“ЭкоПродуктГруп” АҚ-ның басқарма төрағасы Еркiн НҰРПЕЙIСОВ: БIЗ ИМПОРТТЫҚ ӨНIМДЕРМЕН БӘСЕКЕГЕ ТҮСЕ АЛАМЫЗ
“ЭкоПродуктГруп” АҚ-ның басқарма төрағасы Еркiн НҰРПЕЙIСОВ: БIЗ ИМПОРТТЫҚ ӨНIМДЕРМЕН БӘСЕКЕГЕ ТҮСЕ АЛАМЫЗ
Негiзi 1965 жылы қаланған Түлкiбас жемiс-көкөнiс консервi зауытының бүгiнгi таңда “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ы болып қайта өмiрге келгенiне биыл 4 жылдан асыпты. Бiз журналистiк сапармен Оңтүстiк Қазақстан облысы, Түлкiбас ауданында орналасқан аталмыш компанияда болып, оның тыныс-тiршiлiгiмен жақыннан танысып қайтқан болатынбыз, “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ның басқарма төрағасы Еркiн Омарханұлы Нұрпейiсов мырза өзi басқарып жатқан мекеменiң жай жапсары жайында бiзбен әнгiмелесiп, сұхбат берген болатын.<br>
– Iргетасы сонау Кеңес дәуiрiнде қаланған бұл зауыт жемiс-көкөнiс консервi зауыты болып, бастапқыда жұмыс бастаған болатын. Кезiнде Одақтың ықпалы шығар бұл зауыт өндiрiс үшiн қажеттi шикiзатқа мұқтаж болмаған. Ал, ендi егемендiгiмiздiң кейiнгi жылдары бұл зауыт тоқырауға ұшырап, жағдайы тiптен нашарлап кеткен болатын. Алғаш 2004 жылы “ЭкоПродуктГруп” ЖШС-i, кейiннен 2005 жылы “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ы болып, қайта құрылды. Оның 49 пайыз акциясы, Қазақстанның инвестициялық қорына сатылды”, – деп бастады әңгiмесiн Е.О.Нұрпейiсов мырза. – Осы мерзiм iшiнде жемiс-жидек пен көкөнiс өсiретiн және оны қайта өңдейтiн, содан соң оны саудаға шығаратын бiртұтас жүйе қалыптасты. Жоғарыда айтқандай инвестициялық қорға сатылған акциямыздың қаржысына заманауи түрде модернизациялауға қол жеткiздiк. Атап айтар болсам: Шырын цехына Болгариядан “Мембрафлоу” құрылғысы мен “БетаФест” атты банкi жабатын заман ағымына сай жаңа техникамен жабдықтадық. Жемiс-көкөнiс цехын қайта iске қостық. Жалпы инженерлiк-техникалық жаңартулар жасалынды. Бертiн келе 2006 жылы “КазАгроҚаржы” АҚ-ның қаржылай көмек тартылып, томат пастасы мен жемiс пюресiн өндiруден әлемдiк лидер атанған Итальяндық “Росси энд Кателли” құрылғысын орнаттық. Көрiп тұрғаныңыздай нәтиже жаман емес. Осы мерзiм iшiнде жемiс-жидек пен көкөнiс өсiретiн және бұл өнiмдердi өңдейтiн, саудаға шығаратын шамаға жеттiк. Компаниямыздың қазiргi уақыттағы басты стратегиялық мақсаты – халықаралық сапа стандарттарына сай өнiм шығарып, орталық Азия аймағындағы ең iрi де мықты өндiрiс орындарының бiрiне айналу. Осы зауыт салынғанда бұл өңiрдiң көптеген артықшылықтары мен өзiне тән ерекшелiктерi ескерiлсе керек. Қазiрде бұл жердi Қазақстанның Швейцариясы дейтiнi де осыдан шығар. “Таяқ шаншысаң көктеп шығатын” Түлкiбастың құнарлы жерi, ежелден бау-бақша, жүзiмдiк пен көкөнiс өсiрiп дағдыланған еңбекқор халқы тағы бар. Әрине, зауыт талай қиын қыстау кезеңдердi басынан кешiрдi. Бiрақ, тоқырау заманында да зауыт тоқтаған емес, ең кем дегенде 2-3 млн. шартты банкi шығарып жатты. Қазiргi танда қарқынды дамып, импорттық өнiмдермен бәсекеге түсе алатын деңгейге жетiп қалды деп айтсам артық айтпаған болар едiм.
— Мекеменiң жұмыс науқаны және ондағы жұмыс iстейтiн жұмысшылардың жағдайына тоқталып өтсеңiз…
– Бiздiң зауытта науқан кезiнде 500-ге дейiн жұмысшылар жұмыс iстейдi. Өйткенi, науқанның қызған кезiнде жұмысшы қол өте қажет болады. Әрине, олардың жалақылары да сол кезде бiршама жоғарылайды. Ал егiншiлiк науқаны кезiнде 250-300-ге жуық жұмысшылар жұмыс iстесе, егiндi жинап алу кезiнде қосымша тағы 300 адам алынады. Байқап тұрсаңыз егiндi егуден оны өсiрiп, зауытқа алып келгенге дейiнгi кезеңде жұмысшылар көптеп жұмыс iстейдi. Бұл орайда өзiмiздiң 300 гектардан астам жерiмiз бар, бұл жердi 2007 жылы “ЮжАгроКонтракт” ЖШС-i құрылып, одан КАФ арқылы техникалар алынған. Сол техникалардың көмегiмен сол жерлерiмiз игерiлiп, оған Израильден арнайы мамандар шақырылып, тамшылатып өсiру технологиясымен қызанақ егудi жолға қойдық. Қызанақ – бұл бiздiң негiзгi шикiзатымыз болып табылады. Қарқынды жұмыс науқанында жұмысшыларымыздың жағдайын бiршама жақсартуға оң септiгiмiздi тигiзiп жатырмыз деп ойлаймыз. Сондай-ақ бiзде қамқорлық акциялары жүйелi түрде өткiзiлiп тұрады. Мектептерге жәрдем берудi ешқашан ұмытқан емеспiз. Өз өңiрiмiзден тыс Алматы қаласындағы балалар паралич қоғамына да ай сайын өздерiне керектi шырындар мен басқа да өнiмдерiмiзден берiп тұрамыз. Маркетинг саласында да ерекше акциялар өткiзiп тұрамыз. Жарнама ретiнде он сок алғанға, бiр сок тегiн берiледi. Ауданымызда өткiзiлетiн барша мерекелер мен iс-шараларға, спортшылар мен өнер адамдарының түрлi конкурстарына демеушiлiк етуден ешқашан бой тасаламағанбыз.
– Осы орайда бұдан тыс мемлекетке жыл сайын қанша салық төлейсiздер?
– Мемлекеттiң салығына жыл сайын 70 млн.-нан астам қаржы құямыз.
– “ЭкоПродуктГруп” деген атау қайдан туды?
– Жалпы айтқанда “ЭкоПродуктГруп” атауына анықтама берiп өтсем, ол бiрнеше компаниялардың жиынтығы яғни кешенi болып, сырттан ешнәрсе сатып алмай барлығын өзiмiзде өндiрiп және оны сыртқа шығарып, сатуға дейiнгi процестi өз iшiне алады. Сондай-ақ экологиялық таза өнiм деген мазмұнға да саяды.
– “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ның өнiмдерiн әлемдiк сауда нарығына шығаруда нендей жоспар бағдарламаларыңыз бар?
– Шырынды шығару үшiн алма, шабдалы, өрiк, алмұрт, жүзiм, алша, шие, алхоры сияқты жемiс жидектердi өзiмiзде молынан өсiру қажет деп бiлемiз. Үкiмет тарапынан осы жерде бiршама көмек болса екен деймiз. Аталмыш жемiстердi егiп, ол өз жемiсiн беремiн дегенше 3-4 жылдың көлемi кетедi. Сол аралықта көкөнiстердi баптап, қарап жатқан азаматтарға үкiмет тарапынан әсiресе ақшалай көмек көрсетiлiп жатса, бұл қажеттiлiк те өз шешiмiн тапқан болар едi. Қазiрде бұл бiршама баяу жүрiп жатыр. Қазiргi таңда бiзде барлық құрылғылар дамыған елдерден келген. Таза шырындардың түр-түрiн шығару үшiн, бiзде толық мүмкiндiктер бар, және бiздiң өнiмiмiз шетелдiкiнен артық болмаса, кем емес. Өкiнiшке орай қажеттi шикiзатты бiзде фермерлерден алып, өндiрiп шығарамыз деген жоспар болған. Қайта өндiру үшiн ешкiм екпеген баяғы совхоз ауыл шаруашылығы бүгiңде жоққа тән. Барлығы сатылып жекеменшiк болып кеткен. Ал, жекеменшiк еккен өнiмдер тiке базарларға таратылады. Оның бiзге ешқандай пайдасы жоқ. Ал бiзге берейiн десе, бағасымен келiспейдi. Ал, оның айтқан бағасымен сатып алып, өңдеп шығарайық десек, бiзден шығып сауда сөресiне жеткенше төрт есеге бағасы көтерiлiп кетедi. Бiздегi келелi мәселенiң бiрi осы. Сонымен қатар бiз банкiнi, жапқышты (крышка) сырттан сатып алған соң оларға түрлi салық төлеймiз. Бiздiң өнiмге осы қаражат келiп қосылғаннан кейiн әрине оның ақшасы да қымбатқа түседi. Осы заттар өзiмiзден шықса әлдеқайда арзанға түсер едi. Украина мен Белорусияда болып қайтқаным бар. Тура бiздiкiндей құрылғылар ол жерде де жұмыс iстейдi. Бiрақ, соған қажеттi банкiсi мен жапқышы да өздерiнен шығып жатыр. Нәтижесiнде олардың шығарған өнiмдерi өздерi үшiн өте арзан. Осының салдарынан бiз сатып алушыларға өнiмiмiздiң нелiктен қымбат екенiн айтып түсiндiре алмай жатамыз.
– Кадр мәселесiне тоқталсаңыз…
– Бiзде қазiргi кезде 350 адам қызмет iстеп жатыр. Жалақылары орта есепте 30 мыңнан асады. Сондай-ақ, жұмысшыларға жеңiлдiк ретiнде түскi тамақ тегiн берiлiп, үйiнен жұмысқа, жұмыстан үйiне алып баруға қатынайтын көлiк бөлiнген. Зауыттың өз қонақ үйi мен асханасы жұмысшылары мен қызметкерлерiне тегiн қызмет көрсетедi. Кадр мәселесiне келер болсақ зауыт ауылдық жерде орналасқандықтан бiлiктi мамандар тапшы.
– “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ның өндiрiстiк қуаты мен техникалық жабдықталуы, сонымен қатар өндiрiстi дамыту үшiн тартылған инвестиция жайында нақты айтып өтсеңiз…
– Жеке әр саланың өндiрiстiк қуатын айтар болсам:
– жемiс-көкөнiс цехы – 1800 тн. өнiмдi;
– шырын цехы – 3620 тн. өнiмдi;
– қызанақ томат цехы – 4795 тн. өнiмдi өңдеп шығара алады. Ал барлығы жиылып 10000 тн өнiмдi өңдеп шығара алу күшiне иемiз.
Ал былтыр, 2007 жылы:
– жемiс-көкөнiс цехы – 845 тн. өнiмдi;
– шырын цехы – 2193 өнiмдi;
– қызанақ томат цехы – 1018 тн. өнiмдi ғана өңдедi.
Оған себеп: шикiзаттың жеткiлiксiздiгi. Өндiрiстi дамыту үшiн – елiмiздiң оңтүстiк аймақтарында жемiс-көкөнiс кластерлерiн дамыту үкiметтiк бағдарламасы көзделiп отыр, “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ның бас акционерлерiнiң бiрi – “Қазақстан инвестициялық қоры” болып табылады. Сондай-ақ “КазАгроФинанс”, “Қазком” осы инвесторларымыздың арқасында несие қаражат алып, өзiмiздiң айналымымызды толықтырдық.
– Өнiм түрлерi, ассортиментi, шикiзат пен сыртқы қораптарын қайдан алады?
– “ЭкоПродуктГруп” компаниясы “Песня лета” сауда белгiсiмен – тiкелей шырын сығындысының 14 түрiн, (алма, жүзiм, сәбiз, алхор, өрiк, қызанақ, асқабақ, купаждалған шырындар), түрлi маринадтар (қарбыз, ассорти, томат шырынындағы бұрыш), көкөнiс салаттарының 7 түрiн (баклажан, кәдi уылдырықтары көкөнiс рагуы, мыңжапырақ сәбiз араластырылған) өндiредi.
Баста айтып өткендей, жүйе қалыптасқан. Негiзгi шикiзат даярлаушы – “ЮжАгроКонтракт” ЖШС. Ол компания бiздiң жылдық өндiрiстiк жоспарымызға сәйкес бiздi шикiзатпен қамтамасыз етедi. Оған қосымша шикiзат базасын арттыру мақсатында Оңтүстiк Қазақстан және Жамбыл облыстарының бiрнеше ондаған шаруа қожалықтары зауытты шикiзатпен қамтамасыз етiп отыр.
Сыртқы шыны құтыларды Ресейден, Украинадан, Қытайдан, Белоруссиядан аламыз. Ал банкiнiң қақпақтарын – Ресейден, сондай-ақ Германиядан асептикалық қапшықтар аламыз. Нарықта табиғи шырын өндiрушiлер арасында тек “Песня Лета” сауда белгiсiнiң шырындары ғана шыны ыдыстарда шығарылады екен. Бұл менiңше жақсы көрсеткiш, себебi тұтынушылардың да талғамы жоғарылап келедi. Ал шыны құтыда шырынның тазалығы, мөлдiрлiгi, табиғилығы көрiнiп тұрады десек те болады.
– Өнiм сапасы халықаралық стандарттарға сай ма?
– Компания былтыр тамақ өндiрушi өнеркәсiптер арасында өткен “Алтын сапа” байқауының жүлделi III – орын иегерi, Астанада өткен “Қара өткел” байқауының номинанты, сондай-ақ ИСО-9001 Халықаралық сапа менеджментiнiң сертификатын иелендiк.
ТМД елдерi аумағындағы жоғары сапалы томат пастасы және жемiс пюресiн өндiретiн технологиялық кешенiн “ЭкоПродуктГруп” АҚ-ы iске қосты. Аталған өнiмдi өндiруден әлемдiк лидер атанған итальяндық “Rоssi & Саtеlli” компаниясының құралдарымен жабдықталған, ТМД елдерi арасыңда ең бiрiншi болып, “хот брейк” технологиясын iске асырды.
– Сұраныс көлемiне сәйкес өнiмдi өткiзу мәселесi қалай шешiлген?
– Халықаралық зерттеу институттарының талдауларына қарасақ, Қазақстанда табиғи шырынға деген сұраныс жыл сайын 30%-ке артып келе жатыр. Менiңше бұл өте жақсы көрсеткiш.
Сұхбаттасқан: Қуанышбек БОТАБЕКОВ