ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ ҚАСИЕТI

ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ ҚАСИЕТI

ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ ҚАСИЕТI
ашық дереккөзі
658

2008 жылдың 1 қазанында Алматыда Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен “ Домбыра – әлемдiк мәдениеттiң ғаламат құбылысы “ тақырыбында форум болып өттi. Форум өткiзудегi негiзгi мақсат – ұлттық мәдениеттi еуропалық мәдениетке қасиеттi құндылықтарымыздың бiрi домбыра арқылы таныту, домбыраның құдiретi мен оның қоңыр үнiнiң ерекшелiгiн ұқтырып, сол арқылы бренд қалыптастыру.

Домбыраны әлемдiк мәдениеттiң баға жетпес құндылықтарының қатарына енгiзуге нормативтi – құқықтық актiлердiң негiзiн жасау болды. Форумды өткiзу домбыраның бүкiл әлемдiк мәдениет кеңiстiгiнде сақталуына өзiндiк септiгiн тигiзер деген үмiтпен ҚР Мәдениет және ақпарат министiрлiгi мен Орта Азиядағы ЮНЕСКО – ның өкiлдерi, атақты ғалымдар, белгiлi қоғам және мәдениет қайраткерлерi қатысты. Сонымен бiрге қазақтың ежелден келе жатқан iшектi музыкалық аспабы жайында, оның әр заманда әртүрлi тарихы, әртүрлi формада болғандығы, қазақ даласындағы мәдени-рухани дәстүрдiң тегеуiрiнi мен сабақтастығының күштiлiгi жөнiнде, қазiргi түркi халықтарының көпшiлiгiне ортақ Қорқыт, Кетбұға, Сары Салтық, Асан қайғы, Қазтуған сияқты тарихи тұлғалардың музыкалық мұрасын бүгiнгi күнге дейiн сол қаймағы бұзылмаған қалпында жеткiзудегi қара домбыраның қасиеттерi туралы толғанды. Қазақстан үшiн, оның iшiнде қазақ халқы үшiн қасиеттi музыкалық аспаптың өзiне деген әлемдiк деңгейдегi, әлемдiк музыкалық мәдениетте, үлкен құрмет пен ерекше ықыласқа тұрарлық дүние екндiгi тiлге тиек, талқылауға тұрарлық тақырып болды. Сонымен бiрге форумда Жұмагелдi Нәжмеденовтың “ Қоңыр үндi домбыра “ атты үш тiлдi кiтабының тұсаукесерi өттi. Кiтапта домбыраға байланысты жүргiзiлген ғылыми зерттеулердiң қорытындысы, қазақ домбырасының музыкалық – акустикалық ерекшелiктерi, компьютерлiк әдiстi қолдана отырып бейнежазу, сонымен бiрге, домбыраның дәстүрлi “ қоңыр “ үнiнiң ерекшелiгiне көп көңiл бөлiнген. Бiраз олқының орнын толтыруды көздеген туынды домбыраны егжей-тегжейлi зерттеген. Жамбыл облысына қарасты Майтөбе елдi мекенiнен табылған тасқа жазылған таңбада би қозғалысындағы бес адам, астында добыраның кескiнi бейнеленген. Б. з. д. 4 мың жыл тарихы бар неолит дәуiрiне тиiстi бұл дүние домбыраның тарихы сонау тас дәуiрiнен тамырлағанын дәлелдейдi. Форумның барысында Ресейдiң “ Мәскеу орталық музейiнiң “ өкiлi өздерiндегi “ қазақ домбырасының көрмесiмен “ таныстырды.

Қасиеттi қара домбыра туралы бұған дейiн айтылып та, жазылып та жүрген дүниелер аз емес. Дегенiмен, iшек мәселесi әлi күнге дейiн өз шешiмiн таппағанға ұқсайды. Құрманғазы мен Динаның домбырасынан шыққан үн мен бүгiнгi оркестр ойнап жүрген әуеннiң арасы жер мен көктей. Бүгiнгi таңда әдемi әуендердi талантты тұлғалар орындап жүргенмен қойдың iшегiнен тартылған домбыраның жуас, қоңыр дауысын құлағымызға қайтару ең басты мәселе болды. Қара домбыраның ғұмырын жалғастырған ұлтымыздың бiртуар тұлғаларын мақтан етiп, таланттың туындыларын ұрпақтан ұрпаққа үзбей сол құнарлы қалпында жеткiзу болашақтың еншiсiнде. Алайда қойдың iшегi мен “балықтың” iшегiнiң ара-жiгiн ажыратып алмай тұрып, екi түрлi iшектен шыққан екi түрлi дыбыстың қайсысы бiздiң табиғатымызға сай екендiгiн саралап алмайынша, өз мәдениетiмiздi өзгелерге насихаттаудан бұрын өзiмiз толық мойындап алғанымыз дұрыс болар. Қаланың бұрыш-бұрышында қайыр сұрағандардың қолында қор болған қара домбыраның қазiргi жағдайы жанашырлыққа мүшкiл. Өзге мәдениетке, әлемдiк мәдениеттiң тiзiмiне iлiктiруге асыққаннан бұрын төл мәдениетiмiздi төрiмiзге шығарып алайықшы, ағайын! Көктөбенiң төрiнде гитара ұстаған Битлздың ескерткiшiнен гөрi Динаның домбыра тартқан келбетiн көрсек көзiмiзге көптiк етпес болар. “ Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра “ деп Қадыр Мырз Әлiнiң тiлiмен айтқанда, домбыраны төбемiзге көтере бiлмесек, қазақы дүниетаным ұлттық болмысымызды жоғалтып аларымыз, жаңалық бола қоймас. “ Қойдың iшегi ұзаққа шыдамай, шығарманы орындауда үзiлiп кету қаупi басым. Iшектi апта сайын ауыстырып отыру жалықтырады, оның үстiне кiр көтерiмсiз. Ал иска тиiмдi әрi сенiмдi “, – деген пiкiрлерге қонақтардың көпшiлiгi: “ Қазақ домбырасын баласындай баптаған, iшегiн ауыстырып, шаңын сүрту деген сыныққа сылтау “, – деп кесiп-пiшiп айтып салды. Осындай қызу пiкiрталастың қорытындысы көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Қой iшегi оңға, ешкi iшегi солға иiрiледi, кез-келген малдың iшегi жарамайды. Домбыра iшегiн дайындау осы сияқты бiрнеше күрделi процестерден өтедi екен. Форумның тағы бiр жаңалығы – жұмыстың жеңiл тұстарын қарастыра отырып мал комбинаттары жанынан iшек иiретiн завод ашу ұсынылды.

Форум – күйшiлердiң күйiмен, “Асыл әжелер” фольклорлық тобының әнiмен, айтқа жайылған мол дастарханмен жалғасты. Осындай форумдардың ұлттық құндылығынан хабарсыз талай дүмбiл сананы оятуға түрткi болары сөзсiз. Әр халық, әр ұлт өз мәдениетiне, өз тарихына немқұрайлы қарамауы керек. Ұлттық идеология, ұлттық тәлiм-тәрбие, ұлттық құндылық ұғымдары көптеген әңгiмелердiң арқауына айналғанмен, оны жете түсiнiп, жанашырлық танытып жүргендер саусақпен санарлық. Егемендiк алғанымызша ұлттың мүдесiн қорғап, ұлтының ниетiн қолдап ұлт боламыз, қырғыз-қайсақ емес, қазақ ұлты боламыз деп жүрiп орыс державасының “ ұлтшыл “ деген айыптауымен атылып кеткен,ұлты үшiн, ұрпағы үшiн жанын қиған, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қуғын-сүргiн азабын көрген ата-бабаларымыз қазағымыздың дәл қазiргi жағдайын көксемеген едi. Екi тiлдi қазақ, жабайы мәдениеттi жақын көретiн қазақ қолда барын қадiрлей бiлмейтiндермен көбейiп келеi. Тәуелсiз таңда өмiр сүрiп жүрген ұрпақ ұлтжандылықты жалғастыруда жiгерсiздiк танытып отыр. Қалай дегенде де ұрпағының келешегiне алаңдайтын қазақ оның ұлттық болмысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрi мен мәдени құндылықтарын сақтап қалуға “бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол” шығарып қорғаса, келешектiң дамуына кедергi келтiрмей, ұрпақ рухын өлтiрмеуде игi ықпалын тигiзер деген үлкен үмiт бар.

Манар ӘЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары