ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАНЫҢ МҮШЕСIНЕ АЙНАЛДЫҚ...
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАНЫҢ МҮШЕСIНЕ АЙНАЛДЫҚ...
Қазақстан жастарды компьютерлiк технологияларды бизнесте қолдануды оқыту бойынша халықаралық жобаның мүшесiне айналды.
29 қазан күнi MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен HP компаниясы Қазақстан Республикасында Get-IT “T-Tools” жобасын енгiзу туралы жариялады. Жобаның негiзiне 16-25 жас аралығындағы жастарды компьютерлiк технологияларды бизнесте қолдануды тегiн оқыту мiндетi жатады. Бiр жылға жоспарланып отырған жоба аясында әрбiр айда 15 адам бiлiм алып шықпақ.
Мамандардың берген бағасы бойынша, елiмiзде бизнес заңдылықтары мен жаңа ақпараттық технологияны бiрдей жетiк меңгерген кадрлардың жетiспеу мәселесi бар. Get-IT “T-Tools” бағдарламасы жоба қатысушыларына ақпараттық-коммуникациялық технологияға сүйенген бизнес дамуының ғаламдық келешегiн анық көре бiлетiн кәсiби менеджер болу мүмкiндiгiн бередi.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, Get-IT “T-Tools” жобасының қатысушылары бiр ай көлемiнде бизнес ортада табысты жұмыс iстеу үшiн қажеттi компьютерлiк технологияларды қолдану дағдысын, жеке сайт құруды, салықтық есеп берудiң халықаралық және жергiлiктi талаптарына сай келетiн бухгалтерия жүргiзудi, сондай-ақ операциялық және қаржылық менеджмент салаларында пайда болатын бизнес мiндеттерiн шешудi үйренiп, бiлiктiлiгiн арттыратын көрiнедi.
“Get- IT “T-Tools” бағдарламасын Еуропның, Таяу Шығыс пен Африканың 18 мемлекетiндегi 35 үкiметтiк емес ұйымы жүзеге асыруда. Бұл жоба экономикалық дағдарыс салдарынан болатын дүние жүзiндегi жұмыссыздық деңгейiнiң өсуi аясында, сондай-ақ Қазақстандағы жас ұрпақтың АТ-бiлiм деңгейiн арттыру қажеттiлiгiн ескерсек, аса өзектi болып табылады”, — дейдi HP компаниясының Қазақстан мен Қырғызстандағы өкiлеттiктерiнiң директоры Мұрат Нұрғали.
Бибiажар Тәңiрбергенова