ТЕМЕКIНIҢ ТҮТIНI МЕН ТIРШIЛIК

ТЕМЕКIНIҢ ТҮТIНI МЕН ТIРШIЛIК

ТЕМЕКIНIҢ ТҮТIНI МЕН ТIРШIЛIК
ашық дереккөзі
316

Кәрi құрлық дүкен сөрелерiнен темекi өнiмдерiн алып тастауға көштi. Өйткенi, дүние жүзiнiң миллиондаған тұрғыны жыл сайын шылымның кесiрiнен жабысқан кеселден көз жұмады екен. Ал Қазақстанда күн сайын – 70, жыл сайын – 25 мың отандас темекiнiң құрбанына айналады. Демек, темекiге қарсы күрес шараларын жүзеге асыруда Үкiмет босаңдық танытпауы тиiс.

Исландия мен Таиландта темекiнi кез келген жерден сатып алуға тыйым салынғаннан кейiн шылымға әуестенген жастар саны бiрден 10 пайызға азайыпты. Осы екi елдiң тәжiрибесiн ендi Ұлыбритания үкiметi қайталағалы отыр. Өткен аптада Лондон темекiмен күрес ретiнде дүкендер сөрелерiнде темекiнi ашықтан ашық жарнамалауға, яғни, сатуға заң жүзiнде қатаң тыйым салды. Ағылшындардың бұл тәсiлi жақын күндерi Шотландия, Солтүстiк Ираландияда жүзеге асырылуы мүмкiн. Еуропалық одақ 2025 жылға дейiн темекi өнiмдерiн ашық саудадан мүлде алып тастауды мақсат етуде. Үстiмiздегi жылдың қыркүйегiнде Еуропалық комиссия темекiге қарсы күрестiң жаңа жобаларын ұсына отырып, бөлшек саудадағы шылым бағасын 67 пайызға дейiн өсiруге ұсыныс бiлдiрдi. Негiзi Еуропаның бiрқатар елдерiнде темекi өте қымбат тұрады. Жер шарының үкiметтерi адам ағзасына, әсiресе, өскелең ұрпақтың келешегi мен бүгiнгi өмiрiне үлкен қауiп төндiрген тажал — темекiмен күреске көңiлдерi толмайды. Түрлi тыйымдарды қарастыруда белсендiлiк танытуы да сондықтан. Халықаралық сарапшылар шылымның ашық саудадан алынып тастауы темекi тартатындар санының күрт азаюына ықпал ететiнiн айтады.

Сөрелерден жоғалғанымен, аппараттардағы шылым қораптары сатыла бермек. Англиядағы жүрек-қан тамырлары ауруларымен күрес қорының мамандары үкiмет арнайы аппараттардағылардың да көзiн құртуы керек деген ұсыныс айтуда. Бұл бесiктен белi шықпай жатып, езулерiне темекi қыстыратын балалардың жаман әдеттен аулақ болуын қамтамасыз етпек. Айтпақшы, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарынан үздiксiз жарнамалап жүрген электронды темекiнi кейбiр мамандар адам денсаулығына қауiп төндiруi мүмкiн деген пiкiрде.

Темекiмен күрестiң алуан түрi бар. Мысалы, Данди қаласында (Шотландия) әлеуметтiк ахуалы төмен отбасыларға темекiмен қош айтысатын болса, 150 фунт (300 доллар) көлемiнде жәрдемақы тағайындалған. Ресми деректерге сүйенсек, Дандидегi кедейшiлiктiң қамытын киген отбасылардағы 37 мың тұрғын темекiнiң түтiнiнсiз тұра алмайды екен. Егер материалдық тұрғыда қызықтыру шындар қолға алынса, аяғы ауыр талай келiншекке сеп болары хақ. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлдерi әлемнiң 2 миллиардтан астам жеткiншегi темекiнiң түтiнiмен уланғанын айтады. Қазақстанға келсек, республика халқының 27 пайызы, яғни, 4 миллион адам шылымға әуестенгендерден. Сол 4 миллионның 600-ден астамы қыз-келiншек болса, 120 мыңы 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер көрiнедi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлдерi әлемдегi барлық мемлекеттiң үкiметтерiн темекiнi жарнамалауға заң жүзiнде қатаң тыйым салуға шақырудан шаршамай жүр. Өйткенi, табак өнiмдерiнiң дүкен сөрелерiнде самсап тұруы үгiт-насихаттық тұрғысынан алғанда, керi әсер етедi. Мысалы, Қазақстан азаматтарының басым бөлiгi 20-ға толмай жатып, шылымның “дәмiн” татады екен. Сорақысы сол, елiмiзде жылына — 25 мың, күн сайын 70 пенде темекiнiң кесiрiнен туындаған түрлi дерттерден көз жұмады. Халықаралық ұйым өкiлдерi жүргiзген зерттеу жұмыстары балалар темекi тартуды неғұрлым ерте бастаса, никотиннен бас тарту соғұрлым қиынға түсетiнiн дәлелдедi. Оның үстiне, медициналық тұрғыда дәлелденген жайт — темекi тартатындардың 95 пайызы өкпенiң қатерлi iсiгiне ұрынады. Ал тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын жер жастанады…

Әрине, темекiнiң сөрелерден “сырғып түсiп қалуы” нәпақаларын никотиннен тауып жүрген халықаралық компания өкiлдерiне ұнамасы анық. Табак өнiмдерiн өндiретiн iрi кәсiпорындар тiптi, Голливудпен тығыз байланыста болған. Актерлер қауымы темекiнi жарнамалағаны үшiн қыруар қаржы (150 мың доллар) көлемiнде сыйақы тағайындалған. Темекнiң зияны туралы сот iсiн қарау барысында бiрқатар сорақы жайттың бетi ашылыпты. Мысалы, әлемге танымал бiр компания голливудтық актерлерге 1 жылда 3 млн. доллар көлемiнде сыйақы берген. Кейбiр мамандар пiкiрiнше, 30-50 жылдар аралығында түсiрiлген кинокартиналардағы темекiнiң жарнамалануынан күнi бүгiнге дейiн табак өндiрiсiнiң тасы өрге домалап тұр. Сол кездерi радио арналар арқылы шылымды насихаттауға бағытталған бағдарламалар үшiн табак компаниялары өте үлкен көлемде қаламақы тағайындаудан да тартынбаған. Мысалы, Warner Brothers студиясы 1937 жылы шыққан бiр бағдарламаға 13,7 млн. доллар алған. 30-жылдардағы “кеңшiлiк” әлi күнге дейiн сақталған. Мысалы, теледидар арқылы қаншама актер темекiнiң қаншама түрiн емiн-еркiн “әспеттейдi”. Адам ағзасына, тiптi, өмiрiне аса қауiптi у — темекiге қатысты шығармашылық өнiмдерi сүзгiден өткiзiлмейiнше, қораптарының сырты көздiң жауын алатын табак өнiмдерiнiң құрсауына түскен жастар мен жасөспiрiмдер қатары әсте сиремек емес. Ең бастысы, тұлымы желкiлдеген мектеп оқушыларына темекi өнiмдерiн еш қымсынбастан сататын қатiгез сатушыларды тезге салып, сөрелерден ең қысқа мерзiм iшiнде алып тастауды ойластыруы тиiс. Сонымен қатар орта бiлiм беру мен доғарғы оқу орындарында темекi тартқан мұғалiмдер жазалаусыз қалмауы тиiс. Өйткенi, ұстазына қарап бой түзейтiн оқушы мен студентке керi ықпал етедi. Мұндай тәсiл көршiлес Ресейде бiраз уақыттан берi қолданылып келедi.

Темекiмен күресте Қазақстан Үкiметi атқараып келе жатқан шаралар көп. Мысалы, ҚР “Темекi тартуды шектеу мен алдын алу туралы” заңға сәйкес, темекi өнiмдерiн өндiрушiлер мен оны сырттан тасымалдаушылар жыл сайын iшкi нарыққа ұсынатын өнiмдердiң құрамы туралы Үкiметке есеп берiп отыруға мiндеттi. Үстiмiздегi жылдың 1 қаңтарынан бастап, шылым қораптарының сыртындағы “Шылым шегу сiздiң денсаулығыңызға өте зиянды”, “балаларды темекi түтiнiнен қорғаңыздар”, “темекi шекпейтiндердiң өмiрi ұзақ” деген жазудағы әрiптер көлемi 30 пайызға үлкейтiлдi. Көшелерден темекiнiң зиянын ескертетiн жарнамаллық қағаздар көптеп iлiне бастады. “Бизнес сарап” тәуелсiз агенттiгi 2008 жылдың соңына дейiн Қазақстандағы 25 млрд. дананың көлемiндегi шылым өндiрiсi 28-29 млрд. данаға (1,4-1,5 млрд. қорап) өстетiнiн көлденең тартады. Бұл көрсеткiш бүгiнде 25 млрд. дананың көлемiнде. Өнiм өндiру қарқыны тұтынушылық сұранысқа тәуелдi. 25 млрд. дананың 29 млрд.-қа өсiрiлетiнiне қарап, темекi тартатындардың саны өсiп келе жатқанын аңғарамыз. Қазiргi кезде iшкi нарықта екi компания — “Филипп Моррис Қазақстан” (56,4%) мен “Галахер Қазақстанның” (40%) үлес салмағы басым. Қалған бөлiк шет елдерден темекi тасымалдайтын компаниялардың еншiсiне тиедi. Еуропаның шылыммен күреске қатысты көтерген бастамасын қыркүйектiң ортасында “Темекi түтiнiнен азат Қазақстан үшiн” ұлттық коалициясының өкiлдерi де қолдады. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық орталықтың елiмiздегi iшiмдiк пен темекi өнiмдерiнiң заңды түрде сауда айналымына енгiзiлуiн жақсарту мақсатында жүргiзген сараптамалық зерттеу нәтижесiнде бiраз кемшiлiктiң бетi ашылыпты. Коалиция президентi Айқан Ақановтың айтуынша, ЕО кеңесiне сәйкес, темекi өнiмiне салынатын жалпы салықтық салмақ 70 пайыздан (Қазақстанда — 26%), ал акциздiң үлесi 57 пайыздан (ҚР-да — 11%) кем болмауы тиiс. Сонымен қатар 2006 жылдың 1 шiлдесiнен бастап 1 мың дана шылымға салынатын салық жүгi 64 еуроға (10 370 теңге) теңгерiлдi. Бұл көрсеткiш Қазақстанда 58 есе төмен. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда арақ-шарап пен темекiдегi акциздiң үлесi небары 2,03% немесе 2 337,0 млрд. теңгенiң 33,3 млрд. теңгесi ғана. Демек, бюджетке түсетiн кiрiстiң көлемi 1 пайызға кем. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық орталықтың бас директоры Қазбек Төлебаев Үкiмет акциздiк мәселенi дұрыс жолға қойса, темекi өндiрушiлердiң тұтынушыларға қаржылық, психологиялық және денсаулыққа зиян тұрғысынан келтiретiн шығындарын өндiрiп алуға болатынын айтады. Сарапшылар пiкiрiнше, бiр қорап темекiнiң бағасын 10 пайызға жоғарылату дамыған елдердегi шылым шекпейтiндердiң санын 4 пайызға, дамушы елдерде 8 пайызға азайтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары