БӘСЕКЕЛЕСТIК ЗАҢЫ — БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТСIЗ

БӘСЕКЕЛЕСТIК ЗАҢЫ — БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТСIЗ

БӘСЕКЕЛЕСТIК ЗАҢЫ — БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТСIЗ
ашық дереккөзі
298

Бәсекелестiктi қорғауға қатысты заңның солқылдақтығынан талайға есемiз кетiп жатыр. Осының кесiрiнен, елдегi шетелдiк кәсiпорындар мемлекеттiк бюджетке орасан зор шығын келтiрсе, жат жұрттағы отандық кәсiпкерлер сол жақтағы жергiлiктi билiктерден қысым көруде. Кез келген заң қоғам мен адамға қызмет етпейiнше, көрiнгенге жем бола берерiмiз анық.

Өткен аптада Францияның монополияға қарсы органдары елдегi құрыш нарығында қымбатшылықты қолдан жасаған сыбайлас компанияларға 575 млн. еуро (776 млн. доллар) айыппұл салды. Associated Press агенттiгiнiң хабарлауынша, iрi көлемде айыппұл салынған 11 компанияның арасында ArсelorMittal корпорациясы да бар. Құрылғаннан кейiнгi 5 жыл iшiнде (1999-2004 жж.) Болат картелiнiң француздар экономикасына келтiрген залалды жүздеген миллион долларға бағалаған бәсекелестiк жөнiндегi агенттiк мамандары әсiресе, ArсelorMittal мен PUM Service Acier компанияларына қатты шүйлiгiп отыр. Аталған кәсiпорындар айыппұл ретiнде Франция қазынасына 228 млн. еуродан қаржы құймақ. Ал немiстердiң Klockner & Co. SE корпорациясына — 169 млн. еуро, Descours & Cabaud — 82 млн. еуро, сондай-ақ, картельдiң қалған 8 мүшесiне 100 мың еуро мен 13 млн. еуро көлемiнде айып салынды. Мемлекеттiк бақылау органының назарынан Францияның металл өнiмдерi дистрибьютерлерiнiң федерациясы да шет қалмады. Франция тарихында алғаш рет кездескен ең iрi көлемдегi айыппұл Жер шарының өзге де мемлекеттерiне сабақ болса игi. Өйткенi, ҚР “Бәсекелестiк туралы” заңы — солқылдақ. Ал ҚР Бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiктiң ашкөз монополист компанияларды заң шеңберiнде құрықтауға құзыры шектеулi. Осының кесiрiнен, халықаралық нарықтағы мұнай шикiзатының бағасы едәуiр төмендесе де, “қара алтынға” бай қазақ жерiнде жанар-жағар май құны тым қымбат. Есесiне, көмiрсутегiлердi сырттан тасымалдайтын Қырғызстан, Франция, Литва мен басқа да мемлекеттерде жанар-жағар май бағасы Қазақстанға қарағанда, кәдiмгiдей арзан. Бiзде әсiресе, егiс алқаптарында жұмыс қызатын көктем мен күз мезгiлiнде энергетикалық қорлар құнының аяқастынан мың құбылуы монополистер үшiн “дәстүрге” айналған. Былтыр күзде, биыл көктемде құзырлы органдар мен бiрқатар депутаттар қауымы жанар-жағар май нарығындағы қымбатшылықты қолдан ұйымдастырған бiрқатар компанияларды сын тезiне алып, Министрлер кабинетi тiптi, жанар-жағар май стансаларындағы “еркiн сауданы” кәдiмгiдей қыздырған “Гелиосқа” кәдiмгiдей шүйлiккен. Бағаны төмендетуге қатысты пәрмен берiп, энергоқор нарығындағы өзге де қатысушылардың жiтi бақылауда болатынын баса айтқан едi. Өкiнiшке қарай, шыққан нәтиже шамалы — “баяғы жартас сол жартас”… Қымбатшылықты қолдан жасау мұнай шикiзаты нарығында ғана емес, мақта өнеркәсiбi саласы мен жемiс-жидек пен көкөнiс тасымалдау нарығында да орын алған. Базарлардағы бағаның “құтырынып” шыға келуi сондықтан. Мамандар елiмiздегi мұнай шикiзатын өңдейтiн зауыттар санын арттырып, бәсекелес компанияларды iшкi нарыққа көптеп енуiне жағдай жасаса, қымбатшылықты қолдан жасайтын қомағай монополистердi нарықтық экономикасына сәйкестелген заңдық талаптармен қатаң жазалап отырса, мәселенiң оң шешiмiн табатынын айтады. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, жуырда мәжiлiсмендер мен сенторлар мақұлдаған ҚР “Бәсекелестiк туралы” заң жобасы бiрқатар олқылықтың орнын толтырмақ. Тағы бiр маңызды жайт, қазiргi бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi заңда шет мемлекеттердегi отандық кәсiпорындардың құқығын қорғауға дәрменсiз. Ресейдiң Кемеров облысынан мұнай шикiзатын өңдейтiн зауыт сатып алған қазақстандық бiр компанияны сондағы жергiлiктi билiк түрлi сылтаулармен айыптар тағып, ақыры зауытты жауып тынған. Отандық кәсiпкерлердiң құқығын қорғауға бiздiң билiк қауқарсыз. Оған тағы да шет елдердегi компаниялардың мүддесiн қорғауға қауқарсыз заңның солқылдақтығы кiнәлi. Сонымен қатар республикамыздағы ҚР Конституциясын белден басатын кейбiр iрi шетелдiк кәсiпорындарды тезге салу да кейде қиынға түседi. Ел тарихындағы ең iрi айыппұлдардың бiрi — АЕS компаниясына салынған 3,7 млрд. теңге. Есесiне, елiмiздегi бәсекелестiктi қорғауға қатысты заңға мойынсұнбаған шетелдiк кәсiпорын 21 млрд. теңге пайда тауып үлгерген көрiнедi. Егер заңды күшейтiп, етек-жеңiмiздi жинауды бүгiннен бастап қолға алмасақ, “иттiң құлы итақайға” жем болғанымыз, жем болған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары