АЛАШ ЖӘНЕ СОЗАҚ КӨТЕРIЛIСI

АЛАШ ЖӘНЕ СОЗАҚ КӨТЕРIЛIСI

АЛАШ ЖӘНЕ СОЗАҚ КӨТЕРIЛIСI
ашық дереккөзі
550

Екiншi Николай патшаның 1917 жылы ақпан айында тақтан құлауы, үш жүз жылдан берi жер жүзi құрлығының алтыдан бiр бөлiгiн алып жатқан Россияның алып империясын дара билеп келген Романовтар әулетiнiң мұндай халге ұшырауы қалың көпшiлiгi қараңғылықта жатқан халықтарға, соның iшiнде орыс халқының өзiне де, көктен жарқ ете қалған найзағайдай әсер еттi. Патшаның құлағанына қуанбаған ел жоқ, ендi теңдiкке, бостандыққа қолымыз жеттi деп, бұрын езiлiп келген, бодандықта өмiр сүрген халық мәз болды. Он алтыншы жылдың уақиғасынан кейiн патшаның жазалаушы әскерiнiң соққысынан есеңгiреп қалған, 19 бен 31 жас арасындағы азаматтары майданға жiберiлген, қазақ жұрты майдан хабарына құлақ тiгiп, орыс әскерiнiң қансырай жеңiлiп, ылғи шегiнiп келе жатқанынан шошынып, жiгiттерiмiздiң жағдайы қандай болады деп елеңдеп отырғанда “Патша тақтан құлады” деген хабар жеткеннен кейiн бұны қалай түсiну керек екенiн бiле алмай аң-таң болды.

Осындай бiр қиын-қыстау кезеңде қазақтың зиялы азаматтары қарапайым халқын, елi мен жерiн құрып кету қаупiнен аман сақтап қалудың амалдарын қарастырып, ұлтжандылық пен отан сүйгiштiктiң биiк рухани үлгiсiн көрсеткен едi. Бұл қозғалыстың бастауында Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов бастаған алаш азаматтары тұрды. Осы алаш азаматтарының жанкештi еңбегiнiң нәтижесiнде қысқа уақыт аралығында 1917-1919 ж.ж.Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алашорда үкiметi өмiрге келген құрылымдар болатын.

“Алаш автономиясының мемлекеттiк құрылымының қандай болғандығына талдау жасаудың өзi қиын мәселе. Өйткенi Алаш мемлекеттiк жүйесi толық құрылып аяқталмай жатып “бесiгiндегi тiптi жөргектегi кезеңiнде өмiр сүруден қалған едi. Себебi, “Алаш автономиясына патшалық Русия, кейiн кеңестiк Россияның отарлаушылдық саясатына қарсы күресуге тура келген едi. Алаш автономиясын құру идеясын көтерген негiзгi қозғаушы күш, Алаш азаматтары болды десек жаңылыспайтын сияқтымыз. Ал Алаш азаматтарының құрамында тегi бiр, дiнi бiр, тiлi ұқсас халықтардың өкiлдерi болды. Осы көрiнiстiң өзi Алаштың мемлекет жүйесiнiң, жалпы халықтың, ортақ мүдденi қолдайтын Ататүрк құрған Түркия республикасы үлгiсiндегi демократиялық құрылым болғандығын байқатады. Бiрақ Алаш көсемдерiнiң күрес тәжiрибесiнiң аздығынан қиын-қыстау аласапыран кезеңде кездескен қиындықтардан шығу тәсiлдерiн анықтауда кiммен бiрге болу керектiгiн шешу мәселесiнде түрлiше көзқараста болған сияқты.

Ахмет Байтұрсыновтың сөзiмен айтқанда “Киiздей шала басып қарпылмаған Алаштың өзi сол қым-қиғаш заманда құрылмай жатып быт-шыт болып, Шығыс Алашорда, Батыс Алашорда болып, бiр бөлiгi Торғайда қалып ыдырап аяғында тозды. Олар елдi сол кездегi аласпыраннан қорғаймыз деп милиция ұйымдастырды, сонда шығыста үш мың, батыста екi мың, Торғайда жетпiс адам болған. Бұрын әскер тәртiбiн көрмеген, қолдарына қамшыдан басқа қару ұстамаған, басым көпшiлiгi сауатсыз қазақ жiгiттерiнен қапелiмде қайдан саналы, сайлы жауынгер шыға қойсын. Батыстағы жiгiттер бiр күнi қарындары ашқан күнi тарап қашып та кетiптi. Оның бер– жағында ақтарға сенiм артып жүрген Алашқа сол ақтардың өзi де кiсi есебiне алмай, дұшпандықпен қараған көрiнедi. Колчактың “Алашты жою керек” дегенi көпшiлiкке мәлiм. Әлихан Бөкейханов пен Әлiмхан Ермеков Омбының билеушiсiмен сөйлесу үшiн барғанда Колчак бұларды қабылдамаған.

Ақ патша тақтан құлап, кiм не боларын, кiммен боларын бiлмей дел-сал болып, аласапыран қиын-қыстау бiр кезде биiк рухты Алаш ұранын ту етiп көтерген Алаш азматтарының ұлы мақсаты отаршылдық саясаттың құрсауында болған дәуiрде артта қалып қойған ұлтын қалайда үлкен қақтығыстарға ұшыратпай аман алып шығып, алдымен, автономиялық кейiн тәуелсiз мемлекет құру болады. Бiрақ сол кездегi саяси жағдайда жеке мемлекет болудың мүмкiншiлiгi шектеулi екендiгiн бiле отырып Алаш көсемдерi Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаевтар түркi халықтарының басын қосу арқылы “ұлтты сақтап қалу идеясын” ұсынады. Сондықтан да ол азаматтар Кеңес үкiметiне өте қауiптi саяси күш болды.

Ленин өзi берген нұсқауларында “жергiлiктi халықты шошындырып алмаңдар, бұл жергiлiктi ғана емес, дүние жүзiлiк маңызы бар мәселе” деп ескерткен болатын. Солай бола тұра алғашқы жылдары шығыс аймақтарында өкiмет басында жергiлiктi халық өкiлдерi жоқ екенiн көре тұра шара қолданбады. Большевиктер билiктi қолға алған күннен бастап елдi тап жағынан жiктеп, пролетариат диктатурасын орнатып жер-жерде жұмысшы, солдат депутаттары кеңесiн құрды. Қазақстанда 1919 жылы ревком құрылды. Москва қазақ автономиясын дайындап, ревкомға қазақтан ешкiмдi лайық көрмедi.

Жергiлiктi ел өкiлдерi осындай шет қалған жағдайда өздерiнше әрекет етуге кiрiседi. Ташкентте теңдiкке қолы жетпеген жергiлiктi азаматтар 1917 жылы Қоқан қаласында мұсылмандар съезiн шақырып Қоқан автономиясын жариялайды. Үкiмет басшысы болып инженер Мұхамеджан Тынышбаев, орынбасары адвокат Әбдiрахман Оразбаев, сыртқы iстер министiрлiгiне Мұстафа Шоқаев сайланады. Кеңестiк дәуiрде Қоқан автономиясына “басманшылар” деген атақ бергендiгi тарихтан белгiлi. Төңкерiстен кейiн татар ағайындар да “Едiл-Орал” автономиясын құруға кiрiседi. Башқұрт халқы да өз автономиясын жариялап, автономияны белгiлi тарихшы ғалым Ахмед-Зәки-Валидов (шет елдегi аты-жөнi Ахмет-Зәки-Уалиди– Тоған) басқарады.

Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн де ұлт мәселесi дұрыс шешiмiн таппайды. Сол жылдары көп ұлтты Русия елiнiң осы бiр шешуi қиын мәселенi Сталинге тапсырғаны көпшiлiкке мәлiм. 1923 жылы, XII партия съезiнде бiрқатар ұлт қызметкерлерiнiң адалдығына күмән туғызып, олардың кейбiреуiн қыспаққа алады. Сталин сөз сөйлеп Рысқұловты, Қожановты, Икрамовты т.б Сұлтанғалиевпен, Валидовпен астыртын байланыста болдыңдар деп айыптады. 1930 жылдары бұл азаматтар қуғын-сүргiнге ұшырайды.

Большевиктердiң жергiлiктi халықты ел басқару жұмысына араластырмағаны, олармен санаспағаны былай тұрсын, олардың елге көрсеткен зорлық-зомбылықтары шектен асып бара жатқан соң халықтың бас көтерер азаматтары әр жерде бiрiгiп ұйымдасып, қолдарына қару алып қарсылық көрсете бастаған. Әуелде бұл ел, ауылдарын қорғау түрiнде басталғанымен, кейiн саналы басшылармен ел қорғау, елдiң азаматтығы жолындағы күреске ұласқан. Большевиктер оларды ел тонаушы басманшылар деп атады.

1919 жылы қазан айында мұсылман әскерлерiнiң құрылтайы болып, сонда Ферғана үкiмет бастығы, әрi бас қолбасшысы болып Мәдәмiнбек Ахметбеков сайланған. Жағдайдың күрделiгiнен сескенген Кеңес үкiметi Ферғана майданына 117 кеңес-партия қызметкерлерiн, бiрнеше дивизия әскерiн, авиаотряд, бронопойыз жiберуге мәжбүр болады.

Мұсылман әскерлерiнiң қолбасшысы Мәдәмiнбек 1920 жыл 11 наурызда Ферғана майданының қолбасшысы Сафоновқа жазған хатында былай дейдi: “Бiздiң халқымыздың санасы К. Маркстiң қисындары мен большевиктердiң программасын түсiну, оларды жүзеге асыру дәрежесiне әлi жете қойған жоқ. Егер Түркiстанды билеп отырған сiздер мұсымандардың тұрмысымен таныс болсаңыздар, жергiлiктi халықтың санасына өздерiңiздiң құрғақ идеяларыңызды қондырам деп әуре болып жүргендерiңiздi түсiнер едiңiздер. Бiздiң мұсылмандар түгiл европалық орыстардың өздерi де коммунизм идеясын мақұлдап жүзеге асыруға дайын емес… Халықтардың билiктi өз қолдарына алуына, федерация құрып бiрлесуiне ерiк беремiз деп едiңiздер. Бiзге өз бiлгенiмiзше өмiр сүрiп, еңбек етуiмiзге, мемлекетiмiздi басқаруға, өз елiмiзде, өз жерiмiзде өзiмiз қожа болуға мүмкiндiк берiңiздер, бұған бiздiң толық құқығымыз бар, өйткенi, халықтың көпшiлiгi бiз. Сiздердiң ойларыңызға келгендi iстеп зорлық жасап ел тонауларыңызды, бей күнә адамдарды өлтiрулерiңiздi тоқтатауды өтiнемiз. Сiздi ақыл иесi адам ғой деп жүздесiп сөйлесуге шақырамын”.

Түрiкпен халқы да ұйымдасып, Жүнейд хан басшылығымен большевиктерге қарсы күрес ашқан. Хиуа елiне жазған үндеуiнде ол былай дейдi: “Алла тағала сiздердi алауыздылықтан, өз ара араздасудан сақтасын! Елiмiздiң 96 ақсақалдарына кәдқұдаларына, азамат жiгiттерiне, аға-iнiлерге мағлұм болсын, лақап аты Жүнәйд хан деп аталатын Құрбан Мұхамед сардар жат дiндерге қарсы күрес ашқалы берi хақ мұсылман адамдарға тиген не оларды жазалаған жоқ. Мұсылмандардың бiразы большевиктерден қорқып дiннен шықты, Мұхаммед ғалайһ иссалам: “әр зат асылына қайтады” – деген, егер олар дiнiмiзге қайтып қосылса, оларға бiз тимеймiз”. Жүнейд ханды түрiкпендер кеңес өкiметi кезiнде де өздерiнiң шын патриоты санап келдi.

Түркiстандықтардың тәуелсiздiк жолындағы күресi Орта Азияға түрiктiң атақты генералы Энвер (Әнуар) патша келгеннен кейiн 1921 ж. аяғы 1922 ж. басында бiршама қыза түстi. Бұл жерде Энвердiң кiм екенiн айта кеткен жөн болар.

20 ғ-дың бас кезiне дейiн Түркияда монарх-сұлтан билеп келген. Солардың iшiнде 1878 жылы таққа отырған Әбдiлхамид тым ескiшiл адам болған. Ел қамын ойлаған жаңа пiкiрдегi “жас түрiктер” ұйымын құрған Энвер паша 1909 ж. Әбдiлхамидтi тақтан түсiрдi. Энвер келгеннен кейiн мұсылман әскер басылары бас қосып, кеңесiп, Энвердi бүкiл мұсылман әскерлерiнiң қолбасшысы, Бұхара әмiрiнiң орынбасары етiп дайындайды. Энвер: “Күштi Түркiстан мемлекетiн” құруды мақсат етiп қоядың.

Алдымен Түркiстан халықтарының атынан Кеңес үкiметiнiң халық комиссарларының бiрi, ұлты әзербайжан Нариман Наримановқа хат жазады: “Халық комиссарлары Нариманов мырза! Россия федеративтiк Кеңес Республикасының бiр бөлiгi болып табылатын халықтың Жоғарғы маслихаты қабыл алған осы қаулыны Русия халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Атқару коммитетiне табыс етуiңiздi өтiнемiн. Маслихат Русия Кеңес Республикасына соғыс жарияламақшы болған едi,бiрақ оны менiң айтқан ақылым бойынша Орталық Атқару комитетi мен Халық Комиссарлары кеңесiнен жауап келгенше тоқтатып, маслихат Бұхара, Түркiстан, Хиуа елдерiнiң өз алдына ерiктi, тәуелсiз болуға бел буғандығын бiлдiрудi маған тапсырды. Бұл халықтардың тәуелсiздiгiн кеңес Русиясы мойындауы керек.

Егерде Русия кеңес үкiметi мына жалғаншы комиссарлардың зорлық-зомбылығынан қорлық көрген, өз жерлерiн Москваның жат өкiметiнен азат ету үшiн қолдарына қару алған мұсылман халқының тiлегiн елемейтiн болса, онда комиссар мырза, есiңiзде болсын. Жоғарғы маслихаттың осы қаулысын сiзге тапсырғаннан кейiн екi апта өткен соң өзiмiздi не iстесем де ерiктiмiн деп есептеймiн”.

Энвердiң бұл жоспары орындалмай қалады. Ол 1922 жылы 8 тамызда Орыс әскерiмен болған алғашқы қақтығыста қаза болады.

1925 жылы Қазақстанға саяси жетекшi болып Ф.И.Голощекин келедi. Бұрыннан аты шулы, Екатеринбургте Николай патшаның бала-шағасымен атуға қатысқан, одан кейiн Ташкентте Түрiк комиссия мүшесi болғанда партия жұмысымен шұғылданған, сол себептен де Азия халықтарымен таныстығы бар Орталық партия комитетi бұл адамды ендi Қазақстанды “жөнге салу” үшiн жiберген болса керек, ол келген беттен қарсы шыққан, айдауына жүрмеген қызметкерлердi шетке шығара бастады. Голощекинмен iстесе алмаған С. Қожанов, С. Садуақасов, Н. Нұрмақов және басқалары Қазақстаннан кетiп қалады. Орталық атком төрағасы, жұмысшыдан жоғарлатылған Жайлау Мыңбаев деген азамат, Голощекин айдауына жүрмеген соң оны да қуады. Оның орнына Шымкент маңында жүрген момын шаруа Елтай Ерназаровты қояды. Голощекин келе сала өзiнше жаңалық ашып, Қазан төңкерiсi Қазақстанға соқпай бiр бүйiр өтiп кеткен, Қазақстан еңбекшi бұқарасы оның жемiсiн татпаған, сондықтан мұнда ревалюцияны қайталай “Кiшi қазан” науқанын өткiзу керек деп 1927 жылы егiстiк, шабындық жерлердi қайта бөлу, 1928 жылы “жартылай феодал байлардың” мал-мүлкiн тәркiлеу, науқанын жүргiзедi. Осы науқандардың iзiн ала 1929 жылы “Құлақтарды тап ретiнде жою негiзiнде елдi жаппай колхоздастыру” iсi басталып кеттi. Ешбiр дайындықсыз қызу жүргiзiлген шараның нәтижесiнде бiреу бай, бiреу кедей болып ата-бабаларынан келе жатқан шаруашылығы әбден күйзелдi. Облыстармен аудандар колхоздастырудың процентiн бiрiнен бiрi асыру жолында жарысқа түстi. Осы жылдардың алдында Қазақстанның көп жерiнде өткен жұт, ашаршылық елге тараған ауру (сузен, тырысқақ) апаттардан ел бұрынғы күйiнен айрылған едi.

30 – жылдары елдi билеушiлердiң, әдiлетсiздiк пен орынсыз жасаған зорлық – зомбылығы мен топас белсендiлердiң ар-ұяттан безiп өз халқына жасаған киянатына қарсы Қазақстанның көптеген жерлерiнде наразылық қозғалысы болған едi.

Елбасымыз Н. Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң бес жылдығына арналған салтанатты жиындағы баяндамасында “Қазақ халқына кеңестiк империяның тiзеге салған зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызаға толы қарсылығын туғызбай қоймады. Жұртшылықтың арасында режимге қарсы бой көтеруден тайынбайтындар қатары көбейе түстi. 1920-1931 жылдарда шаруалардың 380 рет бұрқ ете қалған бүлiгi мен көтерiлiсiне сексен мыңға жуық адам қатысты. Солардың ең iрiлерi Созақ, Ырғыз, Ақсу, Қарақұм, Абыралы, Адай және басқа да көтерiлiстер едi. Бәрi де Қызыл армияның қарулы әскерiнiң күшiмен аяусыз басып-жаншылған болатын”– деген едi.

Осы көтерiлiстiң барлығына Алшордашылар ниеттес болып, ықпал жасап отырғанын жасыруға болмайды. Бiздiң бұл пiкiрiмiздi сол дәуiрде Қазақстанның партия басшылығында iстеген Ғалым Ахметовтың “Алаш-Алаш болғанда” деген кiтабында растай түседi. Оның пiкiрiнше әр жерде Алаш азаматтарының сол өңiрде туып-өскен беделдi мүшелерiнiң ықпалын пайдаланып отырған. Созақ өңiрiнде болған қозғалысқа да осы өңiрде туып-өскен Алашордашылардың белдi мүшелерi Байсейiт, Дiнмұхамед Әдiловтер арқылы ықпал жасап отырған. Ал, Созақ оқиғасының басшылары олармен тығыз байланыста болған. Терiскей өңiрiндегi күрес 1924 жылы болған Ғалым Әубәкiровтiң (Қараноғай, Шаланың) әдiлетсiздiк iсiне қарсы қозғалыстан бастау алады деп қарастырған жөн. Осы өлкеде туып-өсiп, оқиғадан хабардар болған жерлесiмiз, белгiлi жазушы марқұм Тәкен Әлiмқұлов та осындай ашынарлы зұлымдықты жазудан тыс қала алмаған екен: “… Ақмола губерниясына да, Сырдария губерниясына да әлi бағынып болмаған бытыраңқы елге бiр жылы қараша айының бас шенiнде Ақмоладан Қараноғай деген бiреу уәкiл болып келедi. Қасына төрт сарбаз ерiткен ол Шу бойындағы ескi тамдардың ортасына киiз үй тiккiзiп, жасауларына бейбiт елден мал айдатып әкеп, серуендете бастады. Бұл екi арада Қараноғайдың Шу бойына iстеген сорақылығы ұзынқұлақтан жетiп жатты. Ол кәззап жас келiншектi, бойжеткен қызды шақыртып ап, бейбастық жасайды. Намыс билеген адам үстiне кiрсе ол: – “Табаныңды жалтырат!” – деп бесатарын қолына алады. Осы лақап рас болса Қараноғайдың қылығы сорақы!” [13].

Ағайынды Әдiловтер Қараноғай, Шаланы қатаң жазалайды. Шудың арнасының мұзы ойылған жерге Қараноғай мен Шаланы тығып жiбередi. Осы iсi үшiн олардың өздерi де құрбан болады

Ендi Созақ көтерiлiсi жайлы қысқаша баяндайық.

…1930 жылдың 5-ақпанында Созақ көтерiлiсi бұрқ еттi. Ол кезде Кеңес өкiметiнiң насихатшылары көтерiлiстi байлар мен бандылардың арандату әрекетi деп бағаланды. Ал, көтерiлiс шын мәнiсiнде Созақ өңiрiндегi билеушiлердiң әдiлетсiздiгi мен зорлық зомбылығына, топас шолақ белсендiлердiң ар-ұяттан безiп, өз жерлестерiне жасаған қиянатына шыдамағандығынан туған болатын.

Ел аузында аты “Аллаһу көтерiлiсi” болып қалған наразылықтың басшысы Хан-Сұлтанбек Шалақұлы сауатты, ауылына сыйлы азамат болған. “Алаш орда” азаматтарының ауылдағы белсендiлерi ағайынды Байсейiт, Дiнмұхамед Әдiловтермен тығыз байланысып тұрған. Кейiннен Байсейiт Әдiловты Мойынқұмда жасырынып жүрген жерiнен қызыл әскер жасақтары атып өлтiредi. Ал, Дiнмұхамед Әдiловтi Мәскеудегi Бутырка абақтысында Алаш азаматтарының алғашқыларының қатарында 1930 жылы 28 жасында атты. Ендi Әдiловтiң Алашорда басшыларымен байланысын анықтай түсу мақсатында оны тұтқындағаннан кейiнгi тергеу iстерiнiң барысы жайлы Д.Досжановтың келтiрген деректерiнен кейбiр үзiндiлерге тоқталайық.

Бiрiншi тергеу 1928 жылы 24 желтоқсанда Бутырка абақтысында болады. Анкеталық мәлiметте былайша толтырған –

Әдiлов Дiнмұхаммед 28 жаста.

Туған жерi: Сырдария округi, Сарысу ауданы.

Семьялық жағдайы: әйелi, баласы бар.

1918 жылдың көкегiнен қарашасы аралығында Қиыр Шығыста ақтарға қарсы күрескен.

19-жылдан Ташкентке бардым. Өз өмiрiме Қожанов пен Балғынбаев көп әсер еттi. Ташкентте жүргенiмде Қожанов Сұлтанбектiң ақыл-кеңесiн көп тыңдадым. Ол кiсi “Бiрлiк туы” деген газет шығарып тұрды. Ташкентте болғанымда Тұрар Рысқұлов басқарған мұсылман бюросына (мұсылман коммунистерi) барып тұрдым, сөз сөйледiм, қазақ кедейлерiнiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтадым”, “Семей қаласына келгенiмде, онда губерниялық атқару комитетiндегi қазақ бөлiмiн Аймауытов басқарады екен. Бiрiншi рет онымен сонда таныстым. Сол Семейде жүргенiмде өзiмнiң қазақ атқару комитетiнiң орталығына (ҚазЦИК) мүше болғаным туралы телеграмма алдым. “Бiздiң тобымыз Алаштармен Бөкейхановты, Байтұрсыновты бiлетiн Балғынбаев арқылы байланысып тұрды. Мен оларды танымадым. Алаш ортасына кiрген кезiмде 21-жылдың наурызында Бұхарадағы Валидовтен хат алғанымыз есiмде”.

“Ташкент вокзалында Қожановты күтiп алдым, ол Москвадан келе жатқан едi. Москвадан оралған сайын осылай қарсы алатынбыз. Онымен бiрге Сафаров пен Төреқұлов оралды. Сол ұшырасуда Қожанов маған бұдан былай жер реформасымен айналысатындығын айтты”.

Екiншi тергеу, 1928 жылғы 27 желтоқсанда (ертеңгiлiк).

“Бүкiл қазақтың Қызылордадағы съезi. Қожанов төрағасы мүшелiгiне өттi де сөз сұрады. Екi мәселе қойды: бiрiншi бұрынғы “Қырғыз республикасы” деген анықтама “Қазақ республикасы” болып өз атымен аталсын дедi, екiншi Ақмешiт қаласының аты “Қызылорда болып өзгертiлсiн” дедi. Екi ұсыныс та өттi.

Жүсiпбек Аймауытовты айыптау хаттамасында мынадай қорытындылар келтiрiлген жерлерi бар: 2.”ВКП(б) орталық комитетiнiң мүшесi Голошекинге қарсы террорлық әрекет жасау мәселесiн ақылдасуға қатысың болды ма деген сауалға Аймауытов былай деп мәлiмдедi:

“… 1928 жылдың көктемiнде мен Әдiловтi ұшыраттым … Сол жерде Әдiлов үрей үстiнде Садуақасовты қамағанын, ендi басқаларды да ұстап қамайтынын айтты, Голошекиндi өлтiрудi ойлағанын мәлiмдедi … Осы ойын Дулатов Мiржақыпқа жеткiзуiмдi сұрады. 28 – жылдың аяғында бұл хабарды Дулатовқа айтқан кезiмде бұл жайлы естiгенiн бiлдiрдi.”

1. “Совет үкiметiне қарсы қарулы көтерiлiске шығу үшiн далаға кетуге әзiрленiп жүргенi туралы Аймауытов 1929 жылдың 29 қарашасында былай дедi: “… 1927 – 1928 жылдары Шымкентте жүргенiмде Дулатов бiр қазақ арқылы қауiптi жағдай туа қалған күнде далаға кетуiмдi тапсырыпты.”

Байқауымызға қарағанда тергеу iсiнiң қорытындысында Жүсiпбек Аймауытовқа совет милициясын өлтiрiп, ел iшiнде бүлiк ұйымдастырған Созақ көтерiлiсiнiң шығуына себепшi болған ағайынды Әдiловтермен байланысты болдың, “Созақ көтерiлiсiнiң “үндеуiн жазған” деген тұжырым жасайды.

Ағайынды Әдiловтерге тағылған негiзгi айыптың бiрi Созақ көтерiлiсiне қатысқандығы болған.

Байсейiттiң өмiрiнiң соңғы кезiнде жолдастарының бiрiне жазған хатында:

О, жаратқан дүние-ай,

Ел үшiн еңбек еттiм деп,

өртенiп едi-ау өзегiм.

Бұтадай пана болмады,

Ақырында өз елiм,

– деп жазыпты.

Сондай-ақ, Созақ көтерiлiсiнiң бас қаһарманы Салықбай мерген Аралбайұлы батырлығы, ұлтжандылығымен бiрге құралайды көзге атқан мергендiгi әлi күнге ел аузында. Салықбай мерген жайлы айтылатын көптеген деректердiң бiрi қысқаша былай баяндалады. Көтерiлiсшiлер Созақты алғаннан кейiн Түркiстан бағытына аттанады. Қаратаудың Суындық асуына келгенде олар қызылдардың Исаев, Поляков, Малышев күштерiмен қақтығысып қалады. Сұлтанбек ханның сарбаздары Созаққа қарай шегiнуге мәжбүр болады. Осы тұста шегiнудi қамтамасыз ету үшiн Салықбай өзiнiң мергендерiмен тосқауыл жасап, асуда қалады. Тапсырма орындалғаннан кейiн мерген серiктерiмен қаша ұрыс салып, керi шегiнедi. Салықбай аттың екi қапталына алма-кезек жантая атысып, қуғыншыларды бiраз шығынға ұшыратады. Осы кезде Салықбайдың мiнген аты аяқтан қалып, шабысы баяулайды. Серiктерi Салықбайға “Сен танымал адамсың, қашып құтыл” деп аттарын ұсынады. Бiрақ, мерген оған келiспейдi. Өзiн сабырға жеңдiрген батыр соңынан қапталдасып шауып келе жатқан жаудың бiрiн атып түсiредi. Иесi аударылып түсiп бос қалған атқа қарғып мiнiп, серiктерiн қуып жетедi. Осы кеткеннен Салықбай соңындағыларды iлестiрiп Бетпақдаладан бiрақ шығады. Мергендi ұстамақшы болған талай жасақшылар сәтсiздiкке ұшырайды. Шарасы таусылған қызылдар жағы “Салықбай өз еркiмен берiлмесе, сендердi жер аударамыз” – деп ауылдастарын қорқыта бастайды. Мұны естiген Салықбай еркiмен келiп қолға түседi. Қолы артына байланып, түйе үстiне артылған мерген кетiп бара жатып:

Атқа салдым пыстанды,

Көтердiң алла дұшпанды.

Естiген жұрт дұға қыл,

Салықбай мерген ұсталды,

– деп, елiмен қоштасады.

Содан Салықбай он жылға сотталып, Беламор-Балтық каналы құрылысына жұмысқа жегiледi. Аң аулап, түрмедегi жұмысшыларды аштықтан құтқарады. Адал еңбегiне ырза болған басшылар оны “Беламор-Балтық” құрылысына қатысқан деген белгi берiп, бес жылдан соң елiне қайтарады. Елге келiп алаңсыз колхоз егiнiн егiп жүрген Салықбайды 1937 жылы НКВД қызметкерлерi қайтадан ұстап алып кетедi. Арада бiраз уақыт өткеннен кейiн Салықбайдың әйелi Ұлбаланың туысы НКВД-ның атбағары Досмағамбет Салықбайды ауыл шетiндегi сайға апарып атқанын хабарлайды. Салықбай өзiн атуға әкетiп бара жатқан милиция қызметкерiне “Сенiң ойыңды түсiнiп тұрмын. Маған екiбас намаз оқуға мұрсат бер” – деп өтiнiш жасапты. Бұл асыл ердiң Алладан сұраған соңғы тiлегi болатын.

Кейiннен өкiмет оның елде қалған үрiм-бұтағын қуғынға ұшыратып, Хабаровск өлкесiне жер аударады. Әйелi Ұлбала сол жақта қайтыс болады. Бұл жағдай сол кезде болған қаралы оқиғаның бiр ғана мысалы едi.

Сүлеймен ТӘБРIЗҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары