“АТАМЕКЕН – ТҰҒЫРЫМ, АНА ТIЛIМ – ТҰНЫҒЫМ”

“АТАМЕКЕН – ТҰҒЫРЫМ, АНА ТIЛIМ – ТҰНЫҒЫМ”

“АТАМЕКЕН – ТҰҒЫРЫМ, АНА ТIЛIМ – ТҰНЫҒЫМ”
ашық дереккөзі
520

2008 жылдың 17 қазан күнi Алматы қаласында «Қазақконцерт» бiрлестiгiнiң залында Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен “Атамекен – тұғырым, ана тiлiм – тұнығым” атты халықаралық жыр мүшәйрасы өттi. Мүшәйраға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан елдерiнен және елiмiздiң әр түкпiрiнен 90-ға жуық ақын қатысты. Жүлдегерлер шаппай бәйге, үш дәрежелi жүлде, ынталандыру сыйлығы және “бiр өлеңi үшiн” сияқты топтарға бөлiнiп марапатталды.

Бiрiншi жүлде – Сұраған РАХМЕТҰЛЫ (МХР)

Екiншi жүлде – Тәпей ҚАЙЫСХАНҰЛЫ (ҚХР)

Үшiншi жүлде – Еркiн ИСАХАН (Еуразия Ұлттық университетiнiң студентi )

ЫНТАЛАНДЫРУ:

Мекембай ОМАРҰЛЫ (Өзбекстан)

Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ (Алматы қаласы, ҚР)

Ұларбек ДӘЛЕЙ (Шымкент қаласы, ҚР)

Серiкжан ҚАЖИ (Алматы қаласы, ҚР)

Әннес БАҒДАТ (Алматы қаласы, ҚР)

Гүлайша ЕРАХМЕТ (ҚХР)

Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ (Алматы қаласы)

Аталған шараға орай, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының “Атажұрт” баспасынан жарық көрген – Асқар Татанайұлының “Ел қорғаны – Абылай”, Мағаз Разданұлының “Алтайдың ақиықтары”, Жақсылық Сәмитұлының “Атамекен”, Талғат Мамашевтiң “Алыстағы ағайын” кiтаптарының да тұсаукесерi өттi.

Кеш соңы концерттiк бағдарламаға ұласты.

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ (Моңғолия)

ЖОЗА ТIН

Көк тәңiрi көмкердi

Қырқа-шыңын,

Жыр себедi Бұқардың бұрқасыны

Мөлдiр-мөлдiр наздарды терiп алып,

Мөде-Қыпшақ озанын шырқашы ұлым.

Он-он ғасыр құрсағы солған аңдай

Өз мойнында өз басы болмағандай,

Таң атар-ды батыстан өрт өргiзiп,

Тоқтап, тоқтап сор кештi ел жолда қалмай.

Қанша сана көз жазды түземiнен,

Бiрақ, қайтпады қазақтың iзi өңiнен.

Қырықтықпен жыр жазды қанша уақыт,

Көрпе тiгiп көрпештiң күземiнен.

Жозын нақтап, ел соңғы көзiн сақтап,

Сойын жазды сом тасқа өзiн уақтап.

Бақатаққа бағытын қашап тұрып,

Жарақатқа жағатын сөзiн саптап.

Дiлдiк кие осы-тын

Тiндiк үнем,

Соқыр құстай сүзген ол түндi кiлең.

Күндiз жанған шам едi ол саналарда,

Жұлдыз тамған ел едi ол кiндiгiнен.

АЛАТАУҒА ДАТ

Артқа тастап, сан зiмiстан, жүз күздi

Қайта iздедiк қан тамырлы iзгi iздi.

Етегiңнiң астына кеп, Ерумiз.

Мәрт Алатау көресiз бе, сiз бiздi?!

Қарт Алатау қайраты бек жүзiнде,

Шақырдың ба?

Жата алмадық бiз iнде.

Үш жүз бөрi жора жортып барады,

Кешегi өткен көк дөненнiң iзiнде.

Қанша ойласаң басқа жұрттың құзғыны ақ.

Күн кешер ек пұлға құл боп сызға ұнап.

Ендi, мiне, төл түземде түнедiк,

Бабам жатқан топырақта мызғып ап.

Қарт Алатау саған жеттiк иығы ақ,

Сол Алтайдан бiр-бiр тамшы құйып ап.

Қырау тұнған қыратыңнан орын бер,

Мынау тұрған мың қиқымға миы хақ!

Тәпей ҚАЙЫСХАН (Қытай)

АНА ТIЛIМ

Сарынында үзiлмейтiн бiр iзгi үн,

Ана десем күмбiрлейдi-ау күй ұзын.

Әз анамның омырауын емгенде,

Ана тiлдiң бiрге татқам уызын.

Ана тiлден дарығандай дана ақыл,

Көз алдымда қала менен дала тұр.

Маңдайдағы жалғыз бағым – туған жер,

Таңдайдағы жалғыз бағым – Ана тiл.

Сақ жұртынан көрiнедi көне iзiң,

Уыз емген омырауыңнан Оғызым.

Фарабидiң парасатын әйгiлеп,

Қорқыттың да күңiренткен қобызын.

Арасында құлау менен жылаудың,

Ойландырған, толғандырған сұрау мың.

Ана тiлсiз жетер ме едi бiлiгi,

Күлтегiн мен Тоныкөктей жыраудың.

Төтеп берген қасiрет пен бар мұңға,

Ана тiлiм мәйегi екен ардың да,

Сұлтандықты көзге iлмеген Бейбарыс,

Туған жер мен туған тiлдiң алдында.

Ерлерi егей ана тiлмен ержеткен,

Ержеткенде ел бесiгiн тербеткен.

Ақтамбердi тiлiмен де атойлап,

Шерниязың қалай-қалай шер төккен.

Сүрiнбеген дауыл даудың бiрiнен,

Төле, Әйтеке шешендiктiң пiрi ме ең.

Ерулетiп Есенгелдi ерiне

Қазыбек би қаз iлген ғой тiлiмен.

Балалықта нәрiн емген ана тiл,

Даналыққа бәрiн иген ана тiл,

Жиреншеге шешендiктi сыйлап бар,

Алдарды да Алдар еткен ана тiл.

Жыр сайысын Бiржан, Сара сауған тiл,

Ақ жаңбырдай Жамбыл ақын жауған тiл,

Ыбырайдың ықыласы түскен тiл.

Ахметтiң бiр аңқасы ауған тiл.

Ана тiлмен жан дүнием тоқ сiрә,

Ана тiлсiз құның-күйiң жоқ сiрә.

Аспандатқан ана тiлмен ұлы Абай,

Гете, Гейне, Пушкин, Крыловты да.

Өңiм тұр ғой әрiптерiм түске енiп,

Келе жатыр рухыма күш берiп.

Аң емес-ау менiң ана тiлiме

Аспандағы қолға қонар құс келiп.

Дауға келсе бет қаратпай жеңетiн,

Жауға келсе ұранмен күш беретiн.

Сырға келсе сыбызғыдай сызылып,

Жырға келсе желмаядай желетiн.

Теңiз ойдан iнжу-маржан сүзген тiл,

Қиял көктен жұлдыз сәуле үзген тiл.

Мағжандардың мақамындай мамырлап,

Мұхтарларың мұхиттайын жүзген тiл.

Сары уыздай ұйып саған сар далам,

Сандуғаш құс сияқтанып сарнаған.

Күләштардың тамағында тамылжып,

Дәнештердiң дауысында самғаған.

Сақталдың да ең түбiнде дiлiмнiң,

Сен өлмедiң, мен мың өлiп тiрiлдiм.

Менiң байтақ туған жерiм бұрыннан

Тербелетiн әлдиiмен тiлiмнiң.

Теңiз сүңгi, ғарышқа да ұш мейлi.

Ана тiлiң бiр құдiрет үстейдi.

Қазақ деген қаның болса бойыңда,

Ана тiлдiң абыройы түспейдi.

Далаң қандай көк бөрiсiн ұлытқан,

Данаң қандай ана тiлiн ұйытқан.

Соны ескермес кей анадан қорқамын,

Әлдиi мен бесiк жырын ұмытқан.

Ана тiлiм – елдiгiмнiң тiрегi,

Ана тiлiм – ерлiгiмнiң тиегi.

Ана тiлмен сөйлеп тұрсам мiнбеде,

Төбем көкке жетпей тұрар бiр елi.

Өзiмiзбен тартса дағы бiрге азап,

Ана тiлден тарап жатыр нұр ғажап.

Ана тiлдiң жығылмайды ақ туы,

Жер шарында қалғанынша бiр қазақ.

ТҰЛПАРЛЫ МЕКЕН ТУҒАН ЖЕР

Бұл күндерi көңiл толған алаңға,

Адамдар аз тұлпар мiнез араңда.

Қасиеттi Қамбар ием қайда деп,

Қара қасқа ат кiсiнейдi даламда.

Кеңес жоқ па көк төбеде құрарға

Егес жоқ па тұлпармен жау қуарға.

Қабанбайдың қаһары жоқ заманда

Құлын тартып қубас атқа туар ма?!

Махамбетсiз ерлiк жайлы жыр қайда,

Исатайсыз Нарынқұм да жырғай ма?

Ертарғын жоқ,

Жәнiбектер жан үзген,

Тайбурыл мен Көкбестiлер жүр қайда?

Арда емген атамекен ар қымбат,

Қанша асылын ата жауың алды ұрлап.

Соның бәрiн қорғаймын деп мiнген ер,

Алғы шепте атойлаған арғымақ.

Есiл ерлер тақымында құт бар мың,

Арда ел-жердi ат жалында құтқардың.

Менiң тағдыр тарихымның тартысы,

Өттi үстiнде ту ұстаған тұлпардың.

Жылқы деген жануарға тиiспе деп,

Атойласақ аттан қашан түскен ек.

Мауқын басар қуғын көрсе бәрi оның

Туған жердiң топырағын иiскелеп.

Қара жерiм қасиеттi қазынам,

Тұмау тисе тұмаңды iшiп жазылам.

Тұлпарлармен менiң туған жерiмнiң,

Тарихы бар тағылым боп жазылған.

Туған жердiң көз алдымда картасы,

Қаттап қойған қарт тарихтай жартасы.

Менiң атамекенiмнiң болғаны,

Батырлар мен тұлпарлардың арқасы.

Ұрпақтарын ұлылыққа бастамай,

Арылмайды уайым менен бастағы ой.

Әлi есiмде мiнгiзгенi атамның,

Қасқа айғырдың тұяғы деп қасқа тай.

Дейтiн атам әңгiмесiн бастай бiр:

“Жылқы малдың қасиетiн жастай бiл”.

Осы ауылдың, осы туған жерiңнiң,

Киесi де, құты едi ғой қасқа айғыр.

Сахарада саңлақтанып сау күнде,

Айқастарда құтылмайтын жау мүлде.

Анадайын арқыраса қасқа айғыр,

Тiтiрейтiн үйiрiмен тау бiрге.

Атам солай әңгiмесiн созатын,

Созатын да жiгер оты қозатын.

Бiздiң мынау бiлесiң бе туған жер,

Тұлпарлармен шығаратын өз атын.

Қадым-қадым замандардан берi анау,

Қамын жеген халқым туған жер едi-ау.

Ардақтауға арда емген мекендi,

Тура жүрек, тұлпар рух керек-ау.

Еркiн ИСАХАН (Астана қаласы)

ҚОБЫЗ

Қобыз,

Жорықта өлген бабамның,

Жерленбей қалған өз басы.

Жат жұртқа кеткен анамның

Жаңбырша жауған көз жасы.

Бозiнген менiң кеудемнiң

Ботасы болып боздашы.

Шертiлмей жатқан сан ғасыр

Көкбөрi жортқан даламның,

Көкiрек күйiн қозғашы.

Қобыз,

Қанатсыздарға қайрат бол,

Қорқыттың қалған көзiндей,

Бүгiлгендерге байрақ бол,

Басына сенi көтерсiн.

Бүгiнгi ұрпақ безiнбей

Әнiме менiң айбат бер.

Асанның сайгез сөзiндей,

Қазтуған сынды қасқайып,

Кешегi қалың қыпшаққа

Құлабыз болған өзiң ғой.

Қобыз,

Бақытын шапқан балталап,

Батыраш күндер сен көрген.

Ай мүйiз арман арқалап,

Азабымды алдым мен де елден.

Бабамнан қалған бiр құрақ —

Байрағымды iздеп белдерден,

Құландай жорттым құлдырап,

Таңдайы кепкен шөлдерден.

Татусыз сенiң үнiңдi,

Тыңдадым жүйрiк желдерден,

“Тобылғы түстес” мұңымды,

Тағдырым едiң тең бөлген.

Тақымға түскен тiл үшiн,

Рухтар үшiн жерленген.

Бозiнген болып боздайық,

Боздайық қане, кел бермен.

ЕСIЛМЕН СЫРЛАСУ

Он бесiнде от кешiп орда бұзғын,

Деп тұрғандай толқының толған iзгi үн.

Жалғыздықпен жағаңа келем дәйiм,

Жанымды бiр жетелеп желғабыз мұң.

Асқақтықты аспандай жырлап анық,

Табиғатын тұңғиық сырға малып.

Аласұрып арнаңда жатқандай бiр,

Менiң асау тағдырым тулап ағып.

Жастығымның жаңғыртып төсiн керiм,

Тулап өткен сол ескi есiмде күн.

Жат өлкеде бабамның көз жасымен,

Жазылған бiр жетiм жыр секiлдi едiм.

Сағынышын кеудемнiң мың аштырып,

Құлагердей құйғытып қыр асты үмiт.

Есiл сенi ақыры тапқам содан,

Мекенiңдi мезгiлден сұрастырып.

Аманаты арттағы қорға бiздiң,

Деп тұрғандай толқының толған iзгi үн.

Жалғыздықпен жағаңа келем тағы,

Жанымды бiр тепкiлеп желғабыз мұң.

Баһадүр боп бастасам көшiңдi әрi,

Шер-наламның сарқылар сосын бәрi.

Ендi сенен өлсем де айрылмаспын,

Өзен емес, бабамның есiл қаны.

Шындық бiздi орынсыз тектеген жоқ,

Арызым бар Аллаға жетпеген көп.

Күңiренiп жатасың кеудемде ендi,

Күн түбiнде оқылған отты өлең боп.

Есiл…

Серіктес жаңалықтары