РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ ТӘУЕЛСIЗДIК АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?

РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ ТӘУЕЛСIЗДIК АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?

РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ ТӘУЕЛСIЗДIК АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?
ашық дереккөзі
232

Сонымен зырылдап 2008 тышқан жылы да өте шықты. Биылғы жыл өзге жылдармен салыстырғанда, халықтың көкейiнде үлескерлердiң жиi наразылық танытуымен есте қалатын шығар. Биылғы жылғы бүкiләлемдiк дағдарыс салдарынан қарқынды жүрiлiп жатқан құрылыс жұмыстары тоқтап, бұның соңы – мыңдаған тұрғындардың баспанасыз қалуына әкелiп соқтырды.

Тұрғындар баспанасыз ғана қалып отырған жоқ, сондай-ақ, банкiге iрi көлемде қарызға да батып қалды. “Мал ашуы – жан ашуы” дегендей, қолындағы бар байлығынан айрылған үлескерлер соңғы кездерi наразылық акциясын жиi өткiзiп кеттi. Әсiресе, мейрам күндерi Алматының бас алағы – Республика алаңында ұйымдастырылған пикеттер жиiлеп кеттi. 2009 сиыр жылы есiк қағып тұрған тұста, Алматы әкiмдiгiн басып кiруге немесе күре жолдарды жауып тастауға әрекеттенушiлер тұс-тұстан бас қылтита бастады. Ең қызығы, билiк наразы топтың талабын қабылдау былай тұрсын, оларды тұтқындап, 10-15 күннен абақтыға жабудан арыға аспай отыр. Демек, алдағы жылы әлеуметтiк наразылықтар ушығып, билiктен немесе билiк қол астына алып отырған құрылыс компанияларынан өзiнiң заңды меншiктерiн талап етушiлер саны көбейе түсетiн секiлдi.

Дегенмен, қарнының ашқанына емес, қадiрiнiң қашқанына жылайтын қазақ әлi күнге дейiн жыры бiтпей келе жатқан “қазақ мәселесiн” шешудi талап етiп, ұйымдасқан бiрнеше қарсылық акцияларын ұйымдастырды. Айталық, биылғы қыркүйектiң орта шенiнде “Азат” демократиялық партиясы мен ұлттық патриоттық ұйымдардың өкiлдерi ұйымдасқан түрде Алматыдағы “Сарыарқа” алаңында “Мемлекеттiк тiлдi қолдау” митингiсiн өткiздi. Митингiге 3 мыңнан астам адамның жиналуы, ұлт мәселесiн қолдаушылардың қарасының жыл өткен сайын көбейiп келе жатқандығының көрiнiсi. Бұл қарсылық шарасының артықшылығы сол – митингiге билiк өкiлдерi де қатысып, мемлекеттiк тiлдiң шын мәнiсiнде мемлекеттiк деңгейге жетуi үшiн не iстеп жатқандығы жайында есеп беруi, екiншiден – бұл митингiге ұлт-патриоттары мен демократиялық күштер өкiлдерiнiң бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара бiлуi едi.

Дәл осындай ымыраласқан жағдайда ұлт-патриоттары ұйымдарының серкелерi мен оппозиция өкiлдерi 19 желтоқсанда Алматының бас алаңы – Республика алаңын “Тәуелсiздiк алаңы” деп атауды және ондағы жер астында салынып жатқан кешеннiң жұмысын тоқтатуды талап еттi. Оппозиция мен ұлт-патриоттарының бiрлесе қимылдауы билiктi олардың талабына ерiксiз құлақ асуына мәжбүрлеген секiлдi. Желтоқсан көтерiлiсiнде боздақтардың қаны төгiлген, тәуелсiздiкке баспалдақ болған Республика алаңының бүгiнде ойын-сауық орталығына айналуы – осы жолда басын бәйгеге тiгiп, тоталитарлық жүйеге көзсiз ерлiкпен қарсы тұрған ерлердiң аруағын мазақ ету деп түсiнген ұлт-патриоттары ұйымдары мен оппозиция өкiлдерiн Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов қабылдап, бiр сағаттай келiссөз жүргiздi.

Алматы әкiмi қабылдауынан шыққаннан кейiн, кеңседегi әңгiменi журналистерге жеткiзген “Азат” партиясының жетекшiсi Б. Әбiлов:

– Бiз қала әкiмi Ахметжан Есiмовке кiрiп, жұрттың талабын жеткiздiк: алаңды толықтай бұрынғы қалпына келтiрiп, “Тәуелсiздiк алаңы” деген жаңа атау беру және Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқандардың ерлiгiн жадымызда мәңгi қалдыру мақсатында алаңға жаңа ескерткiш орнату. Және де ол ескерткiштiң жобасын ашық байқау жариялап таңдауымыз керек. Қажет болса, оның құрылысына қажеттi ақшаны халық болып өзiмiз жинап беремiз. Есiмов мырза алаңның астынан салуға жоспарланған сауда – ойын-сауық орталығының орнына ендi жерасты автокөлiк жолы мен автотұрақ салу туралы ұсыныстар қаралып жатқанын айтты. Бiрақ, бiз оған өз қарсылығымызды бiлдiрдiк. Ешқандай тұрақ та, басқа да керек емес, бұл жер – халқымыздың тәуелсiздiгi үшiн күрескендердiң қаны төгiлген қасиеттi алаң, ол жерде ешқандай құрылыс болмасын деген талап қойдық. Әкiм бiзге “Базис А” компаниясының қазiргi таңда қаржы дағдарысына тап болып отырғанын, алаңдағы жұмыстарды аяқтау үшiн де ақша қажеттiгiн айтты. Бiздiң ойымызша, бұл жұмысты бастаған “Базис А” компаниясы мына қазып тастаған орды өз қаржысына қайта жауып, алаңды баяғы қалпына келтiруi тиiс! – дедi.

Қалай дегенмен де, Қазақ тәуелсiздiгi кезеңiнде аса маңызға ие болған алаңның бүгiнгi келбетi кiм-кiмдi де ойлантары хақ. Ұлт-патриоттары алаң Желтоқсан көтерiлiсi кезiндегiдей бет-бейнесiн сақтап, “Тәуелсiздiк” деген атауға ие болуы керек. Сонда ғана ол ел жадында мәңгiлiк сақталатын болады. Тәуелсiздiктi алып берген желтоқсан боздақтарының ерлiгi де мәңгi жасай бермек. Әзiрге бұл талаптың қаншалықты орындалатыны беймәлiм. Дегенмен, биылғы жылы ұлт патриоттары мен оппозиция өкiлдерi тiзе қоса отырып, ұлт мүддесi үшiн ұйымдасқан осындай екi iрi шара өткiздi. Демек, демократиялық күштер мен ұлт-патриоттарының бiрлесе iс жасауы, оның нәтижелi болатындығын да көрсетiп отыр.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары