СЫР ӘУЕНДЕРI — АЛАТАУДА ҚАЛЫҚТАДЫ
СЫР ӘУЕНДЕРI — АЛАТАУДА ҚАЛЫҚТАДЫ
Желтоқсанның 2-3 күндерi Алматы қаласында Қызылорда облысының мәдени және өнер күндерi “Сыр – Алаштың анасы” атты тақырыппен өттi. Мұндай басқосулардың кеңестiк кезеңдi есептегенде 6-шы, Тәуелсiздiк жылдарынан бергi 2-шi рет өткiзiлiп отыр. Бұдан 12 жыл бұрын 1996 жылдың қараша айында аталған күндер өткен-дi. Осынау 12 жылдың бергi өсу, өркендеу жолын саралаған кiсiге, көптеген өсу жолдарын, өнер мен мәдениетке деген қамқорлықты сезiне түсемiз. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса отырып, жаңа, жас толқын өнерпаздар қатарға қосылған. Бұл әрине заңды құбылыс.
Алғашқы күнгi өнер сайысы “Сырдан соққан күй-самал” деп аталған өнер кешi Қазақконцерт бiрлестiгiнiң орталық концерт залында өттi. Мұнда негiзiнен халық ақыны, даңғайыр шайыр Тұрмағамбет Iзтiлеуовтың туғанына – 125 жыл толу қарсаңында алғаш шымылдығын ашқан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрi мен “Дидар” фольклорлы-этнографиялық ансамблi және әншi-күйшiлердiң концертi болды.
Өнер кешi ашыларда ғалым, өнер зерттеушi, жырау, Қызылорда облыстық мәдениет департаментiнiң бастығы Б.Жүсiпов қысқаша сөзiнде, “Бұл кездесудiң Қызылорда қаласының iргетасының қаланғанына 190, Қызылорда облысының құрылғанына 70-жыл толу қарсаңында өнердегi беташар болмақ”, – дедi.
Мұнан кейiн Қазақконцерттiң залында лық толған көрермендердiң қошеметi мен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрiнiң күмбiрлеген күйiмен, “Дидар” фольклорлық-этнографиялық ансамблiнiң, әншi-күйшi, жыршыларының өнер жарысы кең залды кернеп, Сыр саздарын сағынған көрермендердiң көзайымына айналды.
Осы кеште Балқы Базардың, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерiмбет, Нұртуған, Нартай жырлары Алматы аспананыда қалықтады. Мұнда бұрынғы майталман жыраулардың басы Алмас Алматов пен Жұмабек Аққұлов болмаса да олардың iзбасар-шәкiрттерiнiң озығы болып жүрген жырау Берiк Саймағамбетов, Әйгерiм Ешбаева, Айна Тұяқова, Сәбит Аманкелдиев, Дiнислам Тоқсанбаев, Әйбек Тәңiрбергенов, Серiк Жанқұлов өздерiнiң жыраулық бабында екенiн көрсете бiлдi. Жыраулардың арасында 4-5 сынып оқушылары да өнер көрсетiп, көрмендердiң ыстық ықыласына бөлендi.
Бұдан 12 жыл бұрын Республика астанасы болған Алматы қаласында өткен Қызылорда облысының мәдени және өнер жылында өмiрге келген Элмира Есназар бүгiнгi үлкен сахнада кәнiгi жыраулардай өнерiн көрсеттi.
Қатарынан екi күн бойы Қазақконцерт залында “Сырдан соққан күй-самал”, “Қанекей тiлiм, сөйлешi” атпен халық аспаптар оркестрiнiң әншi-күйшiлердiң, жыршы-термешiлердiң орындауымен дәстүрлi жыр кешi жалғасты. Өнер мен мәдени күндердiң үшiншi күнi қорытынды гала-концерттi Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттiк филармонияда болды. Мұнда да зал толы. Үш күнге жалғасқан Қызылорда облысы әкiмдiгiнiң қолдауымен мәдениет басқармасының ұйымдастыруы бойынша өткiзiлген облыстық мәдениет мен өнер күндерi өз мәресiне жетiп, көрермендерге жаңа, тың ой, пiкiр туғызды.
Қорытынды концерт күнi көрермендер алдына шыққан Қызылорда облыстық әкiмiнiң орынбасары Мұрат Мұхамедов облыстағы өнер, мәдениет салаларына тоқталып, Сыр өнерiнiң бүгiнгiсi мен ертеңiне тоқталды. Өнер және мәдениет күндерiнiң өтуiне жағдай жасаған Алматы қаласының әкiмдiгiне алғысын бiлдiрдi.
Облыс күндерiнде көптеген өнер, мәдениет зерттеушiлерi Сыр елi өнерiнiң аяқ алысына жақсы баға берiп, өнерлiлерге сәттiлiк тiледi. Жас таланттар: Қанат Мәулен, Ақмарал, Гүлзия Айтбай, Ұлпан Әбдiкәрiмова, Сәния, Данияр Нұрландардың өнерiн тамашалағандардың бiрi, жазушы Дулат Исабеков. “…Менiң анық көзiмнiң жеткенi, мына алты баланың өнерi. Олар барда ешқандай жат елдiң мәдениетi бiздi басып кiре алмайды”.
Көрермен сыншы дегендей, Сырдың бұрынғы Рүстембек, Көшеней сияқты дара жыраулардың аз болғаны, екiншiден ауыл-аймақтық маңызы бар бiр терменi орындаудан ұтылмаса – ұтпады. Дегенмен 200-ге жуық өнер және мәдениет қызметкерлерiн ұйымдастырып әкелудiң өзi қиынның-қиыны. Осынау мiндеттi, абыройлы атқарған мәдениеттi басқарып отырған Берiк Жүсiповке алдағы уақыттарда да мұндай ауқымды шараларды өткiзген де өнер мен мәдениетке жыршы, жырау, әншi-күйшiлер ғана емес, облыстағы тарихи, мәдени орындардың ескерткiштерi, қыл-қалам шеберлерiнiң көрмесi қоса өткiзiлсе, нұр үстiне нұр болмақ демекпiз.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ