ҚҰНСЫЗ “ҚАРА АЛТЫННАН” НЕ ПАЙДА?

ҚҰНСЫЗ “ҚАРА АЛТЫННАН” НЕ ПАЙДА?

ҚҰНСЫЗ “ҚАРА АЛТЫННАН” НЕ ПАЙДА?
ашық дереккөзі
233

Мұнай өндiрушi елдерден құрылған халықаралық ұйым — ОРЕС мұнай өндiру көлемiн қысқартып әлек. Сұраныс пен өндiру арасындағы тепе-теңдiктi және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ОРЕС бiр баррель мұнайдың құнын 60-70 долларға көтере алмай қара тер. Ал ҚР Үкiметi әлемдiк нарықтағы “қара алтын” 25 долларға дейiн төмендесе де, Қазақстан экономикасына келетiн шығын жоқ деп сендiргiсi келедi. Есесiне, “егер мемлекет көмектеспесе, 25-27 долларлық мұнаймен алысқа бармаймыз” деп отандық компаниялар шыр-пыр.

ОРЕС-тiң бүгiнде күн тәртiбiне шығарған басты мәселесi — “қара алтынның” құнсыздануы. “Күл төбенiң басында күнде жиын” өткiзген ұйымға мүше мемлекеттер — Алжир, Ангола, Эквадор, Индонезия, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Катар, Сауд Аравиясы, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Венесуэла 2009 жылдың 19 қаңтарында Кувейтте тағы бас қоспақ. Негiзi ұйымның жоспарлы жиыны келесi жылдың наурызына белгiленген болатын. Мың құбылған бағаға ықпал етудiң тетiктерiн қарастыруды тез арада қолға алуды көздеп отырған ОРЕС-ке мүше таяушығыстық елдер өндiрiлетiн мұнай көлемiне берiлетiн квотаны төмендету мәселелерiн талқыға салады. Ұйым жетекшiсi Шакиб Хелил “қара алтынға” деген әлемдiк сұраныстың төмендеуi мен шикiзат өндiру көлемi арасындағы тепе-теңдiктi қамтамасыз етудiң жолдарын тапқанға дейiн өнiм өндiру көлемi де қысқартыла беретiнiн мәлiмдедi. Ресми деректерге сүйенсек, ОРЕС мұнай өндiру көлемiн 3 рет қысқартқан: қыркүйекте — тәулiгiне 500 мың баррель, қазанда — тәулiгiне 1,5 млн. баррель, желтоқсанда (2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап) — тәулiгiне 2,2 млн. баррель. Осылайша, халықаралық нарықтағы 4,5 млн. “қара алтын” үнемделмек. Алайда, шикiзат көлемiн қысқарту бағаға оң ықпал ете алмады. ОРЕС 1 баррельдiң құнын 60-70 долларға көтеруге қанша тырысса да, баға 50 доллардың ернеуiне жетер емес. Осыдан үш ай бұрын тәулiгiне 29,045 млн. баррельден келген мұнай шикiзаты бiр айдан кейiн 24,845 млн. баррельге дейiн азайтылады. Сарапшылар қауымы әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен көмiрсутегiлерге деген тұтынушылық сұраныс деңгейi келесi жылы күрт төмендеуi мүмкiн деп болжауда.

ОРЕС ұйымға мүшелiкке өтпеген мұнай өндiрушi елдерге де өнiм көлемiн қысқартуға қатысты ұсыныс жасаған. Бiрақ ол ұсынысты қабыл алғандар кем де кем. Мысалы, экономикасының басым бөлiгi көмiрсутегiлерге негiзделген Қазақстанда мұнай өндiру көлемi (тәулiгiне 70 млн. тонна) қысқартылмайды. Бұл туралы өткен аптада ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов мәлiмдеме жасады. Оның айтуынша, әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы 25 долларға тең болған күннiң өзiнде Қазақстан экономикасына рецессия қаупi төнбейдi. Министр доллар бағамын 120 теңгеге шаққанда, бiр баррель мұнайды ұзақ уақыт бойы 25 доллардан сататын Қазақстан 150 млрд. теңгеден қағылатынын айтады. Осының кесiрiнен кейiнге ысырылатын бюджеттiк бағдарламалар мәселесiмен Министрлер кабинетi алдағы уақытта да бас қатырмақ. Яғни, мемлекеттiк қазынадан қаржыландырылуы тиiс кейбiр бағдарламаларды жүзеге асыру белгiлi бiр уақытқа дейiн тоқтатыла тұрады. Мәсiмов пен оның командасы қолда бар қаражатты тиiмдi жұмсау арқылы бюджеттiк шығындарды қысқартуды мақсат етiп отыр. 2008 жылдың қорытындысы бойынша, ЖIӨ өсiмi 4 пайызға тең болуы тиiс. Әлiмдiк нарықтағы мұнайдың құнсыздануы Қазақстанның Жалпы iшкi өнiмiнiң өсу қарқынына қалай әсер ететiнiн Үкiмет тап басып айта алмай отыр. Бақыт Сұлтанов “мұны әлi есептеп жатқандарын”, бiрақ “ЖIӨ көлемi бәрiбiр сақталатынын” айтады.

Министрлер кабинетi қалың көпшiлiктiң көңiлiндегi күдiктi сейiлтуге тырысқанмен, халықаралық баға нарығындағы ауытқулар отандық мұнай өндiрушi компанияларын кәдiмгiдей алаңдатып отыр. Мысалы, “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясының жетекшiсi Қайыргелдi Қабылдин мұнайдың әлемдiк бағасы 40 доллардан төмендесе, қиындықтарға тап болатындықтарын айтады. Өйткенi, дағдарыстың дауылы Өзен мен Ембi сияқты ескi кен орындарында тер төгiп жатқан “ҚазМұнайГазға” кесiрiн тигiзбек. Министр Сұлтанов 25 долларлық мұнаймен де Қазақстанның алысқа шабатынын айтып желпiнсе, Қабылдин 1 баррелi 25-27 долларға теңгерiлген мұнайдан пайда табу әсте мүмкiн емес деп шыр-пыр транспорттық шығын, түрлi салықтар, өндiруге кететiн шығындар т.б. “ҚМГ” жетекшiсi табысты уыстан шығарып алмас үшiн Үкiметтiң көмегiне иек артатынын жасырмайды. Ал Үкiметтiң айтып отырғаны анау…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары