МЕМЛЕКЕТ БАНКТЕРГЕ КӨМЕК БЕРЕДI

МЕМЛЕКЕТ БАНКТЕРГЕ КӨМЕК БЕРЕДI

МЕМЛЕКЕТ БАНКТЕРГЕ КӨМЕК БЕРЕДI
ашық дереккөзі
514

Әлемдiк экономиканы тығырыққа тiреген қаржылық дағдарыстың екпiнiне төтеп беру — қаражаттың жаңа көздерiн табу. Әрине, қиын-қыстау кезеңде демеу болатын қаржы қорын жекеменшiк банктердiң акционерлерi өздерi құра алады. Бiрақ, егер олар қауқарсыз болса, отандық банктерге 5 млрд. доллар көлемiнде қаржы құюға бейiл Үкiмет көмекке келмек.

Сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыста ҚР Үкiметi Қазақстанның 4 iрi банкi — Альянс банкi, ТұранӘлем Банкi, Халық банкi мен ҚазКоммерцбанкiне қаржы қоржынын “СамұрықҚазына” Ұлттық әл-ауқат қорынан бөлiнетiн жалпы көлемi 5 млрд. доллармен толықтыруға ұсыныс жасады. Отырыста “Банктер экономиканың нақты салаларын несиелеуге қауқарлы болу үшiн банк жүйесi өз несиелерiн есептеудi дұрыс қалыптастырып, шығындарының бiр бөлiгiн жабуы керек” – деп мәлiмдеген Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов отандық қаржылық құрылымдардың дамуына қажеттi қаражат тапшылығы орын алған жағдайда банк акционерлерiнiң мемлекет көмегiне жүгiне алатындығын айтты. Мемлекеттiк акционер рөлiндегi “СамұрықҚазына” әл-ауқат қорынан бөлiнетiн қомақты сома елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелендiруге және оны дамытуға, жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге, ауыздықтауға оңайлықпен көнбей отырған инфляцияны жүгендеуге мүмкiндiк бермек.

Мемлекеттiк қаржылық көмек ретiндегi 5 млрд. доллар банктердiң 25 пайыздық акциясына тең. ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Әнуар Сәйденовтiң айтуынша, аталған 4 банктiң ешқайсысы қаржылық қиындыққа тап болмаған, iшкi мiндеттер мүлтiксiз орындалуда, ешқандай заң бұзушылықтарға жол берiлмеген. “Ұсынысқа сәйкес, қосымша қаржыландыру жалпы көлемi 5 млрд. долларға дейiнгi қаражатты құрайтын қарапайым және өкiлеттi акциялардың эмиссияларын қатыстыра отырып, жүзеге асырылады” деген Премьер-министр Мәсiмов қаржылық қолдау банк жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ететiндiгiн, сонымен қатар мемлекет қандай да бiр банктiң бақылау пакетiн иемденбейтiнiн айтады. 4 банктiң 25 пайыздық акциясын уысында ұзақ ұстамауды көздейтiн Үкiмет әлемдiк қаржы алаңындағы ахуал тұрақтанысымен, отандық қаржылық құрылымдарға тиесiлi акцияларды қайтарып беруге мүдделi. Дүниежүзiлiк банк саласы тап болған қаражат тапшылығы сырттан немесе халықаралық қаржылық құрылымдарынан тартылатын арзан несиеден қақты. Қаржылық қадағалау жөнiндегi агенттiктiң жетекшiсi Елена Бахмутова аталған 4 банк Үкiметтiң ұсынысын қабылдауы тиiс деген пiкiрде: “Берiлетiн бағалар әртүрлi әрi көп. Мысалы, рейтингтiк агенттiктер мен шетелдiк инвесторлар банк капиталы қаржылық қауқары сыр берген несиелiк қоржынды жақсартуға жеткiлiксiз деп есептейдi. Осыған байланысты бiз банктердiң акционерлерiне қаржы қорын ұлғайтуға кеңес бердiк. Алайда, ол үшiн банктер не кiрiс табуы қажет, не қаражат деңгейiн жоғарылатуы тиiс. Қазiргi таңда кiрiс кiргiзу қиын болғандықтан, банктердiң үкiметтiк ұсынысты қабылдағаны жөн”. Бахмутованың айтуынша, АТФ пен ЦентрКредит банкiнiң iрi акционерлерi шетелдiк инвесторлар болғандықтан, олармен мемлекеттiк көмеккке қатысты кеңес бөлек өткiзiледi. Тағы бiр маңызды жайт, мемлекеттiк қаржылық көмекке жүгiнуге және ел экономикасын қолдауға байланысты жүргiзiлетiн бағдарламаларға қатысуға республикамыздағы кез келген банк құқылы.

Айтпақшы, Қазақстандағы банктерде қордаланып қалған қарыздарды мемлекеттiк тұрғыда сатып алу жуық арада жүргiзiлмейдi. Өйткенi,мұндай процесс баланстағы құнды қағаздары құнсызданып қалған батыстық банктерге тән. “Бiзде құнсызданған қағаздары бар банктер жоқтың қасы. Банктердiң қоржынындағы құнды қағаздар да аз. Сондықтан негiзгi мәселе несиеге қатысты” (Е.Бахмутова). Есесiне, ұзақмерзiмдiк несиелер белгiлi бiр уақытқа дейiн тоқтатылуы мүмкiн. Бiрақ бұл қарыздарды жоққа шығаруға болады деген сөз емес. Керiсiнше, сол несиелердiң есебiнен келешектегi қаржы қоры қалыптастырылуы тиiс. ҚҚА басшысы банктер еншiсiндегi қаржы қоры 15-30 пайыздан кем болмауы керек дейдi. Ал депозиттердi қосқандағы ақша көлемi 75-90 пайызға теңгерiлмек. Оның пiкiрiнше, ҚР “Қаржылық тұрақтылық туралы” Заң шеңберiнде банктерден қаржылық және банк жүйесiнiң тұрықтылығын қамтамасыз етуге қатысты талаптар отандық банктердi қатаң бақылауда ұстауға және кемшiлiктердi жiбермеуге мүмкiндiк бередi.

“Сақтансаң, сақтаймын” қағидасына сүйенген Үкiмет пен Қаржылық қадағалау жөнiндегi агенттiктiң ұсынысын Халық банкi мен Қазкоммерц банкi сол күнi-ақ қабыл алды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары