АУЫЛҒА КӨГIЛДIР ОТЫН КЕЛДI

АУЫЛҒА КӨГIЛДIР ОТЫН КЕЛДI

АУЫЛҒА КӨГIЛДIР ОТЫН КЕЛДI
ашық дереккөзі
322

Өткен аптаның соңына қарай, яғни 29-қараша күнi Алматы облысының Iле ауданында Алматы қаласындағы “ГРС-2”-ден Iле ауданындағы Қоянқұс ауылының солтүстiк шетiне дейiн тартылған жоғары қысымды газ құбыры iске қосылды.

Ауылдағы ағайынның бұл қуанышына облыс әкiмi Серiк Үмбетовтiң өзi арнайы келiп ортақтасты.

— Құрметтi де қадiрлi ағайындар, — дедi Серiк Әбiкенұлы. — Осынау iстелiп жатқан шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы жолдаған Жолдауына сәйкес дер едiм. Өздерiңiз бiлесiздер, бүгiнге дейiн бiздiң облысымыздың көгiлдiр отынмен қамтылуы тым мардымсыз, небәрi 5 пайыздан аспайтын едi. Қазiр қиын уақыт, дүние жүзi бойынша қаржы дағдарысы жүрiп жатыр дегенмен, осынау олқылықтың орнын толтырып, облыстың елдi мекендерiне газ құбырын тарту кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Оған бүгiн мiне өздерiңiз де куә болып отырсыздар. Жақында теледидардан көрген боларсыздар, Жамбыл ауданының елдiмекендерiне де газ құбыры барды. Ол үшiн облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлiндi. Ал алдағы жылдары қалаға жақын орналасқан 4 аудан тұрғындарын табиғи көгiлдiр отынмен қамтамасыз етудi көздеп отырмыз. Оның үстiне, Қазақстан — Қытай елдерiн жалғастыратын алып газ құбыры бiздiң облыстың 400 шақырымнан астам аумағын басып өтетiндiгiн ескерсек, осы арқылы да көптеген елдiмекендердiң көгiлдiр отынмен қамтылуына жол ашады.

— Әлеуметтiк-тұрмыс мәселесiне келгенде, — дедi бұдан әрi облыс әкiмi, — таяу арада елiмiз бойынша салынуға тиiстi 100 мектептiң 10-ы бiздiң Алматы облысына тән. Тоғыз бiлiм ғимараты пайдалануға берiлiп, ал, қалған бiреуi сiздердiң аудандарыңызда. Оның да құрылысы аяқталып келедi. Жақында салтанатты түрде ашпақпыз. Денсаулық мәселесiне қатысты облысымызда 6 аурухана салынатын болды. Тағы бiр айтайын дегенiм, қала мен ауыл адамдарының арасында ешқандай алшақтық болмауы керек. Сол алшақтықты болдырмау мақсатында облыстың мұғалiмдерiне, дәрiгерлерiне қыруар қаржы есебiнен төлемдiк көмек көрсетудемiз. Жалақыларына 25 пайыз үстемақы төлеудемiз. 540 млн. теңгенi коммуналдық төлемдерге жұмсап отырған жайымыз тағы бар. Бұл көмектер тек қана Алматы облысына ғана тән. Облыстық бюджет есебiнен тағы да 120 млн. теңгенi студенттер мен мектеп оқушыларының, мүгедек балалардың қажетiне жұмсаудамыз. Бұл, әрине, аз қаражат емес. Бүгiнгi қуаныштарыңыз құтты, ұзағынан болсын.

Салтанатқа жиналғандарды “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясының атқарушы директоры М.Исаев, осы ауылдың байырғы тұрғыны М.Исмаилов, ауданның Құрметтi азаматы, елiмiзге танымал қызылша өсiрушi К.Шегебаева құттықтап, игi тiлектерiн бiлдiрдi.

Бұдан кейiн арнайы орнатылған құбыр арқылы көгiлдiр отын алауын жағу рәсiмi болып өттi. Облыс әкiмi салтанатты жағдайда алқызыл лентаны қиған сәтте көгiлдiр түстi алау “мiне, мен қандаймын” дегендей лаулап жана жөнелдi. Қаладан осы елдiмекенге дейiнгi газ құбырының ұзындығы 5,5 шақырымды құрайды. Аталған мақсатқа облыстық бюджеттен 300 млн. теңге бөлiнген.

Ал “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының еншiлес кәсiпорны “ҚазТрансГаз-Алматы” акционерлiк қоғамы өз қаражаты есебiнен Ащыбұлақ ауылдық округiне қарасты Жәпек батыр және М.Түймебай ауылдарына қарай құбыр тарту жұмысын одан әрi жүргiзбекшi. Осының есебiнен келер жылдың ақпан айында бұл ауыл тұрғындары көгiлдiр отынмен қамтылатын болады. Одан әрi Жаңадәуiр, Жаңаталап, Ынтымақ, Байсерке, Покровка ауылдары мен 1-Мамыр және Өтеген батыр кенттерiнiң тұрғындарын осындай жағымды жаңалық күтiп тұрғаны анық. Iле ауданындағы осынау елдiмекендерге акционерлiк қоғам арқылы газ құбырын тарту 48,94 шақырымды құрайды. Соның 34,16 шақырымы облыстық бюджет есебiнен жүзеге асырылмақшы. Жобаны жүзеге асырушы “ҚАТЭК” ЖШС-гi болса, құрылыс-монтаж жұмысын “ҚазТрансГаз-Алматы” АҚ-ы мен “АГС-Сервис” ЖШС-терi жүргiзбекшi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары