ЖАС ТАЛАПТЫҢ IЗДЕНIСI
ЖАС ТАЛАПТЫҢ IЗДЕНIСI
Ықылым заманалардан терең ой мен қысқа тұжырымды қастерлеп келе жатқан халқымыз “Талапты ерге нұр жауар” деген мәндi ғибратты бекер айтпағаны белгiлi. Осыған дейiн өзгелердiң назар аудармай, назар аударғанына шұқшия көңiл қоймай келген мәселеге өз көзқарасын, өзiндiк деңгей биiгiнен пiкiр бiлдiру асқан жауапкершiлiк талғампаздықты талап ететiнi қиын мiндет емес. Әсiресе, әңгiме тақырыбы Қытай Халық Республикасы сынды алып ел, тарихы, мәдениетi мыңдаған жылдарға тамыр тарататын мемлекет туралы болғанда бұл мiндет бұрынғыдан да қиындай, күрделене түсерi бесенеден белгiлi.
Осы елде оқып жатқан ұлан Дәурен Омаровтың “Ерте тұратын ел” кiтабы осындай ауыр талаптарды толық ақтаған. Кiтапқа алғысөзiн жазған Президент сыйлығының лауреаты Н. Жүсiп те осыны айтады. “Жұп-жұмыр. Жеп-жеңiл. Жып-жинақы…”. Материалдарының тақырыптары да шақырып тұр. “Сыр елi және Шың елi”, “Мерекесi мол мемлекет”, “Шың елiнiң шыңдары”,”Жел үйiрген желпуiш”. Бiрiнен-бiрi өтедi. Бұл да — шеберлiк белгiсi. Елтану тұрғысынан өзiндiк байыптама жасап, көршi елдiң игiлiктерiн өз елiмiздiң жетiстiктерiмен салыстыра зерделеген жас талаптың iзденiстерi көпшiлiк оқырман қауымның көңiлiнен шығары сөзсiз. Ендеше, Дәуреннiң кiтабының ендiгi төрелiгiн оқырманның өзi айта жатар.
Ж. Баққондыұлы