“КИIК ТОЛҒАУЫНЫҢ” ЖАЛҒАСЫ
“КИIК ТОЛҒАУЫНЫҢ” ЖАЛҒАСЫ
“Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар,
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсiп-өнген
Жәндiктiң киiк деген баласы бар…”, — деп жырлайтын Сәкен Сейфуллинның “Ақсақ киiгiн” бала кезiмiзде қазақ әдебиетiнен жаттағанымыз бар. Құм далада өскен бiздерге ол кездерi киiк деген киелi жануардың аты да, өзi де таңсық болатын.
Кейiнiрек, бiр жылдары қыста бiздiң ауылға ақбөкен үдере көшiп келдi. Жәудiреген көздерi жалт-жұлт етiп тұратын сұлу аңның жүрiс-тұрысынан бөлек, келбетi де тым әсем едi. Ауыл баласына таңсық аңның қыс ауып келуi бiздiң ауылдағылар үшiн үлкен жаңалық болды. Ауылдастарымыздың аузынан “Бөкендi көрдiң бе?”, “Кеше бөкендi дәл маңынан көрдiм”, “Тiптi, бөкенмен бетпе-бет кездестiм ғой” деген сияқты әңгiмелердi жиi еститiн болдық. Ауыл адамдары да құры ауызбен айтқаны болмаса, киелi аңға мылтық кезей қойған жоқ. Жат жерге келген аңның киесiнен де қорыққан болар. Әйтеуiр көктем шыға елдiң аузында “бөкендер кетiп қалыпты” деген әңгiмелер ғана қалды. Ауыл шетiн қыстаған аңның бiр мезетте келiп, бiр мезетте кеткенiн көпке дейiн жергiлiктi тұрғындар аңыз ғып айтып жүрдi.
Ендi мiне сол бiр киелi аңның тұқымын құртуға да айналыппыз. Мүйiзiн сатып, байығысы келетiндер, бөкендердi түп-тамырымен жоюдың аз-ақ алдында қалыпты. Киелi аңның киесiнен қорықпағандар ендi болмаса бөкендерден тұяқ қалдырмайтындай екен.
Киелi аңды қорғау мақсатында Seimar Social Found дүниеге әкелген “Sos-сайга” жобасы бүгiнде көптеген игiлiктi шаруаларды атқарып жатыр. Соның бiрi — “Киiк толғауы” мультфильмi. Аталмыш фильмнiң алғашқы бөлiмi 2006 жылы жарыққа шыққан екен. Ал бұл жобаны Seimar Social Found коммерциялық емес қайырымдылық қоры мен Шымкент қаласының “Анимастер” мультипликациялық студиясы жүзеге асырды. Сондай-ақ бұл шараны Орман және Аңшылық шаруашылығы комитетi, “НАБУ” табиғатты қорғау одағы, Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани және “Альянс Банк” АҚ қолдаған екен.
Бұл анимациялық фильм екi тiлде жарық көрiп отыр. Мультфильмнiң сценарийiн мектеп оқушыларының өздерi ұсыныпты. Жан-жақтан келген хаттармен жете танысқан режиссер Мақсұт Жәрiмбетов әрбiр хаттың идеясы негiзiнде сценарийдi жазып шығады. Мультфильмнiң басты кейiпкерлерiнiң өзi — балалар. Мультфильмдi көрiп отырып, балалардың табиғатты қорғауға бей-жай қарай алмайтыны байқайсыз. Анимациялық фильмдердi көрiп отырып, аңшы инспекторлардың жанкештi еңбегiн, сазайын тартқан броконьерлердi тамашалайсыз. Кез келген жауыздықтың түбi жақсылықпен бiтпейтiнiн көрсеткен мультфильм көрермен қауымға үлкен ой салады.
“Киiк толғауы” — бұл ертегi, онда дала бөкендерi адам тiлiмен сөйлейдi, қиял мен сиқыр өмiрiмен ұштасады. Осындай ниетпен аң жайында баланың тiлiмен әңгiмелеу — балаларды мейiрiмдiлiкке тәрбиелейдi, әлсiздi қорғауға шақырады. Фильмдi әуелi №1 балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi тамашалады. Ал, мультфильмдi келешекте телеарналар арқылы республикаға көрсету жұмыстары да аталмыш қор тарапынан iске асырылғалы жатқандығын да естiдiк.
Гүлзина Бектасова