық мұрасы мен халық тағылымын қазіргі заманға сай жаңа технология арқылы қайта жаңғыртып, жалпыға қол жетімді тәрбие құралы ретінде ұсынылып отыр. «Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешенін арнайы нұсқаулық, он екі кітап және сөйлейтін қалам құрайды. Оның бәрі қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін бір қорапқа жинақталған. Әр кітапқа қобыз бен сыбызғы үні, домбыра күйі, бесік жыры, халық ертегісі, халық әні, халық аңызы, халық жыры, халық тағылымы, нақыл сөз, аталар сөзі, билер сөзі, бабалар батасы жүйелі енгізілген. Қаламның дауысын құлаққап арқылы да тыңдауға болады. Мәтіндердің дыбысталуын Қазақстанға белгілі өнер қайраткерлері – әнші-жыршылар, күйші-қобызшылар, әртістер орындаған. Қазіргі әлеуметтік зерттеулер бұрынғыдай ата мен әженің, әке мен шешенің бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, ертегі айтып, өнегелі сөзге үйретуін азайтқанын дәлелдеп отыр. Бұл ұлттың рухының жойылуына, халықтың мәңгүрттенуіне апарып соғатын апатты жол. Оны қайта тірілтіп, ұлттық сананы қалпына келтіру, тәуелсіз отанның патриот азаматтарын тәрбиелеу бір адамның қолынан келер оңай шаруа емес. Ал «Interactiv Kazakhstan» компаниясының шығарған бұл өнімі сол олқылықтың орнын толтыруға арналған батыл бастама іспеттес.Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ