МIРЖАҚЫП ДУЛАТОВ

МIРЖАҚЫП ДУЛАТОВ

МIРЖАҚЫП ДУЛАТОВ
ашық дереккөзі
413

1988 жылы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы Олжас Сүлейменовтың сұрау салуы бойынша сол кездегi Қазақ ССР-нiң бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов “Алашорда” қайраткерлерiнiң үстiнен жүргiзiлген тергеудiң заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4-қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi коллегиялық мәжiлiсiнде “Кеңес өкiметiн қарулы көтерiлiс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан “Алашорда” қайраткерлерiнiң контр-революциялық, террористiк астыртын құпия ұйымын әшкерелеу iсiне” қатысты сот үкiмi қайта қаралды.

Оған Қазақ ССР Жоғары сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ ССР прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтарға жол берiлгенiн анықтады. Осы жолдардың авторы, сол кездегi Праволық комиссияның төрағасы, “Жұлдыз” журналы сын бөлiмiнiң меңгерушiсi, жазушы Т.Жұртбайдың әдеби сарапшылығымен жасалған қорытынды да, олардың шығармаларында Кеңес өкiметiне қарсы үгiт-насихат жүргiзiлмегенi расталды.

Қазақ ССР қылмыс және праволық Кодекстiң 375 статьясын жетекшiлiкке ала отырып:

“Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дiң (Төтенше Мемлекеттiк Саяси басқармасының – автор) IҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуiрдегi және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлов Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайреддин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын. Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын. Қазақ ССР-нiң Жоғары соты – Т.К.Аймұхамбетов.Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, К.Т.Кенжебаев” – деген шешiм шығарды.

Осы шешiмнiң негiзiнде Жоғары соттың мүшесi Қазықан Кенжебаев Қазақстан КП Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Г.Колбиннiң атына Олжас Сүлейменовтiң қолымен “Алаш” қайраткерлерiн ақтау туралы қорытынды ұсыныстың мәтiнiн даярлады. Қазақстан Орталық комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Ө.Жәнiбековтiң араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды. Сол комиссияның шешiмi бойынша Алаш қайраткерлерiн саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуiр айында осы жолдардың авторына Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң архивiне ресми рұқсат берiлдi.

Мiржақып Дулатовқа:”1.Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған. 2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған” – деген айыптаулар тағылған “Алашорда” үкiметi Кеңес өкiметi жағына шаққаннан кейiнгi құпия қызмет мекемесiнiң күндiз-түнi кiрпiк қақпай аңдығаны “Алашорданың” көсемдерi, соның iшiнде әскери кеңестiң мүшелерi Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов болатын. Олар Ресейде, Қазақстанда, Түркiстанда жүрсiн, бәрiбiр, соңдарына тыңшы қойылды. Төтенше комитеттiң бөлiмдерiне құпия тапсырмалар берiп, қалайда ретiн тауып тұтқынға алу бұйырылды. Алаш әскерiн тiкелей басқарған Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатовтың әр қадамы хатқа түсiрiлiп, шұғыл түрде орталыққа хабарланып отырды. Омбы қаласына барып, кеңес өкiметi жағына шыққанын ресми мойындап, оқу-ағарту мекемесiне қызметке қабылданған бетте М.Дулатов тұтқынға алынып, iсi Төтенше комитетке берiледi. Бұл – сотсыз атылу деген сөз едi. Бұл туралы Д.Әдiлев тергеуде:

“Кейiн қандай да бiр жұмыспен Дулатов Омбыға барады. Сонда қолға түсiп қалады да атуға бұйырылады. Сол кезде Дулатовқа бұрыннан таныс Омбы губисполкомында iстейтiн павлодарлық казак-орыс Полюдов кездесiп қалып, құтқарып алады. Соның көмегiмен Оқу-ағарту комиссариятының өкiлi ретiнде куәлiк берiлiп, еркiн жүрiп-тұруға рұқсат алады. Сонда да оның соңына тыңшы қойылып, тынышын кетiредi. Полюдовқа айтып жүрiп халықаралық вагонмен Ташкентке – Қожановқа келедi” – деп көрсеттi.

Сол “тыңшылық” қашан Дулатов Соловецкi түрмесiнде көз жұмғанша соңынан қалмайды. Ал Омбыдағы оқиға туралы М.Дулатовтың өзi: “Сол кезде маған Кеңес өкiметiне қарсы күрескенiне қарамастан алашордашыларға ВЦИК- тiң кешiрiм жасағаны туралы мәлiмет келдi. Мен 1920 жылдың қыркүйек айында Омбы қаласына келдiм де бiрден Губерниялық атқару комитетiне кiрдiм. Мiне, тура сол кезден бастап менiң кеңес өкiметiнiң жағында iстеген үздiксiз еңбек жолым басталады. Өзiмнiң атқарған лауазымдарым мен iстелген жұмыстарымды тiзiмдеп шықпай тұрып, мына жайды айтқым келедi: Мен Омбы қаласында шығып тұратын “Кедей” газетiнiң бетiнде (1920 жылғы 7 қараша күнi) өзiмнiң Кеңес өкiметiне деген көзқарасым баяндалған және бiздiң өткендегi қайраткерлiгiмiздiң тұсында жiберiлген кемшiлiктерiмiзге тоқталған мақаламды өз атыммен жарияладым. Бұл мақаланы ешкiмнiң зорлауынсыз, еш қай жақтың мәжбүрлiк ықпалынсыз және қорқып емес, арыма жүгiне отырып жаздым. Өз сөзiмнiң шын көңiлден шыққандығын бұдан кейiн iспен дәлелдеуге тырыстым. Омбыда мен бар-жоғы екi ай ғана болдым, онда Ақмола ГуОНО-сы мен Сiбiр ОНО-ның нұсқаушысы қызметiн атқардым. Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетiнiң жауапты хатшысы боп орналастым” – деп баяндайды.

Ташкентке келiсiмен, Д.Әдiлевтiң көрсетуi бойынша, астыртын ұйымға жетекшiлiк еткен және “Ақ жол” газетiнде Кеңес өкiметiнiң саясатын әшкерелейтiн мақалалар жазған. Оны жауапты қызметке тартқан С.Қожанов едi. Д.Әдiлевтiң айғағы бойынша:

“Екiншi бүкiлқазақ құрылтайынан кейiн, 1917 жылы ғой деймiн, Дулатов “Алашорда” орталық үкiметiнiң тапсырмасымен Түркiстандағы қазақтарды “Алашордаға” қосу мақсатымен Түркiстанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетiсу облыстары Қоқан үкiметiне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркiстандағы құрылтайда сөз сөйледi. Қожанов екеуi сонда танысқан екен. Кейiн Дулатов Ташкентке келгенде Қожанов қатты қуанып, оған газет шығаруды ұйымдастыруды тапсырады. Бiрнеше күннен кейiн ол “Ақ жол” газетiн ашты. Ресми редакторы Қожанов болғанымен де сол кездегi бар жұмысын Дулатов жүргiздi. Сол тұста Жетiсуда жер реформасы жүргiзiлдi. Оған Сафаров пен Қожанов қатысты. Орынборлықтар Дулатовты Қожановтың жақын тартқан қызметкерi деп есептейтiн. Сондықтан да орынборлықтар Ташкенттегi астыртын ұйым құруды Дулатовқа тапсырады”.

“Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетiнiң жауапты хатшысы боп орналастым. “Ақ жолда” 1921 жылдың мамыр айына дейiн iстедiм және өзiме көрсетiлген сенiмдi толық ақтадым, кей кездерi бас мақала жаздым, оларды қазiр санап бере алмаймын, алайда Кронштад оқиғасы туралы бас мақаланы менiң жазғаным есiмде. “Ақ жол” газетi және оның iшiнде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туралы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлi таластар жүрiп жатыр, оның барлығының мен iстеген кезге ешқандай қатысы жоқ” – деп жауап бердi.

1920 жылдың қарашасынан 1921 жылдың мамыр айына дейiн, яғни, тура алты ай қызмет iстеген кездегi М.Дулатовтың шығармашылық мұрасы кеңестiк идеологияға жетпiс жыл “азық” болды. Бұдан көсемсөз иесiнiң қаламгерлiк қуатының қаншалықты қасиетке ие екендiгi анық танылады. Мiне, алты айдың iшiнде артына “осыншама өлмейтiн сөз қалдырған” М.Дулатов (Д.Әдiлев пен Х.Болғамбаев Бұқараға кеткен күнi) тергеушiге:

“1921 жылы үйелменiмнiң соңынан Семейге бардым да, үй-iшiмнiң жағдайына байланысты сонда қалуыма тура келдi. 1921 жылы Семей уезiнiң халық тергеушiсi боп iстедiм, ал сол жылы күз айында заң қызметкерлерiнiң губерниялық құрылтайында Семей губерниялық халық сотының төрағасының орынбасары боп сайландым. 1922 жылдың мамыр /май/ айына дейiн осы мiндеттi атқардым. Асырып айтқандық емес, осынау қысқа мерзiм iшiндегi менiң жiгерiм мен адал еңбегiм губерниялық сот мекемелерiнiң беделiн қазақ тұрғындарының арасына ерекше көтерiп кеттi (Мен қазақ бөлiмiн басқарған болатынмын). Бұл жайды сол кезде Семейде iстеген жолдастардың бәрi де жақсы бiледi” – деп жауап бердi.

Қазақстанның жерiне өткеннен-ақ қырын көздер сұғын қадады. Сол кезде Ә.Бөкейханов та Семейге келдi.

“Бөкейхановтың Семейге кетуiнiң себебi: бастапқыда Монғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдай қалай бетбұрыс жасайды, соның аңысын байқап отырғысы келдi, кейiн Бакичтiң бандыларының әскери әрекетiн күттi, ендi мiне, оның Унгернмен байланысы баспасөзде жарияланды. Мұның барлығы Бөкейхановтың Кеңес өкiметiн құлату үшiн жатпай-тұрмай күресiп жүргендiгiн байқатады” – деп түсiндiрдi тыңшылар.

Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов сияқты “Алашорда” үкiметi әскери кеңесi мүшелерiнiң үшеуiнiң бiрдей бiр қалада бастарының қосыла қалуы Төтенше комитеттi қатты алаңдатты. Олар үшеуiне де бақылау қойып, оның нәтижесiн үздiксiз жоғарыға:

“Дулатов Мiржақып – Торғай уезiнiң Сарықопа деген жерiнде туған. Арнайы педагогикалық класты бiтiрген, мұғалiм болған және әдебиетпен айналысқан. 1917 жылдан “Алашорда” үкiметiнiң мүшесi, “Қазақ” газетiнiң бас қызметкерi. Кеңес өкiметiне қарсы соғысқан 1918 жылғы I және II жалпықазақ атты полкiн ұйымдастырушылардың бiрi. Соңғы төңкерiске дейiн Түркiстанда болған, ондағы “Ақ жол” газетiнде iстедi, 1921-1922 жылдары Семейге ауысты, Семей губерниялық халық сотында, соңғы кездерi Аштарға көмек комиссиясының жетекшiсi. Дулатов – жiгерлi, алғыр. Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуi қазақ қызметкерлерiнiң iшiндегi ең баскөтерерлерi, жоғарыдағы көрсетiлген бағытта iстелетiн жұмыстардың барлығы да осы үшеуiнiң ақылымен iстеледi” – деп ( “Алашорда қозғалысы”, 3 том, 2 кiтап,1 13-114 беттер) хабарлап отырды.

Бұл мәлiметтiң бiз үшiн құндылығы – алаш ардагерлерiнiң өмiрiнен, iс-әрекетiнен, мiнезiнен қосымша мағлұматтар бiлемiз. М.Дулатов өзiнiң Семейдегi қайраткерлiгi туралы:

“1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерi мен Орал губерниясының бiр бөлiгi жаппай ашаршылыққа ұшырады. Мен Семейдегi “Қазақ тiлi” газетi арқылы ол туралы ең бiрiншi боп мақала жазып, мынадай ұсыныстар жасадым: темiр жолдан 400-500 шақырым шалғай жатқан әрi шашыраңқы қоныстанған далалық аудандарындағы елдi мекендерге мемлекеттiң көмегi дер кезiнде жетiп үлгермейдi, сондықтан губерниялардағы қазақ қызметкерлерiн жаппай iске тартып, оларды ел арасына жiберiп, жұрттан ерiктi түрде мал жинауға жiберу керек, сөйтiп, жылудан құралған малды ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткiзу қажет деген ұсыныс жасадым. Мен бұл ұсынысымды көпшiлiк қауым қызу қолдады және осы мәселе туралы шығарылған мәжiлiсте де менiң жоспарым мақұлданды, кейiннен оны Губерниялық аштарға көмек комитетi мен ашаршылыққа ұшырағандарға көмектесетiн орталық топ қолдап, iске кiрiсу туралы нұсқау бердi. Осы жұмыстың нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде 15 мыңға жуық iрi қара мал жиналып, олар ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткiзiлiп, тұрғындарға таратылып берiлдi. Ұйымдастырушы әрi үгiтшi ретiнде үш уездi жаз бойы аралап шықтым” – деп мағлұмат бередi.

Иә, бұл арада атақты адвокат Плеваконың: “Сорлы Ресей бәрiн де кешiре алады, бiрақ бiр кемпiрдiң кiрлiк ұрлағанын кешiре алмайды. Оған намысы жiбермейдi” – деген қанатты кекесiнi еске түседi. Кеңес өкiметi 1921-1922 жылғы бiр жарым миллион қазақтың аштықтан қырылғанына жол берген большевиктердiң дәрменсiздiгiне төзе алатын, ал оларды ажалдан құтқарып, адамгершiлiк пен азаматтық парызын өтегендердiң “қастандығын” ешқашанда кешiре алмайтын. Аш адамға “құрғақ жасасындатқандардан” гөрi, бiр тiлiм нан берген “дұшпан” артық болатын. “Алаш” ардагерлерiнiң беделi асып бара жатқанын анық сезiнген олар “шыдамастық жасап”, халықтың шынайы достарын “халықтың нағыз жауы” ретiнде көрсетуден басқа амалдары да қалмап едi.

Қазақстан чекистерiнiң “көсемi” Каширин мен тергеу бөлiмiнiң бастығы Якубовский бұл туралы:

“Бөкейханов пен Дулатовты Семей губерниялық бөлiмi жолдаған ақпараттарға сүйенiп, солардың сұрауы бойынша тұтқындауға рұқсат берiп едiк, мұның барлығы да кейiн өтiрiк болып шықты. Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтiң қазiргi губаткомның төрағасы Досовтан талап еткенiндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегi қазақ қызметкерлерi арасында қажетсiз керiс туғызуы мүмкiн. Мұны ГПУ қызметкерлерi кездейсоқтық деп түсiндiруi қажет. Соңғы уақытта бiрiншi топтың мүшелерi Орынборға жиналып жатқаны байқалады” – деген мағлұмат бередi.

Иә, “қателескенiн” мойындағандарына да тәубә. М.Дулатовтың бұдан кейiнгi өмiрi туралы Қазақ автономиясының бас чекисi Каширин 1922 жылы 12 желтоқсан күнi өте құпия түрде:

“Алашорда туралы: бiздiң бұдан бұрынғы жолдаған №2265 хабарымызға қосарымыз мынау. 7 желтоқсан күнi Әлихан Бөкейханов Москваға – Сталинге жолығуға жүрiп кеттi. Агентуралық ақпараттарға қарағанда Бөкейхановтың Москвада қалып, Ұлттар жөнiндегi халық комиссариятында қызметке қалғысы келедi. Әлихан Бөкейхановтың жолға шығуына және Мiржақып Дулатовтың түрмеден шығуына байланысты Дулатов келiп түскен Ахмет Байтұрсыновтың үйiнде бас қосты…Әңгiме кезiнде Бөкейханов өткендi еске алумен болды, бүгiнгi күннiң мәселесiне тоқталмады… Бөкейханов: Қазақ жер комитетiнiң “мамандары” Яновский мен Энгельдгардтың қазақтарды жерге орналастыру жоспары өмiрi iске асырылмайтын жоба, кейiнгi кезде Кеңес өкiметiнде қызмет ететiн алашордашылар баспасөзде естелiк жаза бастапты, саяси iске араласпаймын деп қолхат бергемiн, сондықтан да ашық пiкiр бiлдiре алмаймын – деп кекете сөйлегенiнен басқа саяси мәселе көтерген жоқ” – деп баяндады.

Мiржақып Дулатовтың баспасөзге орналасу қажеттiгi сол отырыста мақұлданыпты-мыс делiнедi. Ал кәсiби журналистiң баспасөзден басқа қайда барып қызмет етуi мүмкiн? Соған да “Алашорда” үкiметiнiң қаулысы керек пе?

М.Дулатов: “Қырдан Семей қаласына қайтып келiсiмен тұтқынға алындым да, iле Орынбордағы ПП ОГПУ-дiң Қазақстан бойынша өкiлдiгiне жiберiлдiм, ұзамай абақтыдан босатылдым. Орынборда қазақ мемлекеттiк баспасына жұмысқа тұрып, бөлiм меңгерушiсi болып iстедiм, 2 жыл қазақ халық ағарту институтында оқытушы болып сабақ бердiм. ГПУ мен Мұғалiмдер курсында дәрiс оқыдым. Төрт жылдан берi “Еңбекшi қазақ” газетiнде қызметкер болып iстеп келдiм, 1922 жылдан бастап мен қазақ тiлiне 20-дан астам кiтап пен кiтапшалар аудардым”.

“Ақ жол” газетi және оның iшiнде саяси мазмұндағы ұстамдықтар туралы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлi таластар жүрiп жатыр, оның барлығының мен iстеген кезге ешқандай қатысы жоқ” – деп жауап берсе де, жазасыз қалмады.Тергеушiнiң:

“Сталиннiң арнайы жарлығымен жабылған, Ташкентте шығып тұратын “Ақ жол” газетiнiң жабылу себебi неде?” – деген сұрағына М.Дулатов:

“Астана Қызылордаға көштi, ал оның орнына “Еңбекшi қазақ” газетiн қалдыру туралы шешiм қабылданды. “Ақ жол” газетiнде мен iстеп жүргенде ешқандай идеологиялық ауытқушылық болған жоқ “ – деп жауап бердi.

Тергеу барысында ол өзiнiң “қылмысы” ретiнде жалғыз-ақ мәселенi мойындады:

М.Дулатов: “Осы уақытқа дейiнгi iстеген қызметiмнiң ешқайсысында кеңеске қарсы бiр де бiр әрекет жасалған емес. Тек соның iшiнде өзiм ашық түрде қарсы болған бiр мәселе – қазақ әрпiн латын қарпiне көшiру жайы болды. Мен өзiмнiң бұл пiкiрiмдi кеңеске қарсы бағытталған iс деп есептемеймiн. Мәселе әлi толық шешiлiп болмағандықтан да, мен өзiмнiң пiкiрiмдi бiлдiрдiм, себебi, латын қарпiне көшуге әлi ерте, оған қаржы қажет, одан да сол қаражатты бұдан гөрi дiлгiр қажеттiлiктерге жұмсау керек деген ойымның дұрыстығына өте сенiмдi болдым”.

Мәселе – қазақтың латын әрпiне көшу-көшпеуiнде емес, осыдан екi-үш күн бұрын жауап берген Д.Әдiлевтiң көрсетiндiсiндегi Голощекинге қарсы ұйымдастырылмақ “террорлық әрекетте” болатын:

Д.Әдiлев (бұрынғы көрсетiндiсiнiң жалғасы. Бiз 1929 жылдың 3 қаңтар күнгi көрсетiндiсiн негiзге алдық): “…Сондықтан да, 28 жылы күзде Нұрланды Қызылордаға жiбердiм де, оған Голощекиннiң қазiр қайда екенiн Дулатовтан сұрап бiл – деп тапсырма бердiм. Осыдан-ақ ол iстiң мәнiсiн айтқызбай түсiнiп, не iстеу керектiгiн айтар деп ойладым. Нұрланның не деп және қалай жеткiзгенiн бiлмеймiн, бiрақта мен Нұрлан арқылы Голощекиннiң өмiрiне нақты қандай жолмен қастандық жасаймын деген сөздi қадағалап сұрағамын жоқ. Тек Дулатовпен әңгiмелесе қалған кезде Голощекиннiң қайда екенiн бiл деп қана айттым.

Қайтып оралғаннан кейiн Нұрлан маған, Дулатовтан Голощекиннiң қайда екенiн сұрағанын, сонда ол: “Голощекин қазiр Қызылорда қаласында тұрады, бiрақта, Голощекиннiң өмiрiне қастандық жасау мәселесi әзiрше ашық қалды, себебi, бiреуiнiң көзiн құртқанмен бәрiбiр екiншiсi келедi. Сөйтiп, жаппай жазалау басталады, ал бiз мұнда үй-iшiмiзбен тұрғандықтан да қол-аяғымыз байлаулы, сондықтан да бұл әрекет өзiнiң керi нәтижесiн беруi мүмкiн”, – деп жауап бергенiн айтты.

Мiне, бұл мәлiметтi шұғыл түрде айғаққа айналдырып, Дiнмұхамед Әдiловтiң көрсетiндiсiнде аты аталысымен, 1928 жылы 29 желтоқсан күнi “Алашорданың” ең белсендi көсемсөз көсемi, “Алашорда” жасағының әскери кеңесiнiң төрағасы болған Мiржақып Дулатовты, тiзiм бойынша төртiншi айыпкердi тұтқынға алды.

1929 жылы I/I күнi тергеуге алынған Мiржақып Дулатовтың жауабының хаттамасы.

“Мен, 1885 жылы Торғай обылысының Торғай уезiнiң Сарықопа болысына қарасты №1 ауылда тудым. (Бұл қазiргi Қостанай облысының Наурызым ауданы). Ата-анам мал шаруашылығымен айналысқан, ортадан төмен дәулетi болды. Анамнан емшектегi кезiмнен айырылдым, ал әкем 12 жасымда қайтыс болды. Ауыл мектебiнде 2 жыл оқыған соң, 1897 жылы Торғай қаласындағы 2 кластық орыс-қазақ мектебiне түстiм де, оны 1901 жылы бiтiрiп шықтым, одан кейiн Қостанай қаласындағы бiржылдық мұғалiмдiк курсты 1902 жылы тәмамдадым. 1902-1904 жылдың арасында (аздаған үзiлiспен) Торғай уезiнде мұғалiмдiк қызмет iстедiм. 1904 жылы сонау Қытай шекарасынының түбiндегi Семей облысының Зайсан уезiндегi ауылдық мектептердiң бiрiне ауыстырылдым, онда 1907 жылға дейiн болдым…” – деп басталады.

Бұдан кейiн өзiнiң “ұлтшылдық көзқарасының” қалыптасуына тоқталады Өзге хаттамаларға қарағанда Мiржақып Дулатовтың анкеталық-өмiрбаяндық жауаптары машинкаға басылған. Майталман журналист Жақаңның-Мiржақыптың өзi басты ма, жоқ, тергеушiлер тасқа түсiрдi ме, ол жағын ажырата алмадық.

М.Дулатов (жалғасы): “Сауатымның төмендiгiнен, бiлiмiмнiң жетiмсiздiгiнен, шәкiрттiк жылдарымның Торғай мен Қостанай сияқты түкпiрдегi қалада өткендiгiнен, сондай-ақ ауылда бес жыл жүрiп қалуым жалпы саяси мәселелермен танысуға және онымен айналысуыма мүмкiндiк бермедi, сондықтан да сол кезге дейiн мен саяси тұрғыдан алғанда сауатсыз болдым, Патша үкiметiмен күресетiн саяси партиялардың бар екендiгiн тек Байтұрсыновтан ғана естiдiм. Мен тұрған қиыр шеттегi Зайсан уезiне 1905 жылығы революциялық қозғалыстың жаңғырығы өте әлсiз естiлдi, соған қарамастан патшалық құрылымға деген жеккөрiнiштi сезiмiм оянды, өйткенi Патша үкiметiнiң қазақ халқына iстеген күнделiктi тiршiлiктегi әдiлетсiздiгi мен зорлық-зомбылығын байқай бастадым.

1907 жылы менi Омбы уезiндегi ауыл мектебiне ауыстырды, 1908 жылы жаз айында халық мұғалiмдерiне арналып Омбы қаласында ұйымдастырылған бiр жарым айлық ауыл шаруашылық курсына тап болдым. Осы курста оқи жүрiп Омбы қаласындағы почта-телеграф чиновнигi Кухтеринмен кездейсоқ таныстым, ол менi социал-демократиялық партияның үйiрмесiне алып барды. Өкiнiшке орай үйiрме жұмысына ұзақ қатысуға мүмкiндiгiм болмады, екi-ақ рет қала сыртындағы орманда өткен астыртын жиналысқа қатыстым. Ауылға кетуге тура келгендiктен де аталған үйiрмемен байланысымды үзiп алдым.

Ешқандай сыртқы мәдениетпен байланысы жоқ, өз бетiңше бiлiмiңдi жетiлдiруге кiтапханасы жоқ ауылда ұзақ тұрғандықтан да, орыс тiлiн мүлдем ұмыта бастадым, қалалық мектепке ауысу туралы бiрнеше реткi ұмтылысым сәтсiз аяқталды. Сондықтан да 1909 жылы ауылдағы мұғалiмдiктi тастап Петропавл қаласына ауыстым, онда халық сотында iс жүргiзушi болып iстедiм. Сонымен қатар шәкiрт қазақтар оқитын Хасен Пономаревтiң жекеменшiк мектебiнде сабақ бердiм.

Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткiзуге болмайтын: губернаторлар мен ояз бастықтарын былай қойғанда, озбыр урядниктiң алдында қазақ елi дiрiлдеп, қалтырап тұратын. Олардың адам шыдамайтын қорлықтарына төздi. Бұған можантопай шенеуiнiк-тәржiмашылар мен болыстардың алым-салығы, зорлығы, парақорлығы, жалған арыздары қосылды. Қазақ әйелдерi күң есебiнде өмiр сүрдi. Құнарлы жерлер тартып алынып, ешқандай есепсiз қоныстандырушыларға берiлдi. Ал қазақтардың өздерiн ен далаға қуып тастады. Патша өкiметi мектеп ашуға ұмтылмақ түгiл, керсiнше, өз қаражатымен оқытатын қазақ мектептерiн ашуға рұқсат бермедi. Мектеп ашуға ұмтылғандарды (мысалы: Қосшығұлов, Науан қазiрет т.б.). Якутияға жер аударды. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету деген ұғым мүлдем жоқ болатын. Сондықтан да қазақтар орыс бiткеннiң бәрiн, оның қандай адам болғанына қарамастан, жек көрдi. Соған орай: “Сары орыстың бәрi орыс”, “Орыстан досың болса – қасыңда қара балтаң болсын” деген мәтелдер шықты. Ұлтаралық қайшылық қолдан жасалды және оны өздерi қасақана ушықтып отырды. Егерде қоныстанушы орыс мұжығының аты жоғалса, оны мiндеттi түрде көршi қазақ ауылынан өндiрiп алды. Патшаның сотынан қазақ өрттен бетер қорқатын. “Оттан, судан сақта, Құдай, орыстың сотынын сақта, Құдай” – деп құдайға жалбарынатын. Соттан еш әдiлдiк болған жоқ, олар жалған арызға сендi. “Орыс шынға нанбайды, өтiрiкке нанады” деген қазақ мәтелi содан туды. Алым-салық пен қарашығынның салмағы кедейлердiң мойнына түстi. Бiрнеше жүз мал иесi мен он-он бес қарасы бар кедейге бiрдей салық салынды.

Қазақ халқы, мiне, осындай тұңғиықтың iшiнде өмiр сүрдi. Патша үкiметiнiң отаршылдық саясаты бұрын-соңды болып көрмеген қарқынмен жүргiзiлдi. Осының бәрiн көре тұрып, өзiмнiң бiлiмiмнiң аздығына қарамастан бойымдағы қабiлетiмдi езiлген, қорланған халқыма жұмсағым келдi. Ол жылдары бiзде жазба әдебиет жоқ болатын, ал күнделiктi баспасөз туралы айтуға да болмайтын. Сондықтан да мен баспасөз арқылы ойымды жеткiзуге ұмтылдым. 1910 жылы “Оян қазақ!” атты өлең кiтапшам жарық көрдi. Ол аз уақыттың iшiнде екi рет басылып шықты. Сонымен қатар “Бақытсыз Жамал” атты хикаятым жарық көрдi. Бұл кiтаптар татар баспаханасында басылды, бiздiң төл баспаханамыз әлi жоқ болатын. Бұл кiтаптар қазақ арасына кеңiнен тарап кетттi, iшiндегi өлеңдердi жаттап алды. Сол кезде қазақ тұрғындары арасында революциялық әдебиеттiң пайда болғаны туралы жандермерия басқармасына арыз түстi. 1911 жылы үкiметке қарсы идеяны насихаттағаным үшiн және патшаға баспасөз арқылы тiл тигiзгенiм үшiн бiр жыл қамақта отырсын деп үкiм шығарылды. Алдын-ала жүргiзiлген тергеу мерзiмiн қосқанда екi жыл түрмеде жаттым. Осыдан кейiн менiң атым қазақ арасында кеңiнен танымал болды, жоғарғыдан басқа сiңiрген еңбегiм жоқ едi.

Түрме мерзiмi бiткеннен кейiн 1913 жылдың басында Орынбор қаласына келдiм. Дала генерал-губернаторының пәрменiмен қазақ өлкесiнен шеттетiлген Ахмет Байтұрсынов сонда тұратын. Мен келердiң алдында ғана Байтұрсынов “Қазақ” газетiн шығарыпты. Мен редакция хатшысы болып орналастым. Басылым қаржысы өте аз, әркiмнен жиналған 450 сом ғана бар екен. Газеттте екеумiз ғана iстедiк. Менiң күнi-түн жұмыс iстеуiме тура келдi. Хаттарды жолдау, көшiру, мақалаларды қорыту, қатесiн түзеу, теру, тарату iстерi толықтай менiң мойныма жүктелдi. Газет аптасына бiр рет шағын көлемде шығатын. Газеттiң таратушысы мiндетiн де мен атқардым: бiр жылдың iшiнде газет Павлодар, Омбы Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Түркiстан, Шымкент, Әулие-Ата, Ташкент және т.б. қалаларға тарады. Газетiмiз көпшiлiктiң ықыласын аударды, сөйтiп патша әкiмшiлiгi де көз сұғын қадай бастады. Аз уақыттың iшiнде 3-4 рет қатарынан 300-ден 3000 сомға дейiн айып салды. Қазақ газетiнiң әр саны шыққан сайын жанашырларымен қоса жауын да көбейтттi. Өйткенi газетте болыстардың, шенеунiктердiң, тәржiмашылардың, атқамiнерлер мен байлардың парақорлығы, кедей-кепшiктi тонауы ашық сыналып жазылды. Газет жұмысымен қоса мен Байтұрсыновпен бiрiгiп бастауыш мектептерге оқулық құрастырдым. Сол кезде бiз құрастырған оқулықтар осы күнге дейiн пайдаланылып келедi. Оның кейбiреулерi Кеңес өкiметi тұсының өзiнде он рет басылды.

Сол кездегi қазақтың оқыған қызметкерлерi “Қазақ” газетiнiң айналасына топтасты. Өйткенi бұдан басқа мәдени және қоғамдық саяси ошақ болған жоқ. Көпшiлiкке танымал осындай газетте iстеу менiң атымды қазақ iшiне бұрынғыдан да кең таратты. Оның үстiне әшкерелеушi мақалалардың көбiн мен жаздым”.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Жалғасы бар

Серіктес жаңалықтары