КАЗСАТ ҚАЙДА?

КАЗСАТ ҚАЙДА?

КАЗСАТ ҚАЙДА?
ашық дереккөзі
209

Желге ұшқан 65 млн. доллар жайлы

Үкiметтiң немқұрайдылығы мен шалағайлығының кесiрiнен халықтың қалтасынан шыққан 65 млн. доллар желге ұшты. Осымен екiншi рет “орнын сипатып” кеткен KazSat -тан қазаққа келер пайда жоқ. Жер серiгiн халықаралық компаниялардың бiрiне қыруар қаражатқа қайтадан жасату ғана қалды. Ал мүмкiндiгi ұшан-теңiз “Байқоңыр” ғарыш айлағын игеруге қол қысқа – мамандар тапшы. “Қайтпек керек”?

2008 жылдың 26 қарашасына қараған түнi қазақтардың алғашқы жер серiгi – KazSat-1 жұмыс iстеу қабiлетiнен толық айырылды. Мамандар пiкiрiнше, KazSat-1-ден Қазақстанға келер пайда жоқ. Демек, ғарыш саласының ұшан-теңiз мүмкiндiгiн Қазақстанның игiлiгiне жарата алмадық. Бұған дейiн KazSat-ты қазақстандық мамандар Ақмола облысынан құрылған ғарыштық құрал-жабдықтарды жерден басқару кешенi арқылы бақылайтын. KazSat мәселесiмен қазiр РФ-ның Сколково қаласындағы басқару орталығының мамандары айналысып жатыр. Өйткенi, бiздiң ғалымдар ғарыш кеңiстiгiн емiн-еркiн игеруге қауқарсыз. Бұл кемшiлiк маман тапшылығынан туындап отырғаны айтпаса да, түсiнiктi. Ал ұшарын – сай, қонарын жел бiлетiн “қаңбақ” -KazSat-1-дi М.Хруничев атындағы Ресейлiк ғарыш орталығының мамандары құрастырыпты. Жоспар бойынша, 12 жарым жыл Қазақстанға қызмет етуi тиiс жер серiгi бiр жарым жылдан кейiн-ақ сыр берген. 2008 жылдың 8 шiлдесiнде көзден ғайып болған KazSat-1-дi араға айлар салып барып (қазан айында) таптық. Онда да америкалықтардың арқасында. Бiрақ жер серiгiнiң сапасыз жасалуының кесiрiнен толық басқару мүмкiн болмай отыр. Демек, қазақтың қыруар қаржысы – 65 млн. доллар желге ұшты. Сорақысы сол, жер серiгiне қатысты келiссөздерге ғарыш саласын бес саусағындай бiлетiн мамандар емес, аспан әлемiнiң “исi” мұрнына бармайтындар қатысқан. “KazSat-1 мәселесi дұрыс бағытта шешiлмеген. Ол тiптi, ҚР Конституциясына сәйкес емес. Қазiргi заманға лайықты, сенiмдi ғарыштық техника дайындайтын халықаралық деңгейдегi беделдi компаниялар көп. Солардың арасында тендер өткiзу керек едi. Өкiнiшке қарай, бiздiң KazSat-1-дiң сапасы туралы сөз қозғау артық” деп күйiнген ҚР Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев қазақстандық жер серiгiнiң жүйесiн құру туралы келiсiмге Ұлттық инновациялық қордың қалай қол қойғанына таңғалады: “Ұлттық инновациялық қордың аса күрделi ғарыш жүйесiне қандай қатысы барын мен әлi күнге дейiн түсiне алмаймын”.

Отандық ғарыштық агенттiк басшысының мәлiмдеуiнше, жақын күндерi екiншi жер серiгi ұшырылмақ: “KazSat-2 дайын боп қалды. Бұл жер серiгi де бiзге дейiн ұшырылған KazSat-1 сияқты. Төленген ақының 65 пайызы KazSat-1-ден аумайтын KazSat-2-нi дайындауға жұмсалған. Оны кейiн қайтара алмайсың. Бiрақ бiз жер серiгiнiң құрылымын өзгертуге және кейбiр құрамдас бөлiктерiн анағұрлым сенiмдi бөлiктермен ауыстыруға қатысты ұсыныстарымызды берiп үлгердiк” (Т.Мұсабаев). Бұл – көңiл жұбату ғана. Әйтпесе, халықтың қалтасынан шыққан қыруар қаржыны ысырап еткен Ұлттық инновациялық қордан есеп сұраған кiм бар? Келiссөз басталмас бұрын ұйымдастыру жұмыстарын жүргiзген Мәсiмовтiң командасы қайда қараған? “Әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа” жоқ. Билiк бiлгенiн iстеуден тыйылмаса, көрiнгенге жем бола берерiмiз анық.

Ғарыш демекшi, дүниежүзi бойынша мұмкiндiгi шексiз “Байқоңыр” ғарыш айлағын қазақ мамандарына берудi қолға алу керек. Кеңестiк империяның қазақ сияқты “екiншi сортты” ұлттарды аса күрделi әрi жауапты салалардың маңайына да жолатпағаны белгiлi. Бiрақ Қазақстан тәуелсiз алған 17 жылдың iшiнде қаншама қарадомалақты ғарышқа ұшырып, қайтадан Жерге түсiрiп, қалағанымызша ғарышқа сапарлап, мәре-сәре болатын кез әлдеқашан жетсе де, “әттең, тонның келтесi-ай” әуенiнен арыла алмай жүрмiз. Ал “Байқоңырдың” қызығын жатжұрттықтар көруде. Сейсенбi күнi ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң Халықаралық iстер, қорғаныс пен қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi комитетте қаралған ҚР “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы “Байқоңыр” кешенiн тиiмдi пайдаланудағы ынтымақтастықты арттыру туралы келiсiмдi жүзеге асыру” туралы заң жобасын талқыға салу барысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев: “Байқоңыр” ғарыш айлағын Қазақстан өзi игеруге дайындалуы тиiс” деп мәлiмдедi. Осыдан бiр жыл уақыт бұрын РФ-ның сол кездегi басшысы В.Путин Ресей аумағынан “Восточный” ғарыш айлағын құру туралы шешiм қабылдаған болатын. Әрине, “Байқоңыр” сияқты “батпан құйрықтан” Ресей оңайлықпен айырылмайтыны анық. Алайда, Мұсабаев тiзгiнi ресейлiктердiң қолында отырған “Байқоңырды” толық игеру шараларына осы бастан дайындала беруге шақырады. Ол үшiн тез арада ғарыш саласын бес саусағындай бiлетiн қазақ мамандарын дайындап, құрылысы аяқталуы тиiс екi ғарыш кешенi – “Бәйтерек” пен “Зенит-М” нысанын пайдалануға беру қажет. Тағы бiр түйткiл, ресейлiктер “Байқоңырды” жалға алу мерзiмiн 2050 жылға дейiн ұзартуға мүдделi. 2004 жылдың 22 желтоқсанында ҚР мен РФ үкiметтерiнiң арасындағы келiсiмге сәйкес, экологиялық тұрғыда зиянсыз “Бәйтерек” зымырандық-ғарыштық кешендi 2012 жылға дейiн iске қосылуы тиiс болатын. Бұл топырағына қайта-қайта “Протонның” амилi мен гептилi төгiле беретiн Қазақстанға өте тиiмдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары