ЕЖЕЛГI ТҮРКI ӘЛЕМIНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАҒАН ЕҢБЕК

ЕЖЕЛГI ТҮРКI ӘЛЕМIНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАҒАН ЕҢБЕК

ЕЖЕЛГI ТҮРКI ӘЛЕМIНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАҒАН ЕҢБЕК
ашық дереккөзі
275

Қоғамдық пiкiрдiң ашық алаңына айналып үлгерген “Айт Park” қоғамдық-саяси зияткерлiк клубында тарихшы, журналист Асылбек Бисенбаевтың үш тiлде дайындалған “Көне түркiлердiң аңыздары” атты жаңа кiтабы тұсауын кестi. Әрине, көне түркi ата-баларымыздың өмiрiнен сыр шертетiн мифтiк аңыздар там-тұмдап емес, әжептеуiр зерттеудi қажет ететiн дүние. Осындай игi бастаманың жарыққа келуiне қашан да қолұшын берiп, ұйытқы болып жүретiн “Қазақмыс” корпорациясы осы жолы да демеушiлiк жасап, аударма, баспа жұмыстарын қаржыландырған екен.

Аталмыш клубтың иесi, саясаттанушы Нұрлан Ерiмбетов қонақтарды таныстыра отырып, әңгiмесiн “Бiздi саясат туралы әңгiме-дүкен жалықтырып жiбердi” деп бастады. “Айт Park” қоғамдық-саяси зияткерлiк клубының қонағы бұл кiтаптың басын өзiнiң “Басқа Орта Азия” кiтабында өрбiткен болатын. Мұнда география атауларына байланысты туындаған қазақтың сөздерi (экватор – екi батыр, Рим – “ырым” деген сияқты) мысалға алынған.

Ежелгi тарихтан белгiлi, бiздiң төл тарихымыз түркiлердiң тарихымен астасып жатыр. Қазiргi қолданысымыздағы ырым-тыйым, таным-түсiнiктердiң қайдан шыққаны, қандай аңыздан бастау алғанын бiлгiсi келмейтiн жан жоқ шығар. Тiптi, түркi аңыздарының төл тарихына шөлiмiздiң қанбағаны соншалық, қазiргi кезде бұдан бұрын жазылған тарихи құнды деректердi пайдаланып әркiм әртүрлi пiкiр айтып, дәлелдегенсымақ болады. Бұл аздай, баспасөз беттерiнде зиялы қауым өкiлдерiнiң бiрi бүкiл әлемдi жаулаған Шыңғысханды қазақ десе, ендiгi бiрi қазаққа қатысы жоқ батыр деп даурығып бiттi.

Сол сияқты автордың кiтабында отқа, суға, күнге, тәңiрге табынған қазақтардың дiни әдет-ғұрыптары жайлы да бөлiм бар. Онда Тәңiрге табынушылық ежелгi түркiлердiң дiнi екендiгi, ел аумағында мұнымен қоса, буддизм, иудаизм дiндерiнiң болғандығынан да сыр шертiледi. Бiр өкiнiштiсi, өткенiмiзге терең үңiлгiмiз кеп, құнды дерек көздерiн ақтарсақ та, ежелгi мифтiк аңыздар хақында еңбектер аздық етедi. Әр түрлi ақпаратқа жетiк ғаламтордың өзiнде де деректер жоқтың қасы. Рахмет жыраудың “Ынтықсаңдар естiмек боп аңызды, сөзiмдi аяп не етейiн” деген сөзiн ұранға айналдырған Асылбек Бисенбаев бұл еңбекте күннiң, жердiң, жұлдыздың, одан кейiн Түркiлердiң пайда болу тарихы жөнiндегi аңыздарға тоқталып, қамтып өткен.

Белгiлi журналист, тарихшы “Көне түркiлердiң аңыздары” атты кiтаптың авторы Асылбек Бисенбаевтың өзi бұл жайында “Қазiргi қолданысымыздағы ырым-тыйым, таным-түсiнiктердiң қайдан шыққан, оның бастауы қай аңызда жатқанын бiлуге мен бала күннен құмартатынмын. Тарих саласында бiлiм алып, терең зерттеулердiң қайнарына сүңгiгенде өзiм үшiн солардың құпияларын аша бастадым. Бiрақ бiр мен бiлгеннiң пайдасы не? Қазiр кiтап демей-ақ, интернеттiң өзiне “түркi аңыздары” деп iздеу салсаңыз, түк таппасыңыз белгiлi. Өйткенi өзiм де iздеп көрдiм, нәтиже шықпады. Содан кейiн де осы еңбектi әзiрлеудi өзiме парыз тұттым” – дейдi “Комсомольская Правда – Қазақстан” газетiнiң бас директоры.

Бұл – кiтаптың екiншi басылымы. Бұған дейiн еңбек орыс тiлiнде жұқалтаң кiтап болып жарық көрген. Автордың осы еңбектi қайта басып шығару жайындағы ұсынысын “Қазақмыс” корпорациясының қоғаммен байланыс департаментiнiң директоры Нұрлан Махмудов үлкен ықыласпен құптап қана қоймай, еңбектi үш тiлде әзiрлеп, жарыққа шығару жөнiнде өз ұсынысын бiлдiрген. Аса ыждаһаттылықпен iске кiрiскендiктен, журналистер Ғалымжан Мелдеш пен Гүлбиғаш Омарова қазақ тiлiнде, LLC “Gmc Translating Service” компаниясы ағылшын тiлiндегi нұсқасын әзiрлеп, көз қуантарлық дүние өмiрге келдi.

“Бiз негiзi Тiлдер күнi мерекесi қарсаңында өз сүйiншiмiздi оқырмандармен бөлiскiмiз келiп едi, аударма жұмыстары ол жоспарымызға үлгертпедi. Дегенмен, “жақсылықтың ерте-кешi жоқ” демекшi, түркi аңыздарына арналған тың дүние әрi қарай жалғасын табатынына сенемiн бұнымен тоқтап қалмақ емес деп сенемiн”, – дейдi “Қазақмыс” корпорациясының Қоғаммен байланыс департаментiнiң директоры Нұрлан Махмудов.

Еңбек әзiрге 1000 дана таралыммен жарық көрiп отыр. “Қазақмыс” әдеттегiдей оның көп бөлiгiн оқырмандарға тегiн таратпақшы. Ал авторға тиесiлi 200 дана ғана кiтап дүкендерiне айналымға түседi екен. Егер де еңбектi оқығысы кеп қолына түсiре алмаған оқырмандар болса, олар үшiн бағасы да өте төмен етiп белгiленген. Әрине, мұндай құнды кiтаптың 1000 данамен ғана жарық көруi тапшылық тудырады. Кiтап авторы сәтiн салып, басқа да демеушiлер табылып, еңбектi қайта басып шығаруға мұрындық болғысы келетiндер болса, қуана келiсетiндiгiн айтады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары