ЖАСТАР ЖӘНЕ “АБАЙ ӘЛЕМI”

ЖАСТАР ЖӘНЕ “АБАЙ ӘЛЕМI”

ЖАСТАР ЖӘНЕ “АБАЙ ӘЛЕМI”
ашық дереккөзі
254

Биыл елiмiздегi белгiлi бiлiм ордаларының бiрi – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетi өзiнiң 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда қара шаңырақта республикалық “Абай әлемi” атты студенттiк өнер фестивалi өттi.

Жүз жасаған Жамбыл ақын “ақындардың пайғамбары” деп баға берген Абай қаймана қазақтың мұң-мұқтажын жоқтап, “Қалың елiн қазағын” бүкiл әлемген танытқан бас ақын екенi аян. Сол данышпан ақынның атымен аталған бiлiм ордасының iргетасы 1928 жылы қаланған едi. Алғашында Каспий университетi, одан соң Алматы гуманитарлық университетi, бертiн келе Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетi атанды. Бұл қара шаңырақта қазақтың небiр ақын-жазушылары дәрiс берiп, өз қолдарынан елге танымал азаматтарды шығарды.

Аталмыш бiлiм ордасы 27 қарашада Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген студенттер қауымын қарсы алды. Барлық студенттiң мақсаты бiреу – әлемдiк деңгейдегi ұлы ақын, гуманист, композитор Абай Құнанбаевтың шығармашылығын өз замандастарына насихаттау. Жалпы өнер фестивалi Абай өлеңдерi, Абай әндерi, Абайдың қара сөздерi, ақындар айтысы сынды 4 номинация бойынша өткiзiлдi. “Өлең сөздiң патшасы, сөз сарасы” деген Абай ақынның өлеңдерiн нақышына келтiрiп, ерекше мәнермен оқыған студенттердiң Абай әлемiне терең бойлағаны көрiнiп-ақ тұрды. Абайдың өз өлеңдерiне ән жазғанын бiлемiз. “Көзiмнiң қарасы”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Желсiз түнде жарық айды” бұлбұл дауысты студент әншiлер орындады. Абай әндерi номинациясы бойынша Қазақстанға белгiлi әншi, “Құрмет” орденiнiң иегерi Майра Iлиясова, композитор Дүйсенхан Сыздықов сынды өнер қайраткерлерi төрелек етсе, Абай өлеңдерi номинациясының қазылар алқасында абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы сынды бiрқатар филолог-ғалымдар болды. Ал әрбiрiмiзге ғибрат боларлықтай Абайдың қара сөздерiн оқыған студенттердiң бағасын, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың “Абайтану” ғылыми-зерттеу институтының директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбет бердi. Фестивальдiң ең қызықты сәтi ақындар айтысы болды. Қолдарына домбыра алып, қара өлеңнен маржан жыр терген студент ақындардың беталысын көрiп қуандық. Әрине оларды отауызды, тәжiрибелi ақындармен салыстыру әсте қиын. Дегенмен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнен түлеп ұшқан марқұм Ораз ақын да айтыстағы өз жолын осылай бастады емес пе? Олай болса олардың алар шыңы алыс емес. Сөз додасына төрелiк еткен ақындар да осыны айтты.

Сонымен екi күнге созылған фестиваль де өз мәресiне жеттi. Феститвальге қатысқан жастардың “Мыңмен жалғыз алысқан” қазақтың бас ақынын әлi де ұмытпай, оның тамыры терең мол дүниесiн қайта жаңғыртқаны қуантты бiздi. “Фестивальде бастысы жеңiс емес, Абай әлемiнiң қыр-сырын замандастар мен келер ұрпаққа көрсету” – деп ой бөлiстi фестивальдiң жабылу салтанатында жастар. Әлбетте бүгiнгi жас ұрпақ Тұманбай ақынның “Асыл сөздi iздесең, Абайды оқы, ерiнбе…” деген өлеңiн жадына тоқып, Абайдың әрбiр қара сөзiн, өлеңiн көкiрегiнiң тереңiне түйiп алса игi. Ал ұйымдастырушылар, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнiң ұжымы фестивальдiң келер жылы да дәстүрлi жалғасын табатынын атап өттi.

Р.СӘРСЕНҒАЛИЕВА, Ә.СҰЛТАНОВА

Серіктес жаңалықтары