ПОП КОРОЛI ИСЛАМ ДIНIН ҚАБЫЛДАДЫ
ПОП КОРОЛI ИСЛАМ ДIНIН ҚАБЫЛДАДЫ
Дiн – саясаттан алыс кете алмайды. Дiннiң саясаттан тысқары кете алмайтынына бүкiл адамзат баласының көзi жеткен. Әлемде дiннiң алатын орны ерекше десек, бүкiл адамзат баласының ұстанған бағыт-бағдары да оның тұтынған дiни мектебiне байланысты. Әлемде дiн көп. Христиан, буддизм, ислам… Барлық дiннiң де ұстанатын бағыты бiр – ол адамзатты адалдыққа, адамгершiлiкке, қатiгездiктен бетiн аулақ ұстауға, жамандықтан қашуға, ақ жолда адаспауға үйретедi. Бiрақ, соған қарамастан, әр дiннiң түрлi ерекшелiктерi бар.
Әр дiн өзiнше бiр әлем. Соның iшiнде мұсылман қауым үшiн исламның жолы да, жөнi де бөлек. Пайғамбарлардың соңғысы болып саналатын Мұхаммедтiң хадистерiндегi адамзатты адамгершiлiкке, тазалыққа тәрбиелейтiн насихаттық iлiмдерi көптiң көңiлiнен шығып, адамдарды шайтанның азғыруынан, тура жолдан адаспауынан сақтандырып келедi. Сондықтан болар, әлемге әйгiлi поп жұлдыз Майкл Джексонның да ислам дiнiн қабылдауы.
Әйгiлi поп королi Майкл Джексон туралы аңыз да, аңызға бергiсiз әңгiме де көп. Қарапайым Джексондар отбасында дүниеге келген болашақ жұлдыз ән өнерiнде жарқырап көрiнуiмен қатар, өзiнiң түр-бейнесiн өзгертiп, пластикалық операцияларды жиi жасауда да, рекордсмендердiң алдыңғы қатарында келедi. Музыка әлемiнiң тарихында әлемге Майкл Джексондай танымал болған тұлға кемде-кем. Оның “Thriller” атты ән жинағы Гиннес рекордтар кiтабына ендi.
Оның осы уақытқа дейiн жасаған әрбiр iс-әрекетiнен оқырманды хабардар етуден жалықпайтын америкалық газеттер ендi әйгiлi жұлдыздың ислам дiнiн қабылдағаны жөнiнде де даурыға жазып жатыр. Әлем танитын поп королiнiң бұл қылығын да “странностқа” балап отырғандар көп. Қалай десек те, “балалық шағынан “Иегова куәгерлерiнiң” танымымен өскен әншiнiң 51 жасқа келгенiнде исламға бет бұруына себеп болған не нәрсе, түсiнiксiз” дейдi британдық газеттер .
Американдық жұлдыздың исламды қабылдағаны туралы ақпартты таратқан британдық “Sun” газетi. Онда әншiнiң исламды қабылдап қана қоймай, есiмiн де исламға бағыттап, өзгерткенiн жазады. Кеудесiне Құран қысып, исламды қабылдау рәсiмi Лос-Анджелес қаласындағы әншiнiң досының үйiнде өтедi. Рәсiмдi өткiзуге келген имам Майкл Джексонге Алла перiштелерiнiң бiрiнiң есiмiн Микаэльдi бередi. Оны құран ұстап, мұсылман еткен не құдiрет? Аталмыш газеттегi ақпаратқа сүйенсек, әншiнiң исламдық сауатын ашқан поп жұлдыздың қазiргi продюсерi көрiнедi. Оның үстiне, Джексонның соңғы уақытта орындап жүрген әндерiнiң көбiнiң авторы да мұсылман екен. Айналасында жүрген екi бiрдей жанның исламда болуы әншiнi де бұл дiннен алыстатпаса керек. Әрi ислам қағидалары туралы жиi естiп жүргендiктен, Джексонға исламның ұстанған бағыты да ұнаса керек.
Соңғы уақытта поп королiнiң үстiнен қозғалған айыптаулар да жиiлеп кеткенi белгiлi. Қаншама қиындықтарды бастан кешкен Майкл мұның бәрiне жолды исламнан iздеудi жөн көрген екен. Америкалық поп жұлдыздың есiмiн өзгертiп, исламды қабылдауы көпке үлгi болары анық.
Бүгiнде миссионерлердiң айдауымен өз дiнiн сатып жүргендер қаншама. Бiр отбасын бiрнеше дiнге бөлiп, тоз-тозын шығарған жоқ па? Дiндi қабылдау әр адамның өз еркi десек те, исламның хақ жолынан артық не құдiрет бар. Оны әлемнiң танымал тұлғалары мойындап, бет бұрып жатқанда бiздiкiлерге не жорық дейсiң iштей. Қалай десек те, бiр дiн, бiр мәзһабта болғанға не жетсiн?!
Гүлзина Бектасова