БЕСБАРМАҚ ПА, БАС БАРМАҚ ПА?

БЕСБАРМАҚ ПА, БАС БАРМАҚ ПА?

БЕСБАРМАҚ ПА, БАС БАРМАҚ ПА?
ашық дереккөзі
1597

Қазақтың үйге келген сыйлы қонаққа ет асатыны белгiлi. Бiрақ, соңғы кездерi қайдан шыққанын кiм бiлсiн, еттiң орнына бесбармақ (кей жерлерде бешбармақ деп айтады- Г.Б) деп айтып жатады. Тiптi, үлкен отырыстарда, той думандарда, әртүрлi кештерде асабалардың аузынан “ортаға қазақтың ұлттық тағамы — бесбармақты әкелiңдер” дегенiн талай естiдiк.

Бiлуiмiзше, қазақта бесбармақ деген ұғым жоқ. Тiптi балабақшаға жаңа барған баланың өзi бес саусақты өз атымен атайды. Ендеше, бiздiң саусақтарымыз да бала кездегi жаттағанымыздай, бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кiшкентай бөбектен тұрмай ма? Ендеше бесбармақ қайдан шықты?

Мектепке алғаш барған баланың өзiне мұғалiмдер алғашқы есептi саусақтарды санаудан бастайтын. Ұмытпасақ:

Басталады саусағым бас бармақтан — бiрiншi.

Балаң үйрек болады санағанда — екiншi.

Ортан терек биiгi тұрып қапты — үшiншi.

Шылдыр шүмек келедi “кезегiм” деп, төртiншi.

Кiшкентай бөбек таласпай, болған екен, бесiншi,

— демейтiн бе едiк. Сенбесеңiз, мұны балабақшаға баратын кез келген баладан сұрап көрiңiз.

“Қазақтың ұлттық тағамдарын” iздеп, интернеттi де бiраз ақтарып көрдiк. “Massagan. сom” деп аталатын интернет сайтта қазақтың ұлттық тағамдарына байланысты бiраз нәрселер жазылыпты. Интернет сайттың пайдаланушылары көбiне жастар болғандықтан, олар ұлттық тағамды қайдан бiлсiн, әрқайсысы әртүрлi пiкiр жазады. Тiптi кейбiрi, “балбырап пiскен қазақтың бешбармағын сағындым” десе, ендi бiрi “өй, осы қазақта қайбiр ұлттық тағам бар дейсiң, айран-сүттен басқа” дегендi айтады. “Ұлттық тағам түрлерi қандай дегеннен гөрi, қалай жасалатынын үйретiңдер деген дұрыс сияқты. Ендеше, қалам, қағаздарыңды дайындай берiңдер. Бiр ғана жiлiктi екi литр суға қайнатып, арасында көбiгiн алу керек, картоп ашып саласың бiр-екi түйiр. Сосын, қамыр илеп, июi қанған кезде оқтаумен жайып, төрт бұрыштап кесесiң. Ет пен картоп пiскенде сорпаның тұзын қалпына келтiрiп жайған қамырыңды саласың. Қамыр пiскенше, екi түйiр жуа аршып, тұздық жасап қою керек. Бәрiн алып, табаққа салып, үстiне етiңдi турап, тұздығыңды құясың. Сорпасын бөлек бересiң, айран қатып. Етке қазы, май қосып та асуға болады. Бұл үйренгендерiңiз қазақтың кәдуiлгi — Бесбармағы! Астарыңыз дәмдi болсын”, — дептi тағы бiрi. Мiне, қараңыз, бәрiнiң айтатыны осы. Тек, сайттан анық ұққанымыз, бүгiнгi жастарымыздың көбiнiң көкейiнде қазақтың ұлттық тағамы ет емес, бешбармақ болып қалыптасыпты. Тағы бiр қызығы, аталмыш сайтты ашып отырсаңыз, жастардың ұлттық дүниелерге деген көзқарасын, бiлiк-бiлiмiн қарап, бiртүрлi қарныңыз ашады. Барлығының түсiнiгi естiген-бiлгенiнен аса алмаған. Осындайда үлкен ата-әжелерiмiздiң институттарының азайғанын бiрден байқайсыз. Егер ата-әженiң бауырында өссе, бала ұлттық дүниеден де тысқары кете алмайтын едi-ау деп ойладық.

Сонымен, қазақтың ұлттық тағамы болып саналатын ет пе, әлде бесбармақ па? “Бес саусақты салып тұрып, асап жейдi”— деп, мұны өзге ұлттың өкiлдерiнiң әдейi шығарғаны ма екен. Онда неге бесбармақ емес, бес саусақ демеймiз. Өйткенi, қолыңда бес саусақ бар, ал бармақ бiреу. Ол бас бармақ. Қалған саусақтардың аты белгiлi. Ендеше елдi шатастырмай, әр тағамды өзiнiң атымен атағанымыз жөн емес пе? Еттi ет деп, жал-жаяны жал-жая деп, қымызды-қымыз деп, қартаны-қарта дегенге не жетсiн?! Сонда келешек ұрпақта ұлттық тағамды өз атымен атауда шатаспаған болар едi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары