ҰСТАЗЫМ МЕНIҢ...
ҰСТАЗЫМ МЕНIҢ...
Алаш жұрты кеше ғана 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен туа бiттi оқымысты Шәкәрiм Құдайбердiұлының баға жетпес құнды шығармаларының iшiндегi мына бiр ой кiмдi де болсын ерiксiз баурап алары сөзсiз. “Бiзше, адам өмiрiн түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негiзгiсi — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуы керек.
Дүниеде бұл үшеуi үстем болмай, адам баласына тыныштық өмiр сүруге мүмкiндiк жоқ”. Ғұлама Шәкәрiм айтқан адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл секiлдi ең iзгi қасиеттерге адам баласы қалайша қол жеткiзедi. Етегiңнен тартып есiңдi кетiретiн мына заманда өзiң талпынып мұратыңа жету әрине, әсте қиын.
Көргенiмiзден көрмегенiмiз көп болса да, сол көргеннен азды-көптi қорытынды шығарған менiң тұрғыластарым бұл сауалға, яғни Шәкәрiм айқындаған адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақылға тек қана көкiрегi иман, жүрегi нұрға толы аяулы Ұстазыңның ақыл-кеңесi мен шынайы жанашырлығының арқасында қол жеткiзерсiң деп жауап қайтарар едi. Қазақ өнерi мен мәдениетiне өлшеусiз еңбек сiңiрген Тұңғышбай әл-Тарази – менiң тұрғыластарыма Ұстаз атанып, шамшырақ болып жол көрсеткен тарланбоз азамат.
Иегiмiз түбiттенiп үлгермеген, бозбала кезiмiз. Ауылдан арман қуып келiп, Театр және өнер институтының табалдырығын аттадық. Сахна тарландарының алдын көрiп, актерлiк шеберлiктiң қыр-сырына қаныққандай болдық. Олардың арасында жасыратыны жоқ, Тұңғышбай ағамыздың шоқтығы биiк болатын. Осыдан отыз сегiз жыл бұрын М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың табалдырығын жасқана аттаған Тұңғышбай ағамызға жарықтық Серәлi Қожамқұлов былай дептi:
— Қарағым, қайда келгенiңдi бiлемiсiң? Станиславский театрды не деп едi?
— «Храм» дейдi ғой, Сераға.
— Ендеше, соны қадiрлеп, қастерлеудi бүкiл табиғатыңа сiңiр. Бұл қара шаңырақ иiсi қазақтың киелiсi. Шұқылап оқитының, зерттейтiнiң — адам, адамның жан дүниесi, табиғаты. Осыны ұғынбайтындар, ұлы өнердiң киесiне ұрынып, бойындағы өнерпаздық қасиетiн шошытып алады. Сақ бол, таза бол.
Қасиеттi қара шалдардан дарыған осынау тазалықты бойымызға мықтап сiңiрген ұстазымызға қашанда алғысымыз шексiз. Әлi есiмде, институтты бiтiрiп, табақтай дипломды қалтаға басқаннан кейiн, «Тағдырдың қай соқпағына түсемiз?» деген сауал көкейiмiзде жатты. Мызғымастай көрiнген Кеңес одағы құлап, көпшiлiктiң әлi де болса, нарықтың қатал сынына үйрене алмай сергелдеңге түскен кездерi едi ол. Содан курстастар кеңесiп мынандай шешiмге келгенбiз. “Бiрлi-жарым театрлар ашылып жатыр. Патша көңiлдi көрерменнiң биiк талғамына жауап бере алатындай құнды дүниелер ұсынып жатса, қанеки. Тұңғышбай ағамыздың құдайға шүкiр абыройы жетедi, егер де жекеменшiк театр ашса, барлығымыз бiр атаның баласындай сол театрға қызмет жасар едiк”. Осы ойымызды ретi келгенде ағаға айттық. Ағайымыз көп ойланбастан “Айналайындар-ай, бұл туралы мен де бас қатырғанмын. Нар тәуекелге барсақ, театрды сiз бен бiз болып ашармыз-ау. Алдағы жылдары түрлi себептер әсер етiп, театрымыз жабылып қалатындай жағдай болса, сендердiң тағдырларың не болмақ”, — деп бұл шаруаға нүкте қойғандай болды. Бiрақ, шәкiрттерiн аға жетелеп жүрiп, әкемтеатрға өзi орналастырып едi. Бүгiндерi ойласам, оқуды жаңа ғана бiтiрген, көрерменге әлi танылып үлгермеген бiздердi, өмiр соқпағына өзi жетелеп әкелiп салған ағаның сол еңбегi шын жанашырлықтан, үлкен қамқорлықтан туған қадам екен ғой. Осыдан жетi жыл бұрын Тұңғышбай ағамыздың “Наз” деп аталатын кiтабы оқырмандар қолына тиген болатын. Осы кiтапты оқып отырып, ағаның актерлер туралы жиi қайталайтын мына сөзi тағы алдымнан шықты. “Актерлердiң әр қилысы бар. Бiрақ, актер қай жанрда ойнамасын, драматургтiң жазғанын оқып, режиссердiң айтқанын орындап қана шықса, ол актер емес. Актер режиссермен тепе-тең тұлға, суреткер. Режиссер тұтас спектакльдiң конструкциясын ойласа, актер өзiнiң нақты рөлiне режиссура жасауға мiндеттi. Бұл ретте ол режиссердiң әрiптесi, көмекшiсi, спектакльдiң сорежиссерi. Әйтпесе, оның несi актер. Сахнаға шығып сөйлей салу, не алшаңдап, не тыпырлап кете салу, костюм киiп, грим жағып, кiрпiк жапсыруға кез келген көшедегi есi дұрыс бiреудiң де шамасы жетедi. Актердi төрт жыл неменеге оқытады. Бойындағы табиғи талантын ұштау үшiн. Осы мерзiмде кәсiбiн игермесе, театр есiгiн ашпасын, театрға құр дипломның қажетi жоқ”. Ұстазымның осы ойларын оқыған сайын, қасиеттi қара шаңырақ атанған әкемтеатрдың табалдырығын үнемi жүрексiнiп аттаймын. Шәкәрiм айтқан адал еңбекке тәрбиелегенi үшiн де Ұстазымызға орнымыздан тұрып, қол шапалақтап құрмет көрсететiн едiк.
Ағамен — соңғы жылдар белесiнде ұстаз бен шәкiрт қана емес, ағалы-iнiлi болып араласып кеттiк. Көбiне көп өмiрдегi адалдық пен тазалық, киелi өнердегi биiк парасат пен рух туралы пiкiр алмасамыз. Бақталастық пен iштарлық жайлы, сосын өткен өмiрдiң кейбiр өкiнiштерi туралы аға тiптi, есiне де алмайды.
Менiң ойымша, актер бақыты көпшiлiктiң құрметiне бөлену. Алпыстың асуына маңдайы жарқырап жеткен ұстазымыз Тұңғышбай әл-Тарази шынайы бақытын киелi сахнада тапқандай. Кемелiне келiп, шығармашылық күш қуаты толықсып тұрған ағаға асқақ өнердiң жаңа бiр белестерiн бағындыруына шәкiртi ретiнде тiлегiм осы.
Асылбек Боранбай