ЖОЛАЙ – КЕТЕБАЙ БИДЕН АМАН, АЛМАСҚА ДЕЙIН...

ЖОЛАЙ – КЕТЕБАЙ БИДЕН АМАН, АЛМАСҚА ДЕЙIН...

ЖОЛАЙ – КЕТЕБАЙ БИДЕН АМАН, АЛМАСҚА ДЕЙIН...
ашық дереккөзі
1954

Ел аузындағы бұдан 250-300 жыл бұрын өмiр сүрген Жолай-Кетебай хақындағы әңгiмелер бүгiнде аңызға айналған. Сол әңгiмелердiң бiрiнде Жолай және оның баласы Кетебайдың, Әбiлхайыр ханның замандас, үзеңгiлес серiгi болғаны айтылады. Кiшi жүз ханы болған Әбiлхайыр небiр, шешуi қиын мәселелер туындай қалса Арыстанбай Айбасұлымен Жолай Ырысымбет баласын жiбередi екен. Тiпте олардың енгезердей iрi болғаны жайлы ұрпақтары айтып отыратын.

Олармен бүгiнгi 20-21 ғасырда өмiр сүрiп жатқан ұрпақтарының арасы 2-3 ғасыр алып жатса да, Жолай, Шыбынтай, Кетебайлардың олардан кейiнгi Өтетiлеу, Пiрәлi бидiң баласы Аман, Алмас билердiң (соңғы екеуi ХIХ ғасырдың соңғы, ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген) есiмдерi халық аузында айтылып, ақын-жыраулардың өлеңдерiне арқау болған. Сыр сүлейлерiнiң басы Балқы Базардан бастап, Шораяқтың Омары, Шегебай, дүлдiл ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы (Iзтiлеуов) тағы басқалар арналы жырларын арнаған-ды. Мысалы Шегебай Бектасұлының (1844-1916) Би батырларды жырлаймын” атты толғауында: …Өтетiлеу Кетебай, Пiрәлi, Тампыш, Сарытай, Қамырдай халқын илеген – деп жазып, аталған билердiң ел билiгiн қолына ұстағанын меңзейдi. Осындағы есiмдерi аталған, Өтетiлеу мен Пiрәлi Кетебай бидiң баласы мен немересi. Кемел тұлға – Кетебай хақында Тұрмағамбет Iзтiлеуұлының (1888-1939ж.) бiр өлеңiнде мынадай жолдар бар. …Өтетiлеу, Талқанбай – Дана едi жұртты жөндеген” – осындағы Өтетiлеу Кетебай Жолайұлының баласы. Кетебайдың есiмiнен бұрын әкесi Жолай ағасы Шыбынтайдың аттары Әбiлхайырдың ханшасы Бопай мен Нұралы сұлтанға қатысты 1748 жылдың 20 қарашасындағы құжаттарда Жәнiбек тархан, Батырсұлтан кiшi орданың кейбiр белгiлi адамдары Шөмекейдiң Бозғылынан тарайды деп жазылған. “Казахско-русские отношения в ХУI-ХУIII веках” (Алматы, 1961, 433 б.). 1730-1750 жылдар шамасында билiкке араласқан Жолай бабамыз бүгiнде бiр қауым елдiң атасы аталып “Жолай” деген есiм шежiреге аталық басы болып енген. Сонда Жолай шамамен 1690-1700 жылдарда туып, 1760-1763 жылдарда қайтыс болған сияқты. Жолайдың бiр баласы Кетебайдың өзiнен 15-тен астам ұлы болыпты. Олардан қаншама ұрпақ өсiп өндi. Қазақстан Республикасында ғана емес, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Иран, Пакiстан, Түркия, Ауғанстан елдерiнде Жолай-Кетебай ұрпақтары кездеседi. Бұған әсте таңдануға болмас. 1916 жылғы орыс әскерiнiң тыл жұмысына Қазақтан адам алу, 1928-1930 жылдардағы iрi байларды тәркiлеу, колхоздастыру, Қызылорда өңiрiндегi “Қарақұм”, Ақмырза ишан көтерiлiсi кезiнде көпшiлiгi – үдере көшiп, Өзбекстан, Тәжiкстан арқылы жат елге өтiп кеткен. Кетебай Жоланұлының есiмi Ресей құжаттарында 1800-1803 жылдар-ақ жазылып, оған қатысты деректер сақталынған. Демек Кетебай шашамен 1740-1742 жылдарда өмiрге келiп, 1813-1815 жыл шамасында өмiрден озса керек. Қазақстан тарихына қатысты материалдар (1785-1828 ж.ж) атты кiтаптың Москва – Ленинград баспасынан 1940 жылы шыққан IУ томының, 514 бетiнде және бұл деректер “Казахско-русские отношения в ХУIII-ХIХ веках” атты кiтапқа да енген. Ол былайша жазылған: “…Сейiн (Желдер) руының 4 бөлiгiнде 6 мың үй халқы бар, керуендердi тонайды, Бұхараны базарлап, сауда-саттық етедi. Бастықтары Кетебай би, Корен батыр, Айтiлес би, Жәрiмбет би деген” – бұл сөздер жоғарыда аталған 2 кiтаптың да 514 бетiнде анық жазылған. Академик Серғали Толыбеков “Кочевое общество казахов в начале ХХ века”, деп аталатын кiтабында: “…Подобным образом казахские бии и батыры управляли родовыми отделениями большого Шомекейскогро рода. Например, в начале ХIХ века Кетебай бий управлял первичным и многочисленным родом Бекет”. Ғалым жазғанындай Бекет аталығы өскен-өнген, өсiк аталықтардың бiрi. Бүгiнде шамамен 500-600 шаңырақты құрайды. Сейiн (Желдер) елi жайлы “Сейiн азбай ел азбайды, жусан азбай жер азбайды” деген қанатты сөздер ел аузында қалыптасқан. Орынбор әскери губернаторы князь Г.С.Волконскийдiң арнайы тапсырмасы бойынша 1803-1805 жылдарында үш жүздiң халық саны, тұратын мекенi, баратын базары т.б. деректер жинауды Жаппас руының биi Көбек Шүкiрәлiұлы және Қазан татары Ғалы Шахмұратовқа жүктейдi. Олар жоғарыдағы 4 би туралы жазған Кетебай би туралы бiрiншi дерек осы. Екiншi бiр құжаттан 1810 жылдың 18 қазанында Кетебай бидiң есiмi тағы алдымыздан шықты. Онда Әбiлхайыр ханның немересi Темiр сұлтан және Кетебай би бастаған 1500 жасақтың Дәуқара, Жаңадария бойында Бұхара мен Қоқаннан келе жатқан керуендердi тонағаны айтылған. Кетебай би туралы соңғы жазба деректi (мүмкiн бұл басқа Кетебайда болуы мүмкiн) Орынбор өлкесiн 1906-1907 жылдары (табиғатын) зерттеген И.А.Кастанье “Древности киргизской степи и Оренбургского края” атты (1910 ж.) кiтабында Кетебай би және оның мазары хақында мақала жазып, бидiң ұрпақтарының Ақтөбе уезiнде тұратынын айтып өткен. Кейiнгi уақыттары Кетебай мазары туралы бiраз деректер жинақтап, зерттеу жасағанымда И.Кастанье жазған Кетебай мазары Бағаналы Кетебай Қуатұлы болып шықты. Дұрысы осы болар дер есептеймiн. Ұлттық энциклопедияға орыс зерттеушiлерiнiң еңбектерiне сүйенiп қате тұжырым жасағалдығын оқырмандардың есiне салмақпын. Өтетiлеу – Кетебайдың үлкен ұлы және әкесiнiң билiк жолын ұстаған баласы. Өтетiлеу Қарақалпақ, Бұхара, Қоқанд, Хиуа хандықтары арасындағы түрлi келiсiмдерге араласқан би. 1834 жылы Бұхараға сапар шеккен П.И.Демезон мен И.В.Виткевич “Записки о бухарском ханстве” атты еңбектерiнде (жазбаларында) Өтетiлеу би туралы сөздер бар. Негiзгi мазмұны: “…1824 жылға дейiн хиуалықтар қазақтарды жыл сайын тонап отырды, бiрақ арнайы алым түрi жоқ болатын. Кейiннен тонаушылық шектен шыға бастайды. Сол тұста шөмекейлiктер Хиуа ханына арнайы елшi жiберiп, зекеттi өздерi апарып тұратын болып келiсiлген-дi. Бұл келiсiм 1832 жылға дейiн созылады. Өтетiлеу би 1832-1833 жылдарда Хиуа ханына жолығып, бұдан былай зекеттi өздерi келiп жинауын ұсынады. Осыны күтiп отырғандай Хиуа бектерi Сырдария бойына еркiн ене бастаған (86 бетте). Өтетiлеу атында жер-су аттары бар. Өтетiлеу шамамен 1789-1790 жылдары туып, 1860-1861 жылында өмiрден озған. Атақты Балқы Базар Төребай биге арнаған көңiлқосында: …Өтетiлеу, Сарытай, Мөңке, Қылыш би өттi. Бес Бозғылдың баласын, Наһандай өрге сүйреген, – деп Базекең тегiн айтпаса керек. Ел жадында Өтетiлеу бидiң қыс айларында Арқада қайтыс болып, кейiннен Сырға әкелiнiп Ерсейтмембет әулиенiң қасына жерленгенi айтылады. Пiрәлi би Өтетiлеуұлы – билiкке 1850-1860 жылдарда араласа бастағанын ескерсек, өмiрге 1810-1812 жылдары келiп, 1879-1880 жылдары бақилық сапарға аттанған. Пiрәлi би Жаңадария мен Қызылқұмда көшiп жүрген ауылдастарының 900 жылқы, 300 түйесiн тартып алып кеткен хиуалықтардың бегiне барып, тоналған малдардың қайтаруын талап етедi. Азулы бидiң ұтқыр да өткiр сөздерiне тоқталған хиуалықтар, барымталанған малдарын алдына салып берiптi. Пiрәлi мен Қожеке батырға қатысты ел әңгiмелерiнде хиуалықтармен болған бiр ұрыста Мырзабайдың баласы Қожеке хиуалықтардың 7-8 адамын өлтiрiп, алым-салық төлемей жiбередi. Осыған кектенген Қожанияз бек бiр жайлауда бөлек отырған Мырзабай қарияны әйелiмен күштеп көшiртiп алдырады. Пiрәлi би бұл оқиғаның соңы қанды қырғынға, бүлiншiлiкке ұлыспауы үшiн бекке барып тақымдасады. Әрi-берi тартыс сөзден кейiн Пiрәлiнiң артында Шөмекей елiнiң және батыр iнiсi Қожекенiң тұрғанын ескердi ме? Бек Мырзабайды босатқан көрiнедi. Жас Қожекенiң сол ұрыстан кейiн батырлығы елге жайылып, батыр атанған деседi. Пiрәли би хақында ел аузында айтылып жүрген әңгiмелер көп-ақ, ол туралы жазылып қалған деректер де жоқ емес. 1857 жылдың 8 мамырындағы Рысмұхамед бидiң қазақ даласында орын алған көтерiлiстер жайлы Орынбор шекаралық комиссияға берген мәлiметiнде негiзiнен Жанқожа батыр бастаған көтерiлiстiң жайы туралы болған. Онда Жанқожа батыр Шөмекей руының биi Пiрәлiге өтiнiш жасап Бұхараға жiбергенi айтылған. Сондай-ақ осы мәлiмдемеде Пiрәлi би Бұхара әмiрiнен оқ-дәрi, астық сұрап барғанын және Пiрәлi бидiң Бұхарадан оралмағаны жазылған “Казахско-русские отношения в ХУIII-ХIХ веках”, Алматы, 1964, 424 бет. Осы кiтаптың 458 бетiнде, 1859 жылдың 17 қыркүйектегi Орынбор губерналық хатшысының Жанқожа Нұрмухамедов басқарған көтерiлiс жайлы жазбасында; 1856 жылдан Ж.Нұрмухамедов Жаңадария бойында Заңғартөбе маңында өзiнiң жақындары 10 үй және сұлтан Бөрi бастаған 20 шаңырағы тұратынын және олардың Шөмекейдiң көрнектi биi Пiрәлiге хат жазып, кеңеске қатысуын сұрағанын және 1858 жылы шөмекейлердiң Қарасақал руының Дабыл биiнiң 500 жылқысын қайтару мәселесiнде шешудi ойластырғаны құжатта анық көрсетiлген. Жалпы деректердi саралап отырсақ көп нәрсеге көз жеткiзесiз, 1860-1870 жылдарда осы аталықтан Қожекенiң және Пiрәлiнiң Алмас, Аман, Аманбай атты балаларының есiмдерi елге белгiлi болады. Алмас пен Аман Жолай аталығынан шығып, көңiлқосында: …Беглiгiңiз Рысымбеттен берi қарай, Тапжылмай жетi атаға келiп тұрған, деп Алмас бидiң Бекет аталығынан берi жетi атаға келгенiнде хабардар ете еткен. Жолай-Кетебай, Өтетiлеу, Пiрәлi билер хақында Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шегебай Бектасұлы, Тұрмағамбет ақындардың жыр жинақтарымен қатар, Қазақстан ұлттық, Сыр елi энциклопедиялармен бiрнеше жинақтарға енген. Кетебай (би) бабамыздың бiр баласы Таңат би болса, оның баласы Арғынбай батыр болған кiсi. Арғынбай батыр жөнiнде дастан жазған есiмi шетелге белгiлi жырау, ғалым, зерттеушi Алмас Алматов Арғынбай батыр дастанын жырлап келедi. Осы Арғынбайдан Төс туады, оның бiр баласының аты Ақмырза. Қарақ өңiрiнде Ақмырза 1881 жылы туып, 1930 жылы Қызыл әскерлердiң қолынан қаза тапқан. Ол 11 жасында Бұхарадағы “Көкелташ медресесiнде оқып, елге келiп, молдалықпен айналысады. 1928-1929 жылдардағы iрi байларды тәркiлеу, мешiттердi жабуға қарсы шығып 1930 жылы Қарақ тауында Кеңес әскерлерiмен ұрыста қаза болған. Ұрпақтарының бiразы атылып, бiрсыпырасы Ауғанға қашқан. Кезiнде “Түрiк иман” атты дiни кiтап та жазған кiсi. Елiмiз Тәуелсiздiк алғаннан берi Ақмырза ахунның ағайын-туыстары мен ұрпақтары Қазақстанға оралуда. Жалпы Жолай-Кетебай және оның ұрпақтарының билiк шешiмдерi, ел басқару iсiнде өзгелерден оқ (бойы озық болғанға ұқсайды. Дүр Оңғар ақын: …Тұр екен тойханада iс басқарып, Түбекбай, Аман, Алмас батыр досым, деп жырлаған. Пiрәлiнiң үлкенi Алмас, Аман ортаншы ұл екен. 1896 жылы болыс Алмас Пiрәлиев 2 атымен өгiзiн ұрлаған Зарқұм Қуанышовты (бұл ұрылардың бастығы әрi би болған кiсi) ауылына кiргiзбей жiберiптi. Мұның өзi қарулы топтың басшысынан Алмас бидiң қаймықпағанын, оның әдiлдiктi сүйетiнiнен хабардар етедi. (бұл дерек Қазақстан мемлекеттiң мұрағатының 213 қорында сақталған). Кетебай және оның ұрпақтарында аумалы-төкпелi жылдарда көптеген құнды дүниелер жоғалып, немесе қолды болыпты. Дегенмен Кетебай бидiң 1798-1800 жылдары жасалған жеке мөрi, оның баласы Өтетiлеудiң 1830-1839 жылдардағы және Пiрәли бидiң 1857-1860 жылдарда жасатқан жеке мөрлерiнiң түп нұсқасы Аман ұрпағының қолында сақталған. Жақында Аман биден қалған мұраны Ақылбек Шәрiбекұлы Мәртсадықов ҚР Орталық Мемлекеттiк музейiне тапсырды. Бүгiнгi күндерi Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан Темiртау өңiрiнен көшiп келген Кетебай бидiң ұрпақтары бабаларының туғанына 265-270 жыл толғанына орай қауымдасып, үлкен ас бермекшi. Мен де өз тарапымнан елдiң елдiгiн жасамақ азаматтардың iстерiне сәттiлiк тiлеймiн.  
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, ғалым
 

Серіктес жаңалықтары