МӘДЕНИ МҰРА — МӘҢГIЛIК ҚАЗЫНА

МӘДЕНИ МҰРА — МӘҢГIЛIК ҚАЗЫНА

МӘДЕНИ МҰРА — МӘҢГIЛIК ҚАЗЫНА
ашық дереккөзі
688

Жуырда Үкiмет отырысында Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл Мұхаммед баяндама жасап, 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасының тұжырымдамасымен таныстырды.

“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша бiрнеше жауһар жәдiгерлерiмiз жаңғырып, құнды қазынамыз қайта қалпына келтiрiлдi. 51 тарихи ескерткiш жаңарып, 39 көне қала мен қорғанға археологиялық зерттеу жасалған екен. Осының арқасында бұрынғы бабаларымыз қалдырған аманаты бүгiнгi ұрпағына табыс етiлдi. Төрт жылдың iшiнде талай iс тындырылыпты.

“Төрт жылдың iшiнде өте үлкен нәтижеге қол жеткiздiк. Қазақтың тарихы бiз мектепте оқығанда жұқа ғана кiтап болатын. Мiнекей халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетiн жинақтау үшiн бүгiнгi ұрпақтың кәдесiне жарату үшiн Қазақстан шеңберiнде және сырт жерлерде өте үлкен жұмыстар атқарылды. Соның алғашқы нәтижесi том-том еңбек болып жарық көрдi. Тiптi алды мектептер мен ЖОО оқулықтарына енгiзiлдi”, — дейдi Мұхтар Құл Мұхаммед мырза.

“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша бұған дейiнгi жүйелi жұмыс бұдан кейiн де жалғасын таба бермек. Осыған орай, халқымыздың құндылықтарын қайта жаңғырту бұрынғыдан да ауқымды жүргiзiлетiн болады. Ұлтымыздың ұлы мұрасын ұлықтау үшiн шет елдiң мәдени орталықтары мен көне мұрағаттарының арасында байланыс бекидi. Қазiрдiң өзiнде қазақ мәдениетiне қатысты деректi фильмдер түсiрiлуде. Мәдениет және ақпарат министрлiгi бұған дейiн қазақша жарық көрген жазбаларды шетел тiлдерiне аударуды да жоспарға енгiзiптi. Оның басты мақсаты — ұлттық құндылықтарды халықаралық қауымдастыққа насихаттау. Сондай-ақ, келешекте Ұлы жiбек жолының бойында мұражайлар мен мәдени орталықтар салынатын болады.

“Мәдени мұра бiр күнде немесе 1 жылда атқарылатын шаруа емес, бұл мемлекет басшысының тұрақты бақылауындағы мәселе. Сондықтан оны iске асыру үшiн алдағы үш жылға арналған арнайы тұжырымдама әзiрледiк. Осы 3 жылдың iшiнде стратегиялық жоспарға сай жыл сайын шамамен 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Қажет болса тағы да сұраймыз”, — дедi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл Мұхаммед.

Мәдени мұра мәңгiлiктiң қазынасы. Бiр кездегi алты алаштың арманы — қазiргi азат елдiң ардағына айналып келедi. Ендеше, келер үш жылда халқымыз әлi талай құнды қазынамен қауышып, көне жәдiгерлермен қайта көрiсетiн болады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары