ИМПЕРИЯНЫ АҢСАУ ҚҰЛДЫҚ САНАНЫҢ ЖЕМIСI ЕМЕС ПЕ?

ИМПЕРИЯНЫ АҢСАУ ҚҰЛДЫҚ САНАНЫҢ ЖЕМIСI ЕМЕС ПЕ?

ИМПЕРИЯНЫ АҢСАУ ҚҰЛДЫҚ САНАНЫҢ ЖЕМIСI ЕМЕС ПЕ?
ашық дереккөзі
416

Келмеске кеткен империяны сол империяның иелерi аңсаса бiр жөн, ал империяның езгiсiнде болып, текпiсiн көргендер аңсаса не деуге болады? Әрине, құлдыққа үйренген сананың құлшылығы деймiз де…

Кеңестiк империяның күл-талқаны шыққанда оны сақтап қалуға талпынғандар болмады емес, болды. Алайда, iшiнен iрiп-шiрiп, қуыршақ қоғамға айналған қоғамның бұдан әрi өмiр сүру қабiлетi қалмаған едi. Өзге түгiлi азаттыққа ұмтылған кейбiр республика басшылары да КСРО-ны сақтап қалудың қитұрқы әрекеттерiне кiрiстi. Ештеңе өнбедi. Өйткенi, империялардың дәуiрлеу кезеңi болатыны секiлдi, империялардың құлдырау кезеңi де болады. Күйреген империяға ешкiм қалқан да, қорған да бола алмады. Дүниенi дүр сiлкiндiрген империялар жер бетiнен солай өшкен.

Адамзат баласы тек алға ғана жылжиды. Өткендi аңсап, кейiнге шегiну – сана дағдарысының көрiнiсi. Бiр кезде бүкiл адамзаттың ардақтысына, жер шарындағы қазақтың панссионар тұлғасына айналған Олжас Сүлейменов бүгiнде ұлтым деген қазақ баласы терiс айналар үгiт-насихатты көбiрек айтатын болып жүр. Ол әрдайым орыс тiлiнiң жанашыры, орыс әдебиетiнiң сойылын соғушысы, ең қасiреттiсi – империяны аңсаушы. КСРО-ның келмеске кеткенiне Ресейдiң Премьер-министрi, 2000-2008 жылдары аралығында РФ президентi болған В. Путин қатты қайғыратындығын, оны уысынан шығарып алғандығын Ресейдiң ең үлкен қателiгi санайтындығын жиi айтушы едi. Путин жарты әлемдi дүр сiлкiндiрген Ресей империясының мұрагерi. Оның империяны аңсап, етегi жасқа толғанын түсiнуге болады. Ал, сол империяның сойылын өзге емес, қызыл қырғынның қасабына айналған, патшалық Ресейдегi көрген құқайларымызды былай қойғанда, 1916 жылдан бастап, 1986 жылға дейiнгi жазалау, аштық, өзге елге босу, репрессия, қанды соғыста 4 миллиондай халқы қырылып кеткен қазақ баласының аңсауы күлкiлi екен. Жазықсыз құрбан болғандардың обалы кiмде сонда. Оны айтасыз, егер 1991 жылы империя құламағанда қазақ деген ұлттың жер бетiнде қалуы да екiталай болған жоқ па? Бiрақ, Олжекең империяның күнiн жоқтаушы.

Осы аптаның басында Алматыдағы Кино үйiнде Қазақстанның шығармашылық одақтары конфедерациясының ұйымдастыруымен Қазақстан мәдениет қайраткерлерiнiң форумы өттi. Осы форумға арнайы атбасын бұрмаса да, кездойсоқ қатысып қалған Олжекең: “Бiз үшiн Ресей КСРО-ның немесе Ресей империясының заңды мұрагерi екенiн түсiну дәл қазiр маңызды. Бұл сұраққа қазiр Ресейдiң өзi де жауап iздеуде. Бiз оған көмектесуiмiз керек. КСРО – жоғалған жұмақ. Бұл жұмақ бiреулер үшiн тозақ та болды, әрi жұмақ та болды. Бәрiмiздi бiрiктiрiп, дамытып, ХХ1 ғасырға жеткiздi. Мен қазiр бәрiн ұмытып, Ресейден бөлек жол iздеймiз деген сарындарды естiп жүрмiн. Бұл талай саясаткерлердi тұйыққа тiреп жүр” деген ой тастады.

Сондай-ақ, Олжекең Украина мен Әзiрбайжанда болғанында, оларға да осы ойды айтқанын жеткiздi. Тәуелсiз, бостан санаға ұмтылушы, сол үшiн таяқ жеп отырған бұл мемлекеттердiң ұлттық қайраткерлерi Олжас Омарұлына жаны ашып, мырс етiп күлген де болар, бәлкiм?!..

Өз қағынан жерiнiп, өзiне-өзi топырақ шашып, империяның уысына қайта түсудi аңсаған қазақ “жазушысынан” бүкiл-бүтiн ұлттың бет-бейнесiн көргендей болған шығар. Өйткенi, бiздiң арамызда империяны аңсаушы топ әлi де көп. Өкiнiштiсi сол, бұл топ билiк маңайында отыр. Сол себептен де бiзде отарсыздандыру саясаты жүргiзiлмедi. Санамыздағы империялық құлдықтың қалдықтары тәуелсiз ойлауға жол бере алмай отыр. Ол жұрты жапырылып тыңдайтын, ұлты ұлысындай сыйлайтын сiздердiң арқаларыңыз, Олжеке.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары