КӨЗДЕН КЕТКЕНI КӨҢIЛДЕН КЕТКЕНI МЕ? НЕМЕСЕС БЕЛГIЛI РЕЖИССЕР РАЙЫМБЕК АҒА ТУРАЛЫ БIР ҮЗIК СЫР

КӨЗДЕН КЕТКЕНI КӨҢIЛДЕН КЕТКЕНI МЕ? НЕМЕСЕС БЕЛГIЛI РЕЖИССЕР РАЙЫМБЕК АҒА ТУРАЛЫ БIР ҮЗIК СЫР

КӨЗДЕН КЕТКЕНI КӨҢIЛДЕН КЕТКЕНI МЕ? НЕМЕСЕС БЕЛГIЛI РЕЖИССЕР РАЙЫМБЕК АҒА ТУРАЛЫ БIР ҮЗIК СЫР
ашық дереккөзі
219

Бәлкiм, осы бiр сағынышымды, назымды жазу орынды ма, орынсыз ба, бiлмеймiн. Әйтеуiр, қолыма қалам алдым. Сағыныш, өкiнiш сезiмдерi iшiмдi қарпып, тамағым ол кiсiнi ойлағанда булығып қалады. Былтырғы қараша түркiстандықтар үшiн өте өкiнiштi ай болды. Қазақ өнерiнде өшпес өнегесi бар азамат өмiрден өттi… Қайран Райымбек аға Сейiтмет!

Ол кiсiнiң Алматыда Ғабит Мүсiрепов театры мен М.Әуезов атындағы драма театрында атқарған еңбегiнiң қандай екенiн дүйiм ел жақсы бiлер. Бұл турасында ағаның көзi тiрiсiнде айтылды да, жазылды да. Өнер ордасы Алматыдан туған жерiне бiржолата кеткенде, ол кiсiнiң бұл қарекетiне түсiнбестiкпен қарағандар да болды. Бiрақ, Райымбек аға туған жерiне демалуға барған жоқ. Ол Түркiстанның рухани кеңiстiгiне жаңа сарын, жаңа леп әкелу үшiн аянбай еңбек еттi. Еңбегi еш болмады. Нәтижесiнде рухани астанамыздың төрiнен өнер мектебiн ашып, театр тұрғызды.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң журналистика бөлiмiнiң 1-курс студентi атанған кезiмiз. Студенттердiң рухани ләззат алатын да, қыдыратын да жерлерi тарихи кесененiң айналасы және театр. Сондықтан, сабақтан, кiтапханадан қолымыз қалт еткенде театрды төңiректеп жүретiнбiз. Ол кезде Райымбек ағаны көргенде, бас иiп: “Армысыз, аға?” дейтiнбiз. Ол кiсi: “Бармысың, қалқам?” деп өзiне ғана тән ерекше саңқылдаған даусымен бiзге қарап жымиятын. Жүрiс-тұрысындағы бекзадалық, киiм киюдегi үйлесiмдiлiк, бәрi-бәрi бiзге үлгi көрсетiп тұрғандай-тын. Кейiннен бiз 3-курс оқып жүргенде Райымбек аға туралы очерк-фильм түсiретiн болдық. Сол сәттен бастап ағамен жақын танысудың, еркiн әңгiмелесудiң сәтi түстi. Ендi кездескенде бұрынғыдай “армысыз?” деп емес, “аға, қалыңыз қалай?” деп iштарта, өзiмсiне амандасатын болдық.

Үйiмiз театр маңына онша қашық бола қоймағандықтан, кешкi қойылымға бiрiншi сыныптағы iнiмдi ертiп апарамын. Қойылымға мүмкiндiгiнше бiр, жарты сағат ерте баруға тырысамыз. Өйткенi, театрдың күншығыс бетiндегi отырғыштардың бiрiнде Райымбек аға күмiс, бұйра шаштарын артқа қарай саусақтарымен тарамыстап, ойға шомып отыратын. Мұндай зиялы кiсiнiң әңгiмесiн тыңдап, ғибрат алғанға не жетсiн, шiркiн! Райымбек аға бiздiң келе жатқанымызды көрiп, орнынан тұрып, iнiмнiң басынан сипап: “Мiне, ертең нағыз театрдың мәдениеттi көрермендерi болатын осылар” деп риза көңiлмен, бар мейiрiмiн төге қарайтын. Сосын бiздiң өзара сөз жарастығымыз басталып кететiн.

— Аға, осы бiз театр көру мәдениетiн бiлмеймiз-ау, — деп көңiлiмдегi өкiнiштi жеткiзгiм келдi. Ол кiсi әдетiнше алыс көкжиектерге көзiн тiге отырып:

— Оның рас. Бiрақ, бәрi уақыт өте келе дұрысталады. Бiз бала күнiмiзде театр көрiптi дейсiң бе? Ең бастысы қазiр Түркiстанның халқы театрдың не екенiн бiледi. Соның өзiне шүкiршiлiк. Мен бұл театрды оңайлықпен тұрғызған жоқпын. Саған бұл турасында бұрын да айтып па едiм, әлде жоқ па?

— Аздап қана.

— Ол кездерi халық рухани құндылықты ойламақ түгiл, қарнын қалай тойдырамын деп бас қатыратын. Өнер факультетi бастапқыда қазақ-түрiк университетiнiң Кентаудағы филиалының жанынан ашылған едi. Оның қиыншылықтары мен қызықтары Сая Қасымбектiң “Түркiстан театры” деген кiтабында бүге-шүгесiне дейiн жазылған. Сонда да, ол кездердiң қиыншылықтарына қарамай, мен тек алға жылжи бердiм. Мұздай үйде өзiм от жағып, май шаммен отыратынмын. Есiңде шығар, сендердiң бала күндерiңде жарық сөнiп қала беретiн.

— Иә, бiз майшаммен пештiң түбiнде “мұрнымыздан моншақ түседi” деп мақтаны көпсiте шиттеп отыратынбыз. Бiрақ, бiздiң үй жылы болатын.

— Ауылда жылы болады ғой. Бiз үкiметтiң үйiнде тоңып қалатынбыз. Сондай күндерiмдi көрген досым Қадiр (Мырза Әлi): “Ойбай, мынауың қай тiршiлiк? Бұлай қайтiп өмiр сүруге болады? Алматыға қайтсайшы” дейдi. Сонда мен: “Ой, бар қызық та, бақыт та осы өмiрiмде. Алматыда не қызық бар дейсiң, ыстық суың, жылы суың бәрi дайын, жарығың жарқырап тұрады. Ал мұнда кешкiсiн жарықтың лып етiп жанғанын көрген балалардың ойындарын тастай сала, үйге қарай “алақайлап” жүгiргенiн көрсең ғой… Балалардың шын қуанғанын көру — қандай бақыт десеңшi” дейтiнмiн. Мен Түркiстан рухани астана деген атына лайық болса деймiн. Түркiстанның топырағын басқан әрбiр жан осы жердiң киесiн сезiнiп жүрсе. Мұнда бабалардың жебеп жүретiн рухы бар. Ал сол бабалардың рухын бос ойын-күлкiмен, “алып кет те, жұлып кет” деген сауда-саттықпен мазалауға болмайды. Тiл-көзiм тасқа, қазiр Түркiстанда барша түркi жұртына ортақ бiлiм ордасы, театр бар. Менiң тәрбиелеген шәкiрттерiм де өнер жолында адал еңбек етiп келедi. Олар Қазақстанның ғана емес, Түркия көрермендерiнiң де көзайымына айналды. Менiң балаларым Түркияға барғанда, түрiк тiлiнде өнер көрсеттi. Сонда түрiктер таң тамаша болды олардың ойынына.

— Талантты шәкiрттерiңiз бар, сiрә, арманыңыз жоқ шығар, — деп мен ағаның қажырлы да, нәтижелi еңбегiне ыждаһаттылығымды бiлдiрдiм. Шынында да, адам өзiнiң еңбегiнiң жемiсiн көрсе қандай бақыт!

— Неге жоқ болсын. Ең басты арманым — Түркiстаннан театр ашу едi. Құдайға шүкiр, ол арманыма жеттiм. Ендi заманауи үлгiмен жабдықталған жетi жүз орындық театр ғимаратына қол жеткiзсек деймiз. Қазiргi театр ғимараты бұрынғы темiржолшылар клубы ғой, оған небәрi екi жүз елу адам сияды. Облыстың, қаланың әкiмдерi ауысқан сайын, “сiздердiң мәселелерiңiз шешiледi” деген уәде аламыз. Қалай болғанда да, жаңа театр ғимаратын тұрғызамыз. Бiз екеумiз бiр-бiрiмiз туралы кiшкене болса да бiлiп қалдық қой, әр қойылымнан кейiн пiкiрлесiп тұрайық. Артықшылығын да, кемшiлiгiн де именбей айтатын бол, жарай ма? — деп ол кiсi маған сенiм арта қарады.

Мен театр репертуары туралы көкейiмдегi мазалап жүрген сұрақтың қойылатын уақыт екенiн түсiндiм де:

— Аға, сiздер неге көбiне тарихи тақырыптардағы шығармаларды сахналайсыздар? Жастар комедияға, бүгiнгi заман тақырыбына қызығады, — деп өз ойымды бүкпесiз жеткiздiм.

— Тарихи тақырыптарды сахналаудың үлкен себебi бар: жастардың iзденiп оқуы аз. Олар ата-бабаларының кiм болғанын бiлу үшiн де бiз тарихи қойылымдарды сахналаймыз, жастар театр көру арқылы тарихпен танысады. Бүгiнгi заманауи пьесаларды да репертуарға енгiзудi естен шығарып жатқан жоқпыз немесе театрымыз бiрiздiлiкке түсiп кетедi ғой, — деп тарихи деректердi тiзбелей кеттi.

Жалпы Райымбек аға тарихи шындық туралы әңгiме қозғағанды жақсы көретiн. Ол кiсiнiң Шерағаның “Сталинге хатын” театрға алғаш сахналауы, қазақ көрерменiнiң рухани санасының кемелденуiне зор ықпал еткенiн кiм ұмытады дейсiз?! Поэзияны терең түсiнетiндiгi — Райымбек ағаны өзгелерден даралап тұрушы едi. Театр поэтикасын алғашқы болып сахналағандығы — осы бiр ақынжандылығының құдiретi шығар.

Райымбек аға былтырғы қарашаның ызғырығына iлiкпегенде, биыл жетпiс жылдық мерейтойын тойлаушы едi, әттең…

Қазақта “көзден кеткенi — көңiлден кеткенi” деген зiлдi сөз бар. Бiрақ, қаншалықты ауыр айтылса да, ащы айтылған шындық сияқты. Өйткенi, қазақ өнерiнiң корифейiнiң бiрi Райымбек ағаның жетпiс жылдық мерейтойының атаусыз қалуы — осы сөзiмiздiң дәлелi iспеттi. Көз алдымызда қалқайып жүргендердiң ғана мерейтойын тойлау, олар туралы газет-журналдарға “жылы-жұмсақ” сөздердi жазу — бiрiншiден, ұлттық мiнезiмiзге сын емес пе?! Екiншiден, қазақ мұндайда “өлi разы болмай, тiрi байымас” дейтiн-дi.

Түркiстандық көптеген жастарға театрдың ерекше рухани әлем екенiн ұқтырған, көрсеткен еңбегi үшiн Райымбек ағаға айтар алғысым шексiз…

Райымбек аға, сiздiң саңқылдаған үнiңiздi, қайсар бейнеңiздi сағындым. Түркiстанның жас өрендерi сiздiң нағыз зиялыға тән мiнезiңiздi сағынды…

Жадыра НАРМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары