ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС: САУАЛНАМА ЖҮРГIЗIЛДI. НӘТИЖЕСI ҚАНДАЙ?

ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС: САУАЛНАМА ЖҮРГIЗIЛДI. НӘТИЖЕСI ҚАНДАЙ?

ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС: САУАЛНАМА ЖҮРГIЗIЛДI. НӘТИЖЕСI ҚАНДАЙ?
ашық дереккөзі
853

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде елiмiздiң әр жерiнде ұлтаралық қақтығыстардың жиi орын алып жүргенi рас. Осыдан бiраз уақыт бұрын республикалық “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысы мемлекеттiк тiлге байланысты, жалпы қазақ халқының басқа ұлттармен қарым-қатынасын зерттеу үшiн арнайы сауалнама жүргiзiп едi. Бұл ауқымды зерттеудiң жай-жапсары жөнiнде газетiмiзде “Қазақ кiмге қысым жасапты?” деген мақала жарық көрген-дi.

Ал жақында “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысы Алматы, Жамбыл, Павлодар облысына барып, 6 айда жүргiзiлуi тиiс “Қазақстандағы этносаралық қатынастарды жақсарту жолдарын зерттеуге” арналған сұрақнаманы бар-жоғы екi айдың iшiнде жүргiзiп қайтты. Әзiрге 1400 респондент қатысқан 15 сұрақтың қорытындысы жарияланды. Негiзi сауалнамаға қатысқандар төрт категориялық топқа бөлiп қарастырылған. Бiрiншi, ұлттық белгiлерiне, яғни, қазақтар қалай, басқа ұлт өкiлдерi қалай жауап беретiнiне мән берiлген. Екiншi, тұрған жерiне, яғни, қала мен ауылдағылардың көзқарасы, үшiншi — әлеуметтiк жағдайларына қарай, зиялы қауым қалай ойлайды, басқа топ өкiлдерi не дейдi, соңғысы — жас ерекшелiгiне, жастар, орта жастар және егде кiсiлер боп бөлiндi. “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшiмнiң айтуынша, қазақтар көп пiкiрде “Өз елiмiзде нелiктен осындай жағдайға жеттiк?” деген ойды айтып, басқаларға деген көзқарасының нашарлағанын бiлдiрген. Мәселен, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы тұрғындар: “Бiз Өзбекстанға тауар алуға барсақ, өзбектiң кеденшiлерi мен жергiлiктi тұрғындары шеттеттi. Содан кейiн де бiздiң елде тұратын өзбектерге көңiлiм қалды” дептi. Өйткенi, басқа мемлекеттегi орын алған жағдай бiзге де әсер етедi екен. Яғни, Өзбекстанның нақ өзбектерi бiзге тiсiн батырды деп, қазақ жерiне сiңiсiп кеткен өзбектерге де алакөзбен қарау пайда болды. Демек, көршi мемлекеттермен тiл табысу Қазақстанда ұлтаралық қатынастың жақсаруына әкеледi деген сөз. Неге екенi белгiсiз, елiмiзде орын алып жатқан ұлтаралық қақтығыстарға байланысты оқиғаның мән-жайы жария етiлмейдi. Тым болмаса, қайсысының дұрыс әрекет жасаған, жасамағаны туралы Iшкi iстер бөлiмi де, аудандық, ауылдық әкiмшiлiк те жақ ашпайды. Сонымен, үш облыста жүргiзiлген анкеталық зерттеу қандай нәтиже бердi? Дос Көшiмнiң сөзiне қарағанда, бұл зерттеу жұмысының бiр минусы бар екен. “Бiз кездескен адамдардың көпшiлiгi сол жергiлiктi әкiмшiлiктiң ұйымдастыруымен келдi. Демек, олар өз ойын ашық бiлдiруi неғайбыл. Ал басқа қарапайым халық бұдан да ащы айтуы мүмкiн” дейдi. Зерттеудiң жақсы жағы — респонденттердiң жауабы арқылы қоғамда пiкiр қалыптастыруға әбден негiз бар. Әрине, Алматы облысында ұлтаралық қақтығыстар мен кикiлжiңдер жиi болып жатқанын ескерсек, мұндағы нәтиже мүлдем басқа, ал Павлодар облысы мен Жамбыл облысының бөлек мәселелерi бар көрiнедi. Мысалы, “Қазақстандағы қазiргi ұлтаралық жағдай қанағаттандыра ма?” деген сұраққа қазақтардың 62,4, орыстардың 68,1, ал басқа диаспора өкiлдерiнiң 70,6 пайызы “иә” деп жауап берiптi. Бұл жерде бүгiнгi қалыптасқан жағдайдың, ең алдымен, қазақ пен орыстан басқа этностардың көңiлiнен шығатыны көрiнiп тұр. “Жоқ” деп жауап бергендердiң iшiнде (32,7 пайыз) қазақтар басым. Ал басқа ұлт өкiлдерiнiң “қалыптасқан ұлтаралық жағдайға көңiлдерi толмайтындары қазақтарға қарағанда екi есе төмен. Яғни, бұл сұрақтың өзi қазақтардың өзектi мәселелерiнiң әлi шешiмiн таппағанын, ал билiктiң, бiрiншi кезекте басқа ұлт өкiлдерiнiң жағдайын шешуге ұмтылатынын көрсетедi. Осы сұрақтың жалғасы iспеттес “Қазақстандағы этносаралық қатынастардың келешегi қандай болады деп ойлайсыз?” деген сауалға қазақ респонденттердiң 71,8 пайызы “жақсарады” деп оптимистiк көзқараспен жауап берiп, артынша 6,3 пайызы “ұлтаралық қатынас нашарлайды” деген. Орыстардың 49,45 пайызы осылай десе, бiр қызығы, басқа ұлт өкiлдерiнiң 73,6 пайызы осы жауапты қолдайды екен. Бұл жерде” — орыс респонденттерiнiң 23,8 пайызы “жағдай нашарлайды” деп қара аспанды төндiрiптi. Бұдан ұққанымыз, “Не болса, сол болсын, бiз бәрiбiр “квартирантпыз” ғой” деген астамшыл ой жатқан сияқты. Сол сияқты “Сiз тұратын елдiмекенде этносаралық дау-дамайлар, түсiнбеушiлiктер орын алды ма? Егер орын алса, қандай этностардың арасында болады?” деген сұраққа жауап берушi қазақтардың 4,6, орыстардың 6,9, басқа этнос өкiлдерiнiң 8,6 пайызы “иә” деп жауап берген. Қит етсе, “бiздердi шеттетiп жатыр” деп дау-дамай көтеретiн топтың басында басқа ұлт өкiлдерi тұрғаны көңiлге қаяу салады. Ең жиi айтылатын этностар — қазақ, шешен және түрiк. Ал “қандай этностардың арасындағы кикiлжiңнiң куәсi болдыңдар?” деген сұраққа жауап берген қазақтар алдыңғы кезекке орыстар мен қазақтарды қойыпты. Екiншi орында түрiктер мен қазақтардың арасындағы кикилжiң тұр. Ал “Қазақстанда тұратын этностардың қазақ тiлiн меңгеруi этносаралық түсiнбестiктi азайтуға алып келедi деп ойлайсыз ба?” деген сұраққа қазақ респонденттерi үлкен сенiмсiздiк көрсетiп, тек 55,8 пайызы ғана “иә” деп жауап берiптi. Яғни, орыстардың 47,5, ал басқа этнос өкiлдерiнiң 44,7 пайызы қолдаса, орыстардың 29, ал басқа ұлт өкiлдерiнiң 24,5 пайызы қазақ тiлiн меңгерсе де, “ұлтаралық араздық тоқтамайды” деген пiкiрдi қолпаштапты. Бiр айта кетерлiгi, “Сiз өз балаңыздың келешегi қазақ ұлтының келешегiмен бiрге деп есептейсiз бе?” деген сұраққа қазақтардың 96,9, орыстардың 53,5, басқа этнос өкiлдерiнiң 78,5 пайызы “иә” дептi. Бұл жерде орыс респонденттерiнiң тең жартысының өз болашағын қазақ ұлтымен байланыстырмайтындығы таң қалдырды. Өмiр сүрiп отырған елiнiң болашағымен өз баласының болашағын байланыстырмаудың екi ғана себебi болуы мүмкiн, бiрiншiсi — келешекте олардың балалары Қазақ жерiнде уақытша ғана өмiр сүруге бел буып, өздерiнiң елдерiне кетуге жоспар құрып қойған. Екiншiсi, қазақ мемлекетiнiң орнайтындығына, бұрынғы Кеңес өмiрiнiң келмеске кеткендiгiне сенгiсi келмейдi екен. Сауалнамада бiздi елең еткiзген сұрақтар осындай болды. Жауаптары да қоғамдық пiкiр тудыратындай. Мұндай сауалнама жүргiзудiң маңыздылығы сонда, бұл арқылы басқа ұлт өкiлдерiнiң ұлтаралық қатынас жөнiндегi пiкiрiн ашық бiлуге мүмкiндiк бар. Дөңгелек үстелге “Вайнах” ингуш-шешен орталығының төрағасы Ахмед Мурадов пен Түрiк мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Хасенов келiп, сауалнама жөнiнде ойын айтты. Осы сынды пiкiр-алмасуларға елiмiздегi басқа диаспора өкiлдерiнiң көптеп қатысқандығы керек сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары