КЕСОГЛУ ЖҰМЫСТАН КЕТТI. НЕГЕ?

КЕСОГЛУ ЖҰМЫСТАН КЕТТI. НЕГЕ?

КЕСОГЛУ ЖҰМЫСТАН КЕТТI. НЕГЕ?
ашық дереккөзі
283

Бiлiм және ғылым министрi Ж. Түймебаевтың атына бiр топ өнер қайраткерлерiнiң атынан Ашық хат жазылыпты. Онда өнер майталмандары Жүсiпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжiнiң директоры Ержан Қосбармақовқа кiнә артады.

Сөзбе-сөз келтiрер болсақ, “К вам обращается деятели искусства и науки, общественные деятели, встревоженные обстановкой, сложившейся в алматинском эстрадно-цирковом колледже благодаря руководителю этого учебного заведения Е.Косбармакову” деп басталған хатта. “В результате его непрофесиональных действий, серьезно ухудшился психологически климат в этом известном заведении, нагнетается обстановка, что проводит дискредитации общепризнанных современных культурных ценностей, а это в сою очередь прямо противоречит курсу Главы государства, его стремлению совершенствования образовательной системы РК” делiнген. Сондай Нағима Есқалиева, Болат Аюханов, Әлiбек Дiнiшев, Бибiгүл Төлегенова қол қойған хатта “Қазақстанның халық әртiсi, “Достық” орденiнiң кавалерi Лаки Кесоглуды жұмыстан шығарып, вахтадан кiргiзбей қойды” дегендi айтады. Хатқа қол қойғандар да тегiн адамдар емес. Өңшең қазаққа танымал тұлғалар. Бiлдей қазақтың танымал тұлғалары жазған соң, мұнда бiр гәп бар шығар деген оймен, мәселенiң мән-жайын аталмыш колледждiң директоры Ержан Қосбармақовтың өзiнен бiлудi жөн көрдiк.

– Жуырда ғана Сiз басқарып отырған осы колледждiң үстiнен тексеру жүрiптi. Арнайы комиссия келiп, тексерiс жүргiзуге қазақтың танымал марқасқалары, бiр топ өнер адамдарының ашық хат жазуы себеп болыпты. Жалпы, аты дардай халық әртiстерiнiң колледж директорының үстiнен Ашық хат жазуына не түрткi болды?

– Жалпы, демократиялық ел болғаннан кейiн, мұндай нәрселер де болады екен. Ол жердегi қол қойған он екi адамды да сүттiң бетiндегi қаймақтары деп айтуға болады. Бiр жағынан әрiптестерi ретiнде, ол кiсiлердiң де ойын түсiнем. Оның үстiне, кешегi комиссия менiңше бәрiн толық қамтыды деп ойлаймын. Бәрiмен кездестi, бәрiмен толық сөйлестi. Сұрақ ортақ болды ол кiсiлерге.

– Қол қойған адамдардың бәрiмен комиссия шақырып сөйлестi ме?

– Бәрi келдi. Бәрiмен жүздестi. “Жалпы, сiздер осы оқу орнын бiлесiздер ме?” деген де сұрақ қойылды ол кiсiлерге. Тiптi, адресiн әрең түсiндiрiп жаттық. Қайда орналасқанын да бiлмейдi. Оқу орны жайлы мағлұматы жоқ. Қазақта сөз бар ғой. “Самаурыннан су ақты” дегенде, “Самарқанды су алды” дейтiн. Тура соның кебiн киiп отырған жағдайы бар. Жалпы, менiң әрiптестерiмдi жамандау мақсатым емес, өнер жолында жүрген азаматтарға құр шапқылап, қол қоя беруге болмайды ғой. Бұлар да зиялы азаматтар ғой, менiңше сәл де болса ойланып қарау керек едi. Бұл жерде қол қойған адамдардың аты-жөнiне қарап отырсақ, кiшкене қыжылы бар адамдар ма деп ойлап қаласың. Бұл – менiңше, бiреудiң сойылын соғу. “Бiр адамның басына осындай бұлт үйiрiлiптi, оған кiнәлi директор екен” деп, ақ-қараны айырмай жатып қол қоя салуға болмайды. Және ол директор қазақтың музыкасын қостырғаны үшiн кiнәлi екен. Және өзiңiз бiлесiз, президентiмiзден бастап, көшедегi аула сыпырушыға дейiн бiр заңға бағынады. Ол бiздiң – Ата заңымыз. Бұл жердегi ол кiсiлердiң қолдап отырған адамы бiздiң заңға бағынбайтын адам болып отыр. Қай жерден көрдiңiз, он екi күн бойы жұмысқа келмеген адамның орнын сақтап отыру дегендi.

– Келмеген күндерiне ақталып, себеп-салдарын айтқан жоқ па? Мүмкiн ауырып қалған шығар…

– Себептерi болғанда, “үйден су кеттi” дедi, “немеремнiң басы жарылып қалды” дегендi айтты. Ондай заңда бар ма? Телефон бар емес пе? Ең құрығанда, телефонмен хабарлап айтуға болады ғой. Мұнда нағыз менсiнбеушiлiк деген әңгiме тұр. Менен сұранбаса да, бөлiм меңгерушiсi бар, бiрге iстейтiн әрiптестерi бар, басқалармен хабарласуға болар едi ғой. Менiменен тiкелей араз деген күнде де. Ол кiсiге қай уақытта келсе де жол ашық сияқты. Себебi, Халық әртiсi. Мысалы, Халық әртiсiне автобусқа кiруге рұқсат жоқ. Бәрiне заң бiрдей. Ол кiсi соны ұмытып кеткен сияқты. Айналасындағы шудың бәрiн қолдан ұйымдастырып жасады. Кеше комиссия тексердi. Қарсы нәрсе болса, сол кiсiлер айтар едi ғой. Жалпы, мен бiр жыл, екi жыл басшылық жасасам, менен көп қателiк кеттi деп айтуға болар едi. Итере салуға болады. Тiптi, “басшының жұмыс iстейтiн адамдарға күн бермейдi” десiн. Олай емес қой. Бұл жерде табаны күректей он екi жыл жұмыс iстеп келем. Кез келген нәрсенiң ақ-қарасын айыра алам.

– Мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған ғой, бұл жерде…

– Болмаған. Менiң өзiм жұмыс iстеп жатқанымда да, бiрiншi рет кездесiп отырмын. Комиссияның бұл оқиғаға байланысты айтқан шешiмi, бұл оқу iсiне нұқсан болмаған, ешкiм зиян келтiрмеген. “Директор Қосбармақов пен Кесоглудың арасындағы әңгiме” деп тоқтады. Бұл сөздiң өзi де көп нәрсенi бiлдiредi. Бұл кiсiнiң тағы бiр айтқаны, “вахтаға директор кiргiзбей қойды” деп айтады. Шынын айту керек, ол кiсi тоқтататын адам емес. Барлық жерге өзiнiң Халық әртiсi екендiгiн пайдаланып жүрген адам ғой. Ашуланып бара жатыр дегенiн естiдiм. Келу керек едi. Ол кiсi келiп жағдайын айтуы керек едi. Бiзде адамбыз ғой. Халық әртiсi деймiз, үлкен кiсi деймiз. Бұл жердегi дүние – ұлттың арасына жiк салу сияқты. Қол қою кезiнде де сондай адамдарды пайдаланған сияқты. Андриасян менi танымайды да.

– Олар сонда жазылған хатпен таныспаған ба?

– Кесоглу барған да, “менi жұмыстан шығарып жiбердi” деп айтқан ғой. Бибiгүл апаға да концерттiң кезiнде барып, соны айтқан. Қысылтаяң кезiнде, сахнаға шығайын деп жатқанда да, ар жағына мән берiп жатпайды ғой. Сондайменен қол қоя салған. Тiптi, оқымағандары бар. Шынын айту керек, бiздiң оқу орнымыз алдында келе жатыр деп айтуға болады. Еш оқу орындары жылына он-он бестеп лауреаттар шығарып жатқан жоқ. Халықаралық байқаулардан жүлделi орындарды алып келiп жатыр. Бұл жерде жүзге жуық мұғалiм жұмыс iстейдi. Бiзде үш вокалист, екi домбырашы, төрт домбырашы, сегiз бишi дайындайды. Жиырма отыздан әншi дайындау деген бiзде болмайды. Олардың бiлiмi өзiнiң талантына сай болуы қажет. Кешегi комиссия менен жеке екеуiңiздiң араларыңызда бiрнәрсе болды ма деп сұрап жатыр. Мен ондай жеке бастың әрекетiн жұмысқа араласатын ұсақ адам емеспiн. Құдайға шүкiр, бiр кiсiлiк тәрбиенi алған адаммын. Жоғарыда да айттым, бiр жыл басқарып отырған жоқпын, бақандай он екi жыл болды. Бiрақ та айналып келгенде, “стандарттарын құртып жатыр” деген байбаламға салады. Концерттерге көбiрек апарады дейдi. Менiң жеке бас пайдамның концертiне салады дегендi айтады. Құдай берген дауысым бар. Кез келген жерде де өлең айтуға жағдайым келедi. Эстрада әншiлерi сияқты техника сұрап та жатпаймын. Мен де сахнада келе жатқан азаматпын. Сахнаның қадiрiн түсiнемiн. Жеке концерт дегенде тойды айтатын шығар. Ол кiсiнiң өзi де әлi күнге тойда жүредi. Бiр хабар жасағыңыз келсе, кез келген мейрамханаларға барсаңыз, қолдарында минисовкасымен тойда жүргендердi көресiз. Содан сақтасын, өйтiп, өнерiмдi сатып көргенiм жоқ. Шақырған концертiне барам, өнер ошағы болғаннан кейiн, республика күнiнде, басқа да мерекелерде студенттерiмнiң концерттерге баратыны рас. Балалар концертпен өседi.

– Комиссия ол кiсiнiң өзiмен де сөйлестi ме?

– Сөйлестi. Шақырды. Сондағы ойы сол. Тек қана мемелкеттiк тiлде жұмыс iстейдi.. Жарнамаға дейiн мемлекеттiк тiлде болады дегендi көбiрек айтты. Менi қазiр орнымнан алып тастаса да, мемлекеттiк тiлдiң жоқтаушысымын. Әрбiр жас өз елiнiң мемлекетiнiң патриоты болуға тиiс. Сосын тағы бiр қызығы, “орысша жазып жүрген адаммын, маған қазақша жаздыртады” дегендi айтты. Комиссия ол кiсiден: “Жазған нәрсеңiздi алып келiңiзшi” деп сұрады. “Жоқ, мен жазбап едiм” дейдi. Ол жалған сөйлеудiң басы. Ол кiсiлер бар бiлген тiлiмен жазады. Бұл мәселенi тырнақтың астынан кiр iздегендей қараудың қажетi жоқ деп комиссия шештi ғой. Заң жүзiне келгенде, үш сағат кешiксеңiз де, жауап беруге тиiс екендiгiн бұл кiсi естен шығарып алған сияқты. Сосын, ол кiсi жалғыз консерваториялық бiлiммен жұмыс iстеп жүрмiн деп жазады. Сонда ол кiсiмен бiрге жұмыс iстеп жатқан Қармысова консерваторияның бiлiмiн алмап па? Сенбек Жұмағалиев консерваторияның бiлiмiн алмап па? Осы мәселенi комиссия ұжыммен кездескенде барлығы айтты. Адам “басқа пәле тiлден” дейдi. Адам жан-жағына қарап сөйлеу керек. Хатпен танысқан кезде сол он екi адам айтуы керек едi. Маған халық “народник” деп айтады. Консерваторяда вокалистке бөлек, композиторға бөлек бiлiм берiп пе? Бәрiмiздiң де алғанымыз бiр бiлiм емес пе? Ақыл тоқтатқан кiсi ғой, ақсақал деймiз. Бәрiн жинап алып, маған келiп айтпай ма? Сонда дұрыс болмай жатса, осылай жасауға болар едi. Бiз асфальттың үстiнде өскен жоқпыз. Бiз шаңның арасынан шыққан қара табан балалармыз. Бiрде аш, бiрде тоқтың деңгейiн көрiп өскен ауылдың баласымыз. Бәрi әдiл болсын, бәрi тура болсын деген дүниенi ұстап отырған адамбыз. Ұжымды басқарып отырғаннан кейiн, тура көзбен қарауға дағдыланған адаммын. Менi осында тағайындаған кезде бiлгенiн iстесiн деп жiберген жоқ қой. Заңның орындалу барысын тексерiп отыратын орындар бар. Жалған бiр нәрсе сөйлеп жатсақ, мен ол жиналысқа қатысқан жоқпын. Менiң ұжымым айтар едi ғой. Олар солай сөйлейдi деп ойлағам жоқ. Өз басым риза болдым. Менi де қолдаушылардың бар екенiне көзiм жеттi. Ол ксiнiң ұжымды да, оқу орнын да қозғайтын жөнi жоқ едi. Комиссияның айтқаны дұрыс. Сонда анығырақ болар едi. Хат жазылды, комиссия келдi деп жұмыс тоқтап жатқан жоқ. Өз бетiмен жүрiп жатыр. Кеше ғана студенттерiмiз “Шабыттан” жүлделi оралды. Бұл дегенiңiз, жұмыс жалғаса бередi деген сөз.

Бұл жерде Ашық хатты жаздыруға да, жазуға себепкер болған бiр адам бар. Ол – Қазақстанның Халық әртiсi Лаки Кесоглу. Жалпы, өнер адамы ретiнде Лаки Кесоглудың өзiн де, өнерiн де құрметтейдi. Әрине, кез келген адам “Қазақстанның Халық әртiсi” бола алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, оны бұл атаққа жетелеген де – өнерi. Әрi оның өнерiне деген қазақ халқының риясыз көңiлi.

Жарайды шу шықты, комиссия тексерiп жатыр. Солай бола тұра, осыншама шуға жол бергiзген не нәрсе? Оны бiз Халық әртiсiнiң өзiнен сұрауды жөн көрдiк.

Лаки Кесоглумен әуелi телефонда қазақша амандастық. Қазақ тiлiнде ән айта бiлетiн адам тiлдi де бiлетiн шығар деген ой болған.

– Лаки аға, сәлеметсiз бе! – дегенiмше болған жоқ,

– Здраствуйте – деген жауап алдық. Сосын ерiксiз ресми тiлде сөйлесуге тура келдi.

– Аға, министрге жазылған Ашық хат қолымызға түсiп едi. Жалпы, Сiздi жұмыстан неге шығарды?-дей берiп едiм,

– А,а, “Время” газетiн оқыған екенсiң ғой, – дедi.

– Жоқ, бiрақ оқиға туралы естiгенiмiз бар.

– А, онда кiм айтқанын бiлiп отырмын. Жалпы, бұл жерде менiң неге жұмыстан кеткенiмдi Ержан Қосбармақовтың өзiнен сұраңыз, – дедi.

– Сiздiң он екi күн бойы жұмысқа келмегенiңiз анық па?

– Иә.

– Онда неге хабарлап айтпадыңыз?

– Мен үйдi су алып кеткендiгi туралы концертмейстерiм арқылы хабарлап айтқанмын. Бұл жерде сiздер екеумiздiң арамыздағы конфликт деп қарастырмауларыңыз керек. Ол менi, Халық әртiсiн вахтадан өткiзбей, вахтер арқылы хабарлап айтқызды.

– Шын мәнiнде вахтадан кiргiзбей қойды ма?

– Иә, кiргiзбей қойды, – деп қадап айтты.

Ең қызығы, Лаки Кесоглу iстiң бәрiн аталмыш колледждiң директоры Ержан Қосбармақовтан көрiп отыр. Ашық хатқа қол қойған қазақтың белгiлi адамдары сияқты, ол да Ержан Қосбармақовтың орнынан кеткенiн талап етедi. Ол кiсi менен телефон арқылы:

– Сен оның “Искусство” деген кiтабын оқыдың ба? Оқымасаң оқып көр.

Кесоглу бұл кiтаптың өте сауатсыз жазылғанын айтады. Айтпақшы, “Өнер” (“Искусство”) деп аталатын кiтаптың естуiмiзше қазақшасында емес, орысша аудармасында қателiк кетiптi. Онда аудармашы кейбiр туындыларды Чайковскийдiң атына телiп жiберген екен. Осының салдарынан, Ержан Қосбармақов сауатсыз болып шығып отыр. Ендеше, қатенi жасаған автор емес, аудармашы болмай ма? Лаки Кесоглудың да, хатқа қол қойған өнер майталмандарының да осыны ескермегенi өкiнiштi. Мүмкiн, Халық әртiсi өзiн шығарып жiбергенге ашуланған шығар, бiрақ, сол ашумен осыншама дабыра жасауға неге жол бердi екен деп ойладық. Егер бәрiн ақылға салғанда, шулатпай-ақ, Халық әртiсi мен колледж директорының арасында шешiлетiн мәселе едi ғой.

Лаки Кесоглу әлi де iстiң әдiл шешiлгенiн қалайды. Ал оны шешу министрлiктен келген құзiреттi комиссияның құзырында. Оқиғаның мән-жайымен таныса келгендегi анықталған бiр нәрсе, екi адамның басындағы жайт қана. Оның ұлттық өнерге, ұлттық музыкаға, классикалық дүниеге кесiрiн тигiзiп жатқанын байқамадық. Жоғарыда Лаки Кесоглу “Время” газетiн оқымадың ба?” деген соң, газеттi шалғанымызда байқағанымыз, олардың жазғанындай, колледжде “джазды” алып тастамағанын директор айтты. Ендеше неге газет соншама “Кюй вам, а не джаз?” деп байбалам салды екен деп ойладық?! Әлде мұнда Ержан Қосбармақовты жұмыстан алмай қоймаймыз деген ой жатыр ма? Ақпаратты пайдалану дұрыс шығар, бiрақ оқырманға да мәселенiң мән-жайы айқын болғаны дұрыс емес пе? Орыс тiлдi газет басқа, қазақ тiлiнде басқаша жазылса, онда оқырман не ойламақ?! Бiз де сондықтан екi жақтың да пiкiрiн тыңдауды жөн көрген едiк. Ендiгi әдiлiн айтатын да, iстiң ақ-қарасын анықтайтын да ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен оқырман қауым.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары