1529
ҚОЖАНОВТЫҢ ҰРПАҒЫ БАР
ҚОЖАНОВТЫҢ ҰРПАҒЫ БАР
Газетiмiздiң 24-шi шiлдеде шыққан санында “Алаштың бiр асылы” деген атпен Сұлтанбек Қожанов атындағы қайырымдылық қорының С. Қожановты еске алу кешi жайында аз ғана мағлұмат берiлген болатын. Онда “Асыл азаматтың туған-туыстары, көзкөрген жанашыр достары мен ұрпақтары қол жайып құран оқытты” делiнген едi. Көп ұзамай, редакциямызға жасы үлкен бiр кейуана хабарласты. Өзiн Кәмила Кәртеновамын деп таныстырған ол: “Қожановтың шын ұрпағы, шөбересi, қос қарлығашы қазiр менiң қолымда”, — дедi. Ұлт тұлғасының, алаш азаматының, қоғам қайраткерiнiң ұрпағы қолымда деген соң, бұл жаңалыққа елеңдемейтiн адам болушы ма едi. Бiз бұл хабардың анық-қанығына көз жеткiзгiмiз келiп, Кәмила апайдың өзiмен жүзбе-жүз кездесудi жөн көрген едiк.
Жұбанов пен Саин көшелерiнiң қиылысындағы 1-мөлтек аудан, 21-үй, 32-пәтерге де жеттiм, алып-ұшып. Кәмила апай менi есiк алдында қарсы алды. Алдымен аман-саулық сұрасып алған соң, апаның қасындағы өрiмдей екi әдемi бойжеткенмен таныстым. Үйге кiрсем, апам шайын қайнатып, дастарқанын жайнатып, құдды бiр үкiметтiң үлкен өкiлiн күтiп отырғандай, дайындалып отыр екен. Бiраздан берi буып-түйгенiн айтып, шерiн тарқатып алуды жөн көрген апам әңгiмесiн әрiден бастады. — Қызым, уақытыңды бөлiп келгенiңе рахмет! Көптен берi көкейiмде сайрап жатқан шерiмдi шығаруға да өзiң себепкер болып отырсың. Құрбым әкелiп берген газеттен мақалаңды оқып отырып бiраз ойландым. Сұлтанбек Қожанов халқының жоғын жоқтаған азамат едi. Сол халқы Сұлтанбектi жоқтағанда, оның ұрпағы тасада қалып қоятыны жаныма батады. Менiң аялы алақанымда Қожановтардан қалған екi өрiмдей қыз өсiп келедi. Өзiң арқылы солар туралы ел бiлсiн, естiсiн деген ниетiм бар. Бұл жағынан естелiк айтар ескiлерден менен басқа ешкiм де қалмады. “Халық жауы” деген аттан арылғалы да бiраз болды ғой. Ендiгi ұрпағы қуғын-сүргiннiң қорлығын көрмей егемендi елде еркiн өссiн деймiн. — Кәмила апа, сiздiң қолыңыздағы қыздар Сұлтанбек Қожановтың туған шөберелерi ме? — Сұлтанбектiң үш баласы болған. Үлкен қызы— Зиба, ұлдары — Нұрлан және Арыстан. Жетiмдер үйiнде жетiлген екi ұлдың үлкенi Нұрлан соғыста қаза болған, артында ұрпақ қалмапты. Ал Арыстаннан Жәмилә есiмдi қыз бала мен Санжар атты ұл бала бар. Санжардың сүйiп қосылған жары менiң үлкен қызым – Ерiмбетова Зинаида. Сұлтанбек сотталғаннан кейiн оның әйелiн де 11 жыл азап лагерiнде қамады. Ақталып шыққаннан кейiн немересi Санжар мен қызым Зинаиданың қарауында болды. Сол кiсiнiң айтуынша, Зибаның ұлы Исатайдың да фамилиясы Қожанов. Оның бала-шағасы да осы фамилияда болу керек. Санжардың анасы Шарипаның менiң енеммен ағайындығы бар болатын. Араласып тұратынбыз. Сөйтiп жүргенде Санжардың қызыма көзi түстi. “Алматыда қыз таусылып қалғандай, менiң қара қызыма жабысып қалғаның қалай?” деп қалжыңдап жүретiнмiн. Қалаулары сол болса, мен қалай қарсы болайын? Екеуiнiң махаббатына ел қызығатын. Санжар ҚазМУ-ды, қызым сол универсиеттiң сыртқы бөлiмiн оқып бiтiрдi. 1988 жылдың қазанында үйлендiрiп, тойларын өткiздiк. Екi қызды дүниеге әкелдi. Олардан бақытты отбасы жоқтың қасы едi. — Бақытты отбасының шырқын бұзған не? — Құдайдың бiр қателестiргенi шығар, күндердiң күнiнде араққа уланып үйiне мас болып келген Санжар қызғаныштан қызымды соққыға жығады. Ол жүрегi қысылып, ауруханаға жетпей жолда көз жұмады. Ол уақытта бiз Қызылордада тұратынбыз. Оқиғаның мән — жайын Алматыға келген соң бiлдiк. Содан Санжар 7 жылға сотталып кеттi. Шешесi Шәрипа қыздарды бөлiп алып, асырауды ұсынды. Айналдырған екеуiн қалай екi жаққа ажыратып жiберейiн, қолыма алып бауырыма бастым. Бiреуi бес жаста, екiншiсi үш жаста айрылды ғой ата-анасынан. Менi “мама” деп атап кеттi. Өзегiмдi өртеген өкiнiштiң екпiнi әлi де бар. Құдай сыйлағанын өзi алады. Тек Санжар себепкерi болды деп айтып отырамын қыздарыма. — Бiр өзiңiзге ауыр болған шығар. — Ауыр болды дегенiм артық болар. Рас, екеуiн өсiремiн деп жүргенде өзiмнiң қартайғанымды да сезбей қалыппын. Екеуi көз алдымда ойнап-күлiп жүрсе, мен үшiн ең қымбаты сол. Өзiм 1939 жылғымын, 70-ке аяқ бастым. Екiншi қызымның қолындамын. Ол да өз көмегiн аямайды. Жолдасым көз жұмғалы да бiраз жылдар өттi. Олай-бұлай боп кеткен жағдайда басыма көктас қоятын да осы екеуi. — Мемлекет тарапынан қандай көмектер болды? — Өкiметтiң ай сайын әрқайсысына беретiн бес мың теңгесi бар, менiң зейнетақым бар, сонымен асырап өсiрдiм. Қатарынан кем болмасын, мұңаймасын деп осылар үшiн тырбаңдап тiршiлiк жасап жүрген жайым бар. Көзiмнiң тiрiсiнде осылардың қуанышын бөлiсу — менiң ең басты арманым, мақсатым. Күнi-түнi осы екеуi аяқтарынан тiк тұрсын деп тiлеймiн, Алладан. Көңiлдерiне қаяу түспесiн деп қас-қабақтарына қараумен болдым. Сұлтанбектен қалған шөберелерi екеуiң ғана деп отырамын. Расында солай ғой. Қазақ қыздың балаларын мойындамаған. Сiздердiң Қожановтың ұрпақтары деп жүргендерiңiз Зибаның не Жәмиләнiң балалары болуы керек. 1994 жылы алаш азаматтарының 100 жылдығын атап өту кешiнде де Сұлтанбектiң ұлдан туған ұрпақтары тасада қалып қойды. Газеттегi мақаланы оқып шыққан соң Қорға хабарласуды ұйғардым. Жетiмдерге жәрдемi болса, қамқорлығы болса, мен де ертең көрiмде тыныш жатар едiм. Бұдан бұрын да Қордың құрылғанын естiп қуанғанмын. Бiрақ, “Байзақов көшесi, 27” деп жол сiлтегендердiң ақпараттары жалған болып шықты. — Қыздардың қазiргi жағдайы қалай? Оқулары қалай? — Қазақ тiлiне аздап шорқақтау болған соң, қазақ мектебiне жаздырғанмын. Үздiк бiтiрдi. Үлгiлi тәртiбiмен, жақсы оқу көрсеткiштерiмен ылғи қуантып отырады.Үлкенi Динара Ходжанова — үшiншi курста, екiншiсi — Сәния Ходжанова екiншi курста оқиды. Асфендияров атындағы медициналық университеттiң студенттерi. Мемлекеттiк грант иелерi. Шәкiртақыларын өз керектерiне жаратады. Өз аталары да, нағашы аталары да көзi ашық сауатты болған. Қыздарым да осал емес. Үлкен апаларынан, яғни Сұлтанбектiң кемпiрiнен қалған (Айманов пен Жандосов көшесiнiң қиылысындағы) үйдi қаладан үш бөлмелi пәтерге ауыстырып, қазiр сонда тұрып жатыр. Бiрi — әкесiне тартса, екiншiсi — шешесiне ұқсап үмiтiмдi ақтап өсiп келедi. — Қыздарыңыз аталары туралы, ол кiсiнiң еңбегi жайында бiле ме? — Сұлтанбек Қожанов туралы өзiмнiң де бiлетiнiм аз. Бiздiң уақытымызда ол кiсiлер туралы мүлдем айтылмаушы едi. Қыздарым үшiн аталары туралы жазылған деректердi жинап жүрем. Кiтаптары болса, сатып алып берем. Бiраз дүниелерiн қызым Зинаида сақтап қалған екен. Күланданың жинаған қағаздары, Арыстанның өз қолымен жазып қалдырған қысқаша өмiрбаяны, суреттерi мен құжаттары, мирас болып қалған сол қағаздары ғана. Екеуi де ес бiлiп қалды ғой. Ендiгi ойым қыздарға Түркiстандағы аталары қалдырған қолтаңбаны, оқыған мектебiн, тұрған үйiн, өмiр сүрген ортасын, Қожанов атындағы көшенi көрсеткiм келедi. Созақ ауданы, Шолаққорған селосында 1994 жылдан берi мұражайы жұмыс iстейдi екен деп естимiз. Әттең мүмкiндiгiм шектеулi болып тұр. — Жақындарымен жолықтыруға еш мүмкiндiгiңiз болмады ма? Санжар туралы қазiр қандай деректер бар? — Жатбауыр боп өстi ме, ата-анасы жадында қалмаған соң ба, жатырқап тұрады. Бөтенситiн сияқты. Жетi ата дегендi мүлдем бiлмейдi. Әкесi жағынан туыстарымен араласып тұрғанда мұндай болмас па едi, кiм бiлсiн? Әкелерiнен де еш дерек жоқ. Сол кеткеннен мол кеттi. Өлi-тiрiсi де белгiсiз. Жазасын өтеп шығыпты деп ұзынқұлақтан естiгенбiз. Бiрақ қыздарын iздеуге осалдылық танытты. 1963 жылғы болатын, қазiр тiрi болса, 45-тер шамасында болуы керек. Әкелерiнен қайран жоқ. Үмiттенбейдi, iздемейдi де. Тек кiмнiң ұрпағы екендерiн бiлiп жүрсiн деймiн ғой. Iздеп жанашырлық танытатын жақындарынан мүлдем хабар болған емес. Әркiм өз жоғын өзi жоқтап кеткен болса керек. Исатай да мастықпен әйелiн өлтiрiп, ол да сотталып шыққан болатын. Оның да отбасының берекесi кеткен. Ал әпкесi Жәмилә жайында мүлдем хабарсызбын. Ол туралы айтарым да аз. Қазiргi жақындары нағашылары ғана. Бiз де көп емеспiз. Екiншi қызымның бiр ұлы бар, яғни бөлелерi. Қожановтың ұрпағының ұсақталып кетуi де репрессия салдарынан болды. Ата-бабасы, әке-шешесi жете алмаған жақсылықтарды Алла осы екеуiне көрсетсiн ендi, — деп Кәмила апа әңгiмесiн аяқтады. Қолында сақтаулы қалған суреттерге бiр, қыздарына бiр қарап отырып, кейуана бiр жылап алды. Менi шығарып саларда жанарынан қимастықты байқадым. Ал менiң қолымнан келетiнi бұқара халыққа болып жатқан жаңалықтарды жеткiзу ғана. Алайда соның өзi Кәмила апайдың көңiлiне көп медет сияқты. Репрессия бүкiл қазақты қаңғыртты, оның зардабын әлi күнге дейiн көрiп келемiз. Орыс державасының бiраз отбасыларға салған ойранынан бүгiнгi ұрпақтардың орны толмас өкiнiштерi өз алдына үлкен бiр мәселе. Жаппай саяси қуғын-сүргiн басталған 1937 жылдан берi 71 жылдай уақыт өттi. Сол кезеңде 105 мыңнан астам адам қуғынға ұшыраса, оның 25 мыңы үштiктiң үкiмiмен атылған. Олардың көбiнiң қабiрi не басқалай белгiлерi де қалмаған. Алыстап бара жатқан жылдардың куәсiндей сыр шерткен, әне-мiне дегенше сарғаюға жеткен мұрағаттарды ақтарып жүрiп Қожанов жайында жазылған бiраз дүниелермен таныстым. Бiр бойына бiрнеше қасиет дарыған Сұлтанбектiң әкелiк қасиетiне, жанұясы мен туған — туыстары, бала-шағалары туралы жазылғандарға көп көңiл бөлдiм. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбу Тәкенов: “Қайраткер шеккен қасiрет “ атты зерттеулерiнде “С. Қожанов 1938 жылы 10 ақпанда атылды. 1957 жылы ақталды. Шығармаларын жариялап, оның сiңiрген еңбегiн мойындау 1994 жылдан басталды. Отбасы мен жақындарын қорлау мен кемсiту жарты ғасырдай уақытқа созылды. Жары Күланда 11 жыл “халық жауының әйелi” деген атақтан бас тартпағаны үшiн Алжирде болып қайтты. Балалары Нұрлан мен Арыстан, қызы Зиба жастай қалып, қала кезiп кеттi. Нұрлан өжеттiгiне салып, өзi соғысқа сұранып, “халық жауының баласы” атынан құтылам деп жүрiп қаза боп кеттi. Зиба Алматы медициналық институтын бiтiрген 30 түлектiң iшiнен үздiк диплом алғанына қарамастан, С. Қожановтың қызы болғандықтан аспирантураға кепiлдiк құжат ала алмай, Қызылордаға дәрiгер болып кетуге мәжбүр болды. Жастайынан қуғынның қорлығын көп көрiп, ақырында суретшi орыс жiгiтiне тұрмысқа шықты да фамилиясын өзгертiп тыныш тапты. Қазiр пенсияда, Мәскеуде тұрады. Ұлы Арыстанға КазМУ-дiң ректоры 3-шi курс оқып жүргенде-ақ Тәшкенге ауысуына кеңес берген болатын. Ол университетте профессор Б. Бiрiмжановтың ұсынысымен қалып математик, бiлiм кандидаты болады…” — деп жазыпты. (Халық кеңесi-1994ж.) Дәл осы тiркестердi Армиял Тастамбековтiң “Сұлтанбек сырлары” (Қазақ әдебиетi 1994ж.) және Алмагүл Әлиқызының “Аға есiмi ұрпақ есiнде” (Қазақстан мұғалiмi 1998ж.) мақалаларынан оқыдым. Егемен Қазақстан газетiнiң 2007 жылғы санында жарық көрген Тұрантегi Дулаттың “Гүләндә” туралы естелiгiнде “ 20 жыл отасты. Бiрiн-бiрi мейлiнше сыйлап, адал жар, сүйенiш етер қолғанат бола бiлдi. …Сөйтiп 11 жыл дегенде әзер босап шықты. Одан кейiн бұл кiсiнiң бала-шағаларын iздеп табуының өзi қиямет болған жоқ па? Апайдың айдаудан шыққаннан кейiнгi өмiрi Сұлтанбектей есiл ерiнiң адал есiмiн ақтауға, ең болмаса қабiрiн тапсам деген әуре-сарсаңмен өттi…” делiнген. Сонымен қатар, Күланда Мұңайтпасқызы Лапиннiң бауыры Сералы Лапин және әпкесi Ләтипа Лапин туралы шамалы жазылған екен. “Жас Алаштың” 2004 ж. №131 санынан Ғ. Елшiбайдың “Сұлтанбектiң 90 жылдығын Сарыағаштағы үйiнде жасырын тойладық” деген естелiгiн оқып отырып, ендiгi тойлардың торқалы тарайтындығына қуанады екенсiң. Қыркүйектiң 10-ы аталарының туылған күнi екенiн естерiнен шығармай, аталарымен мақтана алатындықтарын бiлiп жүрсе, нұр үстiне нұр емес пе?! Елiм деп ет жүрегi езiлген, халқым деп қабырғасы қайысқан қайран ерлер-ай. Аласапыран шақта атқа мiнiп, азаттық пен тәуелсiздiк үшiн жан аямай басын бәйгеге тiккен, алаштың асылы Сұлтанбек Қожанов жайында жазылған естелiктер мен зерттеулердi қарап отырсақ ол кiсiнiң ұрпағы жайлы деректер шалажансарлау екен. Ұлтшыл ұлды ұрпаққа үлгi етiп насихаттаймыз деп жүргенде, алдымен өз ұрпағының хабарсыз екенiн аңғармаппыз. Қыздардың ата-бабасынан бұрын өз әке-шешелерi туралы бiлетiндерi де қаракөлеңкелеу. Суретте көргендерi, Кәмила апайдың айтқан естелiктерi аясында ғана шектелiп қалған. Сол қанды қырғын заманның өзiнде ұлт намысын, ел намысын өз өмiрiнен жоғары қойған алаштың ұлын бүкiл қазақ балалары “әкемiз” деп мойындайды. Қали Сәрсенбай “Әкелерiмiз” деген мақаласында: “…олардан — әкелерiмiзден ешкiм де әулие емес “ — деп ашына жазыпты.( “Алматы ақшамы” 2007 ж.) Руының кiм екенiнен хабарсыз қыздар да қазақ екендiктерiн ғана мойындайды. “Жетi атасын бiлмеген жетiмдiктiң салдары” дегендi тағы да дәлелдеп тұрғандай. Зобалаң жылдардың қаһарынан қайыспай, адамгершiлiк пен арын ту еткен абзал ердiң тәуелсiз таңда өмiр сүрiп жүрген ұрпақтары осылай ойын бiлдiрдi.
Манар ӘЛИЕВА