«ҚАЗАҚФИЛЬМНIҢ» ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУЫ

«ҚАЗАҚФИЛЬМНIҢ» ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУЫ

«ҚАЗАҚФИЛЬМНIҢ» ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУЫ
ашық дереккөзі
215

Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында “Қазақстан” ұлттық арнасынан қазақ киносының күндерi өттi. 15-iнен басталған фильмдер он күн бойы қазақ көрермендерiне соңғы жылдары “Қазақфильмнiң” түсiрген жаңа туындыларын ұсынды.

Соңғы жылдары дейтiнiмiз, он күн бойы телеарнадан үздiксiз көрсетiлген фильмдердiң көбiсi бiр екi жыл көлемiнде түсiрiлген. Олардың кейбiрiмен көрермен қауым жақсы таныс болса, кейбiрiнiң атын естiгенi болмаса, тамашалай қойған жоқ. Олар туралы “жарыққа шықты” деген ақпараттар ғана берiлдi де, кейiнiрек киностудияның маңайында ғана қалып қойды.

Бүгiнде Қазақстан Кинематография қорында қазақ тiлiнде түсiрiлген толық метражды 260 көркемфильм мен 150 мультипликациялық фильм бар екен. Сонда осыншама фильм қайда? Неге көрсетiлмейдi? 260 көркемфильмнiң қаншасын көрермен қауым жақсы бiледi? Демек, әлгi фильмдердiң көбi түсiрiлiп дайын болғанымен, киностудияның сөрелерiнде қалып қойды деген сөз.

Киногерлерiмiздiң көбi бұл мәселенiң жауабын прокаттан iздейтiнi де белгiлi. Егер прокат мәселесi ұтымды шешiлетiн болса, қазақ киносының айы оңынан туады деген үмiтте. Осыған қарағанда, барлық мәселе, прокатта тұрған сияқты. Шын мәнiнде, прокатқа шығаруға лайықты бiзде фильмдер бар ма? Күнi кеше ғана он күн бойы ұлттық арнадан үздiксiз көрсетiлген фильмдердiң қайсысы прокатқа шығарып, сұмдық табыс түсiретiн фильмдердiң қатарына жатады екен,ә?! Шындығында да бiздiң режиссерлерiмiз бiрiнен бiрi аумайтын, көрiп отырып, iшiң жарылуға шақ қалатын дүниелердi түсiруге ғана құмар. Олардың арасынан басынан аяғына дейiн iш пыстырмайтын детективтердi де, триллерлердi де, криминалды фильмдердi де, экшн туындыларды да, отбасылық-тұрмыстық мелодрамаларды да, лирикалық комедияларды да, мюзиклды да, шаммен iздесеңiз де таппайсыз…

Есесiне, жартысы авторлық, жартысы тарихи, жартысы орысша, жартысы қазақша дүбәра дүниелердi көптеп табасыз. Сенбесеңiз, он күн бойы ұлттық арнадан көрсетiлген “Қыз жылаған” фильмiн, “Қаладан келген қызды” тамашалап көрiңiз. Бүгiнгi заманауи фильмдерiмiзге ағылшын тiлi ғана жетiспей қалыпты. Ал, оған кiмдi кiнәлайсыз, авторды ма, режиссердi ме, әлде ойнаған актердi ме?

Сосын, қазақ киносының тағы бiр үлкен трагедиясы, актер таңдай бiлмейтiндiгi. Бiздiң киноларымыздың кейiпкерлерiнiң бәрi, көрермен сүйсiнiп көретiн, қызығып аңсайтын, сағынып iздейтiн, сол сүйiктi актерiне елiктегiсi келiп тұратындай емес. Неге? “Кино — эстетикалық талғамды қалыптастыратын өнердiң бiрi. Адам, әсiресе жас көрермен жақсыдан үлгi алуға, әдемiлiктен әсерленуге, көз қуантар көркемдiктен қуат алуға тырысады. “Түсi игiден түңiлме” дегендi айтатын да қазақ. Бiзде қазiр кино-жұлдыз деген жоқ. Өйткенi, сол атаққа кескiн-келбетiмен, түр-тұрпатымен сәйкес келетiн тұлғалардан дәл бүгiн мақұрымбыз. Жас ұрпақ өзiне үлгi тұтар, нағыз жiгiттiң һәм нағыз арудың идеалы санар ұлттық қаһармандар көре алмай отырмыз. Орыстарда кеше Андрей Миронов пен Татьяна Друбин болса, бүгiн Михаил Пореченков пен Анастасия Заворотнюк”, — дептi белгiлi журналист Сәкен Сыбанбай “Жас қазақ” газетiнде. Расында да, үндi фильмдерiн қазақ көрермендерi неге аңсап, қызығып көредi. Тiптi, қазақ көрерменi ғана емес, әлемнiң тең жартысы үндiнiң фильмдерiне құмартып қарамай ма? Оның себебi, бiр жағынан, Болливуд фильмдерiндегi жамандықты жақсылықтың үнемi жеңуiнде жатса, екiншi бiр себебi, Боливудтың танымал жұлдыздарында ма деп ойлайсың. Танымал болмағанда не? Амитабх Баччан, Рекха, Шахрух Хан, Айшварья Рай сияқты жұлдыздарын бiлмейтiн жан жоқ шығар. Бiздiң сүйiктi кейiпкерлерiмiз, сол баяғы Қожа, сол баяғы Алпамыс, сол баяғы Шадияров, сол баяғы Алдаркөсе… Соларды сомдаған актерлер ғана есте. “Бүгiнгi заманға лайықты сүйiктi кейiпкердi, сүйiктi актердi атап бер” деп мектеп баласынан сұрап көрiңiзшi, кiмдi айтар екен?

Сондықтан, күнi кеше көрсетiлген, көрермен назарына ұсынылған фильмдерден сүйiктi геройларыңызды атап бере аласыз ба? Әй, қайдам? Басын тәп-тәуiр бастағанымызбен, соңына дейiн шыдамымыз жетпеген соң, өшiрiп тастауға тура келдi. Сосын, бiздiң қазақ киносы “махаббат” лирикасына көбiрек көңiл бөлiп алыпты. Батыстың қаптаған сериалдарын көруге көз ұялады деп жүрген көрермен күнi ертең қазақтың киносын да бала-шағасымен бiрге отырып көре алмайтын халге жететiн сияқты. Халге жетпегенде не? Жарым жартылай орысша көрiнiстерден өзiңiз-ақ анық байқайсыз. Сенбесеңiз, бүгiнгi заманауи киноларды қайталап көрсеңiз жетiп жатыр.

Тағы бiр кемшiлiгi, шет елден келген киногерлер аузын ашып, көзiн жұматын тамаша табиғатты бiздiң фильмдерiмiзден кездестiру мүмкiн емес. Соры шыққан далада тоз-тозы шыққан ауыл тұр. Онда қазақ баласы өмiр сүрiп жатыр дегенге сiздi әлгi аталмыш фильмдер сендiрiп-ақ бағады. Ал нағыз отаншылдықты, Отанды сүюге деген сезiмдi оятатын бiздiң сұлу табиғатымыз екендiгiн режиссер қауым қашан ұғар екен, ә…

Сосын, қазақ киносынан тағы бiр байқағанымыз, бiздiң режиссерлерiмiз фильмдерiнiң бәрiнде бiр-ақ мақсат — бар ұлттардың достығын насихаттау. Достықты насихаттаған да дұрыс шығар. Бiрақ, неге әр тiлде? Фильмдi бiр ғана тiлде, орыс тiлiнде немесе қазақ тiлiнде түсiруге де болар едi. Ал, бiздiң киноларымыздың тiлi шұбарланып кеткен. Бiлуiмiзше киноның сюжеттерiн түсiрiп алғаннан кейiн ғана дыбыс жазылмаушы ма едi. Сол дыбысты жазу кезiнде бiр ғана тiлде жазуға болатынын режиссерлер бiлмегендiгi ме, сонда. Қалай десек те, қазақ киносы тәуелсiздiк күнiне өз тартуын осылай жасады. Олардың арасынан iлiп ауызға алынатыны “Әурелең” ғана. Қалған фильмдердiң бойындағы кемшiлiктi жiпке тiзгендей етiп, атап шығуға да болады. Көрермен ол фильмдердi қаншалықты ықыласпен тамашалай бiлдi, ол ендi олардың еншiсiндегi дүние. Сондықтан, қазақ киносының бүгiнгi қойылымдарын iздеп, аңсап жүрiп көретiн болады дегенге ешкiмдi сендiре алмайтыным да рас.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары