“ТҮРКIСТАНДЫҚТАР” ҚАШАН АҚТАЛАДЫ?

“ТҮРКIСТАНДЫҚТАР” ҚАШАН АҚТАЛАДЫ?

“ТҮРКIСТАНДЫҚТАР” ҚАШАН АҚТАЛАДЫ?
ашық дереккөзі
521

Телефон шылдыр ете түстi. Алматыдан екен.

— Мен Хәкiм Тыныбековтың қарындасымын. Жуырда Астанаға барамын. Мүмкiндiк болса кездескенiмiз жөн, – дедi әйел дауысы.

Сөйтсем, Ботагөз Әжiбекова расында да қорғалжындық Тыныбек деген кiсiнiң қызы екен.

Менiң апталық “Түркiстан” газетiнде Түркiстан легионына қатысқандардың тағдыр-тауқыметi туралы шыққан материалдарымның iшiнде Хәкiм Тыныбеков туралы да сөз болған едi. Ботагөз Хәкiмнiң ең жақын бауыры — қарындасы болып шықты.

Легионға қатысқан Х.Тыныбеков елге келген соң сотталып кеттi. Әкесi Тыныбек баласының тұтқынға түсiп, сол үшiн жиырма бес жылға итжеккенге кеткенiн (ол сол жақта қаза болады) күндiз-түнi қайғырып, 1947 жылы өмiрден озған екен. КСРО құлады. Компартия билiктен кеттi. Заман өзгердi. Қоғамдық жүйе ауысты. Сөйтсе де Хәкiм неге ақталмады?

Ботагөзден кездескендегi әңгiме төркiнi осыған ойысты.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың қан майданын бастан кешiрiп, ерiксiз тұтқынға түскен түркiстандықтар арасында кейiн “қазақтың Паганиниi” аталған атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев, сол қырғын текетiрестiң отжалынынан соң “Қазақконцерттiң” белгiлi әншiсi болған Мұхамбетқали Батыргереев сияқты өнер қайраткерлерiмен қатар ақын-жазушылар, журналистер, ғалымдар аз болмаған. Олар — Әли Асқар (“Асқар Әли”), Мәжит Аяпбек (“Мәжит Дара”), Мәжит Айтбаев (“Қобызшы Қорқыт”), Мәулiкеш Қайболдин (“Асан Қайғы”), Хамза Абдуллин (“Сайран”) және басқалары. Бұлардың iшiнде, әсiресе, соңғы үшеуi соғысқа дейiнгi қазақ қаламгерлерi арасында танымал есiмдер едi. Олар шет жерде қалып, Х.Абдуллиннен басқасы Алматыдағы 1946 жылдың соңында өткен әскери трибуналға қатыспаса да сот құжаттарында есiмдерi қатар аталады.

“В октябре месяце 1942 года… меня взяли в “Туркестанский национальный комитет”, где вскоре мы с Айтбаевым Мажитом через нашего знакомого Кайболдина Маулекеша (Кайгина) познакомились с Канатбаевым Карисом… В процессе дальнейшего общения определились общность наших националистических взглядов…”

(Айыпкер Тыныбековтың жауабынан).

“…Активное использование Канатбаева, Тыныбекова и их единомышленников — Айтбаева, Кайгина и других казахских националистов, как главенствующей силы, началось с одной стороны, в составе самого “ТНК” с другой стороны, с “удовлетворения” их требования о предоставлении им возможности организации “Восточно-тюркского государства” путем сколачивания всех пантюркистских элементов к борьбе против советской власти.

Свою организационную работу в указанном направлении Канатбаев, Тыныбеков, под руководтсвом Ольцша, начали с выпуска общетюркской газеты “Тюрк бирлиги” (“Единство тюрков”).

(Куәгер Шломстың жауабынан).

Мәжит пен Мәулiкештi көзi көрген, шет жерде бiр үзiм нанды бөлiп жеп “Түркiстан ұлттық комитетiнде” бiрге қызмет атқарған ақын Хамза Абдуллиннiң жазғанына қарағанда, бұл екеуi түйдей құрдас — 1913 жылы туыпты. Мәжит Айтбаев — Қызылорда облысының түлегi. Екiжылдық мұғалiмдер институтында сабақ берген. Одан бұрын Алматыдағы қазақтың педагогикалық институтында белгiлi жазушы, батыр Мәлiк Ғабдуллинмен бiрге оқыған.

“Милли Түркiстан” журналын ең алғаш қолға ұстағанда есте қалғаны — оның бiрiншi бетiндегi Мұстафа Шоқайдың әдемi суретi мен “Қобызшы Қорқыттың” (Мәжит Айтбаевтың — А.К.) “Түркiстан” өлеңi едi, — деп еске алатын марқұм Хамза ағамыз.

Сонда Мәжит былай деп жырлапты:

«Көркi көркем кереметтi,

Күн келбеттi көрер көзге,

Сұлу сәуле нұр сәулеттi,

Сапасы мол сөйлер сөзге —

Түркiстаным, топырағында

Тұруыма таппай тағат,

Сандалып мен дүние кездiм,

Сәтсiз бiр күн соғып сағат.»

Соғысқа дейiн Ленинград университетiнiң философия факультетiн бiтiрген Мәулiкеш Қайболдин болса Алматы мен Мәскеудiң газет-журналдарында қазақ және орыс тiлдерiнде өлеңдерi жарияланып тұрған. Сосын Германияда жүргенде оның немiсше жазған “Жұмақтан келген жәрдем” деген романы, өлеңдерi баспа бетiн көрiптi. Әли Асқардың немiс елiнде “Через мрак” деген орыс тiлiндегi романы басылып шықса, Мәжит Атабек екi лирикалық дастан мен бiр топ өлеңдер жазыпты. Ал Хамза Абдуллиннiң шығармашылығы жөнiнде қазақ оқушыларының хабары бар.

1942 жылдың қазан айында “ТҰК”-нiң бiр топ мүшелерi Орта Азия мен Қазақстанға Татарстан мен Башқұртстанды қосып, келешекте Түркiстан деп аталатын мемлекет құру жөнiнде ойластырудың қажеттiлiгi жөнiнде Германияның Шығыс Еуропа елдерi мәселелерi жөнiндегi рейхсминистрi А.Розенбергке, тағы басқа жоғары орындарға хат жiберген. Оны жазуға журналист Хәкiм Тыныбеков, ақын Мәжит Айтбаев, әдебиетшi Мәулiкеш Қайболдин және басқалар белсене қатысқан.

“Туркестан без Татарии и Башкирии не может стать самостоятельным государством, способным защищать свою свободу. Любой китайский богдыхан будет в состоянии подмять под себя в этом случае. Казахстану с его неисчислимыми богатствами не обойтись, в первую голову, без помощи самой Германии, а потом уж Татарии, где мастеров материальной культуры и вообще рабочих рук гораздо больше, чем в Туркестане. Только в тесном сотрудничестве всех тюркских народностей “русского” Востока заложена предпосылка быстрого роста их благосостояния, что и в интересах Германии. Поэтому кто из нашего стана противится этому, тот вредит общему делу”, — делiнген сол баянхатта.

“Түркiстан ұлттық комитетi” шығаратын газет-журналдар негiзiнен осы идеяны қолдап, қолпаштағаны рас. Бұлардың iшiнде Хәкiм Тыныбеков басқарған “Милли Түркiстан” саяси журналының орны ерекше болды. Сөз болып отырған басылым жөнiнде доктор Баймырза Хайт былай деген: “…журналдың бiрiншi саны “Бiздiң жол — аталар жолы, тәуелсiздiк жолы!” деген ұранмен жарық көрген. Германия мемлекетi бұл саяси бағытты бiлгенiмен мұндай ниетке қарсылық бiлдiрмеген” (“Қазақ елi”, 30.05.1997).

Комитет бұдан басқа “Милли әдебиет” (“Ұлттық әдебиет”) деген әдеби-көркем журналды, “Яны Түркiстан” (“Жаңа Түркiстан”) атты газеттi шығарып тұрды. Айыптау қорытындысында “ТҰК” шығарған осы басылымдар мазмұны жағынан кеңестiк өмiрге жала жабу, большевизмге қарсы қарулы көтерiлiске шақыру және герман фашизмiн мадақтап, оларды большевиктер езгiсiндегi Орта Азия мен Қазақстан халықтарының бостандығы үшiн күрескер ретiнде көрсету болды”, — делiнген. Совет өкiметi оны басқаша қалай айтуы мүмкiн едi?

1944 жылдың маусым айында Вена қаласында “Түркiстан конгресi” болып өттi. Мақсат — легионерлердiң жауынгерлiк рухын көтеру, тәуелсiз Түркiстан елiнiң болашақ үкiметiнiң негiзi болып есептелетiн “ТҰК”-нiң беделiн арттыра түсу. Аталмыш жиынға осы ұйымнан басқа Түркiстан легионы құрылымдарынан, әртүрлi курстардан, герман үкiметi мен барлау органдарынан, басқа да ұлттық комитеттерден көптеген өкiлдер, барлығы 400-ге жуық адам қатысты.

Конгрестiң күн тәртiбiне сай бiрiншi болып “ТҰК”-нiң жұмысы туралы Вали Каюм-ханның есебi, Кеңес өкiметiмен күрес және тәуелсiз Түркiстан мемлекетiн құру жолындағы мiндеттер туралы мәселе қаралып, талқыланды. Бұдан соң “ТҰК”-нiң басшы қызметкерлерiнiң баяндамалары тыңдалды (Х.Тыныбековтың 1946 жылдың 5 қазандағы жауабынан).

Өркениеттi елдiң қайсысы болсын өз тiлiн сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге, көркейте түсуге әрдайым ынта-ықылас көрсетедi. Ал қиын-қыстау жағдайда шет елде тұтқында жүрiп ана тiлiнiң тағдырын тiлге тиек етiп, дүйiм жұрттың алдында өз ойын, пiкiрiн ашық айтса бұған, сөз жоқ, кiм де болса сүйсiнер едi. Хәкiм Тыныбековтың Венадағы сол жиында “Тiл бiрлiгi — ұлт бiрлiгi” деген тақырыпта қосымша баяндама жасауы ерлiкке пара-пар iс-әрекет едi. Алайда, ол басқаша бағаланды. Тергеу материалында бұл туралы “возводил клевету на советскую власть, национальную политику советского правительства и партии большевиков, дискредитировал сталинскую конституцию. Кроме того, в своем докладе на конгрессе призывал тюркское население к активной борьбе против СССР”, — делiнуi соны аңғартса керек.

* * *

1945-1946 жылдары Қазақ, Өзбек, Қырғыз және Түрiкмен ССР-ы Мемлекет қауiпсiздiгi комитеттерi (МҚК) немiстердiң барлау органдарының арандатушылығымен құрылды делiнген “Түркiстан ұлттық комитетi” (“ТҰК”), “Түркiстан ұлттық советi” (“ТҰС”) аталған большевизмге қарсы ұйымның, Түркiстан легионының бiр топ мүшелерiн тұтқындап, қылмыстық жауапқа тартты.

Легионға қатысты, қылмыс жасады, елдiң тұтастығы мен қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрдi деп iстi болған 49-дың бәрi “халық жауы” деп танылып, олар бас бостандығынан айырылды, итжеккенге жiберiлдi.

Большевиктiк ресми органдар соғысқа қатысып, тұтқынға түскен түркiстандықтарды керiтөңкерiсшiлер — “халық жаулары” — деп есептедi, олар буржуазиялық ұлтшыл көсемдер Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов, Ходжаев, Иомуд-хан және басқалардың жүзеге асыра алмай кеткен арман-мақсаттарын орындауға әрекет жасады деген қорытынды жасайды. Барлық мәселеге саяси астар берiлiп, жоқ жерден жау iздеген кеңестiк жүйеде мұндай шешiмнiң қиын-қыстау кезеңiнде тұтқынға түсiп, ерiксiз мүсәпiрлiкке айналған ата-бабаларымыз күнi бүгiнге дейiн “мұсылман факторы” деп күн тәртiбiнен түсе қоймаған үлкен империялық елдердiң құйтырқы саясатының құрбандығына қалай айналып кеткендiгiн сезiп-бiлуге мұршасы да келмей қалғандығын атап өткенiмiз жөн.

Әр қадамын байқап басып, пайдасы мен шығынын бiр тиынға дейiн таразыға салып, есептеп отыратын немiс елiнiң мұсылман халықтарына жанашырлық көрсете қоюы тегiн емес. Бұл Германияның сонау ХIХ ғасырдың аяғынан бастап кең көлемде жүргiзе бастаған экспансиялық есеп-қисабының бiр бөлiгi ғана. Айталық, Ұлыбритания мен Францияға қарсы шыққан араб және басқа мұсылман халықтарының ұлт-азаттық көтерiлiсiн сонау II Вильгельмнiң Кайзер үкiметi өз мақсатына пайдаланып қалуға тырысты. Кейiн одаққа көп мұсылман халқы бар Ресей империясының қосылуы Германияны тек Таяу және Орта Шығыспен шектелiп қалмау қажеттiгiне көзiн жеткiздi. Ал 1898 жылы II Вильгельм Палестина мен Сирияға барған кезде Дамаск қаласындағы сөзiнде “түрiк сұлтаны мен барлық мұсылмандардың досымын” деп мәлiмдеуi Англия, Франция және Ресейдi мазасыздандырып, абыржытып қалғаны белгiлi.

Осман империясының Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста орталық iрi мемлекеттердiң қатарында болуы кайзерлiк Германияның мұсылман әлемiмен қарым-қатынасының шарықтау шегiне жеткендiгiн байқатты. Мiне, кейiн барып Иран, Ауғанстан арқылы жүргiзiлгендiгi де назар аударарлық нәрсе. Стратегиялық мақсатты шешу барысында Германия бiраз мұсылман халқы қоныстанған Балқан, ресейлiк Кавказ аймағы мәселелерiне де белсене араласты.

Мұнайдың бай кен орындары басқа да табиғи ресурстары мол Таяу және Орта Шығыс, сонымен бiрге Үндiстан ХIХ ғасырдың аяғынан бастап-ақ жетекшi еуропалық мемлекеттер iшiнде, бiр жағынан, Ұлыбритания мен Франция, екiншi жағынан, Германия арасындағы дау-дамайға себеп болғандығы мәлiм.

1940 жылдың шiлдесiнде “Барбаросса” жоспарын жасау барысында таяушығыстық аймақ советтiк Кавказ өңiрiне тыл жағынан енiп, соңында КСРО-ның еуропалық өңiрiнде соғысып жатқан вермахт жасақтарымен қосылуға мүмкiндiк беретiн бiрден бiр әскери маңызы бар стратегиялық плацдарм болып есептелдi.

Тұтқынға түскен түркiстандықтарды Кеңес өкiметi буржуазиялық ұлтшылдардың iзбасарлары есебiнде “халық жауы” деп таныса, шет жұрттық немiс басшылығы “мұсылман факторы” деген үлкен ойынның — құйтырқы саясаттың — құрбандығына айналдырды. Олай болса, тәуелсiз Қазақстан бұл проблемаға қай тұрғыдан баға бермекшi!?

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, немiс тұтқынында жүрiп “Абылай хан” поэмасын жазып, оның тұңғыш көркем суретiн салып, “Туған елiм, өскен жерiм” деп Түркiстанды жырлап өткен Мәжит Айтбаевтың артында қалған мол мұрасының шырақшысы болып жүрген жазушы Уахап Қыдырханұлының бiр пiкiрi еске түседi. “Мұстафа Шоқаевты, сонымен қоса ТҰК мен тұтқындар тағдырын зерттеп жүрген Бақыт Садықова мен Амантай Кәкеновтың үндерi де баяғы сужүрек саналарға әлi де жете қойған жоқ”, — дей келiп ойын ол “Мәжит мәселесiнде майырылып қалған сәттерде осы азаматтардың жазбалары менi жебеп отырады”, — деп қорытады (Мәжит Айтбаев. Шер. “Жазушы” баспасы, 2005, 18-б.).

1995 жылы елiмiздiң Бас прокуратурасы Хәкiм Тыныбеков және басқалардың (барлығы 49 адам) №5221 қылмыстық iсiн қайта қарады. Сол жылдың 2 шiлдесiнде жасалған прокуратура қорытындысында итжеккенге айдалып, жауапқа тартылғандардың бәрi Отанын сатқандар, соғыс жағдайындағы КСРО-ға қарсы шет ел мемлекетiне қол ұшын бергендер, демек, сот шешiмi заңды, ақталуға ешқандай негiз жоқ, сондықтан бұл пақырларға қазақ жұртының 1993 жылғы 14 сәуiрде қабылданған “Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы” Заңның пәрменi жүрмейдi деп кесiп айтылды.

Дей тұрсақ та, осы 49-дың iшiнен бұл жалғаннан кетерiнен небәрi үш-төрт жыл бұрын Әйткеш Толғанбаев (1992) пен Хамза Абдуллин (1996) толық ақталды. Әбiшев Қабыкен де ақталды деген дерек бар.

Түркi тектес көршi республикаларда бұл мәселенiң қалай шешiлiп жатқандығынан хабарымыз жоқ, ал өзiмiзде легионда болып сотталды, бiрақ кейiн ақталды деген адамдардың жоқтың қасы екендiгiн жұрт бiледi. Барлығы бiрдей “халық жауы” деген “атақтан” құтыла алмай о дүниелiк болып жатқандығын көрiп-ақ жүрмiз.

Амантай КӘКЕН

Серіктес жаңалықтары