БОДАННЫҢ МОНОЛОГЫ

БОДАННЫҢ МОНОЛОГЫ

БОДАННЫҢ  МОНОЛОГЫ
ашық дереккөзі
338

Своик шынын айтты

Гүлбиғаш ОМАР

Ол жаңалық ашқан жоқ. Тың тұжырым да жасамады. Осыдан он жыл бұрын айтқан ойларын аздап «өңдеп», тағы қайталап отыр. Шамасы, осы он жылда да сөзіне ден қоятын қоғамдық орта таппаған сияқты. Сондықтан да Своик – өзімен-өзі монолог құруды машығына айналдырған, дәурені өткен саясаткер.

Оның саясаткерлігін мойындаған күннің өзінде, саясаткер болғанда қай елдің, қандай жұрттың саясаткері деген сұраққа жауап іздеу керек еді. Бірақ заманауи Қазақстанның тарихында Своик сияқты саясаткердің айтарлықтай із қалдыратындығының өзі күмәнді болғандықтан, оның түп-тамырын зерттеп жатудың қажеті болмас.

Оң шақты жылдан бері өзімен-өзі монолог құрып, өз сөзін өзі «жаңғыртып» жүрген Своикті бұл жолы да елеусіз қалдыруға болар еді. Бірақ «құлдан да бір дат» демекші, қайта-қайта айта алмай, қазақ ортасына жеткізе алмай жүрген идеясы не, жалпы Своик сияқтылардың өзі мен сөзі тәуелсіз Қазақстан дамуына қандай да бір ықпал-әсері бола ма деген сұраққа жауап іздеген жөн сияқты.

Қоғамда пікір алуандығын, яғни плюрализмді дамытуды қос қолдап қоштаймыз. Бірақ Шаханов бастаған бір топ өз көзқарасын ашық білдіру құқығын пайдаланып, орыс тілінің ресми қарым-қатынас мәртебесін жою туралы ұсыныс білдіргенде, қоғамның белгілі бір шоғыры дереу қарсылық білдіріп, аяқ астынан әбігерге түсіп жатады. Екінші жағынан, Своик сияқты «өзін орыс санайтын» «қазақстандық саясаткер» Қазақстанның егемендігі, келешегі, мемлекеттік тіл туралы өз ойларын айтқанда, қоғамның басқа бір бөлігі өре түрегеліп, оның артына ит қосып қуатыны да жасырын емес.

Сырт қарағанда, сөз бостандығының көрінісіне ұқсағанымен, шын мәнінде, бұл қоғамның ішінде түрлі мүдделердің қайшылығы бар екенін байқатады. Әзірге, қандай да бір топтың асығы алшысынан түсіп көрген емес. Орысшыл топ «орыс тілі қысым көріп жатыр!» деп байбалам салса, мемлекеттік тілді қорғаушы топ «Қазақ тілі әлі қағажу көруде!» деп қынжылыс білдіреді.

Бірақ Своик өзін бұл екі топтан да үстем көргісі келетіндей. Ол «Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болуы керек» деп, қазақтілді мен орыстілді топтардың арасындағы қайшылықты «жойып», «ортақ мәдени орта» қалыптастыру жөнінде идея айтып жүр.

Шын мәнінде, жиырма жылдан бері Своик мырзаның Қазақстан үшін қандай еңбек сіңіргенін бағамдап беру қиын. Демократиялық үрдістерді дамытуға атсалысты ма? Саяси партиялар институтын күшейтуге әрекет етті ме? Сөз бостандығын күшейтуге үлес қосты ма? Қоғамдық ойды алға жетеледі ме?

Бұл сұрақтардың бәрін біз емес, әуелі Своик мырза өзіне-өзі қойып көруі тиіс. Қоғамға, тұтас мемлекетке «диагноз» қоярдан бұрын, саясаткер әуелі өзінің кімнің шоқпарын не үшін беліне байлап жүргенін есінде ұстағаны дұрыс.

Своиктің он шақты жыл бойы бір идея­ны қайталап келе жатқаны ендігі кезде «тенденцияға» айналды. Мысалы, жақында «Zona.kz» сайтында оның «Қазақстан отар ел болған, қазір де солай, отар бола береді де» деген тақырыппен ауызба-ауыз сұхбатын жариялады. Оның кейбір сөздеріне қарсы пікір жазып, өзара айтысып, дүрдараз болып жатқан интернет оқырмандарың жайына қоялық та, Своиктің бұған дейін не дегеніне, қазір не деп жүргеніне ден қоялық.

Сонымен, 2002 жылы «Жүйенің шындығы» ма, әлде «оппозицияның шындығы ма?» атты мақаласында ол былай дейді: «…Бірақ бұл интеграция емес, бұрыннан келе жатқан отарландыру. Бар айырмашылық сонда, бұрын Қазақстан әуелі Ресей империясының, сосын КСРО-ның шекарасы жабық шеткері отары болды, ал қазір барлық Үлкен Ойыншылардың ашық отары. Бұл жалпытарихтық процестің көзімен қарағанда үлкен ілгерілеушілік, бірақ сонымен қатар, үлкен кемшілік те, оның үстіне, әрі біз үшін үлкен қатер. Ең әуелі қатер «мемлекетқұраушы ұлт» – қазақтарға қатысты – заманауи ұлт ретінде қалыптасып үлгірмеу, отаршылдық екінші сорттық синдромнан арыла алмау, ұлттық бірлікті және мемлекеттілікті сақтай алмау қаупі тұр».

Ал осыдан бес-алты жыл бұрын ғаламторда жарияланған «Қазақстан – жаңа африканат?» атты мақаласында ол «…Дегенмен, мемлекетіміздің өркендеуші елге айналу мүмкіндігіне малданудың жөні жоқ. Біз әлемдік қауымдастықтың экономикалық, саяси және, ең бастысы, идеологиялық қоңсысы есебінде ғана бір бөлшегіне айналдық. Отаршылдық – симметриялық дүние, метрополияның үстемдігі оның қарауындағы аймақтың оған еліктегіш қасиетіне және өркениетіне сайма-сай. Бұл орайда біздің отаршылдық келешегіміз анық әрі ұзақ уақытқа созылуы мүмкін» деген.

Своик мырзаның бір ерекшелігі – ол көпке белгілі шындықтың бір ұшығын сыртқа шығарады, сондықтан да, бір қарағанда, сөзі көкейге қонымды. Одан соң ол сөз желісін одан әрі жалғап, әңгімені өзі шын мәнінде айтқысы келген идеяға бұра қояды. Бұған дейін талай рет қолданған тәсілі. Мысалы, қазақ тілінің мүшкіл халін мойындай отырып, оны дамыту үшін орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беріп, екеуін қатар қолдану қажеттігін айтады. Бірінші ойға бас шұлғыған оқырман қостілділік туралы идеяны естігенде бірден қарсы шыға алмай, «Мынау не деп кетті?» деп аңтарыла қалуы сөзсіз. Бұл аңтарылысты Своик өз идеясын кең тарату үшін пайдалануға тырысады. Ол былтыр қазан айында интернет оқырмандарының сұрақтарына жазбаша жауап бере отырып былай деген: «Қазіргі қазақстандық заманауи мәдениетке қазақ-орыс қостілдігі сияқты маңызды элементті қосу керек».

Тағы бірде Қазақстанның шикізаттық экономикаға тәуелді екенін айта келіп, «біз отар ел болғанбыз, сол кезде шикізаттық қамытты киіп едік, қазір де сол жағдай, ендеше әлі де отармыз» деген тұжырымға тіреледі. Алғашқы тұжырымының рас екенін ешкім жоққа шығара алмайтыны анық, ендеше одан келіп шығатын екінші ойды сол күйінде қабылдау-қабылдамауға келгенде, оқырман тағы дағдарады. Осы тұста Своик «ақыры, отар елміз, осыған көндігейік те» деген ойын одан әрі шегелей түседі.

Соңғы сұхбатында «Белгілі бір мемлекеттің, елдің, экономиканың, оның жекелеген азаматтарының отаршылдық жағдайы сыртқы емес, ішкі фактор. Сен өзіңді қаншалықты бодан ретінде сезінсең, санамен емес, түйсікпен өзіңді бодан сияқты ұстасаң, соншалықты бодансың» дейді Своик мырза. Ақиқатында, Своик өзінің бодан екенін осылайша ашық мойындады. Ол шынын айтты.

Әлбетте, Своик барша қоғамның лакмус қағазы емес. Шынайы (әрі шыншыл) саясаткер өзі өмір сүріп отырған, өзі баға беретін, өзі әрекет етіп, қайраткерлік көрсететін қоғамның бар мұң-шерін, қажеттілігін, бары мен жоғын бүге-шігесіне дейін білсе керек-ті. Ал Своик сияқтылар қоғамның басым бөлігін құрайтын (әрі саны жағынан да, сапа жағынан да бұдан әрі күшейе түсетін!) қазақ (немесе қазақтілді) ортадан тыс, алшақ. Қазақша айтқанда, иісі мұрнына бармайтындай алаңсыз, хабарсыз. Ол сойылын соғатын орта – орысшыл шоғыр оның әр сөзін қалт жібермей қағып алып отыратын шығар. Бірақ Своикке саны аз, күні санаулы Қазақстандағы орысшыл шоғырдың аясында ғана әрекет ету тақиясына тарлық ететін сияқты. Ендеше, ол өзі кірікпеген ортаның қажеттіліктері мен сұраныстары туралы ой айтқанда, қандай мақсат көздеуі мүмкін?

Бірінші жауап – жаппай танымалдыққа ұмтылыс. Қазақ ортасын қажайтын бірнеше тақырыпты қайта-қайта қаузау арқылы өзінің бар екенін білдіріп отыру. Бәлкім, сол ортада танымал болмаса, саясаткер ретінде елеусіз қалатынын іштей мойындаудан туған әрекет шығар. Ендеше, Своик мырза қазақша үйреніп, мемлекеттік тілді күшейту мен мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастыру жайында ой айтар болса, әлдеқайда абыройлы болар еді.

Екінші жорамал – тапсырыс. Мұндай жағдайда Своик сияқтылар билік немесе сырт күштердің тарапынан «осындай идеяны қоғамдық талқыға ұсынудың бейресми» әдісін жүзеге асырады. Қазақша айтқанда, әлдебіреулердің көсеуі. Мұндай жағдайда да Своик мырзаның өзіне жүктелер міндетті абыройлы атқарып жүргеніне күмәніміз бар.

Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, өзі саны аз, күні санаулы ортаның өкілі болғандықтан, әрі белгілі бір идеяны сан жаңғыртып, бүгінгі өзгерістерді көрмеуге бекінгендіктен, саясаткер сөзінің салмағы азайып, аты өшіп барады.

Своиктің ендігі мойнына алған миссиясы – мемлекетқұраушы ұлт арасына «Ресейге отар болғаның рас, қазір Батысқа отарсың, ендеше түптің түбінде кімге отар болуыңды дұрыс таңда» деген жымысқы ойды тарату жатқанын аңдау қиын емес. Қазақ ортасында Кедендік одаққа, орыс тіліне қарсы көтеріліп жүрген идеяларға тойтарыс берудің бір әдісі – осы. Бірақ, обалы нешік, бұл тек Своиктің шындығы. Ал Асқар Сүлейменов айпақшы, шындық көп, ақиқат – жалғыз.

Ақиқат – Қазақстанның тәуелсіздігінің баянды болмағы, оның мемлекеттік тілінің қандай болмағы, экономикасының қандай болмағы – Мемлекетқұраушы ұлттың ерік-жігеріне тәуелді.

Своик айта берсін.

Ал біз әрекет етейік.

Серіктес жаңалықтары