ОРТАЛЫҚ МЕШIТКЕ ЕЛБАСЫ КЕЛДI

ОРТАЛЫҚ МЕШIТКЕ ЕЛБАСЫ КЕЛДI

ОРТАЛЫҚ МЕШIТКЕ ЕЛБАСЫ КЕЛДI
ашық дереккөзі
253

Алматы жамағаты Құрбан айттың алғашқы күнiнде түгел мешiтке қарай бет бұрды. Таңғы алакеугiмде Орталық мешiт алды адамға лық толып, 5000 орындық мешiттiң iшi-сырты түгел Құбылаға бет бұрған жамағатқа симай кеттi. Ал сағат 10-да Орталық мешiтке Елбасы да келдi.

Халықты ұлық мерекесiмен құттықтай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев: “Бiздiң елiмiзде тәуелсiздiктiң арқасында ұмытыла бастаған дiнiмiз де, дiлiмiз де, тiлiмiз де халқымыздың салт-салтанаты да орнына келiп жеттi. Қанша дiн ғимараттары салынып жатыр, мешiттердiң, қаншасын қайтарып бердiк халыққа. Үлкенiмiз де, ортаншымыз да, жасымыз да мешiтке келетiн болды. Иманымызды келтiрiп жүрмiз жаңадан.Iс адамдары, жiгiттер, iстеп жүрген азаматтар өзiнiң 10 пайыз табысын кемтарларға беру керек, жетпей жатқан халыққа беру керек. Сөйтiп, бiр-бiрiмiзге шапағатымызды аямайтын болсақ, бiздiң алмайтын асуымыз, шықпайтын биiгiмiз қалмайды. Сондықтан мен бүгiнгi қасиеттi күнi Аллаһ тағаланың құлағына шалынсын деп барлық мұсылман халқына бiрлiк тiлеймiн. Әруақытта жақсылығы мол болсын, тәуелсiздiгiмiз ұзағынан болсын, бiрлiгiмiз ажырамасын” — деп мұсылман қауымына өз тiлегiн арнады.

Ал Дiни басқарманың баспасөз-хатшысы Оңғарбек қажы: “Бүгiн айт намазға адам көп жиналды. Дiни басқарманың айналасы мен мешiт ауласына жиналған қауымда есеп жоқ. Бұл бiздiң халқымыздың дiнге деген ықыласын бiлдiрiп отыр. Тағы бiр қуантарлығы, жиналғандардың 95 пайызы 25-30 жас аралығындағы жастар. Бұл бiр ғана мешiттегi жағдай. Мұндай жағдай елiмiздегi 2300 мешiтте де орын алған” деп өз қуанышын жеткiздi. Орталық мешiтте құрбандыққа шалынған малдың бiр бөлшегi қаламыздағы балалар үйiне, зағиптар үйiне, қарттар үйiне таратылды.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары