ХАЛЫҚТЫҢ КӨБЕЮI — БАСТЫ АРМАН. БIРАҚ СӨЗ БЕН IСТIҢ АЛШАҚТЫҒЫ КӨП

ХАЛЫҚТЫҢ КӨБЕЮI — БАСТЫ АРМАН. БIРАҚ СӨЗ БЕН IСТIҢ АЛШАҚТЫҒЫ КӨП

ХАЛЫҚТЫҢ КӨБЕЮI — БАСТЫ АРМАН. БIРАҚ СӨЗ БЕН IСТIҢ АЛШАҚТЫҒЫ КӨП
ашық дереккөзі
271

Елiмiздiң экономикасы бiршама қарыштап, бар-жоғымыз түгенделе бастады. Жерасты, жерүстi сарқылмас байлықтарымыз ұдайы өнiм берiп, шетелдiк инвесторларды да қарша бораттық. Әлемдiк қаржы дағдарысына да төтеп берiп, экономиканы тұрақтандыруға байланысты айла-амалдарды жасап бақтық. Алайда, жасыратыны жоқ, кешегi күнге дейiн мемлекеттiң басты байлығы – халық санының аздығы, сылбырлыққа салынған демография мәселесi хақында арнайы бағдарламалар мен шаралар қабылданып жатқанмен, нақты жүзеге асқан серпiндi қадамдар жоқтың қасы.

Әйтеуiр, осы тақырып аясында басқосулар мен пiкiралмасу өрби қалса, тас лақтырсақ жетпейтiн 20-25 миллионды тiлге тиек етемiз. Сөз бен iстiң алшақтығы жер мен көктей. Сөйте тұра, жатып алып “армандауға болмай ма?!” деп аузымызды айға бiлеймiз. Тiптi, ұлан байтақ мекенiмiзде қоныс тепкен жұрттың, оның iшiнде қазақтың қарасының көбеймей отырғандығы қаймана қазақ тұрмақ, бөгде елдiң саясаттанушы-сарапшыларының да тақырыбына тамызық болып жатқан сияқты. Оның денi қазiргi таңда ана мен бала өлiмiнiң азаймай отырғандығын тiлге тиек етсе, ендiгi бiрi – 20-25 миилионға жетудi мұрат тұтқан қазақ елiнiң әлеуметтiк-демографиялық жағдайына терең талдау жасап, бұл межеге жетудiң алғышарттарын ұсынып жатады. Қазақ елiнiң бiрлi-екiлi демографтарының “көк көрпенi бүлкiлдетуден” артық тұщымды пiкiр, ұтымды ұсыныс айта алмай жүргенiне қарап, кәдiмгiдей қызарақтайды екенсiң. Бұл бәлкiм, елiмiзде демограф-мамандардың аздығын сездiре ме, әлде, демограф даярлайтын жоғары оқу орнының жоқтығын бiлдiре ме?

Хош. Сонымен, дүйiм қазақ армандаған 20-25 миллионға қашан жетемiз? Қазақтың ендiгi арманы – халық санының көбеюi. Әрине, қараға батқан ханға да батпай қоймайтыны сияқты, Елбасы жыл сайынғы жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Оның iшiнде ана мен балаға арналған атаулы көмек, жәрдемақы, көшi-қон: оралмандар мен ата-мекенiне бiржола келетiн қандастарға көмек қолын созу сынды бiрқатар мәселелер сөз болады. Әдеттегiдей, Жолдау жарияланғаннан кейiн бiраз уақыт “Жолдауға – қолдау” деген айдар тағып аталған түйткiлдi жайттар жайында жан-жақты ой-пiкiрлер айтылып жататыны мәлiм. Бiрақ та осы мiндеттi тiкелей мойнына жүктеп алып, оның орындалуын қадағалайтын жауапты құзырлы мекемелер “2015 жылы республика халқының саны 20 миллионға жетедi” деп, ақиқаттың ауылына жетпейтiн есеп бергенде, “қандай негiзге сүйендi екен?” деп аң-таң қаласың. “Жақсы сөз – жарым ырыс” екенi рас. Дегенмен, жағдай тап мынандай болып тұрғанда, 5-6 жылдың төңiрегiнде 20 миллионға жете қоюымыз екiталай. Егер сөзден iске көшiп, “қара қазан сары бала қамы үшiн” деп ана мен баланың жағдайын жасап, атаулы көмектiң мөлшерiн өсiрiп, бала тууға қабiлеттi аналарды тегiн дәрi-дәрмекпен толыққанды қамтамасыз етсек, ең негiзгiсi – бала туған сайынғы берiлетiн жәрдемақыны көбейтсек, бұл межеге де жететiн күннiң ауылы алыс емес. Құдайға шүкiр, қазiргi кезде мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осы көмектiң өзiн қанағат етiп, өмiрге ұрпақ әкелiп, қазақтың санын көбейтуге атсалысып жатқан қазақ әйелдерi аз емес, баршылық. Әу бастағы психологиялық дәстүрге байланысты батыр аналарымыздың барлығы дерлiгi алтын бесiк– ауылдың әйелдерi екенiн айта кеткен жөн.

“МЕН НЕ ДЕЙМIН, ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДI?”

БҰҰ-ның жүргiзген зерттеуi бойынша, Қазақстан халқының саны 2015 жылы 13 миллионға дейiн құлдырауы мүмкiн екен. Тiптi, биылғы өтетiн жалпыұлттық санақтан кейiн де айтарлықтай өзгерiс байқала қоймайды деген пiкiр айтуда. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылы 30 қазан №1380 “Қазақстан Республикасының 2001-2005 жылдарға арналған демографиялық даму Бағдарламасы” жөнiндегi қаулысында Қазақстан халқының санын 2030 жылы 20 миллионға жеткiзу көзделген. Алайда, БҰҰ, Дүниежүзiлiк Банк және АҚШ Санақ Бюросының болжамы бойынша, халқымыздың саны 2025 жылы 14,7 миллион, ал 2050 жылы небары 14 миллион болмақ. Аталмыш ұйымдардың тәжiрибесi бойынша, адам санының өсуi 3 пайыз болған жағдайда халықтың саны 23 жылда, ал 2 пайыз болғанда 35 жылда екi есеге өседi екен. Мысалы, өсу мөлшерi орташа 2,2 пайызға жеткен 25 миллионнан астам халқы бар Өзбекстанның жан саны халықаралық ұйымдардың болжамынша, 2025 жылы 34,1 миллион, ал 2050 жылы 40,4 миллионға жетпек. Ал дәлiрегiнде, бiз қол жетпейтiн асуды армандап отырғанда, ала тақиялы өзбек ағайындар 2020 жылы 40 миллиондық санды нақты межелеп қойыпты. Соған қарағанда, елiмiздiң халқының санын екi есеге өсiру үшiн әлi қаншама жыл, қаншама күш керек сияқты. Әлгiндей аты дардай ұйымдардың болжамынан кейiн көңiлiң күптi болады екен. Бұдан кейiн бар үмiттi алдағы санақтан күтiп, алаңдап отырған жұрттың күдiгi мен күмәнi де басым. Олардың пiкiрiнше, халық саны сырттан келген заңсыз мигранттардың есебiнен көбеюi мүмкiн. Ал, демограф Мақаш Тәтiмов: “Қазақстанда үлкен демографиялық дүмпу жүрiп жатыр! Бұған “қарадомалақтар тасқынының” тигiзiп отырған әсерi зор. 2012-15 жылдары дүниеге келетiн шараналар саны 400 мыңға жуықтайды. Сол кезде Қазақстандағы қазақтардың саны 70 пайызды құрайтын болады!” деген болжам жасайды. Әр түрлi пiкiр, әр түрлi болжам. Кiмге иек артып, қай болжамды негiз етiп аларыңды бiлмейсiң. Ал жыл соңында Демографиялық және әлеуметтiк статистика департаментiнiң директоры Әсия Қасенова: “Қазақстан халқының саны 17 миллионға жеттi” деп мәлiмдедi. Ағымдағы жылдың 25 ақпаны мен 6 наурыз аралығында ұлттық халық санағына дайындық ретiнде қазан айында жүргiзiлген санақ жақсы нәтиже көрсетiптi. Қазан айында 9 мыңнан астам санақшы елдегi барлық нысандарды аралап, соның нәтижесi бойынша арнайы карталар жасаған. Биылғы халық санағы БҰҰ-ның әлемдiк бағдарламасы негiзiнде өткiзiлмек. Айта кету керек, ұйым сиыр жылы санақты әзiрбайжан, беларусь, қазақ, қырғыз және түркiмен елдерiнде, 2010 жылы Ресей мен Тәжiкстан, 2011 жылы Армения мен Украина елiнде өткiзудi жоспарлап отыр. Ал елiмiздегi санаққа, мемлекеттiк органдарға штаттан тыс алынған қызметкерлер, әр аймақта белгiленген адамдар, тексерушiлер мен 60 мыңға жуық есепшiнi қосқанда 71 мыңнан астам адам жұмылдырылмақ. Санақта шетелде жүрген азаматтар мен түрмедегi жазасын өтеушiлер де қамтылмақ.

Экономикалық зерттеу институты АҚ Алматы қаласындағы өкiлдiгiнiң аға сарапшысы Гүлнәр Атақызы Атақұлова да алдағы санақтан мол үмiт күтетiндiгiн жасырмайды. Бiзге сарапшы-маман жеке зерттеу тәжiрибесiнен жинақтаған демографиялық болжамын ұсынған едi. Оның пiкiрiнше, алдағы уақытта елiмiзге оралатын жырақтағы қандастарымыздың тасқыны молая түседi. “Сол сияқты әлемдiк тәжiрибеде дәлелгендендей, аз ғұмыр кешетiн ер азаматтардың өмiр сүру ұзақтығы өседi. Үкiмет тарапынан көрсетiлiп жатқан көмектiң арқасында өмiрге келетiн қарадомалақтардың саны артады” деген позитивтi болжам бердi. Гүлнәр Атақызының сөзiне құлақ түрсек, соңғы кезде белең алған туберкулез, қатерлi iсiк, қан аурулары сынды дерттер көбеймесе азаймайды. Өйткенi, бұл аурулар ақша көп бөлген сайын соншалықты өсiп отыр. Яғни, дерттiң емiн табудың тетiгi дұрыс жүйеге қойылмаған. Мұнымен қоса, жол-көлiк апаттары салдарынан қаншама адам көз жұмуда. Бұл тұрғыда Iшкi iстер министрлiгiнiң жол ереже талаптарын күшейтiп, бiршама жұмыс iстеп жатқандығы қуантады дегендi айтады. Ал сарапшы-маманның халық санына байланысты болжамы төмендегi кестеде көрсетiлдi.

2010 жылы — 15 млн. 938,6

2015 жылы — 16 млн. 441,1

2020 жылы — 17 млн. 439,9

2025 жылы — 18 млн. 378,1

2030 жылы — 19 млн. 668,7

Жалпы, 20-25 миллион деген сан аспаннан алынған жоқ. Бiрақ бiз бұл межеге қанша тез өскенмен де, 2015 жылы жете алмаймыз. Егер бiз көшi-қон саясатын күштi қолға алып, оралмандардың елге оралуын арттырсақ, шетте жүрген 5 миллион қазақты елге қайтарсақ, 20 миллионға жетi-сегiз жыл көлемiнде жетуiмiз бек мүмкiн. Белгiлi саясаттанушы-ғалым Әзiмбай Ғали: “Қазақстандағы ұлттық үрдiстердi жандандыратын күш, ол – көшi-қон миграция” дейдi. Демек, алдағы уақытта Қазақстандағы халықтың саны тек қазақтың есебiнен өседi. Бұл – шетелдегi отандастармен жүргiзiлген көп жылғы жұмыстың жемiсi шығар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары