АНА МЕН БАЛА АЖАЛЫ - АҚ ХАЛАТТЫЛАРДАН

АНА МЕН БАЛА АЖАЛЫ - АҚ ХАЛАТТЫЛАРДАН

АНА МЕН БАЛА АЖАЛЫ - АҚ ХАЛАТТЫЛАРДАН
ашық дереккөзі
318

Баланың шетiнеуi мен ананың бала үстiнен қаза табуының жиiлеуi — әлеуметтiк ахуалы төмен, экономикасы керi кеткен кедей елдерге тән құбылыс. Алайда, мұндай қайғылы жайттардың Қазақстанда жиiлеп кетуi кедейшiлiктен емес, дәрiгерлердiң немқұрайдылығынан.

Үстiмiздегi жылдың 7 қарашасы күнi ҚР Президентi Н.Назарбаев отандық денсаулық сақтау саласының тұралап қалғанын айтып, әсiресе, ана мен бала өлiмiнiң жиiлегенiн сын тезiне алған болатын. Ақ халаттыларға қаһарын төккен Президент тиiстi органдарға денсаулық саласына қатысты, әсiресе, ана мен бала денсаулығы туралы өзiне ай сайын есеп берiп отыруды қатаң тапсырған. Арада ай өткенде, жаңа министр Досқалиев министрлiктiң коллегиясында қолында бар мәлiметтi жайып салды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 2008 жылы 1000 сәби дүниеге келсе, 20,9 қызылшақа шетiнеп кеткен. 2007 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткiш (20,9) 14,7 болған екен. Ал аяғы ауыр 100000 мың әйелдiң 33,7-сi жарық дүниемен қош айтысты (былтырғы көрсеткiш — 50,3). Өткен аптада Астанада өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң коллегиясында министр Жақсылық Досқалиев егер дәрiгерлер тарапынан тиiстi шаралар қабылданғанда, о дүниелiк болған нәрестелер мен аналардың көпшiлiгiн ажал тырнағынан арашалап қалуға мүмкiндiк болғанын айтты: “өлiмнiң 64,2 пайызының алдын алуға болатын едi, 32,8 пайызы шартты түрде мүмкiн болса, тек 2,8 пайызының тағдырына араша түсу мүмкiн емес болатын”.

Ажалдарын ақ халаттылардан тапқан аналар саны Маңғыстау облысында басым — 83,5 пайыз. Өз жұмысына жауапкершiлiкпен қарай алмаған дәрiгерлер Қызылорда облысында да жетерлiк — жыл басынан берi айы-күнi жеткен әйелдердiң 74,5 пайыздан астамы көз жұмған. Батыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Атырау, Оңтүстiк Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстанның да жағдайы мәз емес. Сәби сүйiп, ана атансам деген арманы дәрiгерлердiң кесiрiнен орындалмай, арман күйiнде кеткен аяғы ауыр келiншектер мұнда да көп. Министр Досқалиев: “Қаза тапқан әйелдердiң әрбiр үшiншiсi (29,9 пайызы) алғаш рет босанғандар, 30 жастағылары — 43,7 пайыз, қайтыс болғандардың 61 пайызы ауылды жердiң тұрғындары” деп мәлiмдедi. Аталған облыстарда, әсiресе, Қызылорда (48,3 пайыз), Атырау (49 пайыз), Қостанай (47,1 пайыз), Жамбыл (46,5 пайыз) облыстарында бала өлiмi жиiлеген. Сәбилердiң өлiмiне негiзiнен туабiттi даму ақаулары да әсер еткен — 18,4 пайыз. Көп жағдайда дәрiгерлер өздерi жiберген қателiктер мен кемшiлiктердi осы “туабiттi” қиындықтармен жаба тоқуға тырысады. Шын мәнiсiнде, акушер-мамандардың бiлiктiлiгiнiң төмендеуi, емханалар мен перзентханалардың қарапайым құралдармен жабдықталмауы сияқты басқа да жайттар балалар мен аналардың ажалына бiрден бiр себеп. Яғни, қазақстандық денсаулық саласы түбiрiмен реформалауды қажет етедi. Досқалиев бүгiнде Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында бала тууға қабiлеттi әйелдердiң денсаулығын дәрiгерлердiң қадағалап отырмайтынын, әйелдердiң денсаулығын жақсартуға бағытталатын жұмыстармен ешкiмнiң бас қатырмайтынын айтады. Туабiттi дертке шалдыққан нәрестелерге жәрдем көрсететiн құрал-жабдық та жоқтың қасы. Президенттiң сынынан кейiн етек-жеңiн жиюға кiрiскен әрiптестерiне Досқалиев ана мен бала денсаулығын қадағалау, оны жақсарту мен өлiмнiң алдын алуға қатысты ұзақмерзiмдiк, орташа және қысқамерзiмдiк мониторингтер өткiзудi тапсырды. Ол “әрбiр ана немесе баланың өлiмi төтенше жағдай ретiнде қарастырылып, тиiстi нақты шаралар атқарылсын” дедi. Медқызметкерлердiң кәсiби бiлiктiлiгiне келсек, емханалар мен перзентхана, ауруханаларды жаңа технологиямен жабдықтау, аудандық және облыстық, яғни, жергiлiктi аурухана, емханаларға акушер, педиатр, неонтолог сияқты басқа да тәжiрибесi мол мамандарды қабылдау көзделуде. Сонымен қатар министрдiң ұсынысы бойынша, вице-министр басшылық ететiн республикалық және аймақтық деңгейдегi штабтар құрылмақ. Қазақстан ғана емес, бүкiл Жер шары әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен “көрпеге қарай көсiлуге” мәжбүр боп отырғанда, Досқалиевтiң шенеунiктерден тұратын тағы бiр ұйым құруға құлшынуы қаншалықты қисынды екенi белгiсiз. Оның үстiне, туа салысымен көз жұмған сәбилердiң 41 пайызы салмағы 2 жарым келiден асатындар. Демек, кiп-кiшкентай тiршiлiк иесiнiң өмiр үшiн күресiнде ешқандай жоғары сапалы техника мен технология қажет емес едi. Өкiнiшке қарай, кейбiр дәрiгерлердiң бiлiмсiздiгi мен қарапайым санитарлық талаптардың сақталмауының кесiрiнен қаншама қызылшақа уызына жарымастан шейiт болған. Қаншама адамның өмiрiне жауапкершiлiкпен қарамаған дәрiгерлердiң күнәсi мен кiнәсi қасақана адам өлтiргенмен тең. Демек, ажалға әкеп соғатын келеңсiздiктердiң алдын алмағандарды медицинаның маңайына да жолатпаған абзал. Өйткенi, олардың дәрiгер атануға моральдық тұрғыда құқы жоқ. Сорақысы сол, ондайлардың әлi қанша ана мен баланы қыршынынан қиятыны, қанша отбасыны сорлатары бiр Аллаға ғана аян. Өкiнiшке қарай, қоғамды жаулап алған дерт — жемқорлық денсаулық саласын да дендеп алған. Бұл — мiндетi мен қызметiне немқұрайды қарайтын дәрiгерлердiң барлығының жұмыстан түре қуылатыны күмәндi деген сөз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары