АЙДЫННЫҢ ӨЛIМIНЕ ҚАТЫСТЫ СОТ...

АЙДЫННЫҢ ӨЛIМIНЕ ҚАТЫСТЫ СОТ...

АЙДЫННЫҢ ӨЛIМIНЕ ҚАТЫСТЫ СОТ...
ашық дереккөзі
315

АЙЫПТАЛУШЫЛАР ОТЫРЫСТЫҢ ОРЫС ТIЛIНДЕ ӨТУIН СҰРАДЫ

Бұдан бұрын газетiмiзде Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданы, Малыбай ауылында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапқан Айдын Халықовтың жан түршiгерлiк өлiмi туралы жазған болатынбыз. Айдың-күннiң аманында жергiлiктi қылмыскерлердiң құрбанына айналған 37 жасар ер азаматтың артында төрт баласы мен жесiр әйелi, туған-туыстары еңiреп қалды.

Бұл аздай, маусым айының 26-сы күнi орын алған трагедиядан кейiн Рафаэль Арзиев марқұм Айдынның 12 жасар ұлы Ерболды суға тұншықтырғысы кеп, қастандық жасаса, жергiлiктi құқық қызметкерi Адыл Жамалов қарындасы Толқынды ұрып, жарға жыққысы келген. Бiр отбасыға бiр емес, үш рет қастандық жасалып отырғанда, билiк өкiлдерi селт етпедi. Тiптi, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерi (депутаттар) мән-жайдың астарына үңiлместен бұрын елдi дүр сiлкiндiрген оқиғаны баспасөз беттерiнде әдеттегiдей “жәй ғана төбелеске” жатқызғысы келдi. Шындығында, осы тектес оқиғалар ұлтаралық қақтығыстың шетiн шығармай ма? Кешегi Маловодноедағы, Шелектегi, Маятастағы, Теңiздегi текетiрестен туындаған жанжалдың астарында не жатыр? Әлде, билiк бұл жолы да мәселенi ушықтырмай жылы жауып қойғысы келе ме?

Сонымен, Халықовтар отбасы арыстай ұлынан айрылып қана қоймай, соттан сотқа сандалып, табандарын тоздырып жүр. Айдынның ұлы Ерболды суға батырмақ болған Арзиевтiң соты Талдықорған қаласында өтiп жатса, марқұмның қырық күндiгiнде берген астан кейiн “бұзақылық әрекетке барды” деген Алқамбай Сатыпалдының соты Еңбекшiқазақ ауданының №2 аудандық сотында болды. “Ұлт тағдыры” қозғалысы осы сот процесiне бiр топ журналистiң қатысуына мұрындық жасады. Үш сағатқа созылған сот процесiнiң айыпталушысы Алқамбай Сатыпалды 3 шiлде күнi марқұм Айдынның қырық күндiгi асынан кейiн болған митингте сөз сөйлеп, бiр отбасыға үш мәрте қастандық жасалғанын және жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң заңсыз әрекеттерге барғандығын ашына айтыпты. Өзi де ши тастап жiберсең, лап етуге шақ тұрған халыққа, әсiресе, жастарға бұл сөз қатты әсер еткенге ұқсайды. Әп-сәтте жиналған жұрт дүрлiгiп, жастар жағы қолдарына тас алып, қатар тұрған үйлердiң терезесiне жаудырған. Осы кезде азаматтық киiммен жүрген Iшкi iстер бөлiмiнiң қоғамдық тәртiптi қадағалаушы төрт қызметкерi сонша адамның iшiнен Алқамбай Сатыпалдыны ғана ұстап, қамауға алады. Оған халық алдында әлгiндей намысты сөздi айтқандығы негiз болған. Содан өйтiп-бүйтiп жаланы жапқысы келген куәгерлер 3 шiлдеден берi тергеу амалдарына қатысып, жеке-жеке түсiнiктеме берген. Мәселен, қоғамдық тәртiптi қадағалаушы Болат Ахметжанов: “Малыбайда Айдынның қырқынан кейiн митинг болып, ауылдың ақсақалдары жастарға “Қойыңдар, соғыс болмасын!” деп тәртiпке, ақылға шақырды. Сол мезетте Алқамбай тұрып: “Бiз не қарап тұрмыз?! Қазақтар қырыла бере ме? Олар Айдынды өлтiрдi. Бiз де ұйғырлардың әкесiн танытуымыз керек! Соғыс ашайық, соғысайық!” деп түймедейдi түйедей етiп көрсетiп және “ұйғырлардың үйiн көрсетiңдер деп дәп солардың терезесiн шақты” десе, ал Ұлан Дагаров алдыңғы дәл осы мазмұндас айтқан түсiнiктемесiнен тайқып, “Ұйғырларды құрту керек” деген сөзiмдi қайтып аламын” дедi. Бұл бұл ма, Досқали, Жұмағали Амировтар “Айыпталушы Алқамбай бiз ұйғырлардан өшiмiздi алуымыз керек” деп айтты десе де, сот төрағасының қайта сұрауында “ұйғырларды деген жоқ, оларды деп айтты” деп аузынан шыққан сөздi өздерi шатастырып бiттi. Қысқасы, қанша куәгер болса да, әртүрлi жауап. Бiреуi “тас алып, терезе сындырды” десе, ендiгiсi “көрген жоқпын” дейдi. Нақты дәлел жоқ. Сөз кезегi айыпталушының өзiне келгенде, ол бұл пiкiрмен келiспейтiндiгiн айтты.

Екi ұлт өкiлдерi араласқан төбелестiң бәрiн ұлт араздығын қоздыру деуге бiз де қарсымыз. Бiрақ, әрбiр қылмысты iстiң астарын ашып, ақиқатын айтуымыз да керек.

Және ол қазақ азаматы болғандықтан, қазақтың Айдындай ұлының қырық күндiгiне өз еркiмен келгендiгiн, әрi мұнда жоғарыдағыдай арандатушы ойды айтпағандығын жеткiздi. Бар болғаны “Мен қазақтың азаматымын! Алматыдан келдiм. Ешқандай партия, ұйымнан емеспiн. Бiр отбасыға үш рет қастандық жасалған екен. Неге заңсыз әрекеттерге жол берiледi?” деген сарында ғана сөйлегенiн, қолына тас алмағанын, терезе сындырмағанын және “ұйғыр” деп ұлттың атын атамағанын бiлдiрдi. Ал қорғаушы Тұрған Бердiбаев айыпталушы Алқамбай Сатыпалдыға ҚР Қылмыстық кодексiнiң 257-нiң 2-бабы “Бұзақылық” бойынша, 164-тiң 1-бабы “ұлтаралық алауыздықты қоздырды” деген айып тағып отырғандығын айтты.

Алайда, жәбiрленушi (терезесi сынған) Сайдахмет Хасанов терезенi Алқамбайдың шаққанын көзi нақ көрмеген соң, басынан-ақ кешiрiм жасаған. Бұған дейiн ешбiр қылмыстық әрекетке қатысы болмаған, әйелi, кiшкентай екi баласы мен кәрi әжесi бар азаматтың үш айдан берi қамауда отырғаны түсiнiксiз. Бәрiнен де сот үстiнде қоғамдық тәртiп қадағалаушылардың Малыбай ауылында азаматтық киiммен жүргенiмен қоймай, жастарды тәртiпке шақыра алмағандығы, тек қана қақтығыстың орын алып, кiсi өлiмiне әкелуi мүмкiн жағдайды күткендiгi таңдандырады. Негiзi бiзде бәрi керiсiнше. Бiлдей бiр азаматтың өмiрiн қиып, жер жастандырған қаскүнем қылмыскерлер жер бетiнде тайраңдап жүредi де, есесiне бас жарып, қол сындырмаған жазықсыздар жапа шегiп, басын тасқа ұрады…

Өткен аптада Алматы қаласы экономикалық сотында марқұм Айдын Халықовқа қатысты бес айға созылған тергеу амалдары бiтiп, қолын қанға малған Бахамов Руслан мен Бишанов Базылжанның үстiнен қылмыстық сот процесi басталды. Тағылып отырған айып – ҚР Қылмыстық кодексiнiң 96-бабының 2-бөлiмiнiң тармақтары. Екеуi де бұрын iстi болған. Бахамов екi рет сотталып, соңғы рет 2004 жылы ғана босатылса, Бишанов та бiр рет темiр торға тоғытылған екен. Сот отырысы басталып, хатшы келген жәбiрленушiлер мен куәгерлердiң бар-жоғын бiлген соң, сот төрағасы Тiлеуқабыл Ғалиев айыпталушы екi азаматқа өздерiнiң аты-жөнi, мекен-жайы туралы айтып беруiн сұрағанда, екеуi де орыс тiлiнде жауап қайырды. Алайда, тергеу амалдары кезiнде екеуiнiң де түсiнiктеменi қазақ тiлiнде жазып, “таныстым, оқыдым” деп қол қойғанын әрi мәжiлiстi қазақ тiлiнде өткiзуге келiскенiн қағаз арқылы дәлелдеп баққан сот төрағасы аяқ астынан “Қазақ тiлiн түсiнгенмен, сөйлей алмаймыз” деген екеуге қарсы уәж айта алмады. Олар тiптi, “Бұл түсiнiктеменi бiз жазған жоқпыз, бiрақ астына қол қойдырып алды” деген айла-шарғы тауып, тергеу амалын қайта жүргiзудi өтiндi. Қорғаушының айтуынша, айыпталушының бiрi – орыс, екiншiсi – ұйғыр мектебiн бiтiрген. Оның үстiне алғашқы отырыста-ақ iс барысын орыс тiлiнде өткiзуге байланысты талап-тiлек бiлдiргенi туралы және екi рет абақтыға жабылған Бахамовтың туберкулез ауруына шалдыққандығы жайлы анықтама қағазын тiркетiп үлгердi. Мемлекеттiк айыптаушы Алматы облыстық прокуратурасының прокуроры Кәрима Нұрқамытова: “Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл. Өздерi бар жауапты қазақ тiлiнде бередi де, ендi келiп сот мәжiлiсiн орыс тiлiнде өткiзуге өтiнiш жасайды. Қазақ жерiнде пәленбай жыл өмiр сүрiп, қазақ тiлiнде сөйлеуден неге қашады?” десе де, сот төрағасы: “ҚР “Қылмыстық кодекстiң” 303-бабында iстi қайта тергеуге болатыны туралы жазылған. Онда айыпталушы басқа ұлт өкiлi болғандықтан қай тiлде өтiлуi жөнiнде, iс бойынша түсiнiк беруден бас тартуына, кiнәнi мойындамауына, қысқасы өзiн қорғауына құқы бар делiнген” деп тек қана заңға жүгiнетiндiгiн жеткiздi. Бiрақ та жәбiрленушi тарап екеуiнiң де ауыл арасында қазақша сайрап жүретiндiгiн, қажеттi нәрсеге келгенде қазақша сұрайтындығын ескертiп бақса да сот отырысы осы талаптың салдарынан кейiнге шегерiлiп, тергеу амалдары кезiнде жазылған томдық жазбалар орыс тiлiне аударылатын болды. Тiптi, сот төрағасы қажет болса, қазақ тiлiнде түсiнбеген жерлерiн аударып отыратын арнайы тiлмаштың қатыстырылатындығын да тiлге тиек еттi. Бiр ғажабы, Қазақстанда мемлекеттiк тiлдi бiлмеймiз дейтiндердi қылмысы үшiн заңды жазаға тарту да қиынның қиыны көрiнедi.

Сөйтiп, сот мәжiлiсiнiң алғашқы күнi айыпталушы жақтың өтiнiшiне байланысты қысқа қайырылды. Соттан сотқа сандалған Халықовтар отбасы бiр емес, үш сот отырысына қатысып жүргендiктерiн және сот мәжiлiсiн болмайтын нәрсеге бола кейiнге шегере бермеуiн сұрады. Екiншi шақырылым бүгiн өтпек. Бiз де бұл сот процесi жайлы оқырманға егжей-тегжейлi жеткiзуге тырысамыз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары