ЕУРОАЙМАҚТАҒЫ РЕЦЕССИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА САБАҚ БОЛА МА?
ЕУРОАЙМАҚТАҒЫ РЕЦЕССИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА САБАҚ БОЛА МА?
Бiр жарым айдан кейiн есiк қағатын 2009 жыл – дүниежүзiлiк экономика үшiн аса ауыр жыл болмақ. Жер шарының барлық елi экономикалық дағдарыстың соққысына төтеп берудiң барлық айла-шарғысын жасап жатыр. Ал Қазақстан Үкiметi дағдарысқа қарсы бағдарламаны iске қосуға асығар емес.
Америкалық ипотекалық дағдарыстан басталған әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқынын Қазақстан былтыр күзде сезiндi: отандық коммерциялық банктер сырттан келетiн арзан несиеден қағылды, жылжымайтын мүлiк нарығында тоқырау басталды, ауыл шаруашылығы саласы қиындыққа ұрынды. 2007 жылдың соңғы айларында Үкiметтiң шешiмiмен шағын және орта кәсiпкерлiкке, екiншi деңгейлi банктер мен құрылыс саласына қаржылай қолдау көрсету мақсатында мемлекеттiк бюджеттен 4 млрд. доллардың көлемiнде қаражат бөлiнген. Бiрақ бiздiң банктер 12 айда халық қазынасынан бөлiнген сол соманың 100 пайызын тұрмақ, 50 пайызын да игерiп үлгермептi. “Ай” дер ажа, “қой” дер қожа” жоқ. Банктердiң жауапкерсiздiкке, немқұрайдылық пен ашкөздiкке ұрынғаны айқын. Халықтың қалтасынан шыққан ақшаны банктер қалай жаратып жатыр деген сұрақпен Үкiмет те бас қатырмаған. Арада жылға жуық уақыт өткенде Министрлер кабинетi: “Қаржыны 2008 жылдың 1 желтоқсанына дейiн игермеген банктерден қаражатты қайтарып аламыз” деп қорқытты. Ал iс жүзiнде, мемлекеттiк бюджеттен қаржылық дағдарыстың алдын алу үшiн бөлiнген соманың қайда және қалай жұмсалатыны туралы жоспар, яғни, дағдарысқа қарсы мемлекеттiк бағдарлама түзiлуi тиiс едi. Мәсiмовтiң командасы ойланып-толғанып жүргенде, арада жыл өттi. Ал арқа-басты кеңге салғыш банктер айналдырған 2 аптаның iшiнде қай және қанша кәсiпкердiң шекесiн “шылқыта қояры” белгiсiз. Ал қоғамдағы орташа топ өкiлдерiн қалыптастыруға ықпал етушi күш – отандық кәсiпкерлiк саласы несие ала алмай банктердiң есiктерiн тоздырып жүр.
Қазiргi таңда әлемдiк экономиканың жағдайы мәз емес. Жетi жылдан берi үдерiстi даму үстiнде болған Жапония экономикасы соңғы екi тоқсанда сыр бердi: 2008 жылдың сәуiрi мен маусым аралығындағы елдiң IЖӨ деңгейi 0,9 пайызға теңгерiлдi. Әлемдiк экономикалық дағдарыстың кесiрiнен күрт қысқарған тұтынушылық нарық жапон тауарларына деген сұранысты едәуiр азайтты. Өткен аптада Еуропалық Одақтың статистикалық агенттiгi – Еurostat еуропалық аймақта рецессияның басталғанын ресми түрде мәлiм еттi. Бұл – еуропалық валюта айналымға енгiзiлгелi берi болмаған жайт. Агенттiктiң деректерiне сүйенсек, 2008 жылдың сәуiрi мен маусым аралығында ЕО құрамындағы ортақ еуропалық валютаны қолданатын 15 мемлекеттiң IЖӨ деңгейi 0,2 пайызға қысқарған. Ағылшындар елiнiң орталық банкi – Bank of England (Англия банкi) ел экономикасының тоқырауға ұшырағанын, бұл келеңсiздiктiң 2009 жылы да жалғасын табатынын мәлiмдедi. Германия үкiметi IЖӨ деңгейiнiң үшiншi тоқсанда 0,4 пайызға төмендегенiн жеткiздi. 2008 ж. қаңтар-қыркүйек айларында немiс тауарларының экспорты 11,4 пайызға қысқарған. Керiсiнше, елдегi импорт көлемi тым ұлғайып барады. Кәрi құрлықтағы алпауыт елдiң экономикасы тығырыққа тiрелгендiктен, төртiншi тоқсандағы ахуал да көңiл көншiтерлiктей болмайтыны анық. Ағылшындар елiндегi iскерлер қауымының мүддесiн қорғайтын Британдық өндiрiс конфедерациясы Англиядағы рецессияның ұзаққа созылатынын және оның салмағы тым ауыр болатынын ескертедi. Конфедерация өкiлдерiнiң пiкiрiнше, 2009 жылы өндiрiс көлемi 1,7 пайызға қысқарып, 2010 жылы жұмыссыз қалған британдықтар саны 2,9 млн.-ға жетпек. Жуырда ағылшындар елiндегi ең iрi кәсiподақ ұйымы саналатын Unite экономикаға серпiн беретiн жаңа жоба ұсынды. 10 бөлiмнен тұратын бұл ұсыныс қоғамдық қажеттiлiкке керектi қаржыны көбейту, несиенi қайтара алмаған клиенттердiң жылжымайтын мүлiктерiн жаппай тәркiлеуге көшкен банктердi тоқтату, әлеуметтiк ахуалы төмен отбасылар үшiн миллион арзан үй салып, энергетикалық компанияларға салынатын салық салмағын арттыру, қаржылық саланы бақылауды күшейту, жұмысшыларға берiлетiн құқық аясын кеңейту т.б. мәселелер бар.
Әлем дағдарыстан шығатын жолды табуға жанталасуда. Үстiмiздегi жылдың 15 қарашасында Вашингтонда бас қосқан G20 (“Үлкен жиырмалық”) – АҚШ, Түркия, Франция, Германия, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Бразилия, Қытай, Аргентина, Үндiстан, Ресей, Сауд Аравиясы, Оңтүстiк Корея, Индонезия, Мексика, Оңтүстiк Африка мен Еуропалық Одақ, сондай-ақ, БҰҰ, Дүниежүзiлiк банк, Халықаралық қаржы қоры, Қаржылық тұрақтылық форумының өкiлдерi әлемдiк экономиканы тығырықтан алып шығатын ортақ деклорацияны қабылдады. Аталған құжатта 5 негiзгi қағида баса айтылған: жариялылық пен есеп беру процесiн ашық жүргiзу, сенiмдi реттеудi күшейту, қаржы нарығындағы адалдықты қолдау, халықаралық серiктестiктi нығайту, халықаралық қаржылық құрылымдарды күшейту. “Үлкен жиырмалық” 1944 жылы Бреттон-Вудтық келiсiмге сәйкес құрылған халықаралық құрылымдар – Халықаралық қаржы қоры мен Дүниежүзiлiк банктi реформалау туралы ұсыныс айтты. 2009 жылдың 31 наурызында қайта кездесетiн боп келiскен еуропалық және азиялық шенеунiктер халықаралық қаржылық нарықтағы жағдайды жiтi қадағалай отырып, оны жақсартудың шараларын жүзеге асыруды көздейдi. Әрине, саммитке қатысушылардың келiспеген тұстары да жетерлiк. Мәселен, кәрi құрлық әлемдiк нарықты үкiметтер қатаң бақылауға алсын десе, АҚШ пен оның пiкiрiн жақтайтын басқа елдер нарықты қадағалау мәселесiнде шектен шығып кетсек, экономиканың дамуына керi әсер етедi деп наразы. Әрине, дағдарысқа қарсы шара әрбiр мемлекеттiң iшкi экономикалық ахуалын ескере отырып жүргiзiледi. Демек, Қазақстан үкiметi сан соғып қалмас үшiн етек-жеңiн тез жинап, дарғдарысқа қарсы бағдарламаны тез қабылдауға мiндеттi. Аталған құжатта “СамұрықҚазына” әл-ауқат қоры арқылы тиiстi орындарға жеткiзiлетiн мемлекеттiк қаржылық қолдау есебiндегi 15 млрд. долларды жұмсау мен уақытылы игеру мәселелерi қатаң бақылауда болуы шарт.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ